Арық үстінен салынып кеткен нысандар әлі күнге бұзылмаған. Неге?

8

Тараз қаласының суландыру жүйесін қалпына келтіру былтыр қолға алынған еді. Содан бері атқарылған жұмыстың барысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте тағы қайтара қаралды.

– Өткен жылдың қыркүйек айында Тараз қаласының ирригациялық жүйелері мен су тоғандарын қалпына келтіру үшін жұмыс тобын құрдық. Топқа прокуратура мен құқық қорғау, төтенше жағдайлар мен басқа да жауапты мекеме қызметкерлерін қостық. Бірақ бүгінге дейін берілген тапсырма орындалмай тұр. Арық  жүйесінің үстіне орнатылған нысандармен жұмыс та жүргізілмеген. Біз арықты тазалап, халыққа биыл көшедегі ирригациялық жүйелерге су береміз деп уәде еттік. Сол үшін 600 миллион теңге қаржы да бөлінді. Қанша қаржы бөлсек те, көшелерге су беру жұмысы нашар, – деді облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

Тақырып аясында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы бөлінген 150 миллион теңгеге «Тараз-Ирригация» ЖШС канал арналары мен арық жүйелерін тазалапты. Сондай-ақ жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында «Тайвань» алқабын құрғату» дренаж каналы, «Шалғай Қарасу» шағын ауданындағы «Үшбұлақ» каналының 800 метр арнасы, Шостакович пен Тәуке хан көшесі аралығындағы «Қарасу-2» каналы механикалық тазалаудан өткізілген.

Бұдан бөлек 58,2 миллион теңгеге Айша бибі және Тәуке хан, 77,6 миллион теңгеге «Үшбұлақ» каналы мен «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының маңындағы дренаж каналының арналарына тазарту жұмыстары жүргізілген. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 19 көшенің 21 километрден астам бөлігінің бетон науасы ауыстырылған. Жалпы осы және басқа да жұмыстарға барлығы 276 миллион теңге жұмсалған. Ал алдағы уақытта Тараз қаласындағы 6 каналды тазалау үшін 329 миллион теңге керек екен. Сондай-ақ басқарма басшысы су науаларының жоқтығынан жаңа салынған шағын аудандарға су жеткізу әзірге мүмкін еместігін де айтып қалды. Жалпы басқарма басшысы топтың жұмысына байланысты «бардық, көрдік, аралап қайттық» дегеннен аса алмады.

– Осы жауапты сіздің аузыңыздан осымен 4-5-ші рет естіп отырмын. «Бардық, көрдік», бар жауап осы. Ал каналдар, арықтар тазаланса неге су жүрмейді сол науалармен? Егер топ жұмыс істемейтін болса оны не үшін құрдық? Бүгінге дейін қанша ирригация жүйелерінің үстіне салынған заңсыз құрылыстарды бұзу туралы ескерту берілді? – деп Бердібек Машбекұлы басқарма басшысын сұрақтың астына алды.

Бүгінге дейін арық-атыздың үстіне заңсыз құрылыс салған 360 тұлғаға ескерту бергенін айтқан басқарма басшысы облыс әкімінің қойған сұрақтарына жауап бере алмады.

– Бүгінге дейін бірде-бір заңсыз құрылыс бұзылмаған. Билік өкілдері ескерту бергенімен, оның да нәтижесі жоқ. Биліктің беделі өз дегенін орындата алмаудан түседі. Осыған қарап, басқарма басшысының, ол басқарып отырған жұмыс тобының жұмысы өте нашар екенін көріп отырмыз, – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев хабарлама жасады. Ол Тараз қаласындағы су тоғандары мен каналдардың, көшелердегі су науаларының қазіргі жайын тарата баяндап берді. Ержан Жұматұлы  қала аумағындағы канал арналары мен су берілетін арық жүйелеріне зерделеу жүргізіп, қазіргі таңда 33 көшеге су берілгенін айтты. Бұдан бөлек, 36 көшеге су жеткізуді көздеп отыр екен. Оның 23-іне су беру мүмкіндігі бар, оған қаржы бөлінсе болғаны. Ал 13-іне су жеткізу мүмкін емес дейді қала әкімі. Өйткені арық жүйесінің үстіне ғимараттар басқа да нысандар салынып кеткен. Ескертуден кейін екі ғана ғимарат бұзылыпты.

Жиын қорытындысында Бердібек Машбекұлы «Жұмысты жүргізу үшін бір сұрақты бес рет қарау мақсат па? Топ жұмысын жүргізе алмаған басқарма басшысы жауапсыз қалмайды. Ең бастысы, елге сөз бердік пе, соны орындауға тиіспіз. Ал суландыру жүйесінің үстіне заңсыз құрылыс салып иемденіп алған кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды сотқа беріп, ирригация жүйелерін қалпына келтіруге тиіспіз», – дей келіп, бұл жұмысты жандандыруды, бақылауды орынбасарлары мен басқарма басшыларына, қала әкіміне тапсырып, нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.