- Advertisement -

Әкпарбек Доспамбетовтің күнделігі, тарихи очерктері, зерттеу мақалалары жөнінде не білеміз?

130

- Advertisement -

Облыстағы қазақ  баспасөзінің қарашаңырағы «Ақ жол» газетінде  алғашқы саны шыққаннан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде журналистердің талай буыны еңбек етті. Олардың арасында өзіндік қалам өрнегімен, тың тақырыптарды көтере білуімен танылғандары да болды. Солардың бірі – Коммунистік идеология  үстемдік еткен дәуірде өлке тарихын, арғы-бергіде өткен атақты тұлғалардың өмір жолын, қалдырған өнегесін шындықтан ауытқымай, ел аузындағы әңгімелерді, мұрағат деректерін   пайдаланып   жаза білген Әкпарбек Доспамбетов еді.

Саясаттың әсерімен атауы   өзгеріп отырған  облыстық газетке  «Еңбек туы» кезінде, 1986 жылы  ауысып келгенімде Әкпарбек Доспамбетовтің зейнет демалысына шыққанына үш жыл болып қалған еді. Ара-тұра өтетін редакция бастауыш партия ұйымының жиналыстарына келіп тұратын. Соғыс ардагері болса да, өңіріне орден, медальдарын тағып жүрген кезін көрген емен. Редакциядағы үлкен-кіші қаламдастарымнан Талас ауданы Үшарал ауылының тумасы екенін білдім. Жастай тағдыр сынағына тап болып, жетім өскен. Он тоғыз жасында екінші дүниежүзілік соғыстың майдан даласына шақырылып, от пен оқтың астынан аман оралған. Облыстық газетке «Сталиндік жол» аталатын кезінде келген.

Ал жауынгерлік жолы туралы  деректермен көп кейін таныстым.   Жеңістің 70 жылдығы  қарсаңында, 2015 жылы облыстық ішкі саясат басқармасы «Еріне қарап, елін таны» (Жамбылдықтар отты жылдар қаһармандары) жинағын шығаруды  қолға алды. Кітапты құрастырып, баспаға әзірлеу маған тапсырылды. Жұмыс барысында, «Еңбек туы» газетінің мұрағаттағы тігінділерін ақтарып, 1973 жылғы 24 наурыздағы  санынан  Әкпарбек Доспамбетовтің «Арпалыс алдында» деген мақаласын  ұшыраттым. Ол былай басталады: «Мен осы естелігімді соғыс жылдарындағы күнделігіме қарап жазып отырмын.1942 жыл, 19 март.Меркі аудандық комиссариатының шақыру қағазы келді. Тілдей қағаздың бетін түгел қарап шықтым. Содан Кеңес Армиясының қатарына алындым. 20 март – пойыз үстіндеміз. 28 март – Семейге келдік. Үшінші полк. 13 май – Алматыға келдік. 19 май – майданға аттандық. 27 май – Москваға келдік. 30 май – Торжок. Бұдан соң жаяу үш күн жүрдік. 4 июнь Ржев маңы. Орман. Еділдің бас жағы. Калинин майданы. Лелюшенко – командарм….

Жүз жиырма парақтық күнделігім осылар іспетті үзік-үзік сөздерден тұрады. Оның сарғайған беттерінде талай адамның есімі жазулы, сағынышты өлең жолдары да бар. «Өле кетсем осы күнделікті архивке салып жіберіңіздерші» дегенді дәптердің ішкі мұқабасына орысшалап жазып қойғанмын. Сол сөзді оқысам жүрегім дір ете қалады.Шынымды айтып отырмын мен….».

Шындықты айту… Соғысқа жаңа алынған жауынгер Әкпарбек Доспамбетов өз күнделігіне тек қана майдан шындығын жазыпты. Оқып отырып, 1942 жылдың маусымынан 1945 жылдың мамыр айына дейін небір от-жалыннан өтуіне тура келгеніне  көз жеткізуге болады.

Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алған, неміс тілін аздап болса да білетін Әкпарбек Доспамбетов  кішігірім елді мекенге комендант болып тағайындалып, әскери  қызметін жалғастырған. Елге оралған 1946 жылдан бастап журналистік қызметпен айналысқан. Алматы жоғары партия мектебінде оқып, бітірген. Екі рет аудандық газетке  редактор етіліп жіберілген де екен. Бірақ көп істей алмаған. Бұған басты себеп – Әкпарбек Доспамбетовтің мінезді адам болғаны, кемшілікке төзбегені. Ешкімнің мансабына қарамай тек қана шындықты жазуға ұмтылған. Аудандық партия комитеті бірінші хатшыларының  көңіліне жақпайтын, тіпті олардың жұмысындағы кемшілікті көрсеткен мақалаларға «жасыл көше» ашып отырған деседі. Қызметінен босап қалуына осы жай да жетерлік.

Алайда  қаламы қарымды, білімі де мол  Әкпарбек  Доспамбетов  әр жолы да облыстық газетке қайта оралып отырды. Мұның сырын қатар қызмет атқарғандардың естеліктерінен ұғуға болады. Айталық, марқұм Арғынбай Бекбосын ағамыз өзі екі рет редактор болған басылымда  бөлім меңгерушісі болып істеген  кезі жайлы «Ақ жолдағы» ақжолтай жылдар» естелік – эссесінде былай деп жазды: «Насихат және үгіт бөлімі – саяси салмағы ауыр, газеттің өзінің де жалпы жаратылысына сәйкес редакцияның ең жетекші бөлімі болып есептелгенімен де ондағы әдеби қызметкер біреу ғана.Әкпарбек Доспамбетов. Марқұм Әбекең болмыс-мінезі аса күрделі кісі еді. Көңілді кезінде баладай ашық-жарқын, әзілкеш-ақ. Ал суқаны сүймейтіндерге қарамайтын да, сөйлеспейтін де. Кейбір қиғаштықтарда өзін-өзі ұстай алмай қалатын. Шамасы, жетімдік, өзі Ржевтен Берлинге дейін от кешіп өткен сұрапыл соғыс, одан кейінгі өмірінде  көрген әртүрлі кейіптегі  әділетсіздіктер ізсіз кетпеген болуы керек… Осындай әлпеттегі Әбекеңнің бір артықшылығы – көп білетіндігі еді. Ол кісінің  «Білгенге –маржан» атты айдармен жарияланған мақалалары сол тұстағы құнды дүниелер болғандығы күмәнсіз».

Облыстың басылымға екі рет бас редактор болған Әлдихан Қалдыбаев марқұмның жазып қалдырған естелігінде «ағамыз Әкпарбек Доспамбетов екеуіміз қаламақы табудан кезек-кезек көш бастаушы едік. Айтпаса да түсінікті, көп жазған, көп еңбектенген адамның қаламақысы да көп..» деген жолдарды оқуға болады.

Журналистиканың барлық жанрында жазатын, орыс тілінен аудармаға да жүйрік Әкпарбек Доспамбетовтің жемісті шығармашылық қызметі мен мінез ерекшелігін онымен, бірге істескен журналистердің талай буыны жазды. Солардың бірі – «Ақ жолдың» шекпенінен шыққан белгілі сатирик Толымбек Әлімбеков «Ақ жол» газетінің 75 жылдығына орай өлеңмен құттықтау жолдаған еді. Ол  газеттің 1997 жылғы 7 мамырдағы  санында «Ақ жол» салған ізбенен» деген атпен жарияланды.Онда қазақ сатирасының саңлағы Толымбек өзімен қызметтес болғандарды әдемі әзілмен астарланған  жырына қосқан.

Кім есте сақтамайды бүтін ерді,

Аялап һәм тарихты, құтты жерді,

Әкпарбек ағамызда өтті өмірден.

Жиен деп Ошақтыға Гитлерді, – деген небәрі төрт-ақ жолмен Әкпарбек Доспамбетов жайлы көп жайды айтқан.

Әлдихан ағамыздан кейін бас редактор болған Мақұлбек Рысдәулет марқұмның бастамасымен «Ақ жол» газетінің 85 жылдығына орай, басылым тарихының белесті кезеңдерін баяндаған мақалалар енген «Шежірелі жылдар» (Алматы, «Қазақпарат» баспасы, 2007 жыл) кітабы жарыққа шықты.Оған құрастырушы болу, ол кез жауапты хатшы болып істеп жүрген маған тапсырылған еді.Мұрағатта сақтаулы газеттің әр жылдардағы тігінділерін түгелдей дерлік ақтарып шығуға тура келді. Бұл басылымда  бұрын-соңды еңбек еткен журналистердің, солардың ішінде Әкпарбек Доспамбетовтің де шығармашылығымен танысуыма мүмкіндік туғызды.

Уақыт табы сарғайған газет беттеріндегі Әкпарбек Доспамбетовтің «Халық іші – қазына», «Білгенге – маржан» айдарларымен жарияланған тарихи очерктері, зерттеу мақалалары деректерінің молдығымен ерекшеленеді. Әсіресе «Он алтыншы жыл» тарихи очеркінде («Еңбек туының» 1969 жылғы 30 тамыздағы және 2 қыркүйектегі сандарында жарияланған) сол кеңестік дәуірде қаламгерлік ерлікке барып, шындықты ашық жазған. Әулиеата уезінің бастығы Н.С.Кастальский мен пристав Урбаниктің жауыздық істері, Нұрбек Айғанұлы бастаған көтерілісшілерді аяусыз басып, жаншып тастағаны шебер суреттелген.

Бүгінгі Тараз,  бір кезгі Әулиеата қаласының тарихы туралы да алғаш жазған Әкпарбек Доспамбетов өлкемізден шыққан өрен жүйрік ақындар жайлы да аз қалам тербемеген. «Ұлбике. Ол кім?» мақаласы («Еңбек туы», 11 желтоқсан 1970 жыл) артына қалдырған мұрасын жинауға М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, В.В.Радловтар ерекше ыждаһаттықпен ден қойған ақын туралы баспасөз бетіндегі алғашқы дерек екендігімен құнды.

Республикалық «Өнер» баспасының  « Қазақ халқының тарихи тұлғалары» қысқаша анықтамалық кітаптар сериясының аңыз аналар мен ару қыздарға арналып 2014 жылы шыққан үшінші кітабында Жанкелдіқызы Ұлбике (1825-1849) туралы: «Қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан өнер түрі дарыған ару. Туып-өскен жері – Қызылорда облысы Тереңөзек ауданына қарасты өңір. Топырақ бұйырған жері – Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойы. Шыққан тегі – Ұлы жүз ішіндегі Ошақты руы» деген анықтама берілген.

Айта кетелік, Әкпарбек Доспамбетовтің аталған мақаласы шыққаннан кейін, араға 19 жыл салып, 1989 жылдың қыркүйегінде Үшаралда Ұлбике ақын күндері өтті. Бірақ Әкпарбек Доспамбетов оған қатыса алмады. Қаламгер 1987 жылдың 17 желтоқсанында дүниеден озған еді…

Халқымыздың ұлттық үрдістері туралы этнографиялық зерттеу мақалаларды да көп жазған  Әкпарбек Доспамбетов қазақтың ауызша есептерін ел аузынан жинап, құрастырып баспаға тапсырған.Олары «Қырық қазына» деген атпен 1987 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан 14 мың дана таралыммен  жарыққа шыққан. Кітаптың құндылығы – оған енген қысқа да, тұжырымды әңгі-мелердің ең алдымен жастардың дүниетанымын байытуға,  есепке деген құштарлығын арттыруға, сол арқылы ойын ұшқырлауына себін тигізетінінде. Кітаптың соңында ауызша есептерді шешу жолдары мен жауаптары көрсетілген.

Мұндай кітап әрине, үлкен сұранысқа ие ғой. Осының айғағындай интернеттен кітаптың орысша  шыққаны туралы деректі ұшыраттық. «Сорок сокровищ: Казахская народная занимательная арифметика ( собрал и обработал А.Доспамбетов), Алма-Ата, «Мектеп», 1987 год» деп көрсетілген.

Кітап шыққалы бергі отыз жылдан астам уақыт ішінде оны кітапханалардан алып оқыған талай буын ертеде өткен, қағаз ұстап, қалам тартпаған, бірақ шаруасына мығым болған бабаларымыздың ауызша есепке жүйріктігіне, ақыл-ойының ұшқырлығына тәнті болғаны сөзсіз. Жинаққа енген қырық есептің қай-қайсы да қызықты оқылады, ертедегі ата бабалар тіршілігінен мол мағлұмат береді. Осынысымен де ерекше құнды.

Біз аңғарған тағы бір нәрсе, ол Әкпарбек Доспамбетовтің  ертеде өткен ғана емес, заманы бір ақын, жазушылардың да шығармашылығын зерттеп, өз пікірін ашық жазып отырғаны. Бұған дәлел талантты жерлесіміз, орыс тілінде жазған фантаст жазушы, өмірден ерте кеткен Шоқан Әлімбаевтың «Альфа гениальности» («Даналық әліпі»)  кітабына пікір («Еңбек туы», 1967 жылғы 16 желтоқсан) жариялап  «шағын кітап қазақ әдебиетінің сөресінен лайықты орын алады» деп жазғаны. Уақыт осы болжамының  дәл келгенін көрсетті. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығында жазылғандай (Алматы, 2010 жыл)  Шоқан Әлімбаевтың шығармалары   қырғыз, украин, әзірбайжан тілдеріне аударылған.

Әулиеата өңірінің шынайы тарихы мен тұлғаларының көркем шежіресін түзген Әкпарбек Доспамбетовтің өзі көп жыл еңбек еткен басылымның алғашқы редакторлары туралы зерттеу мақаласы «Қаламмен жазылған лұғатты сөз ұрпақтан-ұрпаққа өте береді» деген  сөзбен басталады. Бұл болжамы да расқа шықты. Мұрағаттағы газет тігінділерінің  уақыт сарғайтқан беттеріндегі  дерегі мол тарихи очерктері мен зерттеу мақалаларымен ізденуші тарихшылардың, өлкетанушылардың талай буыны танысты, қаламгердің рухына тағзым етіп, есімін алғыспен еске алды.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support