- Advertisement -

Жамбыл жерінде Алтын қолды абзал жандар көп

145

- Advertisement -

Тамыршыдай науқастың диагнозын тап басып тауып, ем-домы дәру болатын дәрігерге зәрулік қай кезеңде де өзектілігін жоймаған. Адамға керегі – амандық пен саулық. Ендеше адамзат құрған қоғамға да қажеті сол. Заманға қарай ақпараттық технологиялар дамыған қазіргі кезде де білікті кадрға деген сұраныс арта түспесе, азаймайтыны содан. Ал оның шешімін табудың жолы қандай? Жұрт еңбегін дәріптеп, іздеп жүріп кеңесін алуға ұмтылатын мамандардың өңірде тұрақтанып қалуы үшін қандай қолдаулар көрсетіліп жатыр? Маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтетін Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай осы тақырыпты қаузап, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевпен сұхбаттасқан едік.

– Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде ең алдымен коронавирусқа қарсы күресте індеттің құрбаны болған дәрігерлерді, орта буын қызметкерлерін еске алмау мүмкін емес. Олардың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Есімдері де ел есінде. Әйтсе де наградаға ұсынылды, көтермеақы бөлінді деп қарап отыру – сала мамандары үшін сын шығар. Атаулы күні олардың еңбегін тағы да дәріптеу үшін қандай да бір іс-шаралар жоспарланып отырған болар?

– Өткен жыл әлем үшін өте ауыр жыл болды. Әсіресе денсаулық сақтау саласына аса қиын соқты. COVID-19 вирусына қарсы күреске дамыған мемлекеттердің медицинасы да дайын емес еді. Вирустың табиғатын, таралу жолын тап басып, ешкім айта алмағандықтан солай болды. Емі табылмаған дертті емдеу хаттамасын түзу жеңіл соққан жоқ. Міне осындай аласапыран шақта науқастарға жан ұшырып көмектесемін деп жүріп, көптеген маманның өздері де осы індеттен көз жұмғаны, шындық. Пандемиямен кезеңінде біз 20 медицина қызметкерін жоғалттық. Дұрыс айтасыз, олардың отбасына мемлекет тарапынан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілді. Көтермеақы төлеу, тағы да басқа іс-шаралар атқарылды. Бірақ, мұның барлығы отбасына жасалған материалдық көмек қой. Ал олардың еңбегін дәріптеу, есімдерін мәңгі есте сақтау үшін атқарылатын жұмыстар бөлек. Соның бірі – аз уақытта Тараз қаласында бой көтерген «Денсаулық» саябағы, сондағы пандемиямен күресте ауырып, қаза тапқан медицина қызметкерлеріне арналған стелла. Стеллада «Өзгеге шамшырақ болып, өзім өшемін» деген сөз үш тілде жазылған. Осы сөздің өзі қиын-қыстау шақта барлық қауіп-қатерге қарамастан, науқастарға көмек көрсете жүріп, вирустан қайтыс болған біздің мамандардың соңғы сөзіндей әсер етеді. Саябаққа келушілер стеллаға арнайы гүл шоқтарын қойып, коронавирустан көз жұмғандарды еске алады. Жыл сайын осы жерде әріптестерімізді еске алуға арналған іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырсақ деген жоспар бар. Жақында кіші футболдан аймақаралық жарыс өткіздік. Ашылу салтанатында әріптестерімізді бір минут үнсіздікпен еске алдық. Бұдан басқа да қолға алған бастамалар жоқ емес.

– Індетке қарсы күреске жұмылдырылған медицина мамандарына жалақысына қосымша үстемақы төленіп жатыр ма? Пандемия жағдайынде еңбек етіп жатқан дәрігерлерге қандай қолдаулар көрсетілуде?

– Коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған медицина мамандарына жалақыларына қосымша үстемеақы төленіп отыр. Пандемия жағдайында еңбек етіп жатқан дәрігерлерге мейлінше қолдау көрсетіліп келеді. Негізі жыл сайын кезекті еңбек демалысында кәсіподақ ұйымы арқылы қызметкерлерге шипажайларға барып ем алып, демалуы үшін жолдама беріліп тұрады. Көпшілігі отбасылық жағдайына қарай сауықтыру шараларынан шет қалады. «Бірақ қазіргі жағдайда сауықтырудан бас тартпаған жөн» деген кеңесімді айтар едім.

– Отандық денсаулық сақтау саласындағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қаржы емделушімен бірге жүреді деген басты қағидаты бар. Тұрғындарға жақсы жабдықталған медициналық орталық қана емес, білікті дәрігер, сапалы әрі қолжетімді көрсетілетін қызмет керек. Жамбылды көпшілік іздеп жүріп баратын мамандар аз ба, көп пе?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тұрғындардың таңдау жасауына мүмкіндік беретіні рас. Бұл жүйе емдеу мекемелері арасында бәсекелестікті арттыруы керек. Материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі болсын, білікті кадрларды тарту жағы болсын, ең бірінші емделушінің өз ұйымын таңдайтындай жағдай туғызуы керек. Көбіне-көп тұрғындар білгір мамандарды іздейтіні жасырын емес. Біздің өңірде ондай дәрігерлер баршылық. Академик, мықты кардиохирург Сейтхан Жошыбаевты көршілес мемлекеттерден де іздеп келетіндер бар. Хирург Сағындық Ордабековті де мақтанышпен айта аламыз. Одан да бөлек кардиология, нейрохирургия, балалар хирургия, онкология салаларында да жұрт арнайы барып, кеңесін алатын дәрігерлер жеткілікті. Олар тек қана Жамбыл облысының ғана тұрғындары емес. Біздің тәжірибелі, білікті мамандарымызға деген сұраныстың көптігін осыдан-ақ байқауға болады.

– Жаңа өзіңізде қозғап өттіңіз, Жамбыл медицинасы десе, білікті кардиохирург, академик Сейтхан Жошыбаевты айтады жұрт. Жалпы өңірлер арасында кардиохирургиялық көмек біздің облыста жақсы дамыған. Жошыбаевты іздеп, көршілес мемлекеттерден келетіндер бар дедіңіз, Жүрек жекеменшік клиникасына басқа аймақтардан портал арқылы тіркеліп, кардиохирургиялық бағытта ем алатындар көп. Жеке меншік емдеу мекемелері арасында бәсеке жоғары екенін байқаймыз. Осының өзі Жамбыл жерінде медициналық туризмді дамытуға негіз барын аңғартпай ма? Сіз қалай ойлайсыз, бұл жақын жылдарда іске асуы мүмкін бе?

– Иә, Жамбыл жерінде медициналық туризмді дамытуға негіз бар. Біз бұған талдау жасадық. Осы 5 айдың өзінде біздің өңірге ем алу үшін 520 емделуші сырттан келген. Олар тек қана Қазақстанның ғана емес, көршілес мемлекеттердің азаматтары. Келушілер қандай патология бойынша медициналық қызмет алды дегенге келсек, басым көпшілігі жаңағы сіз айтып отырған кардиохирургиялық көмекке жүгінгендер. Сонымен қатар, облыстық және қалалық көпбейінді ауруханаларға, республикаға белгілі жеке меншік «Брак и семья» экоорталығына келіп, емделушілер де бар екенін айта кеткен жөн. Біздің басқа өңірлерден келушілерді тарту жағынан потенциалын арттыруға мүмкіндіктеріміз өте көп. Алдағы уақытта жоспардағы кластерлік медицинаны дамыту бастамасын жүзеге асырсақ, Жамбыл жері нағыз медициналық туризмі дамыған аймаққа аналатынына сенім мол.

Кластерлік медицинаны 4 бағытта дамытуды көздеп отырмыз. Оның біріншісі – қалалық көпбейінді аурухананың жанынан диагностикалық орталық ашу. Бұл бір жағынан медициналық қызметтің барлық түрін қолжетімді ету мәселесін шешуге ықпал ететін болады. Емделушілер жоспарлы ем алумен қатар, өзін мазалап жүрген басқа да сырқаттары болса тексеріліп, диагнозын анықтай алады. Бізде қандай проблема бар? Науқастар тексерілу үшін бір орталыққа барады, ем алу үшін екіншісіне барады. Екі арада сандалып қалатын кездер де кездеседі. Осы жобаны іске асырсақ, біз осы түйткілдің шешімін табамыз.

Екінішісі – балаларға арналған инфекциялық стационар ашу. 13 шағын ауданда орналасқан облыстық және қалалық балалар ауруханаларының ортасында бос жер учаскесі бар. Осы жерді алып, жаңа корпус салсақ дейміз. Сонымен қатар, диагностикалық орталықпен қамтамасыз етсек деп жоспарлап отырмыз.

Үшіншісі – реабилитациялық орталықтың базасын кеңейту. Тараз қаласындағы Тектұрмас тарихи-мәдени кешенінің маңындағы орталыққа барып, науқастар медициналық ем-шаралардан кейін оңалту шараларынан өтеді. Енді осы орталықты халықаралық стандарттарға сай оңалту-ем алу кешеніне айналдырсақ деп отырмыз. Қазір емдеу корпусының қосымша ғимаратының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу мәселесімен айналысып жатырмыз.

Төртіншісі – биыл іске қосылатын онкологиялық орталықтың қасынан 450 керуеттік облыстық аурухана салу. Бұл жаңа емдеу мекемесі болады. Онда да қосымша орталықтар ашу көзделіп отыр. Мақсат – барлық көрсетілетін медициналық қызметті бір жерге шоғырландыру. Бұл алдағы 4-5 жылдың перспективалық жобасы. Міне, осы жоспар-жобалар толық іске асса, Жамбыл медицинасының патенциялы одан әрі артып, мүмкіндігі кеңейетін болады. Сонда бізге келушілер де көбейеді, басқа өңірлерге басқа бағытта медициналық көмекке жүгінетіндер азаяды.

– Кейбір бағытта жоғары медициналық көмек алу үшін басқа қалалардағы орталықтарға баратындар бізде де бар дейсіз ғой…

– Иә, бар. Біз оған да талдау жасадық. Қазір сол салаларды дамыту бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Қазір соның бірсыпарасын шештік. Мысалы, урология бағытында. Қалалық көпбейінді ауруханада бүйрек, несеп жолдарындағы тастарды үгітетін лазерлік құрылғы болған жоқ. Соны біз былтыр алдық. Наурыз айынан бастап іске қостық. Статистика жүргізіп, жылына 1500-1800 адам урологиялық патологиямен ауыратынын анықтадық. Оның 70 пайызында операцияны кесіп жасайды. Ал оған көпшілігі келіспейді. Сол үшін көршілес облыстардағы орталықтарға ота жасату үшін кетіп қалады. Енді осындай сырқаттан зардап шегіп жүргендер алысқа сабылмайды. Сонымен қатар, бізде онкологиялық аурулардың ем-шараларына қажетті сызықтық үдеткіш аппараты жоқ. Бұған да біз қаражат бөлгіздік. Жыл соңына дейін қаржы бөлініп, осы құрылғыны алсақ, арнайы сәулелік терапия жасауға мүмкіндік туады. Бұл халықаралық стандарттарға сай жасалған аппарат, тікелей ісікті күйдіреді. Әсер ету коэфициенті 0,1 милимметр, яғни айналасындағы жасушаларға тимейді. Қазіргі қолданыстағы құрылғылар тіке ісікке жетпейді. Сол үшін науқастар Шымкент, Алматы қалаларына баруға мәжбүр. Осы құрылғыларды толық іске қоссақ, жаңа аппаратпен жұмыс істейтін мамандарды даярлап, біліктіліктерін арттырсақ, біздің тұрғындар үшін үлкен жеңілдік болар еді.

– Маман даярлау ісі демекші, біздің өңірде де дәрігерлер жетіспеушілігі үлкен мәселе. Қазіргі кезде кадр тапшығылы медицинаның қай саласында басым?

– Маман тапшылығын шешу үшін облыста С.Асфендияров атындағы медициналық университетінің филиалын ашқанымыздан көпшілік хабардар деп ойлаймын. Бұл жұмыс бірнеше сатыда жүргізіледі. Біріншісі – арнайы филиал ашып, резиденттерді қабылдау. Өңірдегі емдеу мекемелерінің клиникалық базасында резидентурадан өтіп жатқан жастарды тартып, кадрға деген сұранысты өтеу жоспарланып отыр. Екінші кезеңі – 5-6 курстардың студенттеріне арналған кафедралар ашу. Осылайша, олардың бізде интернатурадан әрі қарай резидентурадан өтуіне жағдай жасау.

Біздің өңірде дәрігерлер тапшылығы сақталып отыр. Қалада –  176, ауылдарда – 72, жалпы 248 маман жетіспейді. Ең көбі жалпы практикалық дәрігерлері. Дәл қазір облыста 33 жалпы практика дәрігері қажет. 11 терапевт, 12 педиатр, 12 инфекционист, 11 травмотолог, 21 анестезиолог-реанимотолог, 12 неонатолог, 16 акушер-гинеколог, 10 невролог, 12 психиатр, 14 сәулелі диагностика дәрігері, 4 фтизиатр , 6 лаборант дәрігер, 7 реабилитолог, 3 пульмонолог, 6 кардиолог, 7 функционалдық диагностика дәрігері, 6 уролог, 3 трансфузиолог, 4 онколог, 3 офтольмолог, 4  отоларинголог, 3 дерматовенеролог, 4 патологоанатом және тағы да басқа терең бейінді мамандар керек.

– Медицинада тапшы мамандарды басқа салалық бағыттағы дәрігерлерді қайта даярлау арқылы шешу тәжірибесі бар. Пандемияға дейін мамандарды шетелге біліктілігін арттыру курстарына жіберіп тұрушы еді. Былтыр бұл іс тоқтап қалғанын білеміз. Биыл қалай болмақ?

– Иә, мамандардың біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына жағдай жасауға міндеттіміз. Пандемия жағдайы бұл іске кедергі болып тұр. Сондықтан онлайн оқу жүйесін дамыту мәселелерін қарастырып жатырмыз. Ресейге, жақын шет елдерге оқуға жіберуді де ойластырып отырмыз. Дәрігерлерді шетелге біліктіліктерін арттыру курстарына жіберуде тағы бір түйткіл бар. Ол – мамандарымыздың ағылшын тілін меңгеруі. Мысалы Еуропаға, АҚШ-қа баратындар ағылшынша өздері еркін сөйлеп-түсіне алса, едәуір жеңілдік болар еді. Сонда олар аудармашының көмегінсіз еркін оқып-үйрене алады. Осы жайттарды ескере келе, біз дәрігерлерге тіл үйрену туралы мәселе қойып отырмыз. Бұл енді алдағы уақыттың еншісіндегі жоспар. Ал биыл 20 адамды Ресейге курсқа жіберу жоспарда бар.

– Ресей демекші, былтыр індет өршіп, жұрт дүрлігіп жатқан кезде арнайы шақыртумен Қазан қаласынан мамандар көмекке келгені есте. Биыл коронавируспен ауырған науқастарды емдеуде шетелдік дәрігерлердің тәжірибесіне сүйенетіндей жағдайлар туындаған жоқ па?

– Рас, Қазан қаласынан мамандар көмекке келді. Бұл тәжірибе алмасу үшін өте қажет болды. Ол кез емдеу хаттамаларының өзі бірнеше рет түзетіліп, науқастар саны шектен тыс артып, дәрі-дәрмек те, дәрігер де, оттегі концентраттары да жетіспей жатқан дүрбелең шақ еді. Шетелден дәрігерлердің шақыртылғаны көпшіліктің әлеуметтік көңіл күйін де әсер еткенін айтуымыз керек. Сенімділік артты. Біздің әріптестеріміздің олардан, олардың бізден үйренгендері де болды.

Биыл сәуір-мамыр айларында коронавируспен аурушаңдық көрсеткіші тура сол былтырғы шілдедегідей деңгейге жетті. Бірақ біздің медицина бұған дайын болды. Дәрі-дәрмекпен толық қамтылған, дәрігерлер қандай да бір күрделі жағдайда шешім қабылдауға дайын тұрды. Сондықтан, індеттің кезекті толқыны былтырғыдай сезілген жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support