- Advertisement -

Алыстаған арман Батыр Жүкембаев маңызды кездесуде жеңіліп қалды

83

- Advertisement -

Шу ауданының тумасы, жерлесіміз Батыр Жүкембаев өзінің кәсіби мансабындағы ең маңызды кездесуін өткізді. Пуэрто-риколық Сабриэль Матиасқа қарсы алғаш рет АҚШ рингінде шаршы алаңға көтерілген жерлесіміз IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласуға бір табан жақындататын шайқаста қарсыласынан айласын асыра алмады. Әрине, орны толмас өкініш. 

Батыр жекпе-жекке шыққан беттен-ақ спортшылардың сөзімен айтсақ, «жанып» кеткендей болды. Қарсыласын ұрып құлатуға ниеттенді. Алғашқы екі раундта ойдағыдай жұдырықтасқанымен, әрмен қарай Матиастың мықтылығы байқала бастады. Ол Батырдың ауыр соққыларын көтере біліп қана қоймай, өзінің бойы мен қолының ұзындығын ұтымды пайдаланып, жойқын соққыларын дарыта түсті. Нәтижесінде ол Батырды төртінші үш минуттықта бір мәрте нокдаунға жіберіп алды. Бұдан кейінгі раундтарда ол Батырдың бір соққысына екі-үш мығым соққымен жауап беріп, Жүкембаевты бұрыштан-бұрышқа тығумен айналысты. Кездесудің сегізінші раунды аяқталған соң Батырдың бапкерлері шайқастан бас тартты. Бұл өте дұрыс шешім еді. Өйткені Жүкембаевқа дейін өткізген 17 кездесуінің 16-сында жеңіс тойын тойлап, он алты қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан Сабриэльдің сойқан соққылары Жүкембаевтың денсаулығына зиян тигізуі әбден мүмкін болатын.

Иә, IBF ұйымдастырған «төрттік» турнирінде Батыр осылайша сәтсіздікке ұшырады. Ол бұл деңгейге жету үшін талмай тер төгіп еді. Жақын тұрған арман алыстай түсті. Матиасты жеңіп, тағы бір кездесуде қарсыласынан айласын асырғанда әлем чемпионы атағына таласар еді ғой. Амал нешік… Бірақ Батырдың бойында батырға тән қайсарлық бар. Ол қайта оралып, өзін дәлелдеуге тырысады дегенге сенгіміз келеді. Өйткені IBF-тен басқа да тұжырымдар бар ғой. Бәлкім өзге ұйымдардың рейтингінде үздіктер қатарынан көрініп, әлем чемпионы атағына таласуға талпынатын шығар. Ең бастысы, Батыр бұл кездесуден сабақ шығарса дейміз.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support