Жаңалықтар

Тарихын ұлықтамаған ұлттың болашағы бұлыңғыр

Тарихын ұлықтамаған ұлттың болашағы бұлыңғыр

23Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жақында ғана қасиетті Ұлытау өңірінде берген сұхбатында «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да мүшкіл болуы мүмкін» деген сүбелі ой айтты. Расымен де, соңғы ғасырларда қазақ халқының болмысы үлкен өзгеріске ұшырап, тарихи жады өше жаздаған еді. Тек тәуелсіздік жылдарында ғана ұлттық санамыз қайта жаңғырып, тарихымызды түгелдей бастадық. Елбасы сұхбатында қазақ даласының қай қиырына барсаңыз да тарихи жерлерге табан тірейтінімізді атап көрсете келе, «Шығысқа барсаң –  Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар, Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық деген қасиетті мекен бар, Оңтүстікте Түркістан бар» деп қорытты. Әрине, Түркістанның орны бөлек, сонымен қатар, Оңтүстікте көне тарихымыздың көмбесі – қасиетті Тараз бар. Қазақ тарихында Тараз қаласы мен өңірінің алар орны ерекше екені баршамызға белгілі. Тараз тарихын зерттеу ісі соңғы жылдары қарқынды жүргізіліп, жаңа белестерге көтеріліп отыр. Археолог мамандардың ыждаһатты еңбегінің арқасында бұрын белгісіз болып келген тарихымыздың тылсым беттері ашылуда. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты – сапалы білім берумен қатар, іргелі ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келе жатқан оқу орны. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамыту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес екені белгілі. Таяуда институтымызда Түркістан өлкесінің тарихын зерттейтін ғылыми орталық ашылды. Орталыққа Қарахан дәуірінде өмір сүрген ұлы ойшыл, ақын, атақты «Құтты білік» дастанының авторы Жүсіп Хас Қажыб Баласағұнның есімі берілді. Жүсіп атамыз қазіргі Қазақстанның Шу аймағындағы көне Баласағұн қаласында туған. Ғұламаның басты шығармасы – «Құтты білік» – ізгі мемлекетті қалай құру және оны қалай басқару туралы энциклопедиялық туынды. «Құтты білік» – ізгі мемлекетте өмір сүретін ізгі адамды қалай тәрбиелеу керек деген мәңгілік сұраққа жауап іздеген түркі тіліндегі алғашқы философиялық-педагогикалық шығарма. Сондықтан да, біздің педагогикалық оқу орнының жанынан ашылған ғылыми-зерттеу орталығына Жүсіп Баласағұн бабамыздың есімінің берілуі заңдылық. Орталыққа белгілі маман тарихшыларды жұмылдырып отырмыз. Мақсатымыз – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау. Орталықтың алдағы үш жылға (1914-1916) арналған жұмыс жоспары жасалды. Жоспар бойынша тарихшыларымыз жеті бағытта жұмыс істейтін болады. Бірінші бағыт бойынша көне және орта ғасырлардағы Тараз өңірінің тарихы: өңірдегі саяси процестер, көне сақтар мен үйсіндер, көшпелілер өркениеті, түркі этногенезі, түркi мемлекеттiлiгiнiң қалыптасуы мен дамуы, қарлұқтар мен түргештер, орта ғасырлардағы дәстүрлi дүниетаным, түркі тайпаларының исламды қабылдауы, орта- ғасырлық қала мәдениеті қарастырылса, екінші бағытта «Әулиеата уезінің тарихы» атты серия бойынша көптомдық құжаттар жинағын жарыққа шығарып, уездің саяси-әкімшілік құрылымы, экономикасы, мәдени өзгерістер, монархиялық биліктің қоныс аудару саясаты, жаңа елді мекендердің пайда болуы, жер мәселесінің шиеленісуі, ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі, уездің тарихи тұлғалары, болыстар мен билер, революция мен азамат соғысы жылдарындағы уезд халқының жағдайы, күшпен модернизациялаудың зардаптары, ашаршылық, сталиндік саяси қуған-сүргін сынды бірқатар мәселелер қамтылатын болады. Ал үшінші бағыт – «Жамбыл облысының тарихы» атты серия бойынша көптомдық құжаттар жинағы жарыққа шығарылып, Жамбыл облысының құрылуы, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, соғыстан кейінгі жылдар, облыс кеңестік бесжылдықтар дәуірінде, облыс тәуелсіздік жылдарында, облысты басқарған тұлғалар турасындағы мәселелер бойынша зерттеулер жүргізіледі. Төртінші бағытта «Түркістан өлкесінің тарихы» сериясы бойынша монографиялық еңбектер жазылмақ. Қазіргі Орталық Азияның бес тәуелсіз мемлекеттерінің (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан) аумағы кезінде «Түркістан өлкесі» деп аталғаны белгілі, бұл аймақты мекендеген түркі-мұсылман халықтары өзара мидай араласып өмір сүріп, ортақ тарих пен мәдениет жасады. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары зорлықпен іске асырылған сталиндік межелеуден кейін бұрынғы біртұтас өлке жекелеген этникалық аймақтарға жіктеліп, өзінің мәдени-рухани бірегейлігін жоғалтып алды. Қазір Орталық Азияның кейбір республикалары Түркістанның ортақ тарихын өздеріне меншіктеп алып, бөлек тарих жазуға ұмтылып отырғаны да жасырын емес. Біз, маман тарихшылар, мұндай бөлшектенудің зардабын айқын бағамдап отырмыз және бұл бағыттағы теріс пиғылдарға ғылыми зерттеулермен қарсы жауап бергіміз келеді. Сондықтан да, жалпытүркілік құндылықтарды насихаттай отырып, Тұтас Түркістан тарихын жазуға Орталық Азия республикаларының беделді тарихшыларын да тарту жоспарымызда бар. Бұл бағытта біз бүкіл түркітілдес халықтардың туысқандық бірлігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбектеніп жүрген Елбасының сындарлы саясатын қолдаймыз. Бесінші бағытта «Түркістан тұлғалары» атты серия бойынша тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі зерттеліп, аты айтып тұрғандай, бұл серия Түркістан өлкесінің тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеуге арналмақ. Бағзы замандағы Қорқыттан бері, кешегі репрессияға ұшыраған Түркістан тұлғаларына дейін қарастырмақпыз. Материалы жеткілікті болып, тереңдете зерттеуге мүмкіндік бар тұлғаларға монография арнаймыз, қалғандарының қызметін салмақты ғылыми мақалалар арқылы ашып көрсетпек ойымыз бар. Алтыншы бағытта «Түркістан жинағы» атты серия бойынша көптомдық ғылыми мақалалар жинағы жарыққа шығады. Осындай атпен революцияға дейін Ташкентте барлығы 591 томдық мақалалар жинағының жарық көріп, кеңес дәуірінде жабылып қалғаны белгілі. «Түркістан жинағы» өлкенің мәдени өмірінде үлкен маңызға ие болған еді. Жинақта Түркістан өлкесінің тарихына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, халықтарының мәдени өмірі мен тұрмыс-салтына, басқа да көптеген мәселелерге арналған аса маңызды мақалалар жарияланған болатын. Бұл жинақтың маңызы әлі күнге жойыла қойған жоқ, қайта жыл өткен сайын дерек көзі ретінде бағасы артып келеді. Сондықтан да, «Түркістан жинағын» қайта шығаруды қолға ала отырып, біз бұрынғы ғылыми дәстүрді жаңғыртқымыз келеді. Жаңғырған «Түркістан жинағында» тек қазақ тарихшыларының ғана емес, бауырлас Орталық Азия мемлекеттерінің белді тарихшыларының ғылыми мақалаларын жариялайтын боламыз. Соңғы, жетінші бағыт бойынша «Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыстар  тарихы» сериясы бойынша монографиялық еңбектер мен құжаттар жинағы жарыққа шығады. Патшалы Ресейдің отарлау саясатына қарсы Түркістан халықтарының ерекше жігермен күрескені аян, Түркістан өлкесінің тарихын – отарлық езгіге қарсы күрес тарихы десе де болады. Орталық ғалымдары Сырдария, Жетісу, Закаспий, Самарқанд және Ферғана облыстарындағы монархиялы билікке қарсы өрістеген халық көтерілістерінің тарихын тереңдете зерттейді. Ерекше көңіл бөлінетін мәселенің бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болмақ. Меркі-Шу аймағындағы көтеріліске қатысты тың тарихи құжаттарға негізделген арнайы монографиялық еңбек даярланып жатыр. Өлке халықтарының ұлт-азаттық қозғалысы кеңес дәуірінде де жалғасты. Бұл мәселе бойынша да көптомдық құжаттар жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Қорыта айтқанда, таяу жылдарға жоспарлап отырған ғылыми жұмыстарымыздың жалпы бағыттары осындай. Осылайша, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан құрылған Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығында қызу ғылыми жұмыстар басталды. Бұрынғы жылдары іргелі зерттеу жұмыстарына қолбайлау болып келген жайттың бірі – көптеген мұрағат қорларының шетелдерде қалуы, екіншісі, дерек көздерінің зерттеушілер үшін жабық тұруы болды. Болашақта екі мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймыз. Орталықтың ғылыми жұмыстарының нәтижелері туралы «Ақ жол» оқырмандарын үнемі хабарландырып отырамыз.