- Advertisement -

Ел мен жерді сүюді Жазатадан үйрену керек

141

- Advertisement -

Мойынқұм десе менің көз алдыма маңғаз жатқан шөлейтті даламен қатар, бүкіл қазақ еліне аты мәшһүр болған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазекең – Жазылбек Қуанышбаев қатар келеді. Түз далада мыңғыртып мал өсірген қазақтың қарапайым  қара шалы!

Иә, облысымыздың басым бөлігін алып жатқан арғы шетімен, бергі шетіне көз жетпейтін Мойынқұмда да ата-бабаларымыз ежелден мал өсіріп, тіршілік көзіне айналдыра білген. Оған осы өңірде өмір сүріп, ерен еңбек еткен азаматтарымыздың іргелі істері дәйекті дәлел бола алады. Солардың бірі – Жазылбек Қуанышбаев.

Халық оны «Шопандардың атасы», «Дала академигі», «Малшылардың маршалы» деп атады. Өзі де өмірден өткенше сол биіктен еш түспей кетті, жарықтық. Сонысымен шалғайда жатқан Мойынқұм өңірінің мерейін тасытты. Оның даңқы Кеңес  одағынан асып шет елдерге дейін жетіп жатты.

1948  жылы ол кеудесіне алғашқы Алтын жұлдыз тағып, Социалистік Еңбек Ері атанды.  Бірақ  Жазекең  бұл атаққа масайраған жоқ. Өз абыройын ғана ойламай, қатар жүрген шопандарды да іске жұмылдырып, еңбектің рахатына,  жемісіне жетуіне себепкер болды. Осылайша, содан, араға он жыл салып, рес­публика тарихында тұңғыш рет, екінші мәрте 1958 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, кеудесіне екінші «Алтын жұлдызды» тақты. Жазылбек Қуанышбаев сол тұста әр жүз саулықтан 140-145-ке дейін қозы алып, әрбір  қойдан 4 келіге дейін жүн қырқыпты. Айтушылардың сөзіне сенсек, сол дүбірлі күндері Айдарлы совхозының орталығы «Кеңес» ауылының Шу өзені жағасында Жазекеңнің жетістіктеріне арналып үлкен той өтіпті. Шопан атаға осы орасан еңбегі үшін облыстың сол кездегі басшысы Асанбай Асқаров «Газ-69» көлігін сыйға тартыпты. Бұл Мойынқұмдағы алғашқы жекеге берілген жеңіл машина еді. Кеңес Одағы кезіндегі тәртіп бойынша, егер еңбеккер екінші рет «Алтын Жұлдызға» ие болса, оның туған жеріне ескерткіш орнатылатын тәртіп болатын. Жазекеңе ескерткіш Бірлікте 1960 жылдың мамыр айында құрметті жайда ашылды.

«Малшылар маршалы» атанған қадірлі Жазекең қоғам ісіне де белсене араласты. Көптің қолдауымен екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Шопанның қолынан шыққан «алтын» елтірілер Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк жәрмеңкелері мен аукциондарында өте жоғары бағаланды. Мойынқұм өңірінің дамып, гүлденіп, жақсаруына зор үлес қосты. Кезінде елдің шеті деп есептелген  Мойынқұм қойнауында, құлан түзде қанат жайған берекелді, жасыл желекке малынған салтанатты, көрікті ауыл пайда болды Тіпті, Алматыда  министрліктердің есігін қағып жүріп, сол кездегі өңір орталығы Фурмановкаға, қазіргі Мойынқұмға, аэропорт салғызып, көп орында «ЯК-40» ұшағын облыс орталығы Жамбыл мен аудан орталығы Мойынқұмға, сол кездегі астанамыз Алматыға ұшырғанын бүгінге дейін көпшілік әлі күнге жыр қылып айтып отырады. Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын аспандатып, мерейін көтерді.

«Жалғыз екенсің, артыңнан ерген ізбасарың жоқ екен, онда құның шамалы, шәкіртсіз ұстаз да бұтақсыз ағаш сияқты», — депті кезінде Жазекең өмір бойы сыйлап өткен тағы бір қасиетті қара шал, атақты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері шиелілік күрісші Ыбырай Жақаев. Замандасының сол сөзі Жазекеңе қамшы  болып тиген секілді. Көп уақыт өтпей өз өңірінде «Жазылбекшілер мектебін» ашқаны содан болса керек.

Жазекеңнің Мойынқұмдағы ізбасарлары мен шәкірттері дегенде ең алдымен онымен қанаттас, қатарлас жүрген Социалистік Еңбек Ері, марқұм Ділдаш апа Итбасованың есімін атайды көпшілік. Ер-ана, Ел-анасы атанған ол да орнықты ісімен, ерен еңбегімен үлкен құрметке бөленді. Сол сияқты Социалистік Еңбек Ері Құдайберген Біртаев және Дүрдімұрат Нұрғалиев, Әлтай Төлепбергенов, Мешітбай Қойшыбеков, Күлзада Тілеубаева, Нұржамал Туғанбаева да Жаз-атаның жолын куып, шопанның құтты таяғын қолдарына берік ұстаған белгілі жандар болып елге танылды. Оның шәкірттерінің санатында Социалистік Еңбек Ері, республика мемлекеттік сыйлығының иегері Шоман Шәріпбаев та бар. Елге сыйлы, көпке құрметті Шөкеңнің адал еңбегі ел есінде. «Жазылбек Қуанышбаевтың озат тәжірибесін оқып-үйренгенімнің көп көмегі тиді. «Мал бақса», өрісін тап», «Шелді мал — төлді мал», «Шопан күн сайын күрескер, жыл сайын дәулеткер», «Қойшы болу — қой соңында салпақтау емес, өзің қой соңында жүргеніңмен, көзің отарда, ойың өрісте болсын», деп Жазекең айтатын даналық сөздер жадымда жатталып қалды», —  деп естелік айтқан

Жазылбек ата Мойынқұм  ауданын жиырма бес жылға жуық басқарған партия қайраткері Айтекеңмен – Айтбай Назарбековпен қатты сыйлас болды. Олар бір-бірін қадірлей, қастерлей білген жандар еді. Айтекең Жазекеңнің  жетістіктерін жүрген жерінде кеңінен насихаттайтын. Сөйтіп, Жазата Ленинград, Мәскеуде, республиканың ірі қалаларында, жоғары оқу орындарында, Жазушылар одағында және тағы басқа жерлерде кездесулерде болып, жастарды еңбекқорлыққа үгіттеп, көпшілікті өзіне тәнті етті.

Қазір аудан орталығы Мойынқұмда «малшылардың атасы» атанған Жазылбек Қуанышбаевтың музейі, саябағы және ескерткіші бар. Музейді оның келіні, егіздің сыңары Тойшыбайдың жары Ләйла Қожагелдиева басшылық етіп отыр.

– Бұл музей 1973 жылдан бері халық­қа қызмет етіп келеді. 1986 жылдан бас­тап атамның атымен, яғни Жазылбек Қуа­ныш­баев есімімен аталды. 2010 жылдан бері осында директор болып жұмыс істеймін. Музей 5 бөлімнен тұрады. 6325 жәдігер жинақталған. Оның ішінде атам өз өмірінде тұтынған заттарының саны 90-нан асады. 8 адам жұмыс істейміз. Биыл Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында шопа­н атаның еңбегін, өмір жолын түсін­діріп, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақса­тында көрмелер, ашық сабақтар ұйым­дастыруды жоспарлап отырмыз. Мойын­құм ауданының әкімі Мәден Мұсаев мерей­тойға арналған іс-шараларға көмек­тесуге уәде берді. Бұрын жыл сайын Шопан ата атындағы қазақша күрес­тен рес­публикалық турнир өтетін. Жасыра­тыны жоқ, соңғы жылдары демеуші болмағандықтан тоқтап қалды. Негізі аудандық спорт бөлімінің жоспарына енген, бірақ соңғы жылдары бірде ұйымдастырушы, бірде демеуші жоқ деп өтпей қалып жүр. Әрине, атақты шопан туралы, ол кісінің еңбегі, жетістігі, кісілік қасиеті, жеке өмірі туралы өте көп жазылды. Ата өз кіндігінен бала көрмей, жетпіс жасқа келгенде бәйбішесінен рұқсат сұрап, екінші мәрте үйленіп, егіз бала дүниеге келгені, олардың есімдерін Қойшыбай мен Тойшыбай деп қойғаны туралы жағдайға қалың оқырман жақсы қанық деп ойлаймын,- деді Ләйла Қожагелдиева.

Жазата­ның келіні ол кісінің жетім-жесірге көмегі көп тигенін айтады. Оқи­мын деген баланың бетін қақпаған. Тіпті, Алматыдағы кез-келген институттардың басшыларының есіктерін батыл, серпіп ашып, тікелей ел-жұрттың сұраныс-өтінішін жеткізіп, «оқимын» деген жастарды жебеп, қолдап отырыпты.

Көктеректің көк жазық даласы мен «Тұлпарсаздың» жасыл жайлауында Жазатаның 70,80,90,100  жылдық тойлары дүркіреп өтіп, дүйім жұртқа ортақ мереке болғаны да қазір өзіндік бір тарихқа айналды.

Таяғы құтты Жазекең 1963 жылы зейнеткерлікке шықса да байыз тауып, қол қусырып отыра алмады. Өйткені, бүкіл өмірі еңбекпен өрілген, бар ғұмырын малға арнаған оның шау тартса да, шаруаға қарай бүйрегі бұрыла берді. Көп үзамай кәсібіне қайта оралды, бұл кезде де өзгелерге өнеге боларлықтай көп іс тындырды. Дербес зейнеткер атанғаннан бастап Қазақ КСР ауылшаруашылығы министрлігінің қой шаруашылығы жөніндегі қоғамдық негіздегі инспекторы міндетін атқарып жүрді, таяғын жарты ғасырдай астам ұстады, төскейді ақтылы қойға толтыруға азды-көпті атсалысты. Шүкір, абыройсыз болған жоқ. Мұны тек Мойынқұм ғана емес, ныспы қазақ жұрты біледі», — деп ой тербейді Жазылбек Қуанышбаев өзінің «Ұрпаққа ұлағат» деген шағын кітабында.

Жазылбек атаның да өмірі, еңбек жолы киногерлердің «Ұстаз» атты деректі фильміне арқау болғаны, оның даусы мен Шәмші Қалдаяқовтың «Мойынқұмда» әні бірігіп бір күйтабақ болып шыққанын айта кеткен орынды. Бүгіндері «Мойынқұмда», «Жазылбекшілер маршы» әндері мойынқұмдықтардың гиміне айналды. Сол сияқты Жазатаның атқарған үлкен ісі мен адамгершілік кескін-келбеті жазушы Әзілхан Нұршайықов бастаған, танымал Оралхан Бөкей, журналист Нұртай Айдаров сынды қазақтың қаламгер, журналистерінің кітаптары мен мақалаларына арқау болғанын атап өткеніміз жөн.

…Жазылбек ата өмірінің соңғы жылдарында облыстық аурухананың құрамындағы көпшілік «партактив» деп кеткен терапия бөлімшесіне келіп, анда-санда ем-дом алып жүрді. Кешкілік сыртқа шығып, саялы көп жапырақты ағаштардың көлеңкесіне отырып, кешкі салқын ауамен тыныстап отырғанын талай көрдік.  Жалғыз отырмайды, жанын 3-4 адам қоршап алып, өткен-кеткендерін естеріне түсіріп, әңгімені барынша қыздырып отырады. Басқаларға қарағанда Жазекеңнің әңгімелеріне жанындағылар көбірек құлақ асады, жағымды әзіл-қалжыңдары да жоқ емес.  Қатарларынан өтіп бара жатып, қос қолдап  сәлем береміз. Жазекең, басын көтеріп, көздерін қадап: «Өркенің өссін, қарағым. Қай баласың?»  -деп сұрайды. «Жазата-ау, кеше де осы сұрақты қойып едіңіз. Мен осы аурухананың жас хирургымын. Атым Сағындық», — деймін күліп. «О, дұрыс.., дұрыс екен, қалқам. Қалада дәрігер жетеді ғой, біздің Мойынқұмға келмейсің бе? Онда жаңа аурухана салынбақ, соған сен сияқты жас дәрігерлер керек»,  — дейді ата қолымды алақанынан жібермей. «Уақыт келе көрерміз, осында біраз еңбекке төселіп алайық, Жазеке»,  — деймін қарияның сөзін жерге тастамай. «Иә, ойлан.., ойлан, шырағым», — дейді Жазекем қасындағылармен үзілген әңгімелерінің көрігін әрі қарай қыздырып.

Жазатаның пейілінің ақ, көңілінің дархан, ойының тұнық екенін сол қысқа кездесулерде ұғып жүрдік. Қайда жүрсе де елінің қамын, Мойынұм өңірін ойлап жүретіні таңғаларлық іс еді. «Жерімде – жүрегім, елімде – тірегім» дегендей елін сүюді, жерін сүюді Жаз атадан үйрену керек екен деген ойға қалатынбыз.

– Мойынқұм ауданының орталығы қазір Мойынқұм ауылы деп аталады, яғни, атаудың қайталанып кеткен жайы бар. Осы ауылды Жазылбек ауылы деп атау жөнінде бірнеше жылдан бері жоғары жаққа ұсыныс жасалып келсе де, әлі күнге ол оң шешімін таппай отыр. Тым болмаса өзі көп жылдар аянбай еңбек еткен, биік атақтарға ие болған «Айдарлы» шаруашылығының орталығына Жазекеңнің есімін берсе дейміз.  Осы мәселені орынды шешкеніміз дұрсы болар еді…, —  дейді мойынқұмдық Ақылбай Баялиев.

Иә, Мойынқұм десе алдымен еске алатынымыз  – бүкіл ғұмырын ақтылы қой өсіруге арнаған, қазақтың қасиет қонған шалының бірі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев! Мойынқұмның гүлденіп, көркеюіне үлкен үлес қосқан Жазылбек Қуанышбаев! Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атағын аспандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлемінен асып, барша қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қашан да, қай жерде болсын «Мойынқұм» деген сәтте Жазекеңнің есімі еске түсетіні сондықтан болар, сірә.

Адам өмірінің мәні мен мағынасы неде? Әрине, оны алдымен артына өшпестей өнегелі із қалдыру деп түсінеміз. Жазата, Жазылбек Қуанышбаев міне, осындай тағлымы мол тамаша тұлға ретінде елдің есінде қалды.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support