«Жасырын жұмыссыздықпен» күресудің жолы қайсы?

47

Жұмыссыздықпен күрес – әлемнің барлық елінде кездесетін өзекті проблема. Тіпті дамушы елдердің өзінде еңбекші мигранттар мәселесі туындап жататыны сондықтан. Табыс көзін іздеп, нәпақа табу үшін шетел асып жататындар туралы бөлек әңгіме. Негізгі қозғайтын түйткіл – әлеуметтік жағдайды оңалтуға азаматтардың әуелі өзінің мүдделі болмайтыны.

Жасыратыны жоқ елімізде жұмыссыз ретінде тіркелмеген азаматтар көп. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатындағылардың да ырысы артып, табысы тасып жатқаны шамалы. Сөйте тұра көпшілігі жұмыспен қамту орталықтарына барып тіркеліп, мемлекеттік бағдарламалар беретін мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтыла бермейді. Мұндай жағдайлар әлемнің көптеген елінде бар. Ол «Жасырын жұмыссыздық» деген атау алған. Шетелде оның өзін бірнеше түрге бөліп қарастырады. Олар  фрикциялық, құрылымдық, циклдік, маусымдық және ерікті жұмыссыздық деп аталады. Осылардың ішінде біздің елімізге қазіргі күні құрылымдық жұмыссыздық түрі тән.

Жұмыссыздықтың құрылымдық түрі көп жағдайда технологиялардың өзгеруі мен дамуына байланысты. Нақтырақ айтсақ, жаңа технологиялардың тілін үйреніп, меңгермеген маманға деген сұраныстың төмендеуі. Мұндай жағдайларда оның орнын әмбебап кадрлар басып, бұрынғылары амалсыз орнын босатуға тура келетін кездер де көп. Осындай түйткілдердің шешімі елімізде қабылданған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған.

Бағдарламаның бірінші бағытындағы қысқа мерзімді кәсіби оқумен қамтамасыз ету  – елдегі құрылымдық жұмыссыздық мәселесін реттеудің бірден-бір жолы екенін айта кеткен жөн. Рас, жұмыспен қамтудың нәтижелі жолын іздеген «Еңбек» жобасының осы мүмкіндігін 4 жылда тиімді пайдаланғандар анау айтқандай көп болған жоқ. Әйтсе де аудандардағы арнайы орталықтардың мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, осы бағытта жұмысшыларды қайта даярлау курстарына жіберіп отырды.

Қордай ауданында 50 азаматты қысқа  мерзімді кәсіптік оқытуға облыстық бюджеттен 11267,0 мың теңге қаражат бөлінді. Атап айтатыны, осы 50 жолдама да түгелдей осы аудандағы ең қат саналатын омарташы мамандарын дайындауға бағытталып отыр.  6 мамырдан бері 50 өтінім беруші «Интенсив білім» ЖШС өткізетін қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқып жатыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры С.Көпешовтың айтуынша, бағдарламаның екінші бағыты бойынша биыл «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 400 азаматты оқыту жоспарланыпты. Бүгінге дейін 427 өтінім беруші жолдама алған. 1 лекте  98 азамат оқуын аяқтап, сертификаттарын алып үлгерген. «Қазір 2 лекте онлайн форматта 100 азамат оқып жатыр, қалған азаматтар кестеге сәйкес 3,4,5 лекпен оқитын болады», — дейді орталық басшысы.

Жұмыспен қамтудың нәтижелі етуді көздейтін бағдарламаның ерекшелігі сол – әр бағыты бір мүмкіндікке жол ашатындығы. Мысалы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курстан өткен азаматтарға шағын несие алуға өтінім бере алады. Қордай ауданында ауылдық елді мекендерде микрокредиттер беру арқылы кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға  осы жылы 73 азаматқа 323200,0 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлініпті. Оның  233200,0 мың теңгесі «Қордай» несие серіктестігі, 90000,0  мың теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай колдау қоры» АҚ арқылы беріледі.  

Қазірдің өзінде 40 қордайлық 154321,0 мың теңге кредит алып, өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алып отыр. Оның 37-сі «Ауыл шаруашылық қолдау қоры» арқылы 138321,0 мың теңге алған. Осылайша 26 азамат  өз ісін ашуға 93768,0 мың теңге қаржылай қолдау тапты. Ал 11 адам жалпы 44553,0 мың теңге алып, кәсібін әрі қарай кеңейтуге мүмкіндік алып отыр.  «Кордай» несие серіктестігі арқылы несие алған 3 азаматқа жалпы сомма 16000,0 мың теңге берілген.

           – Реинвестирование бойынша «Ауыл шаруашылық қолдау қоры» арқылы 8 азамат 33500,0 мың теңге алды. Сондай-ақ орталықтан 71 азаматқа жолдама бердік. Оның үшеуі «Қордай» несие серіктестігі , 68-і «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржылай қолдау тауып, өз ісін бастамақшы. Соның 37-сі несиені рәсімдеп те қойды. 6-ауы тіркеуден өтіп, 18200,0 мың теңге кредитке келісім алған. Тағы төртеуі тіркеуден өтіп, кредиттік комитеттің шешімін күтуде .

           Негізі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға ауданда 300 азаматқа жалпы соммасы  175020,0 мың теңге қаражат бөлінген. Бүгінге дейін 300 тұрғын мемлекеттік грант алып, жалпы соммасы 175020,0 мың теңге қаражат игерілді. Оның 45-і көпбалалы отбасылар санатында, 33-і аз қамтылған, әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер, 151-і  29 жас аралығындағы жастар,75-і  жұмыссыз,10-ы мүмкіндігі шектеулі жандар, — дейді С.Көпешов.

           Ауданда  халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жұмыспен қамтамасыз ету  бойынша ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтуға жергілікті бюджеттен 975 адамға  754505,0 мың теңге қарастырылып, 1135 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 249 730,0 мың теңге қаражат игеріліпті.

Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағытында да тиісті жұмыстар жалғасын табуда. Жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аудару тақырыбында аудан тұрғындары  арасына насихаттау жұмыстарын жүргізілуде. Бүгінгі күнге солтүстік өңірлерге  қоныс аударуға ниет білдірген  отбасылардың ішінен 6 отбасы (20 адам) қоныс аударыпты.

 

Ардақ Үсейінова,

Қордай ауданы. 

Comments are closed.