- Advertisement -

Байсерке күйші

390

- Advertisement -

Өткен жылы  Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық  мәдениет үйінің алдында «Әуендер әлемі» алаңы ашылған  болатын. Ондағы  биші қайыңдай  бұратылған әсем стеланы айнала қоршаған  тұғыртастарға бекітілген сегізбұрышты жұлдызшалардың әрбіріне бұрын-соңды қасиетті Әулиеата өңірінен шығып, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізге үлкен үлес қосқан  тұлғалардың есімдері жазылған. Солардың бірі – Байсерке Қылышұлының есімі.

Байсерке Қылышұлы 1841 жылы Шу  өзенінің Қордай  тарапындағы Майбұлақ деген жерде  дүниеге келген. Ол атақты  Өтеген батырдың  бесінші ұрпағы. Өтегеннің үлкен ұлы Қосағалдан Дөненбай, одан Шұбартай, одан Қылыш. Байсерке осы Қылыштың  жалғыз ұлы. Байсеркенің әкесі Қылыш та өнерден құралақан емес, былғарыдан  таспа тіліп, түйін  түйген етікші,  өнердің  парқын білетін жан болса керек-ті. Шаруаға  қырсыз ұлының өзі  сияқты  пайдалы кәсіппен айналыспай (ол кезде байдың баласына тігіп берген бір жақсы етікке бір жылқы алуға болатын), жасынан  домбыра  құшақтаған ән-күйге құмарлығына түсіністікпен қарап, бетінен қақпайды. Байсерке  жеті  жасында-ақ  ауыл-аймаққа белгілі домбырашы атанады. Өсе келе Жетісу алабы мен көрші қырғыз елінің күйлерін түгел меңгеріп, алқалы  басқосуларда  атақты  күйшілермен күй  тартысына түсіп,  аты мәлім бола  бастайды. Бұрыннан  белгілі  күйлерді асқан  шеберлікпен орындауды  місе тұтпай, өзі  куә  болған  өмір  құбылыстарын домбыраның қос ішегіне  түсіріп көптеген  күйлер де шығарған.

Байсерке күйшінің өмір  және  өнер жолын алғаш хатқа  түсірген қазақ  музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері  Ахмет Жұбановтың өзі еді. Оның өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарық көрген «Ғасырлар пернесі» кітабында Байсерке туралы  жеке тарау бар. Академик Ахмет Жұбанов  ондағы  деректерді Байсеркенің шәкірттерінің айтуымен жазып алған.  «Жеті жасында ауыл халқы ойын орнына «таяққа» (домбыраға) жармасқан Құлыштың  бұзық баласы дейді екен. Ол ертегі  жырларды, әсіресе ән-күйді ішкен асын жерге қойып тыңдайтын  болған көрінеді. Оның кішкене қолы  домбыра пернесіне ойнағанда  өз қатары емес, үлкен музыканттар да ілесе алмай қалады. Домбырадан қос дыбысты бірден алып ойнау кішкентай Байсеркеге көп қиындық келтірмейді», деп жазды (А.Жұбанов, «Ғасырлар пернесі»). Сонымен қатар күйлерді жинақтап нотаға түсіруге, дыбыстық  нұсқасын жазып алуға бастамашы болды, Борис Ерзакович сынды  сазгерді осы іске жеккен.  Көрнекті жазушы Марал Ысқақбайдың да Байсерке өмірін мейлінше зерттеп, жан-жақты  қамтыған  еңбектері бар.  Жерлес жазушы ағамызға күйшінің есімі жасынан таныс болған екен. Байсеркенің  күйшілік өнері  туралы әрқилы  аңыз әңгімелер құлағына  бала күнінен сіңген. Жазушының тырнақалды көркем әңгімелерінің бірі «Дұшпан тұсар» осы аңыздардың бірінің  желісімен жазылыпты. Байсеркедей дәулескер күйшінің қалыптасуының  құнарлы  топырағы,  оған негіз  болған жайлар туралы былайша тебіренеді: «Сол дәуірде Қордай өңірінде бүкіл Жетісуға  танымал бірталай  өнер иелері өмір  сүргені  мәлім. Айналасынан әнші, күйші арылмаған Кебекбай  шешен мен Ноғайбай би, әрі  айтыскер ақын, әрі  сазгер Тәкен сал, басынан сөз асырмаған ақын қыз Әлмен, әрі  шешен, әрі  күйші  Бердібек, төкпе айтыс ақындары Әлмейін мен Сарбас, осы Байсеркеге жақын туыс болып келетін Тілеміс шешен секілді  майталмандар күйші  шеберлігін еріксіз жетілдірер өнер атмосферасын жасағаны  даусыз. Оның  үстіне тоғыз жолдың торабы іспетті қырғыз-қазақ шекарасында  ғұмыр кешкен Сұлутөр, Қордай елі  Сүйімбай, Жамбыл, Майкөт, Сауытбек, Қуандық, Тоқтағұл, Қатаған, Қалмырза сияқты  тағы  басқа  толып жатқан қырғыз-қазақ  өнерпаздарының әрлі-бері  не түстеніп, не түнеп өтер жолында  жатқандықтан да, сол кездегі  мәдени ауыс-түйістен  мол хабардар әрі сол үрдіс ыңғайына өнерпаз қауымды құрмет  тұтып, өнегесін  үйреніп өсуге бейімделген ел болса керек-ті. Бұның бәрі  жас  Байсеркенің шығармашылық  тұрғыда  тез жетілуіне де, таным-түйсігінің ерте  толысуына да   ықпал жасағаны  анық». (М. Ысқақбай «Асу-асу бел Қордай»).

Байсеркенің өнер жолында  жетілуіне Есім, Сарша  дейтін өнерпаздардың ықпалы зор болса керек. Әсіресе Есім бала домбырашының бойындағы дарын  қуатын  қапысыз танып, бар  білгенін жалықпай  үйреткен дейді. Өсе келе Байсерке де қасына өнерлі  жастарды жиып, сол кездегі сал-серілердің дәстүрімен ел аралап,  той-думанның  сәніне айналған топ  құрған. Оларға ұстаздары  Есім  мен Саршадан, Қожеке Назарұлынан үйренген күйлерді, әрине, өз  туындыларын да үйретуден  жалықпаған. Байсеркенің  шәкірттері  қатарында Қатшыбай  Таубаев пен оның немересі Темірбек Ахметов, Қожабек Жапбасұлы мен Сатқынбай Әлмесұлы, Бердібек  Мықтыбекұлы, Қырықбай  Сатқынбайұлы аталады. Осылардың ішінде, әсіресе Бердібектің орны  бөлек болған. Ол алып қара күштің иесі, әрі бетіне жан қаратпайтын өткір адам  екен. Күйшілігі өз алдына, шешендігі ақындыққа барабар әрі тапқырлығы  болған. Бердібек Байсеркеден оншақты  жас кіші болса керек, ұстазымен алғаш танысуына арнап  «Кездесу» аталатын күй  шығарған. Міне, осылай  Жетісуда  Байсеркенің күйшілік  мектебі  қалыптаса бастаған. Байсерке батыстың төкпе күй, арқадағы  шертпе күй өнерін де меңгере білді. Байсерке Қарақияның басына көтеріліп, домбырасын аңыратқанда, Ойжайлау, Қасқажол, Көкқапталды  жайлап отырған ауылдар түгел естиді-міс. Ол  домбыраны желкесіне қойып та, жон арқасына теріс ұстап та, сондай-ақ мандолина, балалайка, сырнай сияқты аспаптарда да шебер ойнай  білген. Байсеркенің   «теріс бұраулы» күйлері де баршылық. Мәселен, «Жетпіс бұтақ», «Толқытпа», «Байсеркенің  сылқылдағы», екі қызына арнаған «Қалипа», «Қалыш» аталатын  күйлері  «теріс  бұрауда» тартылады. Күйлері ән әуендес саздылығымен, нақышты ырғағымен ерекшеленеді.

Дегенмен Байсерке күйлерінің нотаға  түсіріліп, концерттік  бағдарламаларға енгізілуі бертінде, өткен ғасырдың соңында ғана қолға алынады. Белгілі меркілік композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері  Дүнгенбай Ботбаев Байсеркенің «Ұран» күйінің оркестрлік партитурасын дайындап шығады. Бұл туралы жазушы Марал Ысқақбай былайша толғанады:  «Ұран» күйінің сахнаға  шығуы мен үшін тосын  жаңалық болды. 1999 жылы атақты батыр Мүйізді Өтегеннің  300  жылдығы  аталып өткені  белгілі. Осыған орай  ойластырылған  шаралардың бастан-аяқ  басы-қасында, көптеген  шараларды тікелей өзім  ұйымдастыруыма  тура келді. Соның  бірі Құрманғазы  оркестрі  дайындаған  «Батыр  бабам – Өтеген» атты  тақырыптық концерттік кеш еді. Бұл концерттің  арнайы атап өтер ерекшелігі – бағдарламаның кілең  қаһармандық, әскери жорық, ел  қорғау  тақырыбына арналған әндер мен күйлерге құрылуында-тұғын. Сол күні Абылай ханның «Жорық» күйі де түңғыш рет оркестрдің  орындауында  шалқыды. Н.Тілендиевтің «Махамбет», Д.Ботбаевтың «Сыпатай  батыр жебесі», халық  күйі «Қарасай батыр»,  Ж.Тұрсынбаевтың «Батыр бабам – Өтеген», Б.Жұманиязовтың «Махамбеттің үндеуі» секілді күйлер, әндер, ариялар тамылжи төгілді  сахна төрінен. Мен үшін оқиғаның ең үлкені – Байсеркенің «Ұран» күйінің оркестр репертуарына енуі еді. Концерт соңынан Дүнгенбай ағама шексіз алғысымды айтып, бетінен сүйдім. Дәл осы күйдің Өтеген батырдың 300 жылдығына арналған кеште орындалуында символикалық  мән бар еді. Ұлы  бабасының  тойына Байсеркенің өзі қатысып, ұрандап  тұрғандай  көрінген  маған».

Бұдан кейін сазгер Д.Ботбаев Байсеркенің «Толқытпа», «Қалипа-Қалыш», «Жекпе-жек», «Жоқтау», «Келіншек», «Байсеркенің  сылқылдағы», «Жетпіс бұлақ», «Қалипа», «Қалыш» күйлерінің де  оркестрлік партитурасын жасайды. Жалпы, әдебиет және өнер институтының дыбыс  жазба қорында Байсеркенің он күйі  сақталған екен. Мұндағы күйлердің нотасын Б.Г.Ерзакович  хатқа  түсіріпті. З.Жұманиязовтың құрастыруымен жарық көрген «Қазақ халқының аспаптық музыкасы» (1964) деп аталатын кітапта Байсеркенің «Жекпе-жек», «Қалипа-Қалыш», «Қалипа», «Қалыш», Б.Мүптекеева мен С.Медеубекұлы шығарған «Жетісудың  күйлері» (1998)  кітабында «Жекпе-жек», «Толқытпа»  күйлерінің нотасы  жарық көрген. Байсеркенің  күйлері «Отырар сазы» оркестрінің және көптеген жеке домбырашылардың  репертуарына енген.

Қайсыбір өнер туындылары  сияқты Байсеркенің күйлерінің де шығу тарихы бар. Қазақ музыкасының ақтангері Ахмет  Жұбанов Байсеркенің  «Жетпіс бұлақ» күйі туралы былай дейді: «Күй өзінің ойналу характері  жағынан қызықты да үлкен орындаушылық шеберлікті тілейді. Бұл күйді күйші кеште бастап ойнаса таң атқанда зорға бітіретін көрінеді. Байсерке  бұл күйді өзінің өте шебер орындаушылық өнерін көрсету үшін шығарған көрінеді».

Бүгінде хатқа түскен қолда бар күйлердің ішінде «Қалипа-Қалыштың» орны бөлек, дейді жазушы М.Ысқақбай. Қалипа және Қалыш – күйшінің қыздарының есімі. Күйді оркестрге түсірген композитор Дүнгенбай Ботбаев ақсақал оған мынадай  сипаттама береді. «Күй көңілді мажорлық ладта шығарылған. Оның нәзік құрылымы бойжеткен екі қыздың бұралып басқан биязы жүрісін анық аңғартқандай. Ладтың үшінші сатысы төртінші сатыға лига арқылы жылжып жүріс жасайды. Осы лига күйдің басынан аяғына дейін жиі кездесіп отырады». Бұл арада да композитордың музыкалық образ жасаудағы тапқырлығын ерекше атап өткен жөн. Байсерке осы қыздары Қалипа мен Қалышқа арнап жеке күйлер де шығарған екен.

«Толқытатын күй» де Байсеркенің сұлу туындыларының бірі саналады. Әдемі саз бойға шымырлап еніп, жүрек қылын шертеді. «Жекпе-жек» күйінің шығу тарихы туралы да көптеген аңыздар бар. Көкпардағы білекті сайыскерлердің тегеурінді теке-тіресі себеп болған болар. Осы Байсерке заманында  Қордай елінде ел намысын  ту етіп сайысатын Әсіреп, Шарын, Исабек  сынды атақты палуандар өткен-ді.

Ал Байсеркенің Құрманғазы  оркестрінің  репертуарына енген «Ұран» күйі жеке сөз етуге лайықты. Академик Ахмет Жұбанов та  кезінде оның көркемдік ерекшеліктерін тәтпіштей талдаған екен. «Ұран» күйі Байсерке творчествосының биік шыңы деуге болады, – деп жазды ол. – Ол мұны өткен ғасырдың аяғында, Россия империясында бостандыққа қол созғандардың оянып, өз ән, күйлерінде самодержавияға наразылықтарын  білдіріп жатқан кезінде  шығарған. Бұл күй халық арасында тез тарап кетеді. Жетісуда алғаш орындалғанына аз уақыт өтсе де көрші отырған  қырғыз халқының  музыканттарына жетті. Олар да өздерінің үш  ішекті комуздарына салып, үйреніп алды».

Ал жазушы Марал Ысқақбай болса, бұл күйдің  идеялық  мазмұнын бүгінгі  талап тұрғысынан былайша түсіндіреді: «Патша өкіметінің   Қазақстанның бүкіл түстік өлкесін отарлау саясаты Байсеркенің бозбала шағына дөп келгені белгілі. Қордай елінің ең шұрайлы,ешқандай құрғақшылық  қаупі төнбейтін, тау баурайындағы нулы, сулы жеріне  жаппай орыс мұжықтары қоныстанып, Өтеген батырдың үрім-бұтағының ата жұрты саналатын Қарасу өзені  бойында «Черная речка», Шудың  «Жайылма» аталатын жазығында «Георгиевка», төменгі ағысында «Успеновка»,  Сұлутөрдің  жәннаттай сұлу  баурайында «Красногорка», «Архангельское», «Маханковка», «Горно-Никольское» т.б. секілді орыс селолары пайда болған. Қазақтар кіл таулы-тасты, сай-жыралы өңірлерге немесе шөлейт  түзге ысырылған. Кейіннен аралас-құралас тіршілік кешіп, жақындаса түскенмен де, ата қоныстарынан көрнеу көзге айырылған жергілікті  жұрттың қаны ішіне  қатып қалғаны айтпай-ақ  түсінікті  ғой. Осының  бәрі Байсеркенің  жүрегіне жүк түсірмеуі  мүмкін емес еді. Орыс ауылдарына қатынап, тіпті балалайкасын қызықтай шертіп, ырғағы бөтендеу музыкасын үйрене  жүргенмен, Байсерке бәрібір отарлаушылар саясатының  зардабына көндіге алмаса керек-ті. Жасар өзге  қайраны  жоқ композитор ішін өртеген запыранды домбыра  тілімен  жеткізген ғой айналасына. Қара домбыраның шанағын дабылдата  шертіп, қиянат қияметінен құтылудың  жөнін  нұсқауға  тырысқан… (М.Ысқақбай, «Асу-асу бел Қордай»).

«Ұран»  күйін оркестрге түсірген  композитор Д.Ботбаевтың да бірді-екілі пікірін келтіре кетейік: «Ұран» күйі – жүктелген міндетіне сай мажорлық ладта өрнектелген  жігерлі  шығарма. Оптимистік ырғағы  халықты  бірлікке  шақырып тұрғандай. Атойлаған  үш тактілі кіріспеден кейін «қауіп-қатер» тақырыбы домбыраның үстіңгі шегіне өтеді. Іле-шала оған қарама-қайшы тақырып – халыққа үндеу тастайтын «Ұран» тақырыбы шалқи  жөнеледі. Күйдің екі тақырыбы домбыраның астыңғы, үстіңгі  шектеріне алма-кезек ауысып, қақтығыса дамиды. Сондықтан күй сазы мәнерлі де әсерлі», – дейді сазгер.

Биыл Байсерке Қылышұлының  туғанына 180 жыл толады. Күйші 1906 жылы 65 жасында өмірден озып, Майбұлақ жағасындағы ескі зиратқа жерленген екен. Оның  Қалипа, Қалыш деген екі қызы, Әбдіраман есімді ұлы болған. Бірақ ұлы жігіт болып қалғанда өлсе керек. Баласы дүние салғанда егіліп отырып «Солқылдақ» күйін тартқан екен. Ал әлгі  қыздарынан ұрпақтары бар. Осыдан  жиырма  жыл бұрын Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің концерт залында өткен  күйшінің 160 жылдығына, Марал Ысқақбай ағамыздың іздетіп арнайы алдыруымен Ауқатты ауылында тұратын Байсеркенің бір қызынан қалған әлде немересі, әлде  шөбересі болып келетін бір қарт апай қатысып, риза болып қайтқан екен. Сол кеште атақты оркестрдің репертуарындағы  Байсеркенің 15 күйінің 12-сі орындалған. Оркестрдің бас дирижері  оларды Қазақ радиосының алтын қорына жаздырған.

Бір әттеген-айы – әлі күнге дейін  туған жерінде күйшінің  есімі берілген не бір көше, не бір өнер мектебі жоқ, ескерткіші де орнатылмаған. Өтеген ауылында тұратын Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев ақсақалдың айтуынша, кезінде ауылдың қазір «Жастар» аталатын көшесіне Байсерке есімі берілмек болған. Бірақ іс жалғасын таппай, жоғары жаққа құжаттары жеткізілмей қалған. Биыл осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Байсерке туралы қомақты зерттеу еңбек жазған жазушы Марал Ысқақбай  күйшінің суретін де жасатып қордайлықтарға  тарту еткен  болатын.  Кезінде Өтеген батырдың айшықты суретін салған қылқалам шебері Мұратбек Нұрлыбаевтың  қаламынан туған сол туынды (суретте) аудандық мұражайға  қойылды.  Енді осы бейнені негізге ала отырып, ескерткішін  жасатса болар еді.

– Аудандық  мәдениет үйінің алдында Өтеген батырдың ат үстіндегі асқақ ескерткіші тұр. Сол маңайдан  батырдың атақты ұрпақтары Тілеміс  шешен мен Байсерке күйшіге де  ескерткіш  бюсті  қойылса жарасым табар еді, – дейді ата тарих пен шежіреге жүйрік, үнемі жақсы істерге жанашыр болып жүретін қордайлық  Шернияз Жылқыбеков ағамыз.  Нағыз қолдауға тұратын  ұсыныс.

 

Құрманбек  Әлімжан,

Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі.

 Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support