- Advertisement -

Науқан кезінде алқап басына барған басшы бар ма?

160

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде мал азығын дайындау науқанының барысы қаралды. 

– Мал азығын дайындау бүгінгі күннің басты талабы. Биылғы қуаңшылықтың салдарынан кейбір өңірлерде мал шығыны болуда. Сондықтан қажетті жем-шөп қорын жинап алуға барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарын жұмылдыру қажет. Төрт түлікті құнарлы азықпен қамту үшін Жуалы ауданы сияқты пішендеме, сүрлем дайындауды қолға алған жөн. Ондағы «Гамбург» ЖШС бұл шаруаны талай жылдан бері жақсы жүргізіп келеді. Сөйтіп, мал өнімділігін арттыруға тиіспіз. Қазір облыста 192 мың гектар көпжылдық шөп бар. Оған сай-сала мен арық-тоған жағасындағы шөпті қосыңыз. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша шамамен 1,5 миллион тонна шөп қажет болса, жетіспейтіні 600 тоннаны құрайды. Былтыр бір басқа 9 килограмм азықтан есептелсе, биыл 6 килограмнан аспайды. Бұл көрсеткіш те неге азайып кетті? Жоңышқа 1000 теңгеден, қыр шөбі 600-800 теңгенің аралығында өткерілуде. Ол мұның қазіргі бағасы. Шөпті қазірден өзге облыстарға сатып жіберсек, ертең өзімізде ол не болады? – деді Бердібек Машбекұлы.

Тақырып аясында баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан биыл шөп шығымы төмен. Мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1 миллион 713 мың тонна  пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем, 645 мың тонна құнарлы мал азығы қажет екен. Аудан әкімдіктерінің  ақпаратына сәйкес егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың өнімділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп болжам жасалған. Бұл қажеттілікті 57 пайызға қамтымақ. Сол сияқты пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем – 87 пайызға, құнарлы мал азығы – 47 пайызға жеткізілмек.

«Басқармадан нақты мысал бар ма?» – деді Бердібек Машбекұлы. «Бір шаруа қожалығына барып қарадыңдар ма? Маған қағазбен талдау жасаудың қажеті жоқ. Аяқпен жүріп, көзбен көріп шыққан ақпарат керек. Ондағы жоңышқа мен табиғи шөптің ораққа түсу барысын қараған кім бар? Кабинеттен шықпай отырып алып анау жетпейді, мынау жетпейді дейсіңдер келіп. Мен қашанғы айтам, мемлекеттік қызметкерлер осындай науқан уақтысында кабинетте отырмай алқап басында жүрулері тиіс, қағазбен жұмыс істемей», – деді облыс әкімі.

Басқарма басшысы табиғи шөптің әлі ораққа түспегенін айта келіп, өзімізде орылып жатқан шөптің өзге облыстарға тасымалдануына шектеу қоюды сұрады.  Бір жағы бағаның өсуіне шөптің сыртқа тасымалдануы да әсер етіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ нарық бағамын көтеріп отырған алыпсатарлар екені де айтқан Қайрат Тілеубайұлы жоңышқа 750, табиғи шөпке 500 теңге шекті баға қоюды ұсынды.

Бұл ұсыныс қабылданбады. «Қазір нарық заманы. Оған біз ешқандай шектеу қоя алмаймыз» деген облыс әкімі онымен көлікті бақылау инспекциясы, полиция мен аудан әкімдері өздерінің өңіріндегі шаруа қожалық жетекшілерімен түсіндіру жұмысын жүргізу керектігін ескертті.

Жиында белгілі болғаны әлі күнге Жуалы ауданынан басқа бірде-бір аудан құнарлы мал азығы пішендеме дайындамапты. Басқарма басшысы Қайрат Амановтың айтуынша, мұнымен сүт өнімін өндіретін аудандар ғана айналысуда. Қалған аудандарда құнарлы мал азығын дайындау енді қолға алынып жатыр екен.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы онлайн байланыс арқылы Мойынқұм, Талас пен Жамбыл аудандары әкімдерінің есептерін тыңдады. Бұл аудандар қажетті мал азық қорын 70-75 пайыз дайындайтындарын, қалғанын өзге аудандардан сатып алатындарын жеткізді. Ал Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов төрт ауылдық округте пішендеме және сүрлем басуды жоспарлап отырғанын айтты.

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы күн тәртібіне қойылған бірінші мәселені қорытындылай келіп, мал азығына байланысты бағаны күнделікті бақылауда ұстап, қадағалап отыруды тапсырды.

Бұдан кейін облыстық статистика департаментінің басшысы С. Мәдиев Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағын өткізу туралы хабарлама жасады. Ол халық санағының өткізу барысы туралы тарата айтып берді. Хабарламашы санақшылардың қоғамдық көліктерде тегін жүріп-тұруы қаралғандығына қарамай, 6 маусым күні Тараз қаласында бір санақшыны автобус жүргізушісі көліктен сүйреп түсіріп, сөмкесін жыртқанын айтты. «Біздің қаламызда осындай көңілсіз оқиғалар орын алуда. Санақшыларды қоғамдық көліктер мінгізбеуде, ал пәтерлерде қала тұрғындары есіктерін ашпай, мәлімет беруден бас тартуда. Тараз қаласында, қоғамдық орындарда, автобустарда, ақпарат құралдарында халық санағына байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керек», – деді ол.

Халық санағының маңыздылығына тоқталған облыс әкімі Бердібек Машбекұлы үгіт-насихат жұмысын жандандыру туралы қала және аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support