- Advertisement -

Журналистер мерекесі Шымкенттен басталды

108

- Advertisement -

Республикалық «Темірқазық Ой» газетінің жарық көргеніне 10 жыл толуына орай бильярдтың аралас пирамида деп аталатын түрі бойынша БАҚ өкілдері арасында командалық жарыс ұйымдастырылды. Бұл додаға тілшілер қауымынан бөлек полицейлер де қатысып, жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Жалпы, тастаяққа аңсары ауғандар арасында ұйымдастырылған осынау турнирге сегіз команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салғанын айта кеткен ләзім.

Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласындағы «17 мерген» бильярд клубында өткен додаға «Тараз БАҚ» командасы да қатысты. Жалпы жарысқа қатысқан командалар төрт-төрттен екі топқа бөлініп, айналмалы жүйе бойынша дода көркін қыздырды. Құрамында «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, аталмыш басылымның «Мәдениет және спорт» бөлімінің редакторы Табиғат Абаилдаев, республикалық «Жас Алаш» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің маманы Серік Тәжібай, «Aq jol» газетінің Мойынқұм және Шу аудандарындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған секілді ойыншылары бар «Тараз БАҚ» командасы бұл күні ойдағыдай ойын өрнегін көрсете білді.

Жалпы, журналист Анар Сүлеева басқаратын басылым бүгінде БАҚ саласында өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген. Ал бұл турнирде таяуда ғана сексен жасқа толған журналистиканың ардагері, Оңтүстік журналистерінің төбе биі атанған Байдулла Қонысбектің қолына кий алып, бір кісідей бильярд ойнағаны жастарға үлгі болғаны даусыз. Жарыс барысында «Оқырмандар», «Оңтүстік БАҚ» секілді ұжымдардан айласын асырған «Тараз БАҚ» командасы топтық кезеңнен іркілмей өте білді. Жартылай финалдық кездесуде «17 мерген 2» командасымен кездескен тараздық тілшілер қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түскенін де айта кеткен дұрыс. Бұл кездесу өте тартысқа толы жағдайда өрбіді. Нәтижесінде дуы басым додада «Тараз БАҚ» командасы қарсыластарынан бір мысқал да кем ойнамай, өздерінің шын шебер екендіктерін байқатып, командалық жарыстан екінші орын иеленді. Ұйымдастырушылар жүлдегерлерге диплом, медальдар және кубок тапсырып, құрмет көрсетті.

Осылайша күн санап жақындап келе жатқан журналистердің кәсіби мерекесі Шымкентте басталып та кетті. Алғаш болып тілшілер арасындағы турнирді командалық форматта ұйымдастырған басылым басшылығына риза болдық. Өйткені командалық жарыста бірдің мықты болғаны емес, команданың әрбір ойыншысының шеберлігі басым болғаны жөн. Біз бұл күні бір командадағы ойыншылардың бір-біріне шын жанкүйер болып, «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» қағидатын ұстанғанын айқын сезіндік. Бірлік дегеніңіз де осы емес пе?

Дәл осы күні Талдықорған қаласында қазақ журналистикасында өзіндік орнымен дараланған, телевизия саласының мықты маманы, марқұм Бейсен Құранбекті еске алуға арналған шағын футбол турнирі өтті. Бұл жарыста облыс намысын «Тараз Пресс» командасы абыроймен қорғады. Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкент қалалары журналистерінен құралған мықты командалар қатысқан додада жамбылдық журналистер жүлделі екінші орынды иеленді. Финалға дейінгі қарсыластарын қиналмай жеңген «Тараз Пресс» жігіттері тек шешуші кездесуде алматылық командаға есе жіберді.

 

Бағжан ӘУЕСБЕКОВА,

М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support