Саясат

Ел тарихындағы ерекше мереке

Ел тарихындағы ерекше мереке

Тәуелсіздік жылдарында еліміз экономикалық қиындықтарды еңсеріп қана қоймай,  дамудың дара жолымен асқаралы асуларды бағындырды. Аз ғана мерзімде аяғынан нық тұрған мемлекеттің өсіп-өркендеуіне  мәслихаттардың да қосқан үлесі орасан. Халық билігінің негізгі үлгісі ретінде қалыптасқан мәслихаттарға биыл  20 жыл толды. Осынау айтулы мерекеге орай  кеше облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті.  Мерекелік басқосу Мемлекеттік Әнұранмен ашылып, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов  баяндама жасады. Онда Бағлан Жиенәліұлы жергілікті мәслихаттардың өткені мен бүгіні туралы кеңінен ой қозғады. Өкілді органның ел дамуындағы елеулі еңбегіне, қоғамды демократияландырудағы рөліне тоқталды.  26

– Біздің тәуелсіз еліміздегі алғашқы мәслихат сайлауы  1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихаттар органдары өмірге келді. Өзінің қалыптасқан 20 жылы ішінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихаттағы депутаттар корпусы  қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарға белсене араласуда, – деді облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов.  Бағлан Жиенәліұлы сөзінің соңында  әріптестерін айтулы мерекемен құттықтап, облыстық, аудандық мәслихаттардың бірқатар депутаттарына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің Құрмет грамоталарын, Алғыс хаттарын табыс етті. Салтанатты жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев  құттықтау сөз сөйледі. – Құрметті депутаттар! Қадірменді көпшілік!   Баршаңызды ел тарихындағы ерекше мереке – Қазақстан мәслихаттарының 20   жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Осы жылдар ішінде Елбасы Нұрсұлтан   Назарбаев көрегендігінің арқасында еліміз дәулетіне сәулеті сай, әлем таныған алпауыт мемлекетке айналды. Біздің әлеуметтік дамуымыз да, саяси жаңғыруымыз да табысты болды. Біз дүниедегі дағдарыс тұсында инновация мен индустрияландыру жолына түстік. Біз ортақ үйімізде татулық пен келісімді сақтай білдік. Мұның барлығында ел тәуелсіздігімен  бірге есейіп, халықтың қалауын білдіріп келе жатқан  Қазақстан мәслихаттарының сүбелі үлесі бар. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары Мемлекет басшысының саясатына ашық қолдау көрсетіп, мемлекеттің даму қарқынын қарапайым халыққа жеткізуде аянбай еңбек етті. Екі онжылдық белесінде депутаттар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Облыс басшысы сонымен қатар әр шақырылымда қызмет атқарған облыстық  мәслихат хатшылары мен депутаттарының есімдерін құрметпен атады. Барша депутаттарға  мерекелік ізгі тілегін жеткізді. Марапаттау рәсімінде Кәрім Нәсбекұлы облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовқа Парламент Сенатының Құрмет грамотасы мен  «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының «Белсенді қызметші» медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Өз кезегінде облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов Кәрім Нәсбекұлының кеудесіне «ҚР мәслихаттарына – 20 жыл» медалін тақты. Бұл күні облыс басшысының қолынан марапат алған депутаттар аз болған жоқ. Кәрім Нәсбекұлы  сондай-ақ халық қалаулыларының қалауымен Сенат сайлауында жеңіске жеткен өзінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаевты сахна төріне шақырып, көпшіліктің атынан құттықтау лебізін білдірді. Мерекелік басқосуда облыстық мәслихаттың бірінші және екінші шақырылымдарының хатшысы қызметін атқарған Щорс Шарафутдинов, Шу аудандық мәслихатының бес шақырылымында да депутат болып сайланған Владимир Люткин сөз алып, естеліктерімен, ақ тілектерімен бөлісті. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол»

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.