«Күн сайын 5-10 мың теңге табыс табамын»

7

Қазіргі кезде кәсіпкерлікті тіршілігінің тұтқасына айналдырған тұрғындар аз емес. Мемлекет берген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, сол арқылы тұрмысын түзеп алғандар қаншама. Əсіресе, кейінгі жылдары бұл салаға бет бұрғандардың арасында қыз-келіншектердің үлесі артып келе жатқаны көңіл қуантады. Оларға мұндай мүмкіндікті Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы беріп отыр. Атап айтсақ, осы бағдарламаның басым бағыттарының бірі – бес жыл бойы сәтті жүзеге асып келе жатқан «Бастау бизнес» жобасы арқылы өз кәсіптерін бастап отыр.

Еңбек жолын қарапайым фабрикада тігінші болып бастаған шулық Айдана Үстимірова тәжірибесі толысқан кезде өз алдына кәсібін ашып, қазір тігін цехы арқылы пайда тауып келеді. Ол Алматы технологиялық университетін «Дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдап, осы салада бірнеше жыл еңбек етіпті.

–  Жоғарғы оқу орнын аяқтап, қолыма диплом алған соң бірден мамандығым бойынша жұмыс істей бастадым. Ең әуелі Алматы қаласындағы тігін шеберханаларында тәжірибе жинасам, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласында Аида Кауменова сынды білікті мамандардың мектебінен өттім. Елордада жұмыс істеп жүргенде елімізге белгілі «Astana Arlans» сынды былғары қолғап шеберлері командасына ұлттық нақыштағы бірыңғай спорттық киімдер тіктік. Кейін туған жеріме оралып, «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Өткен жылдың қыркүйек айында онлайн курсқа қатысып, сертификат алдық. Үстіміздегі жылдың наурыз айында менің бизнес жобам аудан әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы тарапынан қаржыландырылып, 583 мың теңгенің грантына ие болдым. Жалпы, кішкентайымнан ұлттық нақыштағы киімдерді тігуге құмартып өстім. Тігіншілік қасиет анамнан дарыған деп ойлаймын. Өйткені, анам да ұзақ жылдар бойы тігіншілікпен айналысқан, — дейді Айдана Нұрғазықызы.

Жастайынан тігіншілікпен айналысқан Айдана жеке кәсіп иесі болуды кішкентайынан арман еткен екен. Бүгінде арманы орындалып, Шу қаласында тігін шеберханасын ашып отыр. Кәсібін ашқанына көп уақыт өте қоймаса да жас кәсіпкердің тасы өрге домалап-ақ тұр. Ол мемлекеттен берілген 583 мың теңгеге 3 «JACK» тігін машинасын, цехқа арналған үтік және айна сатып алған. Сондай-ақ, «Айдана» тігін шеберханасын қажетті құрал-жабдықпен толықтай қамтып, биыл өз жұмысын бастап кеткен. Қазіргі кезде 40 мыңға жуық халқы бар Шу қаласында киім тігу, қысқарту, өңдеу сынды жұмыстарды Айданаға сеніп тапсыратын тұрғындардың қатары біршама артқан. Кәсіпкердің өзі күніне кем дегенде 2-3 тұтынушыға қызмет көрсететінін айтады. Ал кейде үлкен көлемде тапсырыс алып, апта бойы тынымсыз жұмыс істейтін кездер болады екен.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шу ауданында кәсіп ашуға бейімделген қыз-келіншектердің  қатары жыл санап артып келеді. Тігін тігуді табыс көзіне айналдыра білген шулық Мақпал Әмірәліқызы да мемлекеттің қайтарымсыз гранты арқылы өз ісін дөңгелетіп отыр. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмек алып келген Мақпал өткен жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы сертификат алыпты.

– Шынын айту керек, қайтарымсыз грант өзіміз сияқты қарапайым отбасыларға үлкен мүмкіндік беруде. Биыл наурыз айында 583 мың теңге көлеміндегі грантты қолыма ала салып, тігін машинасын сатып алдым. Негізгі бағытым – төсек жабдықтарын тігу. Қажетті мата мен жіпті орталық базардан жеткілікті көлемде сатып алдым. Әрбір тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге тырысып жүрмін. Сондықтан болар, тапсырыс берушілердің саны да едәуір артып келеді. Қазір күніне шамамен 5-10 мың теңге табыс тауып отырмын. Бұған дейін 58 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алатын болсам, кәсіп бастағалы ол 20 мыңға дейін қысқарды, — дейді жеке кәсіпкер.

Шынтуайтында, көрер көзге оңай болғанымен тігіншілікпен айналысу әркімнің қолынан келе бермейтін іс екені анық. Тігіншілік аса ыждаһаттылықты қажет ететіні тағы бар. Әрбір тапсырыстың ерекшелігіне орай айшықтай отырып, баламасы жоқ дүние жасап шығу нағыз шебердің қолынан ғана келеді. Шулық тігіншілердің қолынан шыққан туындыларды көргенде нағыз шебер екеніне шүбә келтіру мүмкін емес.

Жалпы, жоғарыда аталған қос кәсіпкердің де алға қойған жоспары ауқымды. Екеуінің де арманы – үлкен тігін фабрикасын ашу. Егер, үлкен көлемде қаржы алуға мүмкіндік туып жатса, өндіріс көлемін бірнеше есеге көбейтіп, жұмысшы санын арттыруды да көздеп отыр. Осындай кәсіптен нәсібін тауып отырған кәсіпкер қыз-келіншектердің тіршілігі шынында да көпке үлгі екені сөзсіз.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,

Шу ауданы.

Comments are closed.