- Advertisement -

Бақытты боп жүргенім, сенің арқаң, ұлы Отан!

5 142

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қаңтар айындағы  «Тәуелсіздік  бәрінен  қымбат» атты мақаласында тіл біз үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі орасан екенін сол үшін қазақ жазушыларының үздік шығармаларын және шетелдік қаламгерлердің балаларға арналған таңдаулы туындыларын да аударып,көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн екенін атап өткен болатын. Осы салаға тың серпін беріп, одан ары ілгерілету мақсатында 2021 жыл «Балалар әдебиетін қолдау жылы» деп жарияланды. Бүлдіршіндерге арнап жазатын қаламгерлердің жауапкершілігі, оларға қойылатын талап та өте жоғары. Өйткені бала жүрегі нәзік, айналадағы құбылыстарды қабылдап қорытуы да бөлек өзгеше әлем. Сәби жүрегіндегі арманға қанат бітіріп, дұрысы мен бұрысын саралап, баланың жандүниесіне әсер ететіндей шығарма тудыру үшін бүлдіршіндердің психологиясын, қызығушылығын, дамуын жіті біліп, терең зерттеген ақынжазушылар ғана мықты туынды тудыра алады. Соның бірі бар өмірін балалар әдебиетіне арнаған елімізге белгілі ақын Совет Рахымбайұлы Әлімқұлов болатын.

КСРО Жазушылар одағының мүшесі Совет Әлімқұлов барлығы 10-нан аса кітап шығарса, оның басым бөлігі балаларға арналған еді. «Өрімтал», «Күн көсем», «Сыбызғы», «Ықылас» және «Көзмоншақ» атты жыр кітаптары жас өрендердің жүрегіне жол тауып, сол кездің өзінде-ақ балалар әдебиетінің құнды дүниелеріне айналды. Ал 1992 жылы Мұзафар Әлімбаевтың құрастыруында шыққан «Шынашақ» атты балалар антологиясына балалар жанрына қалам тартып жүрген небәрі 27 ақын-жазушылардың ең үздік туындылары енгізілсе, соның ішінде жерлес ақын Совет Әлімқұловтың да болуы ақиық ақынның қаншалықты қаламы қарымды екенін көрсетсе керек-ті. Ақынның балаларға арналған ойнақы жырларымен қатар, Отан, туған ел мен өскен жерге арналған өлеңдері ешқашанда өзектілігін жоғалтпай, қайта уақыт өткен сайын маңыздылығы арта түсері де анық.  Балалар әдебиетін қолдау жылында дарынды ақынды тағы бір еске ала отырып, оның жастарды патриоттық тәрбиеге баулып, отансүйгіштікке тәрбиелейтін бір топ өлеңдерін ұсынғанды жөн көрдік.

      ОТАН

Бақытты боп жүргенім,

Сенің арқаң, Ұлы Отан.

Елім менің – тірегім

Құшағында гүл атам.

 

Шығысыңнан арайлы,

Күліп атқан құба таң.

Сенен бақыт тарайды

Баршамызға Ұлы Отан.

 

Сарқылмайтын қуатым,

Тірегімсің сен – Отан.

Мәңгі соғып тұратын,

Жүрегімсің сен – Отан.

 

      АУЫЛЫМ

Мен үшін ыстық бауырың,

Мерейі үстем ұясың.

Қай жақта жүрсем, ауылым,

Жаныма жалын құясың.

 

Жолға шықсам мойнымда,

Топырағыңнан тұмарым.

Жатпай жайлау-қойнында,

Тарқамайды құмарым.

 

Сендегі ыстық көзіме,

Бетегелі белес көп.

Шақырады өзіне,

Гүлді жота елестеп.

 

Шақырады тауың да,

Шақырады құздар да.

Жалаң аяқ жауында,

Бірге ойнаған ұлдар да…

 

Көп жер көрдім өмірде,

Саған жеткен жоқ бәрі.

Қайда жүрсем көңілде,

Жанады ауыл оттары.

 

АУЫЛ – АЛТЫН БЕСІГІМ

Неткен мұнша ыстық ең ауыл

қайран,

Барын тосып алдыма құшақ

жайған.

Мен үшін жатқан асып

сабасынан,

Ауыл – сүт,

ауыл – қымыз,

ауыл – айран!

 

Ауыл десе ашылып көңіл

айнам,

Жеңгелер, елестейді қағып

жайнаң.

Тамашасы тарқылмас

ертелі-кеш,

Ауыл – той,

ауыл – думан,

ауыл – сайран!

 

Ауылым жатса маздап отың

өшпей,

Мүмкін емес қалуы көңіл

өспей.

Мен үшін ыстық ұя теңдесі жоқ,

Ауыл – жаз,

ауыл – жайлау,

ауыл – төскей!

 

ТУҒАН ЖЕР

Туған жер –

Тұнған шежіре.

Шертеді көп, күй-аңыз.

Сүйемін өзін елжіреп,

Туған жер –

Туған ұямыз.

Туған жер –

Туған анамыз

Сыйлаған өмір нәрімен

Төсінде бүршік жарамыз

Туған жер ыстық бәрінен.

 

Қимайды көзің –

Көлінің

Бір құсын да атуға.

Бармайды қолың –

Гүлінің

Тұлымынан тартуға.

 

Құшағы ыстық ананың,

Қасиетті туған жер.

Жер басып тұңғыш табаның,

Төсінде қаз-қаз тұрған жер.

 

ӨРІМТАЛ

Есік алды Өрімтал,

Келеді бой түзетіп.

Сындырған жоқ бірін мал,

Жүрдім ылғи күзетіп.

 

Өзін күтіп аялап,

Шөліркетпей суарам.

Бойлап өссе, сая бақ,

Болады деп қуанам.

 

ҚАТАР ӨСТІК БӘРІМІЗ

Қызыл гүлдей құлпырып,

Қатар өстік бәріміз.

Бірге жүріп, бір тұрып,

Бір шырқалды әніміз.

 

Балабақша ішінде,

Таптық достық, туыстық.

Болсақ та әр пішінде,

Тез-ақ біздер ұғыстық.

 

Білмедік біз таласты,

Кейіс, керіс болмады.

Арамызда жарасты,

Жақсы достық орнады.

 

Аштық тұңғыш әліппе,

Бөлінбеді іргеміз.

Бір үңіліп әріпке,

Отырдық қатар бірге біз.

 

ЖЕҢІС

Ұшыменен күректің,

Жер қазып, гүл ектім.

Күшіменен білектің,

Су тасып, гүл ектім.

Өсті гүл тамаша,

Ұзартып жемісін.

Бұл менің алғашқы –

Еңбекті жеңісім.

 

КҮРЕК ЖЫРЫ

Мен бейбітшіл күрекпін,

Диқанға әркез тірекпін.

Түспеймін оның қолынан,

Тірлігіне керекпін.

 

Жер аударып өңдеймін,

Атыздарды жөндеймін.

Еңбекшілді сүйемін,

Енжарлыққа көнбеймін.

 

Қосыламын диқан әніне,

Менсіз жердің сәні не?!

Толтырам күзде қойманы,

Еңбектің жеміс дәніне.

 

ПИНГВИН

Буған қапқа ұқсайтын,

Пингвин деген құстармыз.

Ақ аю, тюлень қыстайтын,

Суық жаққа құштармыз.

 

Мұз төсеніп бауырға,

Мұзтауға ұя саламыз.

Қарамай боран, дауылға,

Өрбиді өсіп баламыз.

 

Мұз-мұхитты мекендеп,

Мәңгі осында көктейміз.

Төсі суық екен деп,

Туған жерден кетпейміз!

 

ҚОЯН НЕГЕ ҚҰЙРЫҚСЫЗ?

Бала кезде мені ылғи,

Қасына атам ертетін.

Көтерсін деп көңіл-күй,

Әңгіме, ертек шертетін.

 

Көңілде бәрі көңілде,

Ұмытылмас өмірде.

Біреуін айтып берейін,

Білгенің дұрыс сенің де.

 

Қоян неге құйрықсыз,

Кім біледі, қанеки?

Болма өмірде құлықсыз,

Айтам тыңда мінеки.

 

…Ерте, ерте, ерте екен,

Ешкі жүні бөрте екен.

Әлемдегі бар аңның,

Құйрықтары келте екен.

 

Мұны көріп бір күні,

Арыстан патша ақырып,

Жұмсапты уәзір түлкіні,

Аңдарды жи деп шақырып…

 

Жар сапты түлкі бар маңға,

Барлық аңды  сұрай кеп.

Кіріп жасыл орманға

Хабарлапты былай деп:

«Патшадан қатал бұйрық бар,

Ордаға ертең барыңдар.

Онда алуан құйрық бар,

Бір-бірден таңдап алыңдар!»

 

Таң ата аспан түнеріп,

Тұнжырап қабақ түйіпті.

Найзағай көкті тілгілеп,

Нөсерлеп жаңбыр құйыпты.

 

Жұмсақ табан, шорлы аяқ,

Аңдарға осы керек деп.

Кекете өші бардай-ақ,

Құйыпты жаңбыр шелектеп.

 

Қалың бұлттың ішінде,

Жарқ-жұрқ етіп от ойнап.

Найзағай еніп күшіне,

Күркірепті атойлап.

 

Мұны бірақ сөз демей,

Ордаға аңдар шұбапты.

Шыға алмай тысқа өзгедей,

Сорлы қоян жылапты.

 

Қорқақ қоян қалтылдап,

Сыртқа шыға алмапты.

Жайын айтып әр аңға,

Жалбарынып зарлапты.

 

– Қалдым, – депті ауырып,

Жатыр жаншып жүрегім.

Нән құйрықтың бауырым,

Ала келші біреуін.

 

Күтіпті қоян зарыға,

Қайсысы жақсы көред деп.

Ұзын құйрық әдемі,

Кім маған әкеп беред деп.

 

Күн сәскеге барғанда,

Аңның бәрі қайтыпты.

«Жан сауғалап қалғанға,

Құйрық жоқ», – деп айтыпты.

 

Күрсініпті «ах» ұрып,

Сонда қоян шын налып.

Дөңбекшіпті алқынып,

Құйрықтан ұзын құр қалып.

 

… Ерте, ерте ерте екен,

Ешкі жүні бөрте екен.

Содан бері қоянның,

Құйрығы жоқ келте екен.

 

Жақсы ертектен әмәнда,

Жақсы бала үлгі алар.

Су жүрек болған қашанда,

Сыбағадан құр қалар.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support