Жаңалықтар

Ауыл әкімі жайылымға қатысты жайттарды неге жасырды?

Ауыл әкімі жайылымға қатысты жайттарды неге жасырды?

Жасыратыны жоқ, ықылым заманнан бері тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан ауыл қазағы үшін жайылым мәселесі қашанда өзекті болып келді. Кейінгі жылдары аталмыш түйткіл одан әрі ушығып, жайылым үшін бір-бірімен араздасқан ауыл тұрғындарының қатары артты. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Заң мал бағылатын алқаптарды тиімді реттеуге және олардың инфрақұрылымын жақсартуға, жердің тозуын болдырмауға бағытталған. Содан бері 5 жылға жуық уақыт өтсе де, жайылым мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес. Тіпті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтар айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылады, қалған 64 пайызы бос жатыр» деп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсу қажеттігін тапсырған.

66 мың гектар жайылым жер жетіспейді

Жақында өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов хабарлама жасап, «Біз жайылымдық жерлерге талдау жасап, өңір бойынша 0,7 миллион гектар жайылымдық жердің жетіспейтіндігін анықтадық. Әсіресе Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарының шаруалары мал жаятын өріске зәру» деген болатын. Алайда жайылым мәселесі өзекті болып тұрған жалғыз бұл аудандар ғана емес. Шалғайдағы Шу ауданы да жайылым бойынша ең дауы көп аудандардың қатарына жататынын айта кету керек. Мәселен, Шу ауданы әкімдігінің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі инспекторы Тұрар Башырхановтың айтуынша, өткен жылы 20652 гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. Дейтұрғанмен әлі де болса, жайылым жетіспейді. – Былтыр «Smart agro Karkara» мен «Смарт Агро» ЖШС-ның меншігіндегі пайдаланылмай жатқан 21056 гектар жер телімін сот арқылы мемлекет меншігіне қайтардық. Оның 20606 гектары жайылымдық жер. Сондай- ақ жайылымдық жерді басқа мақсатта пайдаланатын тұрғындар да кездеседі. Дәлірек айтар болсам, өткен жылы Оразалы батыр ауылының тұрғыны Ж.Орынбаев мемлекет меншігіндегі жайылымдық жерге қатысты заңды өрескел бұзып, қоражай мен шағын үй салып алғаны анықталды. Аталмыш тұрғынға 104175 теңге көлемінде айыппұл салып, заң бұзушылықты 3 айдың ішінде жою туралы нұсқама берілді. Негізінен, жайылымдық жерді бір ғана мақсатта, яғни мал жаюға ғана пайдалануға болады. Оның иесіне тек 10 сотық жерге қоражай салуға рұқсат етілген. Жер иесінен заңсыздық анықталса, жер кодексінің 92,94,65-баптары бойынша алғашқы жылы ескерту береміз. Оны бір жылдың ішінде жоймаса, салықты көбейтеміз. Ал келесі жылы олқылық әлі де жойылмаған болса, жерді қайтару шараларын бастаймыз. Игерусіз жатқан жерлерді жер қатынастары бөлімінің, ауыл әкімдерінің және тұрғындардың ұсынысы бойынша анықтаймыз. Заң бойынша уақ малдың әр басына 3 гектар, ірі қараның әр басына 6 гектар жер берілуі қажет. Алайда бізде жайылымдық жердің жетіспеуіне байланысты мал санына жайылым жердің көлемі сәйкес келмейді. Десе де егіс науқаны аяқталған кезде егістік жерді жайылым ретінде пайдаланамыз. Өткен жылы мемлекет меншігіне 20652 гектар жер қайтарылды. Соның өзінде аудан бойынша 66 мың гектар жер жетіспейді. Биыл тағы да 13 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарлануда. Жалпы аудан бойынша Көкқайнар, Ақсу сынды ауылдарда жайылым мәселесі өте күрделі болып отыр, – дейді инспектор. Жайылым туралы сөз қозғағанда ең алдымен иелігіндегі жерді ұзақ уақыт игермей, оны сары майдай сақтап отырған кейбір пысықайлар еске түседі. Дәл осындай олқылықтар кез келген ауылда бар екенін ешкім жоққа шығара алмайтыны анық. Мысалы, Шу ауданы әкімдігінің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі инспекторы Тұрар Башырхановтың берген мәліметіне сүйенсек, бір ғана Тасөткел ауылдық округі бойынша ауыл тұрғыны өз меншігіндегі 490 гектар жайылымдық жерді мүлде пайдаланбай келген. Ауылдағы ағайын алдындағы азын-аулақ малын бағатын жайылым таппай жүргенде, осыншама жердің қаңырап бос жатқаны ақылға сыймайды. Бұл жерде әкімдерге қатысты мына бір нәрсені айтпай кетпеске тағы болмайды. Ол егістік пе, жоқ әлде жайылым ба, әйтеуір жердің көп бөлігін иемденген, бірақ оны уақтылы игермей отырған ірі шаруа қожалықтарынан жерді қайтарып алу әкімдерге үлкен қиындық тудырып жатады. Өйткені ауыл әкімдерінің өзі жергілікті жердегі қожалық басшыларына кіріптар болып жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Елді мекендердегі ірілі-ұсақты жұмыстардың бірқатары кейбір шаруа қожалық жетекшілерінің қолдауымен шешіліп жататынын ескерсек, әкімдердің өз қолын өзі кеспесі тағы анық. Әйтпесе, алақандай ауылға қарасты шаруа қожалықтарының жерін жатқа білетін ауыл әкімі жоғарыда аталған 490 гектар жерді бұған дейін де анықтауына болар ма еді, кім білсін? Жалпы бүгінде көп жұмыс жергілікті әкімдердің іскерлігі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Сол сияқты жайылым мәселесі күрделі болып отырған елді мекендердегі кемшіліктердің де бір ұшығы ауыл әкімінің ұйымдастырушылық қасиетінің төмендігіне келіп тіреледі. Айталық, Шу ауданына қарасты Қорағаты ауылдық округінде ауыл әкімінің деңгейінде шешілетін мәселе болғанымен, жайылымға қатысты кейбір түйткілдер әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан көрінеді. Округке қарасты үш бірдей ауылдың тұрғындарымен тілдескенімізде олар өрістің аздығы мен кейбір пысықайлардың тірлігі ауыл тұрғындарын әбден титықтатып жібергенін айтады. Мұндағы Еңбек ауылында 53 үй, Жиенбет ауылында 87 үй түтін түтеді. Басым бөлігі төрт түліктің арқасында күнелтіп отыр. Олар лажы болса мал басын көбейтуді, сол арқылы тұрмысын түзеуді қалайды. Өкінішке қарай, бұл маңда жайылымдық жер аз, малдарын тұяғы жеткен жерге дейін жаю ауылдықтар үшін мұңға айналған. Осылайша, бұл жақта жайылымдық жер мәселесі өте күрделі болып отыр. Жағдайдың күрделілігі сол, тіпті мемлекеттің меншігіндегі жайылымдық жерді заңсыз қоршап алатын азаматтар да бар көрінеді. Еңбек ауылының бірқатар тұрғындары осы ауылда тұратын Әділхан Өсербаев есімді азамат өзіне тиесілі 15 сотық жеріне 1 гектарға жуық мемлекет меншігіндегі жайылымдық жерді қосып алып, қоршап қойғанын айтады. Ауыл азаматтарының айтуынша, аталмыш тұрғынның 3 жылқы, 2 сиыры бар. Онсыз да жайылым жетіспей жатқанда, ауыл маңындағы жерді жекеменшігіне қосып алғанына көпшілік наразылық білдіруде. Ал осы ауылдың Балтабай Тайшабаров есімді тұрғыны 500-ден аса уақ малды ауыл іргесінде бағып отыр екен. «Жайылымдық жердің жетіспеуі салдарынан мал басын арттыра алмай отырмыз. Соңғы екі жылда өрістің өзінде қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды», – дейді ол. Бұдан бөлек, ауыл ішіндегі қорасында 200-ге жуық жылқысын бағып отырғандарды да көрдік. Бұның барлығына жеке-жеке тоқталып отырған себебіміз – жуырда ғана облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов Шу ауданына келген жұмыс сапары барысында ауыл әкімдеріне малы көп тұрғындардың төрт түлігін елді мекеннен шалғай жердегі жайылымға шығару жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Облыс әкімінің орынбасары ауылдан 5-7 километр радиуста орналасқан шаруа қожалықтарының иелерімен келісе отырып, олардың иелігіндегі жайылымдық жерлерді әкімдіктің меншігіне өткізу жұмыстарын ертерек қолға алу керектігін жеткізген еді. Қорағаты ауылдық округіне атізін салғанымызда әл-әзірге бұл бағыттағы жұмыстардың ұшы да көрінбейтініне көз жеткізіп қайттық. Керісінше, жайылым мәселесі күн өткен сайын күрделене түсуде. Еңбек пен Жиенбет ауылдарының тұрғындарымен әңгімелесу барысында тағы бір мәселеге қанық болдық. Соңғы екі жылдан бері құрылысы жүріп жатқан «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолы дәл осы екі ауылдың маңынан өтеді. Мұндағы жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлер ауыл маңындағы жайылымның қақ ортасын қалауынша қазып, карьер жасаған. Ауыл азаматтарының сөзіне сенсек, карьер қазуға Қорағаты ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиев рұқсат берген екен. Аталған жұмыстардың қаншалықты заңды екенін білмекке бекініп, ауыл әкімдігіне бас сұққанымызда біраз мәселенің беті ашылғандай болды. Қорағаты ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Қуаныш Хамзаев ауыл маңынан өтетін күре жолдың құрылысы аяқталғанда тұрғындар бірқатар кедергіге тап болатынын айтады. – Жолға жауапты мердігер компания ауыл маңындағы жайылымдық жерден карьер қазу үшін ауыл ақсақалдарынан құрылған қоғамдық кеңестің рұқсатын алыпты. Негізінен, ауыл әкімінің рұқсаты болуы тиіс. Дәл осы мәселе бойынша ауыл әкімі қол қою керек болған. Бірақ ауыл әкіміне бұл құжатқа қол қоюға болмайтындығын дер кезінде жеткізіп, ақсақалдар ауыл тұрғындарымен ақылдаспағанын түсіндірдім. Бұл мәселені ақсақалдар да, ауыл әкімі де тұрғындармен бірлесіп шешуі керек еді. Десе де бұл істің басында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиевтің бір өзі жүрген. Ал терең етіп қазылған карьерге мал түгілі адам түсіп кетсе шыға алмайды. Аталған мәселе бойынша мердігерлерге жолыққанымда олардың қолында 1 5 гектар жерге карьер қазуға рұқсат беретін мемлекеттік акт бар екен. Алайда олар 15 емес, 40 гектарға жуық аумақты алып жатқан жайылымды қазып тастаған. Бұған наразы болып, бір күнде жиналып, карьердің жұмысын тоқтаттық. Бастапқыда мердігерлерден жерді қазуды тоқтатуын талап еткенімізде олар «карьердің жұмысын жүргізуге ақсақалдар алқасының төрағасы рұқсат алып беремін деп уәде берген», деп жауап берді. Оларға мән-жайды түсіндіріп, ақсақалдың ондай құзыреті жоқтығын айтып, жұмысты тоқтаттық. Мердігерге рұқсатсыз карьер қазғаны үшін мешітке құм төгіп беру, арық қазып беру, ауыл маңындағы қоқыстарды тазарту сынды жұмыстарды істетіп жатырмыз. Карьерден бөлек, жайылымға қатысты ауылдықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе бар. «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолының құрылысы аяқталуға жақын қалды. Жұмыстар толық біткенде, Жиенбет ауылы тұрғындарының малы жайылымға өте алмай қалайын деп тұр. Себебі жолдың негізгі жобасында мал өтетін жол қарастырылмапты. Бұл мәселе ертерек шешілмесе, Мойынқұм мен Жиенбет ауылындағы 2400 уақ мал мен 250 ірі қара және 70 жылқы 780 гектар жайылымнан қағылайын деп тұр. Оған қоса, аталған жолдың келесі бетінде 350 гектар егістік жер орналасқан. Арғы бетке өтетін жол болмаса, тұрғындардың техникасы егістікке қалай өтпек? Мердігерлердің айтуынша, біз ауыл болып арыз жазып, жобалаушы компанияға жолдауымыз керек екен. Қазіргі кезде біз арызға қол жинап жатырмыз. Бірақ оны облыс орталығына жіберіп, ондағы жауапты мамандар тендер ойнатып болғанша, жолдың құрылысы түгелдей аяқталып кетпей ме? – дейді Қ.Хамзаев. Шынын айту керек, кей-кейде қарапайым ғана істі тиянақтауға келгенде қырсыздық танытып, кез келген істі күрделендіріп жіберетініміз бар. Бұны бүгінгі ісімізбен де дәлелдеп келеміз. Әйтпесе, жоғарыда аталған күре жолды жоспарлау кезінде мал айдайтын жолды аудан атқамінерлері жоспарлап, жобаға енгізбеді деуге бола ма? Біз де өз кезегімізде тұрғындардың пікірі біржақты болып қалмасын деген оймен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тәңірберген Жексенбиевтің жоғарыда аталған сынға қатысты пікірін білген едік. «Карьер қазуға рұқсат беруге менің заңды құқығым жоқ. Елдің айтып жатқанына келіспеймін. Ауылдық округтің әкімі Алмасбек Сәулебаев басқа ауылда тұрады. Кейде шұғыл мәселе туындап қалған жағдайда әкім ауылда болмай қалып, бірқатар азаматтар маған келіп жатады. Сондай сәттерде ауылдың үлкені ретінде баратыным рас. Бәлкім, тұрғындар осыған байланысты айтып жатқан болар», – деді ауыл ақсақалы. Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің бас маманы Мақсат Деңгелбаев көтерілген түйткілге қатысты: «Жайылымдық жерлерге қатысты заңсыздық орын алған жағдайда ауыл әкімдігі ең әуелі біздің бөлімге ресми хатпен шығуы қажет. Бұдан кейін біздің мамандар арнайы тексеріс жүргізіп, заңсыздық деректерін анықтаған жағдайда, барлық деректі аудан әкімдігінің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі инспекторына жолдаймыз. Өз кезегінде ол заң аясында ескерту немесе айыппұл салады. Ал жалпы елді мекендердегі жайылымдық жерге қатысты заңсыздықтарды өз бетінше анықтайтын жұмысшы топ құрылмаған. Тек тұрғындардың немесе әкімдіктің ұсынысы арқылы ғана зерделеу жүргізе аламыз», – дейді. Алайда ауыл әкімдігі мұндағы жайылымға қатысты заңсыздықтардың ешқайсысын жер қатынастары бөліміне хабарламаған. Ал жоғарыда аталған мал айдайтын жолдың мәселесі расымен де тым күрделі. Жобаға ертерек өзгеріс енгізбесе, келешекте ауыл тұрғындары әжептәуір әбігерге түсетіні айтпаса да түсінікті. Ал өзге ауылдан қатынап жұмыс істеп жүрген Қорағаты ауылдық округінің әкімі Алмасбек Сәулебаевтың мұндағы күрделі түйткілдерді жуық арада шешіп беретіндігіне сену қиын. Ауыл әкімінің серпін танытар сәтте керісінше көп іске салғырт қарап отырғаны кім- кімге болса да түсініксіз болып отыр. Қазірдің өзінде 3300 ірі қара, 11000 уақ мал, 450 жылқысы бар бір ғана Қорағаты ауылдық округіне 19 мың гектар жайылым жер қажет. Округте 235 шаруа қожалығы болса, бүгінде оның 64-інде ғана жайылым бар екен. Әрине, қайбір жылдары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен жерлеріміз мемлекет меншігіне баяу болса да қайтарылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Алайда жердің төңірегіндегі дау- дамай мен заң бұзушылықтардың, оның ішінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың белең алып жатқаны жасырын емес. Жердің көлемі жағынан көш бастап тұрғанымызбен, қазақта ежелден бар жер дауынан бүгінгі бейбіт заманда да арыла алмай отырмыз. Әлбетте, жайылымға қатысты түйткілді түгел қаузап, иін қандыра талқылау оңайға соқпайды. Десе де жауапты мамандар бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсіп, заңға енжарлық танытып отырған азаматтарды анықтауы тиіс. Әйтпесе, әбден сиырқұйымшақтанып кеткен бұл істің зардабын ауылдағы қара халық көретіні сөзсіз.

Ерғали Қартайған,

Шу ауданы.