- Advertisement -

«Қазақпыз ғой» деген сөзді айтып, қамсыз жүрмейік

48

- Advertisement -

Таңалагеуімнен ерте тұрып, қас қарайғанша бір тыным таппайтын ауыл жұрты бастапқыда коронавирус індеті өздерін айналып өтетіндей-ақ еш алаңсыз жүргені, рас. Тіршіліктің қарбалас күйкі тірлігі ауруды ойлап жатуға мүмкіндігі де жоқ адам таза ауада ертелі-кеш тер төгіп еңбек етіп жатса, иммунитет дегеннің өзі сол емес пе, дейтінмін іштей. Әрі бұрын спортпен шұғылданғаным бар, қай вирус келсе де, жұқпайтындай қамсызбын. Алайда сақтанбағаным өзіме сабақ болды.

Жаратқанның қолдауы шығар, жасым жетпіске таяса да былтыр жүрегіме ота жасатқанға дейін аурухана есігін ашып көрмеген мен үшін дене қызуымның түспей қойғаны, бас ауыру, әлсіздік және үздіксіз жөтелдің күшейе түскені – расында қатты абыржытатындай жағдай еді. Ауруға бой бермеймін деп жүріп, екі аптадай уақыт оздырып алдым. Содан соң амалсыз, медициналық тексеруден өту үшін көрші Меркі ауданындағы медициналық мекемеге бардым. Өкпемді компютерлік томографияға түсіріп, өкпемнің 32 пайызы зақымданғанын білгенде, осы көрсеткіш бойынша шақырылған аудандық жедел жәрдемдегі медицина қызметкерлерінің хаттамаға сәйкес, бастан-аяқ тұтас аппақ бүркемеленіп киініп келгенін көргенде ғана індет жұқтырғанымды түсіндім.

Сөйтіп, Жедел жәрдемнің дәрігері Салтанаттың сүйемелдеуімен алдағы өткен мамыр айында Т.Рысқұлов аудандық аурухананың «Жұқпалы аурулар бөлімшесінен» бірақ шықтым. Сонда ғана ақ халатты абзал жандардың бір жылдан астам уақыт бойы көзге «көрінбейтін жау»  коронавируспен күресіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халықтың денсаулығы үшін тәж тажалмен арпалысып жатқанына көзім жетті.

«Түсі жылыдан түңілме» деген бабалар өсиеті осындай сәттерге қарай айтылған секілді. Өзі бұрын естіп-білмеген коронавирус жұқтырдың деген диагноздан үрейленіп, есі шыққан аудан тұрғындарына аурухана қызметкерлері барынша жылы сөйлеп, сенім мен үмітін сөндірмей күш-жігер беретініне риза болдым. Олар әрбір науқасқа жіті көңіл бөліп, ем-домды талапқа сай мерзімінде қолданып, күні-түні бірін-бірі алмастырып, бір сәтте бізді қараусыз қалдырмағанын атап өтпеу мүмкін емес.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, жоғары санатты дәрігер Айнұр Айсұлтанованың тағайындауы мен бақылауы бойынша адам ағзасын қалыпқа келтіріп, иммунитетін көтеретін дәруменге толы дәрі-дәрмекті бірінен соң бірін алып жаттық. Аспазшылардың  да түрлі ас мәзірін дайындап, шын ниеттерімен әзірлеген тағамдары науқастардың көңілінен шығып жатты.

Шыны керек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүгінгі әлемді шарлаған індетті тоқтатудың жалғыз жолы екпе жасату екенін айтса да мән бермей келдік. Оның үстіне осы індетке қарсы екпенің 18 жасқа толмаған балалармен 65 жастан асқан қарттарға салу ұсынылмайтынын газет бетінен көзім шалып қалған. Содан кейін қамсыз жүргенмін. Әйтсе де, індет жұқтырып, ауруханаға түскен соң, жақындарымның денсаулығы үшін өзімнің үлкен жауапкершілік арқалап жүргенімді түсіндім. Айналамдағыларды жұқпалы аурудан сақтау – менің міндетім. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өңірімізде өндірілген отандық вакцинаны салдыртқанын теледидардан көрдім. Көрдім де ойландым. Өзім жылқы мінезді шыдамсыз жанның бірімін. Бүгін жасауға болатын нәрсені ертенге қалдырғанды жаным жек көреді. Осылайша екпе салғызу туралы шешім қабылдадым.

Ойлансақ, «Қазақпыз ғой» деген сөзді «жалқаулық пен жауапсыздығымызға» келгенде ғана қолданады екенбіз. Ал оны мақтан тұтар – еңбекқорлығымыздың, жауапкершілігіміздің жоғары екенін байқататын тұста, сабырлылығымызды, төзімділігімізді, сауаттылығымызды көрсететін сәтте айтсақ абырой емес пе?!

Өз көзіммен көріп, қолыммен ұстаған мен үшін, ақ халатты абзал жандар, көзге көрінбейтін жаумен мылтықсыз майданда шайқасып, біздердің амандығымыз үшін күресіп жатқанына куә болғанымда, осы бүгінгі күннің майдангерлерін сауатты басқарып, ұйымдастырып отырған аудандық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиевке және аурухананың барлық қызметкерлеріне шын ниетіммен рахметімді айтып, бүгінгі ел басына күн туған шақтағы адал еңбектеріне табыс тілеу, адамдық парызым деп ойлаймын.

 

 Мұратхан Ысты,

Т.Рысқұлов ауданының Құрметті ардагері,

аудандық қоғамдық кеңестің және

Nur Otan партиясының аудандық филиалы

партиялық бақылау комитетінің мүшесі.                                  

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support