- Advertisement -

Жеңісті жұлып алған жампоз Бақтияр Артаев Олимпиада жолдамасын қалай иеленген еді?

453

- Advertisement -

Жалпы алғанда Қазақстан Тәуелсіздік алғалы қазақ боксшылары төртжылдықтың басты додасы саналатын Жазғы Олимпиада ойындарынан алтын жүлдесіз қайтқан емес. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 86 килограмм салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Василий Жиров қарсыластарының барлығынан басым түсіп, ел мерейін тасытып, алтын медаль және Баркер кубогын иеленген болса, Сидней Олимпиадасында Ермахан Ыбырайымов пен Бекзат Саттарханов күллі қазақ елін шексіз қуанышқа бөледі. Бұл жеңісті жорық 2004 жылы өткен Афины Олимпиадасында да жалғасын тапты.

Иә, жұрт Бақтияр Артаевты Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері, Афины Олимпиадасының чемпионы ретінде жақсы біледі. Мақтаулы бапкер Нұрлан Ақүрпековтің дарабоз шәкірті 21 жасында Афины төрінде атой салғаны елдің есінен өшпек емес. Әйтсе де, Афины Олимпиадасына бастар жол Бақтияр үшін оңайға түскен жоқ. Тіпті жолдама жолындағы жанталасты шым-шытырық оқиғаға теңесек те болатындай.

Алпыс тоғызды «қазақ салмағы» деп атайды

Бүгінде біз бокстан 69 килограмм салмақ дәреже сін «қазақтың төл салмағы» деп жатамыз. Өйткені бірінші орта салмақ дәрежесі саналатын дәл осы алпыс тоғыз килограмм салмақта қазақ боксшылары қарсыластарына дес бермей келеді. Алпыс тоғызға «қазақ салмағы» деген таңбаны Бақтияр Артаев салған десек, еш қателеспейтін шығармыз. Рас, оған дейін оғландарымыз 67, 71 килограмм салмақ дәрежелерінде жақсы нәтиже көрсетіп келді. Алайда 2000 жылғы Сидней Олипиадасынан кейінгі бірер додада аталмыш салмақтар болғанымен, 2003 жылдан бастап әуе сқой бокс әлемінде олар жойылып, 69 килограмм салмақ дәрежесі пайда болды. Ал Сиднейде 71 килограмм салмақ дәрежесінде топ жарған жерлесіміз Ермахан Ыбырайымов кейіннен ұлттық құраманың тізгінін қолға алды.

Иә, 67 килограмм салмақтан Данияр Мұңайтпасов, 71 килограмм салмақтан Ермахан Ыбырайымов кеткен соң, мұнда бәсекелестік күшейіп кетті. Әсіресе 67 килограмм салмақта Бақтияр Артаев, Сергей Рычко, Руслан Маржықбаев, Азамат Мақажанов сынды сайыпқырандар Қазақстанның нөмірі бірінші боксшысы болуға барын салып бақты. Ал Бақтияр Артаев бірнеше мәрте ел чемпионы атағына қол жеткізді. Кейін, яғни 2002 жылы Малайзияда өткен сары құрлық чемпионатында жамбылдық жампоз күміс жүлдегер атанды. Осы уақытта Руслан Маржықбаев Әлем кубогының топтық кезеңінде әзірбайжандық боксшыға есе жіберсе, Азия ойындарының финалында Сергей Рычко корейлік боксшыға ұтылып күміс медаль алды. Өз кезегінде Азамат Мақажанов әскерилер арасындағы Әлем чемпионатында қарсыластарының барлығынан басым түсіп, чемпион атанып, дәл осы салмақтағы бәсекені тіпті шиеленістіре түсті.

Кім мықты?

Осы кезде ұлттық құраманың бапкерлер штабы 69 килограмм салмақтағы екі боксшының қайсысына сенім артарларын білмей дал болды. Олар Бақтияр Артаев және Азамат Мақажанов. Екеуі де осал емес.

Содан жаттықтырушылар кеңесе келе әлем чемпионаты мен құрлық ойындарына Артаевты, Орталық Азия ойындарына Мақажановты жіберуге бекінеді. Жаһан біріншілігінде Бақтияр өзбек боксшысына жеңілген соң, елге құр алақан оралады. Тіпті Артаевтан гөрі Рычконы таңдау керек дегенді айтқандар да ұшырасты. Олар Рычконың өзбек боксшысынан айласын асырғанын тілге тиек етіп жатты. Мақажанов Орталық Азия ойындарында топ жарды. Әйткенмен, бұл еліміздегі 69 килограмм салмақ дәрежесіндегі бәсекенің әлі де толық шешілмегенін аңғартты. Өйткені Орталық Азия ойындары Әлем чемпионаты емес қой. Әрине, әрі қарай да әңгіме аз емес. Артаев Африка-Азия ойындарында мысырлық боксшыдан жеңіліп, күміс медальмен шектелген болатын.

Олимпиада жақындаған сайын бапкерлер кім сенімді ақтайды деген сауалға бас ауыртты. 2004 жылы өткен құрлық чемпионатында тек жеңімпазға ғана лицензия берілетін. Бұл додаға Бақтияр аттанды. Жақсы дайындықпен барған Бақтияр Филиппиндегі аламанда Оңтүстік Корея үміті Ким Жиң Жуден жеңіліп қалды. Әлбетте, қарсыласынан кем түскен жоқ. Жойқын соққыларын дарытып та жатты. Әйткенмен төрешілер қазақ боксшысын қыспаққа алды. Бірақ бұл сәтсіздік Бақтиярды жүрісінен жаңылдырып, сағын сындыра алмады. Сол кезде ол қайта намысқа қамшы басты. Төрешілердің әділетсіздігінен жанарына жас үйірілсе де, жасыған жоқ. Жігерін жани түсті.

Осы додадан кейін Артаевқа айып артқандар да аз болған жоқ. Бірақ олар хейтерлер еді. Өйткені боксты шын түсінетін жанкүйер корей боксшысының қалай бас сауғалағанын сезетін. Бақтияр қанша мықты болса да, бір сәтте әлсіздікке бой алдырды. Жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековке мұңын шағып: «Үмітіңізді ақтамайтын сияқтымын» деуі осыны аңғарта түссе керек. Алайда шәкіртінің жүрегіне сенім ұялата алмаса, Ақүрекпов несіне бапкер? Ол керек сөздерді таба білді. Бақтиярды мақсатына жетпей тоқтамауға үгіттеді. Көндірді.

Мақажанов та алысқа шаппады

Бақтияр Артаев өз мүмкіндігін мүлт жіберген соң іштей сары уайымға салынған да шығар. Өйткені өз елінде теңдессіз екенін дәлелдеп жүрген оғланның бар арманы Олимпиада ойындарына қатысып, ел намысын абыроймен қорғау болатын. Бұдан кейінгі іріктеу жарысы Қытай елінде өтті. Бапкерлер Артаев пен Мақажановты тең дәрежедегі боксшылар санағаны рас. Содан да болса керек, Гуанжоудағы айтулы аламанға Азамат Мақажанов аттанды. Жанкүйерлер оның да тілеуін тіледі. Өйткені Азамат та қазақ баласы. Оның да арманы асқақ еді. Бірақ тағы да сол сәтсіздік орын алды. Мамыражай мамыр айында өткен доданың ширек финалында Азамат сүрінді. Пәкістандық Ахмет Нисармен қолғап түйістірген қазақ баласы қарсыласына есе жіберіп алып, Олимпиада жолдамасынан қағылды. Ал Ахмет Нисарыңыз жартылай финалда жарытып өнер көрсете алмай, жеңілістің кермек дәмін татты.

Осы уақытта бапкерлердің басы «Енді не істейміз? 69 килограмм салмақта екі жарыстан жолдама бұйырмады. Қайтпек керек?» деген сауалмен әбден ауырды. Миы ашыды десек те болатын шығар.

Сонымен соңғы іріктеу жарысы жақындап келеді. Елдің намысын кім қорғамақ? Жұрт арасында бұл байрақты бәсекеге Азамат Мақажанов барады деген сөз желдей есе бастады. Бұл әңгіме Бақтиярдың да құлағына жетеді ғой. Үмітін күдіктің қою бұлты торлай бастаған жерлесіміз кәдімгідей депрессияға түскен болатын. Алайда бапкерлер әділ шешім шығарды. Екеуінің арасында жекпе-жек өткізіп, басым түскенін лицензиялық жарысқа апаруды ұйғарады. Бұл жаңалық Бақтиярды екі есе жігерлендіргені, қайрай түскені талас тудырмайды. Сол кездегі жағдайды боксшының өзі де жиі еске алып тұрады. «Кәдімгідей құлази бастаған едім. Алайда Азамат екеуміздің қай жеңгеніміз лицензиялық турнирге баратынымыз жайлы хабарды құлақ шалғанда, жанарымды жасын оты ойнады. Тынысым ашыла түсті. Өн бойымда жаңа бір серпіліс пайда болды. Өзіме сендім», – дейді боксшы өткен шақ жайлы толғанып. Бақтияр шешуші шайқаста жеңісті қолдан бермей, Пәкістандағы айтулы аламанда ел намысын қорғап, көптен күткен жолдаманы қолға түсіруге аттанатын болды. Артаевқа енді жеңілуге болмайды. Ол үшін де, мемлекет үшін де бұл соңғы мүмкіндік. Рингте жаныңды берсең де, жолдаманы қоржынға түсіруің керек. Бақтияр мұны өте жақсы түсінді. Аянбай еңбектеніп, талмай тер төгіп дайындалды. Нұрлан Ақүрпеков шәкіртін ширықтыра түсті.

Айға атылып, АИБА президентін орнынан секіртті

Сонымен соңғы іріктеу турнирі. Пәкістан. Үміт пен күдік қатар тайталасқан уақыт. Караши шаһарындағы шешуші дода «Грин Хилл» турниріне AIBA президенті Ануар Чаудридің өзі келді. Алғаш рет бұл турнир Олимпиада ойындарына жолдама беретін мәртебе алды. Төртжылдықтың басты додасы саналған аламаннан үмітті боксшылардың қатарында Бақтияр Артаев та бар. Осынау додаға ұлттық құраманың сол кездегі бас бапкері Ермахан Ыбырайымов аттанған жоқ. Өйткені ол жолдама алған боксшыларды оқу-жаттығу жиынына алып кеткен болатын. Бақтиярдың қасында жеке бапкері – Нұрлан Ақүрпеков. Шәкіртін жеңіске бастар жолдан жаңылдырмау – Нұрланның маман ретіндегі міндеті.

Рас, Артаев бұл жарысқа ерекше құлшыныспен барды. Не бел, не белбеу кететінін өте жақсы түсінді. «Мен үшін бұл турнир Олимпиада ойындарынан кем емес болатын. Өйткені жолдаманы қалайда иелену керек. Он жылдан астам уақыт өмірімді арнаған еңбегімнің өлшемі де осы жолдама ғой. Рингте жанымды берсем де лицензиясыз қайтпаймын деген ой тұрды көкейде. Түйіп айтқанда, артқа қарайлауға еш мүмкіндік жоқ. Не бүк, не шік түсеміз. Оны жақсы түсіндім», – деген еді жампоздың өзі кезінде.

Бақтиярды жеребе алғашқы шайқаста кувейттік боксшымен жұптап берді. Мұхаммед Артаев үшін алынбайтын қамал еместігі айқын еді. Одан кейін ше? Сол пәкістандық Ахмет Нисар бар. AIBA-ның тізгінін уысында ұстаған Ануар Чаудридің өзі келген жарыста Бақтиярды ешкім аяйын деп тұрған жоқ. Чаудридің елінде жерлесімізді пәкістандыққа жығып берудің түрлі айласын төрешілер де қарастырып қойған ғой. Ол сөзсіз еді. Бірақ Бақтияр ондай мәселелерге бас ауыртқан жоқ. Бәрін жойқын соққыларымен шешкісі келді.

Бірінші кездесуде кувейттік былғары қолғап шеберін айқын басымдықпен жеңді. Келе сі қарсылас біршама уақыт бұрын Азамат Мақажановтан айласын асырған сол Ахмет Нисар ғой. Чаудриге үміттене қарап шыққан Нисарыңыз, әйтеуір жеңістің ауылы алыс болмайтынын сезетін секілді. Күллі қазақ жанкүйерлері үміт артқан кездесу басталды да кетті.

Бақтияр алғашқы раундта бәрін бағамдағанын айтады. Иә, ол қарсыласын дәл соққылармен қарсы алып, әдемі кездесу өткізуге талпынған. Қызығы сол, төрешілер әлденеше ұпай айырмашылығымен бірінші раундтан кейін-ақ Нисарды е с епте а лға шығарды. Істің насырға шапқанын сезген Жуалы ауданының тумасы екінші раундта бірден төбелеске кіріседі. Мақсат – қарсыластың рухын сындыру. Қызық. Екінші раунд аяқталады. Нисардың ұпай басымдығы он екіге жеткен. Міне, әділ төрелік дегеніңіздің сиқы осы.

Үшінші раундта Бақтияр тағы да төбелесуге бел буды. Бірақ Нисардың ұпай басымдығы артқан үстіне артып келеді. Жиырмаға таяп қалды. Ал есеп айырмасы жиырма ұпайды құраса, кездесу тоқтатылып, Нисар мерзімінен бұрын айқын басымдылықпен жеңіске жетеді. Ашуға булыққан Нұрлан Ақүрпеков шәкіртіне сонда «Құлату керек!» депті эмоциясын жасыра алмай. Алайда қарсылас та тәжірибелі боксшы ғой. Құлай қоя ма? Бақтияр бар күшін бойына жиып, сойқан күшпен апперкотын дарытты. Нокдаун. Бірақ төреші есеп ашпайды. Нисарды демалдырып тұр. Жекпе-жек жалғасты. Бақтияр әлгі соққыны қайта дарытты. Қарсылас тағы да есеңгіреді. Төреші лаждың жоқтығынан есеп ашты. Шайқас қайта жалғасқанда Бақтияр тағы да апперкотпен қарсыласын жер бауырлатты.

Осы сәтте AIBA президентінен де маза кетті. «Болды, тоқтатыңдар!» деп бұйрық райда үн қатты орнынан қозғалған Ануар Чаудри. Бұл Чаудридің мықтыны мойындауы болатын. Егер сол кезде AIBA президенті араша түспей, Нисар кездесуді соңына дейін жеткізгенде, төрешілер жеңісті соның еншісіне жазар еді. Алайда Чаудриде ұят бар екен. Бәлкім, отандасының енді бір соққыдан соң ес жимайтынын сезген де шығар. Кім білсін?

Кездесу аяқталған соң жанкүйерлер Бақтиярға тік тұрып қол соқты. Осыдан кейін талай боксшы Артаевтың ауыр соққысынан сақтанып жүретін болды. Сосын Бақтияр Афины Олимпиадасында топ жарып, Баркер кубогын иеленді. Артаевтың алтыны Қазақстан елі үшін ең маңызды медаль болатын. Өйткені Афиныда Бақтияр алтын алмаса, Гимніміз шырқалмас еді. Қысқасы, жеңіске бастар жолды іздеген боксшы сан түрлі сылтау айтпай, Артаев секілді өзін дәлелдеуі керек қой.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support