- Advertisement -

Ауыл қасындағы жайылым кеңейіп, мал басы көбеюі керек

230

- Advertisement -

Облыс əкімі Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл ауданына жасаған жұмыс сапарында көптің көңілінде жүрген жайылым мәселесі талқыланды және бірқатар жаңа ғимараттардың тұсауы кесілді. Сондай-ақ облыс басшысы ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс барысымен де танысты.

Алдымен аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы аудан əкімдігінің мəжіліс залында жайылым жер мəселесі жөніндегі алқа мəжілісіне қатысты. Жиынды облыс прокуроры Нұрғалым Əбдіров ашып, бүгінгі таңда пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер мен жайылымдарды мемлекет қорына қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыс жайын сөз етті.

Жалпы өңірдегі пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау, тексеріс жүргізу, мемлекет қорына қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндап шықты. Оның айтуынша, облыстағы жер қорының 32 пайызын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қоры құрайды екен. Ал жайылымдық жердің көлемі 34 миллион гектардан астам. Мəселен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы «Тұрсынбай» шаруа қожалығы 15 гектар жайылымдық жерді пайдаланылмай отырғаны белгілі болған. Сол сияқты жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылықтарға Шу ауданында да жол берілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 673 мың гектар жайылым 157 латифундистердің пайдалануында. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм жəне Талас аудандарында орналасқан. Сондай-ақ тексеріс барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері қайта рəсімделмеген болып шықты. Баяндамашы сөзінің соңында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі қасынан арнайы жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты.

«Баяндамаңызда облыста пайдаланылмай жатқан үш мыңнан астам жайылымдық жер анықталғанын айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда оның қаншасы мемлекет қорына қайтарылды? Біз ол игерусіз жатқан жерлерді қайтарып қана қоймай, қайта айналымға қосуымыз керек, осыны нақтылай кетсеңіз», – деді облыс əкімі Бердібек Машбекұлы. Прокурордың орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, бүгінгі таңда 263 гектардың қайтарылғанын, қалған жерлер бойынша заң аясында қайтару шаралары қолға алынғанын айтты.

Келесі кезекте тақырып аясында облыс əкімдігі жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Əбілхайыр Тамабек пен жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов хабарлама жасады.

«Тексеру қорытындысы кейбір аудандарда пайдаланылмай жатқан жайылымдардың көптігін анықтады. Соның ішінде Шу ауданы да бар. Бұдан бөлек, Талас ауданында – 108, Жамбылда – 58, Қордайда 20 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ осы және басқа аудандарда жүзге жуық жайылымға иелік етіп келген жер иелері қайтыс болып кеткен. Ол жайылымдық жерлер не туыстарына не сол отбасы мүшелерінің біріне рәсімделмей жылдап қалып келеді. Бұл бойынша аудан әкімдері не жұмыс істеп жатыр? – деп жиын төрағасы Нұрғалым Мəжітұлы онлайн режімінде қатысып отырған аудан əкімдеріне сұрақты төтесінен қойды. Қойылған сұрақтарға  Шу, Талас, Жамбыл, Қордай, Жуалы ауданының əкімдері, олардың орынбасарлары мен топ мүшелері, ауылдық округтің әкімдері жауап берді.

Бердібек Машбекұлы да сол аудандар бойынша мәліметтерді көтере отырып, «Мәселен, Талас ауданында 2013 жылы дүниеден өтіп кеткен Қамысбаевтың атында 234 гектар жайылым жер тіркелген. Бірақ ол жер əлі күнге дейін ешкімнің атына рәсімделмеген. Оны біреу пайдаланып келеді ғой. Ол жер неге мемлекет қорына қайтарылмаған. Сондай-ақ «Шəушенова» шаруа қожалығының еншісінде 6600 гектар жайылымдық жер бар, ал қожалықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай мысалдар көп. Бұған кім жауап береді?» – деп облыс әкімі Талас, Шу мен Қордай аудандарының бірнеше ауылдық округ әкімдерінен онлайн режімде мәлімет сұрады.

Өкінішке орай ауыл әкімдері өз округіне жауапты елді мекендегі шаруа қожалықтардың малы бар-жоғын білмейтін болып шықты. Ешқайсысы мандытып нақты жауап бере алмады. Ал облыс әкімі «бірде-бір малы жоқ адамдарға жүздеген гектар жайылымдық жерді қалай рәсімдеп жүрсіңдер. Ұят деген болу керек қой. Ревизия жүргізіп, игерілмей жатқан жайылымдарды мемлекет қорына тапсыру керек», деп ескертті.

Жиын қорытындысында Бердібек Машбекұлы  «Біз ревизияны бекерден бекер жүргізіліп отырған жоқпыз. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Жиында айтылған кемшіліктер орнына келтірілуі керек. Ең негізгісі біз барлық жерді нақтылауға тиіспіз. Бір гектар болса да мемлекет қорына қайтарылып, ел игілігіне берілуі тиіс. Сөйтіп, ауыл жанындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстауына, мал басын көбейтуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Сондықтан аудан əкімдері мен ауыл əкімдері жұмыс істеу керек. Жұмыс тобының жұмысын жандандырып, тез арада пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару қажет», – дей келіп, аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына облыстық және аудандық прокуратура өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

76 пəтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Аса ауылында 76 пəтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл ғимарат «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 599 миллион теңгеге тұрғызылған. Оның 36-сы бір, 16-сы екі, 24-і үш бөлмелі пəтерлер. Пəтер кілті 15 жетім балаға, 10 көпбалалы анаға, 33 мүмкіндігі шектеулі азаматқа берілді. Бұдан бөлек, 12  мемлекеттік қызметкер пəтерлі болды.

Бұл ғимаратты «Бином» ЖШС бір жылда тұрғызып, ел игілігіне беріп отыр. Осы салтанатты іс-шараға облыс əкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, пәтер иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады.

– Биыл облыста жеті жүзге жуық пəтер кілтін тапсыру көзделуде. Ал  Жамбыл ауданында пəтер кезегіне де 1019 адам тұр. Сол кезекті азайту мақсатында Аса ауылында тағы төрт көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Қазір соған қажетті қаржы қаралу үстінде. Сөйтіп, алда кезекте тұрған 320 адамды пəтермен қамтысақ деген жоспарымыз бар. Бұдан бөлек, 7 елді мекенде екі мыңға жуық жер телімін беру жоспарлануда. Қазіргі таңда онда инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілуде. Ал Аса ауылында алдағы уақытта 811 жер телімін беру үшін инженерлік-инфрақұрылымын жүргізетін боламыз. Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы биыл да өз жалғасын таппақ. Оны біз демеушілердің күшімен жүзеге асырамыз, – деді Бердібек Машбекұлы.

Жаңа қоныс иесі, жеті баланың анасы Айнұр Бегалиева тоғыз жылдан бері үй кезегіне тұрып келіпті. «Қуанышымызда шек жоқ. Əсіресе балаларым қатты қуанып жүр. Бұған дейін пəтер жалдап келсек енді өз үйіміздің болғанына бүгін ерекше қуанып отырмыз», – дейді.

Білім беру орталығының мүмкіндігі мол

Бердібек Машбекұлы Аса ауылындағы Техникалық-шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының жұмысымен де танысты. Орталық директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, ғимарат 1961 жылы салыныпты. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимаратқа өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілген. Орталықта 6 бағыт бойынша16 үйірме ашылып, онда 1385 оқушы түрлі мамандыққа мектеп жасынан машықтануда екен.

Оқу орны барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Үйірме жұмысына жазғы  демалысқа шыққан оқушылар келіп қатысуда.

Облыс әкімі осы оқу орнының қасында орналасқан Б.Момышұлы атындағы орта мектептің сыртқы безендірілу және көгалдандыру жұмысымен де танысты.

«Өткен жолы келгеніңізде мектептің сыртын қалыпқа келтіруді, айналасын көгалдандыруды тапсырған едіңіз. Сол бойынша жұмыстар атқарылып, Батыр атындағы мектеп атына сай көркейтіліп отыр», деді аудан әкімі Сәкен Арубаев. Жалпы ондағы абаттандыру және көріктендіру жұмысы облыс әкімінің де көңіліне қона кеткендей. Атқарылған жұмысқа оң баға берілді. Ал мектеп басшылығына «Жомарт түлек» жобасы аясында жұмыс істеу тапсырылды.

Шоқай ауылында таза ауызсу пайдалануға берілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақбастау ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылындағы ауызсу құрылысымен де танысты. Жобалық құны 306 миллион теңгенің құрылысын «Болат-Д» ЖШС жүргізген. Су құбырының ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Бүгінде 160 аула таза ауызсу жүйесіне қосылуда.

Серіктестік директоры Мадияр Құттиев 13 айда бітіруге тиіс болған нысанның құрылыс жұмыстарын алты айда аяқтап, пайдалануға беріп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ су сорғы стансасының айналасын абаттандыру, көгалдандыру мақсатында 100 түп алма ағашы көшетін отырғызыпты.

Ауыл қариялары ауылда жарықтың, «көгілдір отынның», жолдың барын айтып, енді таза ауызсу жүйесіне қосылып жатқандарын баяндап, ат үстіндегі азаматтарға алғыстарын білдірді.

Диқандар судан тапшылық көрмесек дейді

Егіс алқаптарының жайынмен танысқан облыс əкімі «Шарипов» шаруа қожалығының картоп, пияз алқаптарын көрді. Қожалық биыл сəбізді – 120, пиязды – 340,  картопты – 100, қант қызылшасын – 220, арпаны – 70 гектар алқапқа орналастырған. Бұл алқаптар толықтай тамшылатып ылғалдандырылуда. Егіс алқаптары 12 трактор мен 14 ауыл шаруашылығы тіркемелерінің күшімен өңделуде. Қожалық 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.

Қожалық жетекшісі Тимур Шарипов «Алда судан тапшылық көрмесек болды. Қазір суды үнемдеп, алқаптарды жаңа технология тәсілімен ылғалдандырудамыз. Тек шілде айында су деңгейі түсіп кете ме деп қорқамыз. Күн ыстықта су болмаса алқап күйіп кетуі мүмкін», – дейді.

Бердібек Машбекұлы биыл судың «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында жақсы жиналғанын айтып, бақылауды аудан басшылығына жүктеді.

Сондай-ақ облыс әкімі «Ақкөл» шаруа қожалығының егіс алқабын да көрді. Мұнда да дəнді дақылдар, атап айтсақ, бидай – 200,  арпа – 120, қант қызылшасы – 100,  көкөніс – 160, көпжылдық шөп – 200 гектар алқапқа орналастырылған. Қожалық жетекшісі Алтынбек Керімқұлов бастау суымен 700 гектарды ылғалдандырып отырғанын айтты. Қазіргі таңда ол 50 адамды жалдап, пияздың арам шөбін жұлдыруда.

Айша бибі ауылында  382 жер телімі берілмек

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келесі кезекте Айша бибі ауылындағы инженерлік-инфрақұрылым желілері жүргізіліп жатқан жаңа тұрғын үй алқабының жұмысымен танысты. Аудан әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, бұл елді мекенде жер теліміне 800- ден астам азамат кезекке тұрған. Жаңа тұрғын алқапты электр желісімен және «көгілдір отынмен», таза ауызсумен қамтыған соң 382 адамға жер телімі берілмек.

– Тұрғын үй салу үшін халыққа бірінші керегі жарық, содан кейін таза ауызсу қажет. Таза ауызсуды да биыл кіргізіп, жер телімдерін уақыт оздырмай кезегімен бере берген дұрыс. Халық жерімді қашан береді деп күтіп отырмасын. Оларға тиесілі жер учаскелерін қазірден белгілей беріңдер. Бірақ жер телімін алып үй салмайтын болса қайта алып қоятынын ескертіңдер, – деді Бердібек Машбекұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі осы тұрғын алқабында іргетасы жаңа қаланып жатқан 300 орындық мектеп құрылысымен де танысып, мердігерге құрылыс жұмысын сапалы жүргізуді тапсырды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support