- Advertisement -

Зейнетақы қорындағы қаражатты қалай алуға болады?

71

- Advertisement -

Халықтың зейнетақы қорындағы қаржысын пәтер алуға, емделу мақсатында жұмсауға мүмкіндігі бар. Осы орайда, бұл мүмкіндікті қанша адам қай пайдасына асырып жатқаны туралы ай сайын мониторинг жасалып, облыс әкіміне мәліметтер берілуі тиіс болған. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Сондай-ақ қордағы қаражаты арқылы қалай баспанаға қол жеткізуге болатыны туралы бұқара арасында ақпарат кеңінен таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінде аталмыш тапсырмалардың тиісті деңгейде орындалмай отырғанын ашып айтты. Сондықтан тақырыпты қайта пысықтау мақсатында аппараттық мәжіліс өтіп, онда өңір басшысы өтініш берген зейнеткерлердің жартысынан көбінің құжаттары кері қайтарылғанын, оларға берілген қаржы көлемі де қомақты емес екендігін тілге тиек етті. Жиында қанша тұрғынның зейнетақы қоры арқылы баспаналы болып, ем алғаны туралы сұралды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Еспаев қазіргі таңда тұрғын үй жағдайын жақсартуға зейнетақы қорға келіп түскен өтініштердің жалпы саны – 12 327 екенін, оның ішінде 6 891-і қайтарылып, 42-сі өңдеуге алынса, 5394-і орындалып, өтініш берушілердің арнайы шоттарына 15 295 миллион теңге аударылғанын жеткізді. Ал емделуге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп түскен өтініштердің жалпы саны – 233, оның ішінде 127 миллион теңгеге 168-і орындалыпты.

Биыл облыстағы міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шот саны – 622 508, жинақтар сомасы – 443 979 813 мың теңге. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша шот саны – 19 785, жинақтар сомасы – 7 593 759 мың теңге. Ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша 1 192 шот есепте, жинақтар сомасы – 36 145 мың теңге.

Хабарламашы Марат Еспаев өз сөзінде зейнетақы жинақтарын пайдалану алгоритміне де тоқталып өтті. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар ең алдымен жеке жинақтау шотында жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиістігін, зейнетақы жинақтарын мақсатты алу туралы шешім қабылдағандар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға жүгіне алатынын, уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын салымшылардың уәкілетті операторда ашылған арнайы шоттарына есептеу үшін аударуды жүзеге асыратынын, содан соң оператор өтінішті және өтініш беруші ұсынған барлық қажетті құжаттарды тексеріп шешім шығаратынын айтты. Бүгінде зейнетақы жинақтары белгіленген ең төменгі жеткіліктілік деңгейінен асатын салымшылардың саны – 15 916, бір реттік зейнетақы төлемдеріне қолжетімді сомасы – 28 миллиард 617 миллион теңге.

Ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап «Отбасы банкі» Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге пайдалану мақсатында уәкілетті оператор ретінде өтініштерді қабылдау үшін онлайн — платформасын іске қосқан. Жиында «Отбасы банкі» АҚ Тараз қалалық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануға болатынын тарқатып айтты. Ипотекалық заем бойынша қарызды өтеу, ипотекасыз тұрғын үй алу, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша Отбасы банктен ипотекалық заем алу, ипотекалық заем алу үшін бастапқы жарна салу, тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу, жеке тұрғын үй соғу, ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру үшін зейнетақы қаржысы көмектесе алады екен. Осы бағыттар бойынша, бүгінгі күнге «Отбасы Банкі» арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 541 373 азаматтан өтініш беріліп, 297 423 өтініш қабылданып, арнайы шоттарына сомалары түскен. Оның ішінде арнайы шоттарындағы сомаларын көрсетілген мақсаттар бойынша қолданған азаматтар саны – 179 229.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаевқа «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры», «Отбасы банкі», «Банк центр кредит» акционерлік қоғамдарынан пәтер алуға қанша қаражат жұмсалғаны және пәтерлер қай қаладан алынғаны туралы мәліметтерді ай сайын алып отыру туралы тапсырма берілді. Сондай-ақ үй салуға жер беру, инфрақұрылым тұрғысынан көмектесу туралы сөз болды. Инвестор тарту жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбекке де нақты тапсырмалар жүктелді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support