- Advertisement -

Бұл санақ 87 түрлі сұраққа жауап іздейді

189

- Advertisement -

Санақ десе санамыз сан саққа кететін болды. Өйткені мұндай шараларға миллиондап қаржы бөлінеді. Ал «Алтын көрсе періштенің жолдан таятыны» тағы белгілі.  Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. 2009 жылы өткен халық санағының қандай даумен аяқталғаны ел-жұрттың есінде.  Жә, ол бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды, жазасын алды. Дегенмен бұл жағдай үлкен сабақ болғандығы сөзсіз. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, Үкімет кезекті науқанға ұзақ дайындалғандай. Оның үстіне былтырдан бастап өршіген індет істі ілгерілетпей,  іркілтіп қойды. Сонымен  халық санағын өткізу мерзімі 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазан аралығына белгіленіп отыр.

Көпшіліктің көкейінде сұрақ көп. Желіде  жазып жатқандар да бар. Мысалы, журналист Жалғас Саңғыл «Халықтың саны белгілі. ЖСН бойынша бәрі тіркеліп тұр. Сонда миллиардтарды шығындап, санақ не үшін керек?» деген пост қалдырды. Бұған байланысты Ұлттық статистика бюросының  ресми өкілі Олжас Нұрекенов «Санақ тек халық саны үшін керек деген жаңсақ пікір. 87 түрлі сұрақ қойылады. 87 рет неше адам деп сұрамайтыны анық. Сондықтан сабыр керек» деп үн қатқандай болды.

Жалпы, елімізде қарқынды дамып келе жатқан цифрландыру үдерісі статистика саласына да серпіліс әкелуде. Оған санақ өткізудегі соңғы өзгерістер дәлел. Тарқата айтсақ, бұл жолғы шара заманауи технологияларды пайдалана отырып ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы облыс бойынша департаментінің басшысы Сырым Мәдиев айтып берді.

– Алдағы санақты екі әдіспен, заманауи ақпараттық технологияларды, атап айтқанда интернет желісін және портативті-есептеу құрылғыларын пайдалану арқылы өткізу жоспарлануда. Жаңа IT-технологияларды пайдаланып санақ өткізу әдісі біздің елімізде бірінші рет қолға алынып  отыр. Интернет-сауалнама кезінде азаматтар өз бетінше өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне электрондық санақ парақтарын мамандандырылған сайтта толтыра алады. Екінші әдіс санақтан өтпеген азаматтарды санақ персоналымен жаппай аралап шығып  мәліметтерді жинау үшін пайымдалған. Ақпарат жинау планшеттер арқылы электрондық санақ парақтарына санақ персоналымен мәліметтерді жинап енгізу арқылы жүзеге асырылады, – дейді департамент басшысы.

Білгеніміздей, қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандарда Ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі комиссиялар құрамы нақтыланып, бекітілген. 1 маусымнан санақтың бірінші кезеңі басталып та кетті.  Бүгінде интерьюерлер тұратын халықты нақтылау бойынша  үйлерді, тұрғын үйлерді (тұрғын ғимарат) және тұрғын емес үй-жайларды аралауды жүзеге асыруда. Бұл жұмыстар 30 маусымда аяқталады.

– Санақтың мақсаты – демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейлердегі статистикалық деректерге пайдаланушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сенімді ақпараттың толық жиынтығын алу болып табылады.

Алынған ауылдық елді мекендердің тізімін, тұрғын үйлердің, ғимараттардың және  тұрғын  емес ғимараттардың және нақтыланған аудандар карталарының, ауылдық жерлердің сызбанұсқалық жоспарларының және мекемелердің жаңғыртылған  электрондық тізімінің негізінде санақтық аудандастыру жүргізіліп, нұсқаушылар және тіркеу учаскелеріне бөлініп  қалыптастырылады.

Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін қажет, – дейді Сырым Өскенбайұлы.

Ұлттық санақтың екінші, яғни негізгі  кезеңі 2021 жылғы 1 қыркүйек пен  30 қазан аралығын қамтиды.  Ол өз кезегінде интернет-сауалнама және жаппай сауалнамаға бөлінеді. Осы орайда біз Ұлттық статистика бюросының  ресми өкілі Олжас Нұрекеновтен интернет-сауалнаманың жүргізілу тәртібін сұраған едік.

 Интернет-сауалнама санақ басталған кезден бастап, яғни 2021 жылғы қыркүйек  айының 1-нен қазан айының 15-не дейін (45 күн) жалғасады. Интернет-сауалнамаға кіру www.sanaq.gov.kz веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеу ЖСН, куәлік нөмірі, мобильдік телефон нөмірі, электрондық пошта, код және растау паролін енгізу арқылы іске асыру жоспарлануда. Телефон нөмірін енгізгеннен кейін респондент көрсеткен мобильдік телефонның нөміріне немесе электрондық поштаға растау кодымен SMS-хабар алады. Бұл мәліметтердің қайталануынан сақтайды, – дейді Олжас Нұрекенов.

Ақпараттық технология алға басқанымен, смартфонның сырын білмейтін тұрғындар да аз емес. Біз пікірлескен Байзақ ауданы, Үлгілі ауылының тұрғыны, зейнеткер  Ақжарқын Стаханова «Осы жасыма дейін талай санақты көрдім. Біздің кезімізде мәліметтер қағазға қатталып, архивте сақталатын. Қазіргі өзгерістерді қабылдай алмаймын. Өйткені жасым сексеннен асты. Шүкір, немере-шөберелерім бар. Солар көмектесетін шығар деп отырмын. Дейтұрғанмен жазғызілікті кісілер санаққа қалай қатысады? Сол жағын да ескеру керек» деген пікірін білдірді.

Мамандар мұндай сұрақтардың әбден екшелгендігіне сендіріп отыр. Айтуларынша, екінші кезеңде интервьюерлер,  яғни санақшылар планшетпен  онлайн және оффлайн режимдерінде, оның ішінде интернет-сауалнамадан өткендерді қоса алғанда, деректерді жинауды жаппай аралау арқылы жүзеге асыру жоспарлануда екен. Респондент хабарлама қағазын көрсеткен жағдайда, барлық тұрғындардың сұраудан өткені немесе өтпегені тексеріліп нақтыланады. Егер респонденттер онлайн режимінде халық санағынан өтпесе, онда интервьюер оларды санаққа алуға міндетті.

Әрбір тұрғынжайда нақты тұратын респонденттер, уақытша болмағандар және тұрақты тұратын жері бойынша олар туралы мәліметті ешкім бере алмайтын болса, уақытша тұратындар қоса санаққа алынатын көрінеді.

Бұл үлкен  жұмыстың бастамасы ғана. Алда сан сауалдың туындайтындығы сөзсіз. Сондықтан да тұрғындар үшін  1446 және 8 8000 800 878 санды  бірыңғай call-орталық жұмыс істейтін болады. Иә, бұл санақ бұрынғыдан өзгерек.

Жалпы, 2021 жылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 940 мыңнан астам адамды құрап отыр. Ал облысымызда 1 миллион 141 мыңның үстінде адам тіркелген. Бұл дерек қаншалықты өзгереді, оны алдағы санақтың қорытындысы көрсетеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support