- Advertisement -

«Токиода көк Туымызды желбіретіңдер»

95

- Advertisement -

Төртжылдықтың басты додасы саналатын Жазғы Олимпиада ойындары басталатын уақыт күн санап жақындап келеді. Жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдары жамбылдық спортшылар тек Бейжің Олимпиадасынан құр алақан қайтты демесек, қалған Олимпиада ойындарынан жүлдесіз оралған емес. Әттең, сол Бейжің Олимпиадасына легионер Леонид Спиридонов емес, жерлесіміз, еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров барғанда бір медаль қоржынымызға түсер ме еді деген ой әлі күнге санамызда тұрады.

Қош, сонымен коронавирус індетіне байланысты бір жылға кешіктірілген Олимпиада ойындарына біздің өңірден бес спортшы жолдама иеленді. Одан бөлек Паралимпиада ойындарына үш бірдей үкілі үмітіміз аттанғалы отыр. Жанкүйерлер Риода күміспен күптелген дзюдошы Елдос Сметовтің (60 кг салмақта) және 2017 жылғы әлем чемпионатында жасындай жарқырап, Олимпиада және әлем чемпионы кубалық Арлен Кардон Лопесті тоқтатып, 75 килограмм салмақта күміс жүлде иеленген боксшы Әбілхан Аманқұлдың жолына үмітпен қарайтыны сөзсіз. Өзге де спортшыларымыз тосын сый жасаса деген ойымыз да бар. Одан бөлек жүзу спортынан Паралимпиадада атой салған Зүлфия Ғабидуллинаға да артылар сенім жүгі зор.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Олимпиадада ел намысын қорғайтын сайыпқырандарымызбен жүздесіп, оларға сәттілік тіледі.

-Елімізге ғажап құт боп келген азаттық жылдарында жамбылдық спортшылар Олимпиада ойындарында сан мәрте атой салғаны жадымызда жаңғырып тұр. Сол дәстүрді жалғастырасыңдар деген сенімдемін. Әрбір спортшының арманы – Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдегер атану. Осы тұста бапкерлердің жанкешті еңбегін де айта кеткен жөн. Сайдың тасындай іріктелген қыз-жігіттерімізге бар білгенін үйретіп жүрген жаттықтырушыларға зор алғысымды білдіремін. Індетке байланысты бір жылға кешіккен жарыста өздеріңе үлкен сенім артылып отыр.

Жамбыл жерінен шыққан даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің, боксшылар Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, еркін күрес шеберлері Ислам Байрамуков пен Ақжүрек Таңатаров, дзюдошы Елдос Сметовтің толайым табысы жас спортшыларды қанаттандырады. Елімізден шыққан тұңғыш Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаның жеңісімен де мақтанамыз. Алдағы Олимпиадада еліміздің көк туын көкте желбіретуге тырысыңдар. Сендерге ақ жол, сәт-сапар тілеймін.

Орынбасарым Дәулет Кәрібек пен облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке Олимпиададан табыспен оралған саңлақтарымызға сыйақы тағайындауды тапсырамын. Әрине, жеткен жетістіктеріне сай облыс тарапынан құрмет көрсетілуі керек. Республикадан алатын сыйақыдан бөлек, біз де өзіміздің сый-құрметімізді жасауға тиіспіз. Бүгін міне, Олимпиада ойындары жолдамаларының иегерлерімен бірге кездесуге футболшы Бақтияр Зайнутдинов та келіп отыр. Мен футболды бір кісідей жақсы көремін. Бақтияр Таразға ат басын бұрған сайын жасөспірім футболшылармен кездесіп, оларды қанаттандырып жүр. Ресейдің «Ростовы» мен «ЦСКА» командаларындағы тамаша ойын өрнегі бәрімізді тамсандырғаны рас. Сол үшін Бақтияр, саған да алғысым зор,-деді Бердібек Машбекұлы өз ойын түйіндеп.

Бұдан соң дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов, жүзу спортынан Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина сөз алып, облыс әкімінің спортшыларға ұдайы қолдау білдіріп келе жатқанын айтып, ризашылықтарын жеткізді. Кейіннен жерлесіміз, ресейлік «ЦСКА» футбол клубының ойыншысы Бақтияр Зайнутдинов сөз сөйлеп, спортшыларға қашанда демеу боп жүрген өңір басшысына алғысын айтып, өз жейдесін тарту етті.

Олимпиада ойындарына облысымыздан 5 спортшы, Паралимпиадаға 3 спортшы жолдама алғанын айттық. Бұл күні кездесуге дзюдошы Елдос Сметов, боксшы Әбілхан Аманқұл, таэквондошы Руслан Жапаров, Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина бастаған өзге де спортшыларымыз бапкерлерімен бірге келді. Біз де спортшыларымызға толайым табыс тілейміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support