Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу әрбір азаматтың қасиетті борышы

104

4 — маусым Мемлекеттік Рәміздер күніне орай өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 мекемесінде «Рәміздерді қастерлейік» атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды.

Мекеменің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысын жүргізу бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған шараның мақсаты — ҚР Мемлекеттік рәміздерін жан-жакты түсіндіру арқылы адамдардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілікке баулу, ҚР Мемлекеттік рәміздеріне зор құрмет, шынайы сезім, ұлттық рух тұрғысында қарауға дағдыландыру.

Мемлекеттік Әнұранды орындаумен бастау алған шара барысында қатаң режимдегі түзеу мекемесіндегі сотталған азаматтарға алдымен мемлекеттік рәміздердің тарихы және авторлары жайында толыққанды мәлімет берілді. Бұдан кейін, байқаудың тәртібіне сәйкес, қатысушылар Мемлекеттік Рәміздер туралы шығарма жазуға кірісті.

Жалпы, Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады, — деген ұйымдастырушылар мұндай іс-шараның кеңінен өткізілуі — жазалы жандарды ең әуелі халқымызға қастерлі дүниелерді құрметтеуге баулыса, екіншіден олардың түзелу жолына түсуіне ықпал етеді дейді.

Ал, байқаудың қорытындысы бойынша үздік шығарманың авторларын мекеме басшылығы арнайы марапаттады.

Әбдуғани Құдайқұлов,
ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысын жүргізу бөлімінің бастығы әділет капитаны.

Comments are closed.