- Advertisement -

Жанын пида еткен дәрігерлердің рухына тағзым етеміз

86

- Advertisement -

Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында 2019 жылдың қараша айында алғаш рет тіркелген қатерлі COVID-19 инфекциясы адамзатқа қатер төндіріп, үрей туғызып, бүкіл әлемді жаулап алғанына міне 1,5 жылдан асып барады екен. Осы мезгілде 160 миллион адам ковидпен ауырып, 3 миллионнан астам адам көз жұмыпты. Сынаптай сырғыған уақыт адамзатты өз ырқына көндіріп келеді. COVID-19 вирустық инфекциясының бірінші толқынының өзі көптеген елдерді қатты састырып, әбігерге түсіргенін білеміз.

Өкінішке қарай, біздің елімізді де бұл індет айналып өтпеді. Мыңдаған адам вирустық инфекциямен ауырып, күтпеген қиындықтарға тап келдік. Індет 2020 жылдың жаз айларының басында Қазақстанға жетіп, 1,5-2 айдың ішінде (маусым мен шілдеде) қу қамысқа тиген оттай бүкіл өңірді жайпап өтті. Біздің қазіргі қоғам оған дайын емес екенін мойындатты. Ауруханаларда орын, емдеуге дәрігер-мамандар мен қажетті дәрі-дәрмектер болмай, демалдыру аппараттары (оттегі конденсаторлары, өкпеге дем беру құралы және т.с.с.) жетіспей, көпшілікті қатты әлекке салды. Ел-жұрттың бойын қорқыныш биледі. Жүздеген адам тажал тырнағына ілігіп, біраз отбасылар жақындарынан айырылып, қара жамылды. Бұл – тек біздің елді ғана емес, экономикасы мен әлеуметтік ахуалы жоғары мемлекеттердің өзін тығырыққа тіреп, қатты қобалжытқан жағдай еді.

Әлемнің ғалым-вирусологтары, бактериологтары, инфекционистері мен эпидемиологтары коронавируспен бұрыннан (олар 30-40 жылдай бұрын анықталған болатын) таныс болғанымен, мына COVID-19 вирусының жұмбақ тұстары мен табиғатын біле алмай дал болды. Тіпті оны қалай емдеуді білмей көптеген қателіктер жіберді. Дегенмен әлемнің көрнекті вирусологтары, ғалым биологтары мен дәрігерлерінің ізденістері арқасында бір жылдық тәжірибе жиналып, зерделеніп, түсінігіміздің көкжиегі кеңейе түсті, біраз жаңалықтарға, жетістіктерге қол жеткіздік деп айта аламыз. Індеттің екінші толқыны да біраз елдерді әбігерге салды, экономикасына зардабын тигізді. Аздап ес жиғанымыз биыл ғана. Ковидке қарсы қорғану іс-шараларын дер кезінде атқарғанымыздан шығар, індеттің таралуына тежеу бола алдық. Әрине, оны толық жеңдік деуге ауыз бармайды. Әлі де ковидтің көптеген жұмбақ қырлары, көлеңкелі тұстары аз емес.

Қазіргі күндері оның алдын алудың тиімді жолы – халықты жаппай вакциналау болып тұр. Егу арқылы және тиімді ем қолданудың арқасында біраз алдыңғы қатарлы мемлекеттер пандемияның бетін қайтарды. Бұл – COVID-19-ға қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген жүздеген ғалымдардың, дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының орасан еңбегі, зор ерлігі екенін мойындауымыз керек. Артта қалған сол бір ауыр кезеңді, қорқынышқа толы үрейлі күндер мен түндерді, қоғамды тығырыққа тіреген азабы мол уақытты зерделеп, сараптай отырып, сол «қарусыз майданда» көз жұмған әріптестерімізді бүгін қимастықпен еске аламыз. Әрине, олардың «халқымызды ажал тырнағынан қалай сақтап қаламыз» деп уақытпен еш санаспай, қауіпті тажалдан жасқанбай күні-түні алғы шепте болғанын, ерлікке тең еңбектерін, қайсар мінездерін қазіргі ұрпақ таяу уақытта ұмыта қоймас, сірә. Өткен жылы олардың бір тобы еліміздің жоғары наградаларына ие болды, ескерткіштер бой көтерді. Оларға қандай құрмет көрсетсек те, артық болмас. Таяу күндері аталып өтетін Медицина қызметкерлерінің күні қарсаңында ковидпен күресте жанын пида еткен әріптестерімізді еске алып, рухына тағзым еткеніміз жөн. Ковид инфекциясы біздің өңірді де айналып өтпеді. Өкінішке қарай, оның алғашқы толқынына қарсы тұрып, көпшілікті қауіпті індеттен қорғай жүріп, онымен ауырып, соның салдарынан көз жұмған медицина қызметкерлері болды. Олардың үшеуі еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік ордендер мен медальдармен наградталды. Атап айтсақ, облыстық фтизио-пульмоногология орталығының бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Арымбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен, Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев пен Тараз қалалық емханасының бөлімше меңгерушісі Гүлмира Қырғызалиева II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды. Ал облыстық балалар ауруханасының реанимация және анестезиология бөлімінің меңгерушісі Мұхтар Туматаев, №1 қалалық аурухананың білімді де білікті дәрігер-урологы Ақылбай Арынов, осы аурухананың бас дәрігерінің экономика саласы бойынша орынбасары Алма Бегманова, акушеркасы Лаура Иманбекова, Тараз қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының аға фельдшері Нэля Есенгельдина, Сарысу ауданының Игілік ауылының фельдшері Зауал Махан Абзалбеков және тағы басқалардың әрқайсысы туралы жеке-жеке тоқталып өтуге болады.

Мысалы, Дәулет Арымбаев өмірінің 30 жылын дәрігерлікке арнады. 1992 жылы Алматы медициналық институтын тәмамдап, Талас аудандық ауруханасына дәрігер-терапевт болып орналасты. Сәл кейінірек облыстық фтизио-пульмонология орталығына ауысып, дәрігер-фтивизиатор, бөлімше меңгерушісі болып қызмет етті. 2010 жылы осы орталықтың бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2020 жылы пандемия өршіп тұрған кезде бұл орталық коронавирустық провизорлық емдеу орнына айналдырылды. Орталықтың медицина қызметкерлері індетпен күресіп, науқастардан бар көмектерін аямады. Бірінен кейін бірі үздіксіз ауруханаға түсіп жатқан жандарға араша болып, қолдан келгенше көмек берді. Қанша қорғанса да, олардың біразы қауіпті инфекцияны өздеріне жұқтырып алып, қиналғандары аз болмады. Уақытпен санаспай сол «мылтықсыз майданның» бел ортасында жүрген Дәулет Арынбаев та ковид инфекциясын жұқтырып, 54 жасында оның құрбаны болды.

Шу өңірінің тумасы Айдар Мұқатаев 20 жыл бұрын дәрігерлік дипломмен ауылына оралып, медицинаның ең қиын саласының бірі хирург-дәрігер болып еңбек жолын бастады. Көп уақыт өтпей-ақ білімділігімен, елгезектігімен, сергектігімен, еңбекқорлығымен, жоғары адами қасиеттерімен елге танылып, құрметке бөленді. Бөлімше меңгерушісі қызметінде жүргенде аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жергілікті билік иелері оған жоғары сенім білдіріп, Шу аудандық орталық аурухананың бас дәрігері етіп тағайындады. Бұл қызметті де А.Мұқатаев үйіріп алып кетті. Ұжым қызметкерлері мен аудан тұрғындары оның ұйымдастыру қабілетінің жоғары, болашағының зор екенін әрдайым мақтанышпен айтып отырды. Өкініштісі, пандемия басталған мезгілде күні-түні қызметте жүріп ол да инфекция қармағына ілініп, содан көз жұмды.

Балалар анестезиолог-реаниматологы Мұхтар Туматаев пен дәрігер-уролог Ақылбай Арыновтың есімдері елге танылған, ерен еңбектерімен ерекше сый-құрметке бөленген ақ халатты абзал жандар еді. Екеуі де таңдаған мамандықтарының шебері, білгірі, бірнеше жүздеген адамның өмірін сақтап қалған қолы жеңіл жоғары санатты сауатты дәрігерлер болатын. Олар тек қалада ғана емес, қажет болғанда ауыл-аймақтарды аралап, науқастарға қажетті медициналық көмек, әріптестеріне кеңес беруден бас тартпайтын. Жас дәрігерлер оларды өздеріне үлгі санап, соларға қарап бой түзейтін. Олардың әрқайсысы туралы әріптестері, замандастары, таныстары мен ем алған науқастар қимастықпен еске алып, әсерлене әңгімелейді.

Сарысу өңірінің дәрігерлері арасында Игілік ауылының фельдшері Зауал Махан Абзалбеков әркез құрметпен аталатын. Ол 40 жылға жуық отгондық фельдшер-дәрігер болып еңбек етіп, шалғай жатқан малшылар ауылдарының баладан қартқа дейінгі тұрғындарының денсаулықтарын қорғауға өз үлесін қосты. Тіпті ол әр қыстауды, әр құдықты, құмдағы жалдарды, даладағы сандаған сайрап жатқан тарам-тарам жолдарды күн болсын, түн болсын адаспай табатын. Қай шопанның қай жерде орналасқанын, олардың отбасының мүшелерін жатқа білетін. Сондықтан да болар, оны олар «Біздің сүйікті дәрігер Зауал» деп беделін көтеріп, қолпаштап отыратын. Еңбегі еленіп, оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағы берілген еді.

Коронавирустың асқынуынан көз жұмған қалалық медициналық жедел жәрдем стансасының аға фельдшері Нэля Есенгельдина, акушерка Лаура Иманбекова мен дәрігер-терапевт Гүлмира Қырғызалиева жайлы әріптестерінен тек жақсы пікір естисің. Олар қызмет бабымен басқаларға көмек бере жүріп, өздерін қауіпті инфекциядан, өкінішке қарай, қорғай алмады. Алға қойған талай арман-мақсаттарын арқалап кетті. Әлгі, халық жиі айтатын «Ғалымның хаты, жақсының аты өшпейді» дегені рас екен. Басқалардың саулығын қорғап, пандемияның таралмау жолын ойлай жүріп, өздері сол індеттің қармағына ілініп, көз жұмғандары естен кетпейді. Осы сәтте дәрігерлер арасында айтылатын, «Светя другим, сгораю сам («біреуге сәуле түсіре жүріп, өзім өртенем»)» сөздері еріксіз еске түседі. Халықты қауіпті инфекциядан қорғай жүріп, өздері қатермен бетпе-бет келген олардың ерен ерлігін ұмыту мүмкін емес.

Қызмет бабымен күнделікті небір «жұмбақ» аурулармен жүздесіп, олардың бойындағы белгісіз инфекцияны абайсызда өздеріне жұқтырып, ауыр жағдайда қиналып ауруханаларға түсіп, жанымен арпалысқан талай медицина қызметкерлерін кездестірдік. Құдай жарылқап, олардың басым көпшілігі сол індеттен әупірімдеп жазылып шықты, қайта үйреншікті қызметтеріне оралды. Адамзатқа қауіпті тажал сеуіп келген коронавирустың бетін қайтаруға медицина қызметкерлерінің қосқан үлесін көпшілік орынды бағалап, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен облыс орталығы Тараз қаласында көрнекті «Біз біргеміз!» монументі бой көтерді, «Денсаулық» аллеясының іргесі қаланды.

Ковидтің екінші толқынымен күрес біздің елде әлі жалғасып жатыр. Сандаған медицина қызметкерлері бүгіндері COVID-19-ға қарсы күрестің алғы шебінде жүр. Пандемияны тоқтату үшін мемлекетіміз барлық мүмкіншілікті жасап отыр. Сырқаттан кейін қалыпқа келу біраз уақытты қажет етеді. Қазір әр өңірде ковидпен ауырып шыққандарды қалпына келтіру, оңалту орталықтары ашылды. Ондай бірнеше оңалту орындары Таразда да қызмет етуде. Оларда барлық жағдай жасалған. Реабилитолог дәрігерлермен қатар маман-инструкторлар еңбек етсе, әртүрлі аппарат-құралдармен жабдықталған тренажорлық залдарда жаттығулар жасап, диеталық асханада құнарлы тамақ ішіп денсаулықты түзеуге болады. Сол оңалту орталығында ем шаралар алған кісінің ауру салдарынан болған зардаптан қысқа мерзімде құтылуына мүмкіндік мол.

Әлемді жайлаған COVID-19 індетінің беті, өкінішке қарай, әзірше қайтар емес. Дүниежүзі қатерлі індетпен күресуге барлық күшті жұмылдыруда. Солардың қатарында біздің Қазақстан да бар. Әйтсе де, «Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, ауру жұқтырмау азаматтардың өздеріне тікелей байланысты екенін естен шығармайық. Карантиндік талаптарды әрбір азамат орынды қабылдап, олардың тәртібін барынша сақтаса, бұл ауыр індеттен, оның әкелетін зардаптарынан көп уақыт өтпей құтылар едік. Әттең, олай болмай тұр. Жаһанды шарпыған жаман індеттің таралуы тоқтар емес. Басты себеп, вирустың қатерлі екенін түсінбей, енжарлық танытып, қауіпті сезінбей, оған салғырт, бейжай қараудан арыла алмай келе жатқанымыз. Өз қауіпсіздігіміз өз қолымызда екенін естен шығармайық. Бар жауапкершілік – өзімізде.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support