- Advertisement -

Жаңатастағы жылу қазандығын мазуттан газға ауыстыру келесі жылы жүзеге асады

112

- Advertisement -

Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Осы қысқа мерзім ішінде еліміз қарқынды дамып, отыз жылда біз тұрақты экономика құрып, әлеуметтік салада, саясатта, мәдениетте және спортта зор табыстарға қол жеткіздік. Тұғыры биік Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында Сарысу ауданында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы игі істер төңірегінде, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы тілшімізге аудан әкімі Марат СҰЛТАНҒАЛИЕВ баяндап берді. 

– Сарысу ауданы еліміздің барлық өңірлері секілді тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан өсу үстінде. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2000 жылы ауданда өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 506,3 миллион теңгені, ал тартылған инвестиция 27,0 миллион теңгені құраған болса, 2021  жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 10,4 миллиард теңгені, ал тартылған инвестиция 6,8 миллиард теңгені құрап отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауданның әлеуметтік-мәдени саласы да жылдан-жылға дамып, жақсарды. Мектептер, мәдениет үйлері көбейді. Еліміздің егемендік алуымен, тәуелсіздікке қол жеткізуімен бірге аудан тарихының жаңа парақтары ашылды. Қоғам дамуының осы бір күрделі кезеңінде тәуелсіздіктің, егемендіктің, дербес дамудың дәмі қанша тәтті болғанмен де, осы сара жолға түсудің халық үшін қиындығы мен шырғалаңы да аз болған жоқ. 1997 жылы Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы біріктіріліп, аудан орталығы Жаңатас қаласы болып белгіленгені белгілі. Содан бері қарай ауданның экономикалық әлеуеті біршама өсті.

«Ауылдың әл-ауқатын көтермейінше, Қазақстан экономикасы қарыштап дами алмайды», – деп Елбасы айтқандай, мемлекеттік қолдаудың шарапатын біздің ауылдарымыз да көріп отыр. Жыл сайын аудан-ауылдардың ажарын кіргізетін істерге бөлінген қаржы да қомақты, атқарылған жұмыс та ауқымды. Мысалы, 2000 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 886 миллион теңге болса, биылғы 4 айдың қорытындысымен 2,72 миллиард теңгені құрап отыр. 2000 жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығында өндiрiлген өнiм көлемі 2,5 есеге дейін өскен.

Егін шаруашылығына келсек, ауданда 3,136 миллион гектар жер бар, оның 600 мың гектарға жуығы ауыл шаруашылығы алқабы. 2021 жылдың өнімі үшін 6100 гектар жаздық арпа, 1150 гектар көпжылдық шөптер, 270 гектар көкөніс, 360 гектар бақша және 40 гектар картоп дақылдары жоспарға сәйкес толығымен егілді. Ауданда мемлекеттік қолдау жұмыстарын дұрыс жолға қоюдың нәтижесінде төрт түлік малда да өсім бар. Биыл мүйізді ірі қара 23672 басқа, қой-ешкі – 309000, жылқы – 7800, түйе – 2602, құс 23183-ке жеткізілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда біршама артып отыр.

– Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі іспетті. Алайда аудан экономикасында өнеркәсіп саласында атқарылып жатқан жұмыстардың салмағы да ауқымды емес пе?

– Иә, аудан экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған. Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Тау-кен өңдеуші кәсіпорын фосфор шикізатын өндірумен және оны ұсақтаумен айналысып, ауданда ғана емес, облыстың тау-кен өңдеу саласының дамуын қамтамасыз етуде. Өткен төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсiп кәсiпорындары 14 миллиард теңгенің өнімдерін өндіріп, нақты көлем индексi өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102 пайызды құрады. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 6,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101 пайыз болды.

Ел экономикасының ілгері басуына шағын және орта бизнестің қосар үлесі зор. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2749-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда артып отырғанын да айта кеткен жөн. Соңғы он жылда аудандағы жерасты пайдалы қазбаларын өңдеу мақсатында екі ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар – «ЕвроХим» және «Қазфосфат» компаниялары. Алдағы бес жыл ішінде жалпы құны 600 миллиард теңгеден асатын 11 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Республикалық индустриаландыру картасына енгізілген Ресей және Түркия мемлекеттерінің қатысуымен халықаралық деңгейдегі екі инвестициялық жоба («ЕвроХимҚаратау» компаниясының минералды тыңайтқыштар өндіру зауытының екінші кезеңі мен «Қазақсода» компаниясының кальцилендірілген сода өңдіру зауыты) іске асырылуда.

– Бүгінде Жаңатас қаласы мен ауданның елді мекендерін газдандыру мәселесі өзекті күйінде қалып отырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр және ол қашан шешімін таппақ?

– Газдандыру мәселесі ауданда өзекті күйінде қалып отырғаны рас. Аудандағы 25 елді мекеннің 4-еуі газдандырылған. Қазіргі таңда екінші нысанның құрылысы жүргізілуде, атап айтқанда, Жаңатас қаласындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы. Жобаны аяқтау үшін қажетті 4,2 миллиард теңге қаражаттың биылға 2,2 миллиарды жоспарлы түрде бөлініп отыр. Қалған сомасы 2022-2023 жылдарға қарастырылған. Сонымен қатар  аудандағы 14 елді мекенге жеткізуші және ауылішілік газ құбырларын салу құрылысы басталды. Аталған жобалар іске асқанда ауданның 14 елді мекеніндегі 40 мыңға жуық адам, оның ішінде Жаңатас қаласының 23 мың тұрғыны табиғи газбен қамтылады. Осылайша,  ауданның газбен қамтылу деңгейі 97 пайызға жетеді. Бұған қоса ауданнан қаржы қарастырылып, Шағалалы ауылын газбен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтуде. Осы жерде 25 елді мекеннің 18-і, яғни аудан тұрғындарының 75 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгенін де айта кеткеніміз жөн. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасуда.

– Газдандыру туралы сөз қозғалған соң мынадай сауалды қоймай кете алмаймыз. Өткен жылыту маусымында мазуттың жетіспеушілігінен Жаңатас қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен бірқатар әлеуметтік нысандар бірнеше тәулікке жылусыз қалғаны белгілі. Осыдан кейін қаладағы қазандықтың жұмысын газға ауыстыру мәселесі көтеріліп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл жөнінде аудан басшылығына нақты тапсырмалар бергенінен де хабардармыз. Осы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

– Сауалыңыз өте орынды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен және қолдауымен жобалық-сметалық құжаттар жасауға 24,9 миллион теңге қаражат бөлініп, конкурстық рәсімдерді өткізумен айналысып жатырмыз. Алайда қаладағы жылу қазандығын мазуттан газға ауыстыру биыл емес, келесі жылы жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Әзірге өткендегідей төтенше жағдайға жол бермес үшін қазандықты жаңа жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүріп жатыр.

– Қала халқының саны жыл сайын артып келеді. Бұл өз кезегінде баспанамен қамту мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін білдірмей ме?

– Аудан экономикасының өркендеуімен қатар халық саны да артып жатқаны рас. Жаңатас қаласында бүгінде 23 мыңнан аса тұрғын тұрады. Кеңестік кезең аяқталғаннан кейін, өндірісі тоқтаған қаладан халық көшіп, көптеген үйлер бос қалған болатын. Содан 2012-2013 жылдары шаһар көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, апатты жағдайдағы 112 көпқабатты тұрғын үй бұзылып, орындары тазартылды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының қабылдануы және жаңа инвесторлардың келуі шағын қалаға ерекше серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Қайта қоныстану басталып, бүгінде Жаңатас қаласында коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1700-ге жуық азамат тұр. Өткен жылдың соңында 2-шағын аудандағы 90 пәтерлік екі үй қайта қалпына келтіріліп, кезек бойынша тұрғындарға пайдалануға берілген болатын. Қазіргі таңда 4-шағын ауданда 56 пәтерлік үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыс маусым айында аяқталады. Сонымен қатар 1-шағын ауданда 140 және 120 пәтерлік екі үйге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады деп күтілуде.

– Аудан халқы үшін әлеуметтік қамсыздандыру маңызды екені белгілі. Соның ішінде тұрғындарды жұмыспен қамту қалай жүзеге асырылуда?

– Ауданда жұмыссыздықпен және кедейшілікпен күрес бойынша жұмыспен қамту жүйесінде жоспарлы іс-шаралар қолға алынған. Өткен 4 айда 4032 адамға 75,3 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді. Мүмкіндігі шектеулі 608 азаматқа көрсетілетін әлеуметтік көмектер бойынша игерілген қаржы 50,3 миллион теңгені құрап отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт айда жұмыс сұрап өтініш білдіргендердің саны 1751 болса, оның 1402-сі ауыл тұрғындары. Жалпы, 1 мамырға дейінгі есеп бойынша, 986 жұмыссыз азамат есепте тұрған болса, оның 784-і ауылдықтар. «Еңбек» бағдарламасы аясындағы несиелік қаражаттармен қамту бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына және Аграрлық несие корпорациясына 47 жоба ұсынылған болатын. Оның 4-еуі несиесін (22 миллион теңге) алды, ал қалған 43 жобаны іске асыру үшін 280 миллион теңгеге азаматтар өз өтініштерін білдіріп, қаржы ұйымдарына жолдама берілді.

Денсаулық, білім, мәдениет салаларында да бірқатар жұмыстар атқарылып, тәуелсіздік жылдарында қарыштап дамып келеді. Ауданда жалпы білім беретін 27 мектеп, 9 қосымша білім беру мекемесі, 11 балабақша, 14 шағын орталық және 1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. 2020-2021 оқу жылында алдыңғы жылмен салыстырғанда оқушылар саны 330-ға артты.

Ауданда 2 мәдениет үйі, 17 ауылдық клуб, 26 кітапхана, жалпы 45 мәдени нысан халыққа мәдени және рухани тұрғыда қызмет көрсетуде. Биыл Саудакент ауылдық мәдениет үйіне 16,7 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары және Қамқалы ауылындағы клубқа 11 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін бітеді. Ауданда жалпы 184 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1 жекеменшік стадион, 2 спорт кешені, 110 спорт алаңшасы, 28 футбол алаңы және 43 спорт залы бар. Жыл басынан бері өткен республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда спортшыларымыз барлығы 145 медальға ие болды.

– Облыс әкімі өңірге келгелі бірқатар бастамалар көтеріп, олар аудандарда жүзеге асырылып жатқаны қуантады. Сіздердегі серпін қалай?

– Иә, өңір басшысының бастамалары жетерлік. Сондай жобаның бірі – қазақтың ежелгі дәстүрі «Асар», оның басты мақсаты – көмек күткен  ағайынға қол ұшын созу. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бұл игі дәстүрді жамбылдықтар қайта жаңғыртып, мұқтаж отбасыларға арнап баспана салып беруде. Биыл ауданның 9 елді мекенінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға ауыл тұрғындарының және демеушілердің есебінен жаңадан 5 жеке тұрғын үй бой көтеріп, 4 баспана күрделі жөндеуден өтеді. Осындай игі іске жаңадан сайланған аудандық мәслихаттың 12 депутаты да қатысуға құлшыныс танытып отыр.

Бердібек Машбекұлының бастамасымен қолға алынған тағы бір жоба – «Жомарт түлек-2021» түлектер кездесуі Сарысуда да жалғасын табуда. Әрбір қазақ өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған. Туған жеріне, халқына деген сүйіспеншіліктен туындаған осындай игі іс-шаралар патриоттық сезімді күшейтіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосады деп сенеміз. Ауданда 13 мыңға тарта түлектің «Жамбыл-түлек.kz» сайтына 10 мыңнан астамының жетістіктері, көрсеткен көмектері туралы ақпараттар енгізілген. Олардың ішінде мәдениет және өнер майталмандары, ақын-жазушылар, саяси және мемлекеттік қызметкерлер, білім және ғылым, денсаулық сақтау саласының мамандары, спорт саңлақтары бар. Өткен жылдан бері «Туған жер», «Мектепке тағзым» жобалары аясында белгілі азаматтар  алтын бесік – ауылының ажарлануына, көркейіп-дамуына 14 миллион теңгеге көмек көрсеткен. Игі шара бүгінде жалғасын табуда.

– Марат Қырғызәліұлы, биыл еліміз үшін айтулы оқиға – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы мерекеге орайластырып атқарып жатқан жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс әкімінің бастамасымен «30 жылдыққа – 30 игі іс» жобасы Сарысу ауданында да қолға алынып, жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, «30 көпқабатты үй» жобасы бойынша Жаңатас қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде жыл ішінде 400-ден аса отбасы баспаналы болады. Оның 316-сы мемлекет тарапынан, 100-ге жуығы жеке кәсіпкер есебінен мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілу мүмкіндігіне ие болады. «30 ауылды жарықтандыру» жобасымен ауданда 65,7 миллион теңгеге 17 көше жарықтандырылмақ. Оның ішіне Жаңатас  қаласынан 4 көше, 7 елді мекеннен 13 көше кіріп отыр.

«30 жаңа жол» жобасы барысында Көкдаланың екі ауылында, Қамқалы және Жайлаукөл, Досбол ауылдарында екі көшеден, Тоғызкент ауылындағы Жастар көшесінің жол жабындысы, Жаңатас қаласындағы 5 және 6-шағын аудандарда 8 көпқабатты тұрғын үйдің ішкі жолдары орта жөндеуден өтеді. Сондай-ақ сарысулықтар үшін «арманға айналған жол» да жөнделуде. Осы уақытқа дейін жылда айтылып жүрген мәселенің бірі – Жаңатас–Шымкент бағытындағы Шаян–Шолаққорған арасындағы жолдан Жаңатас қаласына дейінгі 45 шақырым автокөлік жолының жөнделуі болатын. Ел тілегі ескеріліп, бүгінде бұл да өз шешімін табуда. Сонымен қатар облыстық маңызы бар жолдар санатына жататын Ақтоғай елді мекенінен бері қарай Жаңатас қаласына және одан әрі Байқадам елді мекеніне қарай 22 шақырым жол да жөнделіп, халық қуанышын еселемек.

«30 жаңа тротуар» жобасына келсек, Жаңатас қаласындағы жаяу жүргіншілер жолын салу Әулиеата көшесінен Абай мектебіне дейін, Мұқанов, Жібек жолы, Бейбітшілік көшелері бойына жүргізіледі. «30 жаңартылған аула» жобасы бойынша 12 балалар ойын алаңшасы орнатылуда. Оның 10-ы Жаңатас қаласында болса, Досбол, Шағалалы ауылдарында бір-бірден осындай балалар алаңшасы болмақ. Сондай-ақ аудан орталығы мен 9 елді мекенде 15 спорт алаңшасы орнатылуда.

«30 әлеуметтік дүкен» жобасы да қолға алынып, Жаңатас қаласындағы 2 әлеуметтік дүкенде 20-ға жуық азық-түлік тауарлары төмендетілген бағада сатылуда. Жыл соңына дейін ауданда қосымша 3 дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. «21 медициналық нысан» жобасы аясында Жаңатас қаласы («Дегерес») мен Тоғызкент ауылында дәрігерлік амбулатория және Әбілда елді мекенінде жаңа үлгідегі медициналық пункттер салу жоспарлануда. «30 жаңа STREET WORKOUT» жобасының негізінде Саудакент, Досбол, Шағалалы, Өндіріс ауылдарында Street workout орнату жұмыстары жүргізілуде. 21 дана спорттық тренажердың 20-сы Жаңатас қаласында, 1-еуі Өндіріс ауылына орнатылмақ. «30 жылдыққа 300 мың ағаш» акциясы да назардан тыс қалмайды. Осының аясында аудан көлемінде 26 мыңға жуық тал көшетін егу жоспарлануда. «Менің бастамам» жобасы бойынша Тәуелсіздік құрдастары тарапынан қарт кісілерге көмек көрсетілуде. Сондай-ақ әр ай сайын 30 тұрмысы төмен отбасы аудандағы кәсіпкерлер және демеушілер тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етілуде.

Әңгімеміздің соңында мына жайларды да айтып өткім келеді. Әр аптаның сенбі, жексенбісінде жүгіруден марафон, тазалық жұмыстары, ұлттық құндылықтарды дәріптеу (ат спортын және бұқаралық спортты дамыту), тағы басқа да акциялар өтуде. Сонымен қатар 20 жылдан бері тоқтап тұрған концерттік залды аз ғана қаражат жұмсап жөндеп (проектор, ЛЭД-экран), оның бағытын кино-концерттік нысан деп өзгерттік. Бүгінгі таңда жұма, сенбі күндері кешкі мезгілде отандық, тәрбиелік мәні бар фильмдер, ал жексенбінің түс мезгілінде балаларға арналған отандық мультфильмдер көрсетілуде. Туризмді дамыту бойынша қала маңында орналасқан табиғаты әсем жерлерді көпшілікке қолайлы демалыс орындарын айналдыру мақсатында сметалық жобасы дайындалып, демеушілермен келіссөздер жүргізілуде. Келісім жасалған соң бір ай ішінде жұмыстар атқарылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Міне, сарысулықтар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын жоғарыда айтылғандай бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру арқылы лайықты қарсы алмақ. Бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын таба беретін болады.

– Әңгімеңізге рақмет! Сарысулықтардың ел игілігі жолындағы игі бастамаларына сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан  Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support