Мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесін шешу

89

«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде облыс əкімдігі мен Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен «Əлеуметтік кəсіпкерлік: қоғам мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оған онлайн режімінде АҚШ, Ресей, Үндістан, Израиль жəне ТМД елдерінің өкілдерімен қатар, өңір кəсіпкерлері қатысты.

Аталған кешеннің көрме залына түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатысып, өз жеке кәсібін ашқан кəсіпкерлердің өндірген өнімдері мен қолынан шыққан дүниелері көрмеге қойылыпты. Форумның ашылуы алдында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосып отырған көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге қойылған кондитерлік, сүт, қолөнер мен жиһаз, аяқ киім, қуыршақтар мен қыз жасаулары бұйымдарымен танысты.

Мысалы, қайтарымсыз 2 миллион теңге ұтып алған меркілік жеке кəсіпкер Ұшан Өмірзақова кондитерлік цех ашып, жұмысын жолға қойыпты. Ал шулық жеке кəсіпкер, көпбалалы ана Сайра Тілеуханова «Еңбек» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге несиесіне сүт өңдейтін цех ашып, пастерленген сүт, айран, сары май, құрт пен ірімшік, тағы басқа да сүт өнімдерін өндіруде. Оның қорасында 20 сауын сиыры бар. Өнертапқыш, екінші топ мүгедегі Рауан Рауылбековтің өз бетінше жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға арналған «Метрон» механикалық қозғалтқышы Бердібек Машбекұлын да таң-тамаша қалдырды. Рауан бұл құралды жасап шығу үшін 3 миллион теңге несие алып, жұмысын бастап кетіпті. Қазір оның тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға жасап жатқан мұндай аппараты 200 мың теңгеден өткерілуде. Ол мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан төрт адамды жұмыспен қамтып, тапсырыспен басқа да бұйымдар жасап жатқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, түрлі жиһаздар мен кәдесыйлар, қуыршақтар, былғары аяқ киімдер мен қыз жасауын тігіп, оны кәсіп көзіне айналдырған әлеуметтік топтағы кәсіпкерлердің барлығының жұмысымен жеке танысып шыққан облыс әкімі олардың әрбірінің бастаған жұмысына сәттілік тіледі.

Халықаралық форумды облыс əкімі Бердібек Сапарбаев ашып берді.

– Бүгінгі форумға Ресейден, Түркиядан, ТМД елдерінен қонақтар келіп, қатысып отыр. Бұл форумды өткізудегі басты мақсатымыз өңіріміздегі әлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту. Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз кəсібін ашып, қоғамға тартылуына жәрдемдесу. Олардың мəселесін форумда талқылап, шетелдік әріптестеріміздің тәжірибесіне сүйене отырып бірлесе шешуге тырысамыз. Сөйтіп өзге мемлекеттердің озық тəжірибелерін өңірімізде қолдануға жол ашатын боламыз.

Өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы–Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған əрбір Жолдауларында елімізде кəсіпкерлікті дамытуға барынша басымдық беріп келеді. Соның ішінде əлеуметтік топтағы азаматтардың да өз жеке кəсібін ашуына барлық жағдай қаралған. Сол тұста алдымызға қойылған меже – жеке кəсіпкерлікті 30 пайызға жеткізу болатын.

Қазіргі таңда əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа заң Парламенттің қарауында. Ол заң қабылданса əлеуметтік кəсіпкерліктің статусы анықталып, салықта түрлі жеңілдіктер қаралып, басқа да мүмкіндіктер жасалады деген сенімдемін, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ облыс əкімі осы санаттағы азаматтардың бүгінгі таңда 500-ден 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз грант және несие алып, өз кəсібін ашып жатқандардың аз емес екенін жеткізді. «Бұдан бөлек, өңір кəсіпкерлерінің демеушілігімен өткен жылдары 83 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азаматқа 37 миллиард теңгенің көмегі берілді», – дей келіп, облыс басшысы «Асарлатып үй салу» және «Жомарт жүрек» жобалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов онлайн байланыста халықаралық форумның мақсатымен таныстырды.

– Алдымен бүгін шетелдік əріптестерімізбен форум аясында тəжірибе алмасуға бар мүмкіндікті жасап отырған Жамбыл облысы əкімдігіне рақметімді айтқым келеді. Бұл форумның басты мақсаты – әлеуметтік топқа жататын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мəселесін шешу. Оларды қоғамдық ортаға, кəсіпке бет бұруға тарта отырып, қоғамнан не аламын деп емес, қоғамға мен не бере аламын деген қағидамен олардың өмірге деген құлшынысын арттыру. Осы форумнан кейін біздің ортамызда өзін көрсете алмай отырған мүмкіндігі шектеулі азаматтар əлеуметтік кəсіпкерлікті дамыту жобасы аясында өзін көрсетуге, кəсібін ашуға мүмкіндік алады деген сенімдемін. Олар форумға қатысу арқылы кəсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін білетін болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жұмысын жолға қояды деген сенімдемін, – деді министр.

Одан әрі халықаралық форумды әлеуметтік кәсіпкер-модератор Эмин Аскеров жүргізіп отырды. Форумда Еуропалық қайта құру және даму банкінің шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту тобының жоба маманы Мұрат Нарқұлов, «Жамбыл облысының коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айнұр Заурбекова атқарып жатқан өз жұмыстарымен таныстырды. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Бас консулдығының мәдени кеңесшісі Ананд Кришна болса, әлеуметтік кәсіпкерлікті еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы мен Талдықорған қалаларында дамыту үшін ондағы кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқандығын сөз етті.

Бангладештік экономика ғылымының профессоры, әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Мохамед Юнус, әлеуметтік инвестициялар және кәсіпкерлік саласындағы жетекші ресейлік сарапшы Сергей Голубев және Қырғызстанның «Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығы» басқарма төрағасы Бақытбек Сағыналы бұл саладағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Израильдің үздік әлеуметтік кәсіпкері Хайм Философ осы бағытта Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқанын айтты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы бір мүмкіндікті пайдалана отырып оған өз алғысын жеткізді. «Сіздермен көптен бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Израиль билігі Арал мәселесіне көңіл аударып, оны құтқаруға да атсалысқан болатын. Ақтөбе облысында әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытуда да сіздер көмек көрсеттіңіздер. Әлі де тәжірибелеріңізбен бөлісіп жүрсіздер. Сіздермен еліміздің бірнеше облысы бірлесе жұмыс істеуде. Бірақ оның ішінде Жамбыл облысы жоқ. Алдағы уақытта байланысымызды жандандырып, сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді өңір басшысы.

Ал Тәжікстандағы кәсіпкер әйелдер қауымдастығының өкілі Насибахон Аминова Жамбыл өңірі мен Душанбе арасындағы туризмді дамытуды сөз етті. Бұл ұсынысты бірден қолдаған Бердібек Машбекұлы Тараз бен Душанбе арасында ашылғалы отырған әуе рейсі екі қала арасындағы, соның ішіндегі екі мың жылдық тарихы бар Тараз туризмін танытуға өз ықпалын тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

Форум сессиясының қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Бүгін форумда шетелдік әріптестеріміздің ұсыныстары мен тәжірибесін басшылыққа алып, әлеуметтік кәсіпкерлікті бұдан ары да дамытатын боламыз. Барлық ұсыныстарды тағы да талқылап, жетілдіре түсеміз. Жалпы бүгінгі форумға халықаралық сарапшылар онлайн режімде емес, көзбе-көз отырып пікірлескенде керемет болар еді. Бірақ оған қазіргі пандемия жағдайы кедергі болғаны белгілі. Дегенмен елдегі цифрландыру жүйесінің дамуы ол олқылықтың орнын толтырып, онлайн режімінде пікір алысуға мүмкіндік береді. Екі күнге жоспарланған форумның келесі трейнинг бөлігінде сіздер өз тәжірибелеріңізбен бөлісе отырып кәсіпкерлерге көп ақпараттар бересіздер деген сенімдемін», – деді Бердібек Машбекұлы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.