«Таразға тарту» жобасы сәтті жүзеге асырылуда

39

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті рет Тараз қаласын аралап, бірқатар нысандармен танысты. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Таразға тарту» жобасы аясында жүзеге асып, құрылысы аяқталған бірқатар нысандарға атбасын бұрды. Орталық саябақтың іргесіндегі скверді абаттандыру жұмыстары облыстық мәслихаттың жауапкершілігімен орындалған. Онда халық қалаулыларының көмегімен 14 дана жарық шамы, 6 дана орындық, қоқыс жәшіктері, арық лотоктары орнатылған.

— Біз мұнда жол жабындарын төсеп, газондар ектік. Бұдан былай да аллея бақылауымызда болады. Енді тұрғындар тарапынан орындықтардың санын көбейту жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр. Алайда, бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретін сыңайлы, — деді облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков.

Өңір басшысы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа іргедегі қоршауларды жөнге келтіруді жүктеді.

Абай даңғылы мен Көшеней көшесінің қиылысындағы сквердің де абаттандыру жұмысы да тиянақталып үлгерген. «Таразға тарту» жобасымен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы қолға алған нысан осындағы тұрғындардың да көңілінен шығуда. Облыс әкімінің бастамасына алғыстарын білдірген олар өздерінің ұсыныстарын да жеткізіп үлгерді.

— Бұл демалыс орны балаларға да, жастарға да жайлы, ыңғайлы болды әрі қаламыздың көркін ашып тұр. Енді біз секілді егде жастағы азаматтарға арнап денсаулығымызды шынықтыратын шағын спорттық алаңша жасап берсеңіздер, — деп тұрғындардың бірі өтініш білдірді.

Бұл мәселені шешуді облыс басшысы қала әкімдігі мен мердігер компанияға міндеттеді.

— «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген бабаларымыздың жақсы сөзі бар. Қарияларлың тілегін жерде қалдырмаңыздар. Оған орын дайын тұр. Елдің алғысына бөленгеннен кенде болмайсыздар, — деді Б.Сапарбаев.

Аймақ басшысының жұмыс сапары Қ.Тұрысов көшесіндегі «Ақбұлақ» шағын ауданында орналасқан скверде жалғасты. Нысанды Қордай ауданының әкімдігі аталған жоба шеңберінде жүзеге асырған. Көгалы жайқалып, сушашары ауаны сергітіп тұрған, ойын алаңшасы балалардың ойын-күлкісіне толған сквер аймақ әкімінің көңілінен шықты.

Аймақ басшысымен жүздескен шағын аудан тұрғындары да өз ырзалықтарын білдірді.

Ал, «Алатау» шағын ауданында С.Сейфуллин көшесін жағалай орын тепкен сквер «Таразға тарту» жобасы аясында Тараз қалалық мәслихатының депутаттарының жауапкершілігімен абаттандырылуда. Мұндағы екі ойын алаңшасының жабдықтары Ресейден жеткізіліпті.

Сондай-ақ, 2 үстел тенисі, 1 әткеншек, 4 орындық, 4 қоқыс жәшіктері қойылып, жол жабындары төселіп, гүлзарлар егілген. Мұнда да шағын ауданның тұрғындары демалып, серуендеп жүр. Бүлдіршіндердің алаңсыз ойыны да нысанның ажарын аша түседі. Облыс әкімі осында жүрген қариялармен дидарласып, пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, аймақ басшысы қаланың орталығындағы №9 балабақша ғимаратының жай-күйін барлады. 1968 жылы пайдалануға берілген нысан типтік болғанымен, әбден тозығы жеткен. 340 орындық балабақшада 393 бала тәрбиеленуде. Десе де бейнебақылау камераларымен жабдықталған, күзет қызметімен қамтылған. Мекеменің меңгерушісі Жанар Оспанованың мәліметінше, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құны әзірленіп, сараптамадан өткен. Жоба құны – 364 млн теңге.

Бердібек Сапарбаев өз кезегінде жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражатты толықытырып, жаңа балабақша салудың ұтымдылығын тілге тиек етті. Алайда, оған уақыт тығыз. Сондықтан бұл мәселені әлі де пысықтау қажет. Ол бойынша жауапты тұлғаларға жедел жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіуді тапсырды.

Төнкеріс көшесіндегі №31 орта мектептің ахуалы бірнеше жылдан бері жергілікті биліктің назарында. 1963 жылы пайдалануға берілген бұл ғимараттың да әбден тозығы жеткен десек, мұнда мердігер «ЦентрСнабСервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастап кетіпті. Қызу шаруа қыркүйектің аяғында бітеді деп жоспарланған. Алайда, өңір басшысы 1-қыркүйекте оқушылар білім алуы керектігін баса айтып, жұмыста жеделдетуді тапсырды.

— Мұндағы жұмыстарға бөлінген қаржы аз емес. Сондықтан сметалық құжатта қаралмаған қосымша корпустарды да жөндеуден өткізу керек. Қажет болса, жобаны өзгертіп, барынша сапалы жұмыс атқарылуы тиіс. Жауапты мамандарға мердігердің жұмысын қатаң қадағалауды тапсырамын, — деді Б. Сапарбаев.

Comments are closed.