- Advertisement -

Кітап пен кітапхана мәңгілік қалуы тиіс

295

- Advertisement -

Қоғамның, адамның тұрақты дамуына мәдениеттің, кітапхананың қосар үлесі зор. Кітапхананың негізгі мақсаты – ғылым мен білімнен терең сусындатар, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген, ойы зерек, қиялы ұшқыр, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, парасатты, заманауи ақпараттарды біліп, әрқашан ізденіс үстінде жүретін кітапханашылардың орны ерекше.

Сарысу ауданында 1 аудандық орталық кітапхана, 3 қалалық, 22 ауылдық, барлығы 26 кітапхана филиалдары оқырмандарға қызмет көрсетуде.

Ауданымызда көзі көрмейтін зағип жандардың кітап қорын өз игіліктеріне пайдалану үшін зағип және көзі әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлім, «Цифрландырылған ақпараттық орталық», «Коворкинг» білім орталығы, абонемент, кітап қорын өңдеу және толықтыру, ақпараттық-библиография, кітапхана ісін дамыту бөлімдері мен өнер жөніндегі әдебиеттер секторы жұмыс атқарады.

Бүгінгі күні кітап қорының жалпы саны – 438912 дана, мемлекеттік тілде – 241184 дана. Аудан бойынша 11900 оқырманды қамтып отыр.

Айта кету керек, аудандағы барлық кітапханалар заманауи кітапханалық жиһаздармен және компьютермен қамтамасыз етіліп, телефон қондырылып, интернет жүйесіне қосылып, жабдықталған. Қазіргі таңда кітапханаларда 107 компьютер, 28 телефон, 2 сканер, 2 факс, 1 көшірме, 19 (3/1) көшірме, 80 принтер бар. Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жеке сайты www.kitap.sarysu.zhambyl.kz мен электрондық поштасы жұмыс істейді және 26 кітапханада да электрондық поштасы бар. Кітапханалар «КАБИС» және «РАБИС» бағдарламасымен жұмыс атқарады.

«Nur Otan» партиясының игі жобаларының бірі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздегі көптеген сала цифрлық жүйеге ауысып үлгерді. Осы орайда, цифрландыру біздің аудандағы мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне еніп, өңір тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда 2018 жылы Сарысу аудандық орталық кітапханасында «Coworking» білім орталығы ашылды. «Коворкинг» орталығының негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін жастардың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыру. Коворкинг орталық төрт аймаққа бөлінген: іскерлік қатынас аймағы, бейресми кездесулер аймағы, демалыс аймағы және жеке жұмыстар жасауға арналған алаң. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға, жастардың бизнес, шығармашылық, оқу бағдарламалары аясындағы креативті жобаларын жарыққа шығарып, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар аудандық орталық кітапхана мен Жайылма, Әшір Бүркітбаев ауылдық кітапхана филиалында 3 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды.

Ал 2019 жылдың наурыз айында Саудакент, Тоғызкент, Шағалалы, Өндіріс, Игілік, Ұ.Сыздықбайұлы, Жаңаталап, Үшбас, Досбол, Ұйым, Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарында 12 «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашылды. 2020 жылы Әбілда, Арыстанды, Ақтоғай, Қызылдихан, Маятас, Қамқалы ауылдық кітапхана филиалдарында цифрландырылған ақпараттық орталықтар іске кірісті. Жалпы алғанда 21 ауылда ЦАО халыққа қызмет етеді. Мұнда компьютер арқылы тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек WI-FI желісі арқылы қызмет цифрландырылған жүйеде көрсетіледі және бөгетсіз жұмыс істеуге қолайлы. Бір мезгілде бірнеше пайдаланушылар жұмыс жасай алады.

Ауыл тұрғындары жол жүрмей-ақ, өздерінің Халыққа қызмет көрсету орталығынан ашқан жеке кілтімен кез келген компьютерге отырып e.gov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық анықтамалар алады.

Сондай-ақ цифрландырылған ақпараттық орталықтарда көрсетілетін қызметтерді басқару және іске асыру үшін бір орталық жүйеге қосылған жеке zhambyl.cao-zhambyl.kz сайты арқылы ауыл тұрғындарына күнделікті тұрмыстарына қажетті 13 сала бойынша мәліметтер беріліп отырады. Мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы кітапханаларға бара алмайтын кітапхана пайдаланушылары «Жылжымалы кітапхана» арқылы кітапхана қорларына қол жеткізуде.

Жүйелі жұмыстың жетістікке жетелейтіндігі сөзсіз. Ұтымды ұйымдастырушылық пен кәсіби біліктіліктің арқасында аудан кітапханалары ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуде. Мысалы, 2017 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауында Жайлаукөл ауылдық кітапхана филиалына бас жүлде бұйырды.

2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Рухани қазына-2018» Республикалық байқауына қатысқаны үшін Жамбыл облысы Сарысу аудандық кітапханасы марапатталды.

Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» тақырыбында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері күндерінің қорытындысы бойынша Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «ҮЗДІК КІТАПХАНА-BEST LIBRARY» номинациясы бойынша марапатталды. «Әлемді кітап арқылы танимын» ең көп оқитын оқырмандар арасында «Серік Қалиев оқулары» облыстық байқауында Жаңатас қалалық балалар кітапхана филиалы үшінші орынды иеленсе, облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауында Жайлаукөл ауылдық кітапхана филиалы бас жүлдеге қол жеткізді. Ал облыстық «Жыл маманы» байқауында аудандық орталық кітапхананың қызметкері А.Поштаева екінші орынды иеленді.

Жалпы, облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауынан аудан кітапханалары жүлдесіз қайтқан емес. 2019 жылы өткен сайыста Жайылма ауылдық кітапхана филиалына екінші орынның жүлдесі табысталды.

Сол жылы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы  облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Ауылдық кітапхана-жергілікті қоғамдастық орталығы» атты сайыста серпінді, креативті, заманауи ой-пікір мен жоғары кәсіби шеберлік көрсеткені үшін Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Игілік ауылдық кітапханасы бас жүлде иеленді. Ал осы жолдардың авторы Қазақстан Республикасы Мәдениет жіне спорт министрлігінің департамент директоры К.Сейітованың тапсыруымен «Кітапхана ісінің шебері» медалімен марапатталды.

Өткен жылы «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!»республикалық ақындар айтысының облыстық іріктеуіне белсене қатысқаны үшін Жаңатас қалалық балалар кітапханасының қызметкері А.Қойлыбекова марапатталды.

Қорыта айтқанда, кітапхананың болашақ ұрпаққа берер ұлағаты зор. Ұлт руханиятының қасиетті қара шаңырағы саналатын кітапхана атты киелі жерде еңбек етіп жатқан кітапханашылар қауымы бүгінде Елбасының, Президентіміздің сындарлы саясатын жүзеге асыруда халыққа қалтқысыз қызмет етіп, өз үлестерін қосуда. Заман талабына қарай, рухани орда келбеті өзгергенімен, кітап пен кітапхана мәңгілік қалуы тиіс . Кітапхана өзінің бай кітап қорымен зор мүмкіншіліктерін Тәуелсіз еліміздің болашағына бағыттап, ертеңгі ұрпақ үшін аянбай қызмет ете бермек.

 

Айтбала Жолмаханова,

Сарысу аудандық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесінің директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support