- Advertisement -

«Әкім болуды армандадыңыз ба?»

87

- Advertisement -

Тараз қаласының әкімі қала мектептерінің үздік түлектерімен кездесті. Бейресми сипаттағы басқосу Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта, таза ауада өтті.

Балалар қала әкіміне өздерінің жетістіктері, болашаққа құрған жоспарлары туралы айтып, өңірдің және жалпы елдің дамуына қатысты идеяларымен бөлісті. Мәселен, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның түлегі, көптеген республикалық, халықаралық зияткерлік конкурстар мен олимпиадалардың жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан-Британ техникалық университеті бизнес-мектебінің толық грантының иегері Аружан Жарқынова Қазақстанның зияткерлік жастары мемлекет тарапынан үлкен қолдау табады деп санайды.

– Бұл сөзіме «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясы жарқын мысал бола алады. Түлектер шетелде алған білімдерін туған елінің түлеуіне жұмсай алады, халқының игілігі үшін жұмыс істеуіне мүмкіндіктері бар. Алайда жастарымыздың басқа елдерде оқығаннан кейін, көбінесе сол жерде қалғысы келеді. Осыған байланысты менің сұрағым бар. Ержан Жұматұлы, сіз әлемнің және Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында білім алған облысымыздың жастарын туған қаласына оралып, оның дамуы үшін жұмыс істеуі үшін қалай ынталандырар едіңіз? – деді Аружан.

Е.Жылқыбаев «Болашақ» стипендиясы қалалардан да, ауылдардан да келген талапкерлерге шын мәнінде үлкен мүмкіндіктер беретіндігімен келісті.

– Рас, беделді оқу орындарында білім алған жас мамандарды туған қалаларына оралуға ынталандыру керек. Оларға лайықты жалақысы бар жақсы жұмыс орындарын ұсыну өте маңызды. Біз қазір шетелде оқитын тараздықтардың тізімін жасап жатырмыз. Алдағы уақытта олармен жұмыс істейміз, нақты жобаларын іске асыру үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді Тараз қаласының әкімі.

Ержан Жұматұлының пайымдауынша, жас мамандар жұмыс істеуге дайын, бірақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау таппайды. Сондықтан ол қала әкімі ретінде өз білімдерін туған жерлерін дамытуға инвестициялау үшін жастардың жобаларын қолдауды және сүйемелдеуді міндеті санайды.

Қалалық техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушісі, көптеген олимпиадалардың жүлдегері Никита Пак біздің еліміздегі ғарыш саласын дамыту идеялары туралы айтты.

Оның пікірінше, Қазақстанның шексіз даласын ғарыш айлақтарын салуға пайдалануға болады. Содан кейін Никита Ержан Жылқыбаевқа «Сіз бала кезіңізден әкім болуды армандадыңыз ба?» деген өте қызықты сұрақ қойды.

– Мен әкім болуды армандаған жоқпын, бірақ жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтінімді әрдайым білетінмін. Мен бұл жолды саналы түрде таңдадым. Білімім бойынша мамандығым – экономист. 22 жасымда бас маман лауазымымен қызметімді бастадым. Содан кейін Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түстім. Мен әрқашан қазақстандықтарға қызмет етіп, оларға көмектескім келді. Бүгін сіздердің алдарыңызда қала басшысы ретінде отыруым – қажырлы еңбектің нәтижесі. Сонымен қатар жақсы тәлімгер, лайықты үлгісі бар адам ғана биіктерге жете алатынына сенімдімін. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы – менің тәлімгерім және ол кісіні үлгі тұтамын. Ол кісімен 16 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Біз еліміздің түрлі аймақтарында еңбек еттік, мен оны қарапайым, шешен, іскер, айналасына мейірімді, іскер азамат ретінде танимын. Осындай қасиеттерге ие адам өз саласында міндетті түрде табысты болады деп ойлаймын, – деді Е.Жылқыбаев.

Кездесуге қатысқан жастардың туған жерлерін дамытуға деген қызығушылықтары байқалғанын атап өткен жөн. Балалар Тараздың туристік әлеуеті туралы айтып, қала әкімінен өңірге шетелдік туристерді қалай тартуға болатынын, бірінші кезекте қандай салаларды дамыту қажеттігін сұрады. Әңгіме өте маңызды және нәтижелі болды.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support