- Advertisement -

«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін»

230

- Advertisement -

«Ей, безілдектер, Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…»

Көзі тірісінде-ақ осылай болжаған әулие ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар легі еліміздің әр қиырында ілкі сәтке де тоқтамай, ұйымдастырылып жатыр. Иә, өзі айтқандай жиырма бірінші ғасырда.

«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар — бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім»,-деп тебіренген ақынның мерейтойына арналған «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты поэтикалық-сазды кешке ақынның ұрпағы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова арнайы келіп қатысты. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек те ат басын бұрды.

«Мен — таулықпын!
Таудан мен жаратылғам.
Тау деген Ана туған дара тұлғам…
…Тауға барып
Көкке ұшып кетсем бе екен
Ұстап алып қыранның қанатынан». Поэтикалық-сазды кеш дәл осы өлеңмен ашылды. Экранға көз тіккен жұртшылық Алатаудың көздің жауын алатын пейзажына сүйсіне қарап отырып, ақын өлеңіндегі теңеуден психологиялық паралель іздегені ақиқат. Өйткені Алатау да асқақ, ақын да асқақ…

Бұдан кейін «Әншілер» тобы шарықтата шырқаған «Құмған алған» әні де тыңдармандарды бейжай қалдырған жоқ. «Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді», «Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар» шығармалары монолог тілінде жеткізілгені де көпшіліктің көңілінен шыққаны сөзсіз. «Әншілер» тобы нақышына келтіріп орындаған «Атамекен» әні де жүректерді тербегені сөзсіз.

Бұл поэтикалық-сазды кеште Аспантаудың алдаспаны атанған ғасыр ақынының бірнеше ғажап өлеңдері оқылды. Баласағұн атындағы орталық концерт залға жиналған аздаған көрермен дарабоз ақынның өлеңдерін театр актерлерімен бірге қосылып оқып отырғанының өзі Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін айғақтай түсетіндей. Әсіресе Әсет Иманғалиев оқыған «Мен жолымды берейін, өт қарағым» өлеңін тыңдаған қауым айрықша бір сезімге бөленгені ақиқат. Бұл кешке қазақтың үні бөлек ғажап әншісі, серілердің соңғы тұяғындай болған Рамазан Стамғазиев арнайы келіп, ақынның сөзіне жазылған «Иіскейін» әнін жоғары деңгейде орындап, елдің ыстық ықыласына бөленгенін де айта кеткен ләзім.

Жұртшылықтың күткені де ақынның өз даусы еді. Радиодан, телеарналардан естіп жүргенімен, ақиық ақынның өзіне ғана тән бөлек үні, интонациясы, поэзияны сезінуі әдебиетке жаны құмар жандарды еш жалықтырған емес. Сахнадан «Пай, пай, өмір» бастаған өзге де өлеңдері өз даусымен елдің назарына ұсынылған кезде көрермен қауым айрықша ықыласпен тыңдап, қошеметтерін аямады. Назым мен Құрмаш дуэті орындаған «Аңса жаным» әнінің ырғағына қосылғандардың жанарынан әлдебір сағынышты аңғарғандай болдық. Мұнан кейін сахнаға шыққан актерлік құрам қойылым негізінде Мұқағали Мақатаевтың махаббат тақырыбындағы бірнеше өлеңін мәнерлер оқып, елдің рахметін алды. «Қоңыр» тобы бебеулете шырқаған «Бала ғашық» әні де көпшілікті тебіренткені сөзсіз деп білеміз.

Достың бойындағы түрлі характерлер жиынтығын алдыңызға әкеп жайып салатын «Аңғал-досым-ай» өлеңінің ән боп тарағанына да біраз уақыт өткені мәлім. Бұл ғажап туындыны жамбылдықтар кезінде «Дүнген қызы» әнімен елдің сүйіспеншілігіне бөленген белгілі әнші Ғани Мәтебаевтың орындауында жылы қабылдағаны да мәлім.

«Аңғал досым-ай,
He дейін саған, не дейін.
Көрінеді ішің,
Ашылса болды көмейің,
Жақсы да сені демейін,
Жаман да сені демейін,
Қасымда жүрші әрқашан сені көрейін»,-деп басталатын шығарманы Ғани әдемі даусымен де, сахнадағы қимылымен де халықтың көңіл-көзіне құйып-ақ берді.

«Кей-кейде мына өтірік күлген көзіңнен,
Сұмдық бір жаттық сезінем.
Безінем онда өзіңнен,
Өзіңе деген

Достығымнан да безінем»,-деген жолдарды әнші Ғани қимыл қозғалысы арқылы да, даусымен де ерекше бір ирониямен жеткізгені айқын аңғарылып тұрды. Ол ең бастысы әнді де, мәтінді де жан жүрегімен сезінгені сөзсіз.

Сахнаға шыққан актерлық құрамның «Әке» өлеңін мәнерлеп оқып бергені де жарасымды шыққанын айта кеткен жөн. Мұнан соң осы тақырыптағы әнді өзіне ғана тән ерекшелігімен жұрттың жанын тебірентіп орындаған Әбиірбек Тінәлиевтің өнеріне тәнті болғандар да қошеметін еш аяған жоқ. Әбиірбек әннің бүкіл ішкі табиғатын даусымен түрлендіріп, көрермендерді өз әлеміне жетектеп әкеткені рас. Содан да болар оның орындауы елді елең еткізді.

Бұдан кейін ақын мен медбике арасындағы диалогпен өрілетін «Бүгін менің туған күнім» атты сахналық көрініс те ойдағыдай шықты. Әлбетте, тақырыпқа және сахна төріне мейірбике образында киінген актрисаның шығуына қарап әуелде біз ақынның:

«…Жоқ!
Дәрігер!
Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?»,-деп келетін, шығармашылық адамының тағдырынан трагедиялық сипат беретін шығарма диалог арасында қолданылатын шығар деп топшылағанбыз. Олай емес екен. Әйтсе де, бұл диалогқа құрылған көріністен ақынның жүрегін қажытқан, көкірегін шерге толтырған жағдаяттар айқын аңғарылып тұрды. Медбике ұсынған дәріні ішуден бас тартып: «Бұны ішудей-ақ іштім ғой, суыңды ішейін, дәріңді қоя тұршы»,-деуін әркім әрқалай түсінер. Бір анығы, мұнда да өкініштің табы сезіледі. Жүректі шоқтай қаритыны да сол ғой. Әйтпесе, ақтүтек, ақ боран ақпанда, туған күнін мейірбикеден білгісі келді дейсің бе, ақын?! Әрине, бұл жәй ғана сахналық көрініс… Әйткенмен, тереңіне бойлаған жөн-ау…

…Тойланбаса тойланбасын,
He етейін.
Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін…

Бүгін оның мерейтойы жер-жерде тойланып жатыр. Өзі де, сөзі де жұрттың аузында. Осыдан ақ Мұқағалидің шын мәнінде де жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасы, сырласы болғанын бағамдау қиын емес шығар…

«Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың…

Тұнжырап тұрған орманға,
Тұнжырап жалғыз барғанда.
Мен бар деп мына жалғанда,
Жоқ деген сөзге алданба.
Есіңе мені алғайсың!

Жапырақ жанып жатқанда,
Күз келген күрең шақтарда,
Ағаштар мұңға батқанда
Есіңе мені алғайсың!

Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!

Ақын шығармаларының бір парасы насихатталған поэтикалық-сазды кеш Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен түйінделді. Жүрек қылын шертетін шығарманы залға келгендер қосыла шырқап, әлдебір ностальгиялық сезімнің жетегінде кеткендей болды.

Ақиық ақын көзі тірісінде «Есіңе мені алғайсың» деді ғой. Ал біз бұл іс-шарада жұрт алдаспан ақынды есіне алған былай тұрсын, есінен шығармайтынын да айқын сезіндік. Әлбетте, елімізде қалыптасқан бүгінгі жағдайға байланысты Баласағұн орталық концерт залына халық көп келе алмайтыны белгілі. Әйтсе де, мұзбалақ ақынның рухын көкке көтерген кешті көпшілік әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерден көргеніне еш күмәніміз жоқ.

Іс-шара соңында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек көпшілікпен бірге «Алаш жырының ақиығы – мұзбалақ Мұқағали» тақырыбында қойылған жылжымалы көрмені тамашалады.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support