- Advertisement -

«Токиода жеңістің биік тұғырынан көрінуге тырысамыз»

126

- Advertisement -

Әлем елдерінде қалыптасқан пандемиялық ахуалға байланысты жаһан спортшылары сарыла күткен Олимпиада ойындары бір жыл кейінге шегерілгенін жұртшылық жақсы біледі. Енді міне, Токио қаласында өтетін кезекті Жазғы Олимпиаданың да басталар сәті күн санап жақындап келеді. Бүгінгі таңда әлемнің барлық мемлекеттерінде төрт жылдықтың басты бәсекесіне қызу дайындық жүріп жатқаны белгілі. Қазақстандық спортшылар да аталмыш Олимпиададан жүлделі орындармен оралу үшін дайындықты бір сәтке де босаңсытқан емес. Осы орайда 75 килограмм салмақ дәрежесінде Жазғы Олимпиада ойындары жолдамасының иегері, Әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері, белгілі боксшы Әбілхан Аманқұл және оның жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бесінші мәрте Жазғы Олимпиада ойындарына шәкірт баптап жүрген майталман маман Нұрлан Ақүрпековті әңгімеге тартқан едік.

– Нұрлан Сәкенұлы, «Әке – балаға сыншы» дегендей, перзентіңіздей болып кеткен шәкіртіңіз Әбілхан Аманқұлдың Жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы қалай болып жатыр, жаттығу барысында қандай мәселелерге айрықша назар аударып жүрсіздер?

Нұрлан Ақүрпеков: – Спорттың шын жанкүйерлері Олимпиада ойындарының былтыр өтуі тиіс болғанын жақсы біледі. Алайда әлем елдерін әбігерге түсірген індеттің кесірінен бір жыл кешігіп отырған жайы бар. Сондықтан спортшылар үшін әбден шынығуға, дайындалуға мүмкіндік болды. Былтыр жыл соңында Шымкент қаласында карантин талаптарын сақтай отырып, бокстан ел чемпионаты өткен. Ол жерде Әбілхан Аманқұл 75 килограмм салмақ дәрежесінде еліміздегі нөмірі бірінші боксшы екенін тағы бір дәлелдеп, чемпион атанды. 2021 жылдың алғашқы айларында жоспарлы оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Одан соң жаттықтырушылар кеңесінің шешімімен, ел құрамасы бас бапкерінің қолдауымен Куба еліне 18 күндік оқу-жаттығу жиынына жол тарттық. Бостандық аралы еліне біз он салмақ дәрежесі бойынша бірінші және екінші нөмірлі боксшыларымызды апардық. Оқу-жаттығу жиынының аяғында жолдастық кездесулер өткізілді. Онда Әбілхан Аманқұл үш мәрте рингке көтеріліп, қарсыластарымен жұдырықтасты. Мұндай кездесулерде қай боксшының жеңіске жеткені айтылмайды. Бірақ Әбілхан Аманқұл өзінің деңгейін көрсете білгені тайға таңба басқандай айқын. Сол күндері Куба құрамасын 30 жыл жаттықтырған әйгілі бапкер Сагара ақсақалдың үйіне сәлем беріп бардық. Қазақы пейілімізбен шапан жауып, құрметімізді көрсеттік. Куба боксының майталманы, дарабоз маман бұл ізетімізге шын мәнінде риза болды. Осының бәрі шәкіртіме жақсы әсер еткеніне сенімдімін.

Бұдан кейін Ресейдің Кисловодск қаласында бес ел боксшыларының біріккен оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған болатын. Мұнда Ресей мемлекеті төрт құрамасымен жиналса, Қазақстан, Өзбекстан, Эстония мен Белоруссия елдері екі командасымен барды. Аталған қалада үлкен спорт кешені бар екен. Барлық жағдай жасалған. Боксшылар ол жерге барып, еш алаңсыз дайындықтарын пысықтап кетті. Оқу-жаттығу жиынының соңғы күндері өткен жолдастық кездесуде Әбілхан Ресейдің екі, Өзбекстанның бір боксшысымен жұдырықтасып, өзін жақсы жағынан көрсете білді. Бұл да ол үшін жақсы тәжірибе болды.

– Әбілхан, Ресейдің Санкт –Петербург қаласында өткен «Губернатор кубогы» халықаралық турнирінің финалында Әлем чемпионы, ресейлік былғары қолғап шебері Глеб Бакшимен қолғап түйістіруің керек еді. Шаршы алаңға неліктен шықпадың?

Әбілхан Аманқұл: – Ол турнирде финалға дейін үш қарсыласымнан айламды асырдым. Ал финалдық жекпе-жекке шығу, шықпау мәселесі туралы көп ойландық. Алда жауапты жарыстар тұрғаны белгілі ғой. Азия чемпионаты жақын қалған болатын. Менің рингке көтерілгім келгені рас. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген сөз бар ғой. Алайда жеке бапкерім Нұрлан ағайдың ақыл-кеңесін тыңдап, ескі жарақатымды және алдағы маңызды жарыстар алдындағы жауапкершілікті ойлап, финалда бокстасуды жөн санамадым. Өйткені біз алдағы додаларға ешқандай жарақатсыз, жақсы формада баруымыз керек болды.

– Дубайда өткен Азия чемпионатында жанкүйерлер алтын медаль күткен еді, Әбілхан. Жекпе-жекті бәріміз көрдік. Ойдағыдай жұдырықтастың деп ойлаймыз. Тіпті финалдық кездесудің екінші раундында қарсыласыңды есеңгіретіп те алдың. Өзің не айтасың?

Әбілхан Аманқұл: – Мен ол жекпе-жек туралы ештеңе айта алмаймын. «Таза жеңдім» деп ақталғанымнан да ештеңе өзгере қоймайтыны белгілі ғой. Қолымнан келгенше жеңіске жету жолында тер төктім. Шаршы алаңда барымды салып бақтым. Бұйырғаны күміс медаль шығар. Жалпы, Олимпиада ойындарының алдында айтарым, өзімді ісіммен, рингтегі шеберлігіммен дәлелдегім келеді. Барлық сұраққа рингтегі жекпе-жектерім жауап беруі керек деп ойлаймын. Өйткені боксшы үшін рингтегі шайқас маңызды. Ал Азия чемпионаты жайлы жеке бапкерім, сол жағдайдың бәрінің куәгері болған Нұрлан ағайым айтсын!

– Нұрлан Сәкенұлы, Дубай рингінде Қазақстанның ерлер құрамасына жасалған қиянатты көзіміз көрді. Өзіңіз не дейсіз?

Нұрлан Ақүрпеков: – Сары құрлықтың бұл басты додасы әуелде Үнді елінде өтуі тиіс болған еді. Алайда аталмыш мемлекетте індеттің өршуіне байланысты Біріккен Араб Әмірліктеріне ауыстырылды. Байрақты бәсекенің өткізілу орны ауыстырылғанымен, ұйымдастыру жағында үнділік мамандар жүрді. Дубай жағы тек қана жатын орындармен қамтамасыз етіп, қолдау көрсетті.

Осынау Азия чемпионатына Қазақстан бірінші нөмірлі (Олимпиадаға жолдама алған) боксшыларын алып барды. Иә, қыздарымыздың қол жеткізген жетістіктері мерейімізді өсіргені сөзсіз. Ал ерлер құрамасынан бес бірдей жігітіміздің финалдық кездесуге жолдама алуы жаман нәтиже емес болатын. Алайда финалда біздің үш жігітке айтарлықтай қысым жасалғаны шындық. Сол әділетсіз бағалаудың зардабын менің шәкіртім Әбілхан Аманқұл да тартты. Негізі Азия чемпионаты да қызу бәсекеге толы жағдайда өткені белгілі. Барлық мемлекетте боксқа айрықша көңіл бөлініп жатыр. Соның арқасында олардан да жақсы боксшылар шығуда. Үнді мен Иран елдері әуесқой бокс айтарлықтай дамыған Кубадан, Ресей мен Украинадан майталман мамандарды алдыртып, боксшыларын жаттықтырып жатыр. Сондықтан Азия құрлығында бәсекелестік жоғары деңгейге жетті десек еш қателеспейміз.

Әбілхан Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде Кувейт елінің намысын қорғаған боксшыны ұтып (қарсыласы рингке шығудан бас тартты), екінші ойынын үнділік Ашиш Кумармен өткізді. Кумар – 2019 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, бір сөзбен айтқанда оңай шағылатын жаңғақ емес. Әбілхан екеуі де үш раунд бойы жеңіс жолында барын салды. Ауыр кездесу өтті. Нәтижесінде менің шәкіртім 3:2 есебімен қарсыласынан басым түскенін жақсы білесіздер. Жартылай финалдық жекпе-жек ирандық Сейдшахин Мусавимен өтіп, жеңіс біздің жақта болды. Біз Әбілхан негізі финалда филиппиндік боксшы, 2019 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Эймур Марсиалмен қолғап түйістіреді деп ойлап едік. Бірақ сол Марсиаль жартылай финалда өзбекстандық екінші нөмірлі боксшы Саиджамшид Жафаровқа есе жіберіп алды. Әрине, бұл жерде филиппиндік былғары қолғап шеберінің рингтегі еңбегі әділ бағаланбауы да мүмкін. Сонымен, финалда өзбекстандық боксшыға қарсылас болып шықтық. Бірінші раундта Әбілханның қуып жүріп сабағанына қарамастан, 5:0 есебімен жеңіс өзбекстандық боксшының еншісіне жазылды. Үзілісте шәкіртіме: «Жылдамдықты арттыру керек. Соққылардың санын да, сапасын да көбейтуге тиіссің» деп ескерттім. Әбілхан екінші раундта қарсыласын есеңгіретіп, нокдаунға да жіберді. Рингтегі төреші есеп ашты. Осы раундтың өзі 3:2 болып менің шәкіртімнің пайдасына әрең берілді. Негізі қарсыласы нокдаунға түскенде жеңіс 5:0 есебімен есеңгіреткен боксшының пайдасына шешіледі. Осы жағдайдан-ақ бізге аямай қысым жасалып жатқанын айқын байқадық қой. Үшінші раундта Жафаров біздің боксшының екі аяғын қысып ұстап, тартып құлатты. Өте ерсі, спортшыға жат қылық қой. Мұндайда төрешілер оған ескерту беріп, жазалауы керек еді. Оның спортшыға тән емес бұл қылығын төрешілер «байқамай» қалды. Не керек, сөйтіп жеңіс өзбекстандық жігіттің қанжығасында кете барды. Біз барынша қарсылық білдірдік. Кәдімгідей дауластық. Әлеуметтік желіде де жанкүйерлер шулап кетті. Бірақ төрешілер бізді естігісі келмеді. Нәтижесінде олардың шешімі өзгермеді. Осындай әділетсіздік орын алғаны айдай ақиқат.

– Нұрлан Сәкенұлы, осымен бесінші мәрте Жазғы Олимпаиада ойындарына шәкірт баптап қосып отырған жайыңыз бар. 75 килограмм салмақ дәрежесінде әлемде біраз мықты боксшының бар екені рас. Былайша айтқанда, бұл салмақ ең бір бәсекеге толы салмақ саналады. Әңгіменің ашығы Токио Олимпиадасында Алла қаласа Әбілханнан нендей нәтиже күтуге болады?

Нұрлан Ақүрпеков: – Жалпы Жазғы Олимпиада ойындарына шәкірт баптап барып жүргеніме 20 жылға жуықтады. Бақтияр Артаевтың Олимпиададағы алтын жүлдесі – барша қазақтың мерейі. Белгілі боксшылар Ғани Жайлауов пен Олжас Сәттібаевты да Олимпиада додасына мен баптап, қостым. Әрбір боксшының да, басқа спортшының да арманы – Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі. Олар сол жолда аянбай еңбектенеді, талмай тер төгеді. Ал біздің мақсат – арық айтып, семіз шығу. Қысқасы, менің ұстанымымда мынау ғана мықты деп бөліп қарауға болмайды деген қағидат бар. Олимпиадаға барғандардың бәрі де мықты боксшылар екені талас тудырмауы керек. Дегенмен украиналық боксшы, 2017 жылғы Әлем чемпионы Александр Хижняк, 2019 жылғы Әлем чемпионы ресейлік Глеб Бакши, Олимпиада және Әлем чемпионы, кубалық Арлен Лопес, филиппиндік Эймур Марсиаль, үнділік Ашиш Кушмар – негізгі қарсыластарымыз. Оны сауатты жанкүйерлер де өте жақсы біледі деп ойлаймын. Басқа қарсыластарды да бағалап, әр жекпе-жекке зор жауапкершілікпен шығуды ұмытпаймыз. Өйткені бұл – Олимпиада ойындары. Барлық боксшы мықты дайындықпен келеді. Алла қаласа, еліміздің көк Байрағын көкке көтеріп, жалауымызды желбіретіп қайтсақ деген арманымыз, ниетіміз бар. Оған мүмкіндік те жоқ емес. Әбілханның соққылары өте ауыр. Дайындығы және көңіл күйі жақсы, сенімі зор. Бір сөзбен айтқанда, шәкіртім дуы басым додаға тастүйін дайын. Жаратқан жар болса, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамыз.

– Еліміздің Бокс федерациясынан, өңірдегі спорт саласына жауапты басшылар тарапынан қандай қолдау бар?

Нұрлан Ақүрпеков: – Жақында Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының басшылығы ауысқан болатын. Федерация басшылығына Данияр Берлібаев, Кеңес Рахышев деген азаматтар келіп жатыр. Олар алдағы уақытта боксшыларға рингте қиянат жасалуына жол бермейміз дегенді алға тартып отыр. Қазақстан Республикасы Бокс федерациясының вице-президенті, еліміздің мемлекеттік жаттықтырушысы болып төл шәкіртім, Олимпиада ойындарының чемпионы, Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев тағайындалды. Токио Олимпиадасының алдында осындай сүйінші жаңалықтарды естіп қуанып жатқан жайымыз бар. Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бізбен кездесіп, сәт-сапар тіледі. Сондықтан ҚР Бокс федерациясына, ерлер арасындағы бокс құрамасының бас бапкеріне, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығына, жамбылдық барша жерлестерімізге бізге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Жанкүйер қауымның қолдауы бізді қашанда қанаттандырады.

– Әңгімеңізге рақмет. Токио төрінде алтын жүлде тілейміз!

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support