- Advertisement -

Бір бау шөп – 1500 теңге былтыр бұл уақытта 500 теңге болған еді

288

- Advertisement -

Шөп ору науқаны басталмай жатып, баға шарықтап кетті. Мал баққан шаруа болса ертеңгі күннің қалай боларына алаңдаулы. Бірі шөпті қайдан сатып аламын деп бас қатырып жүрсе, енді бірі төрт түлігін базарға шығарып, өткеніне пұлдауда.

Мал өсіру оңай шаруа емес, таң ертең өргізіп, кешке иіріп, қораға айдап келе салатын жұмыспен шектелмейді. Қиындық жетерлік. Сол қиындықтың бірі – мал азығын дайындау, қысқы жем-шөп қорын мезгілінде қамтамасыз ету. Бұл тақырыпты қозғауға басты себеп, биылғы құрғақшылық, екіншіден, жем-шөп бағасының орақ науқанының жаңа басталғанына қарамай аспандап кетуі. Қарап тұрсақ, қазірдің өзінде жайылымның жұтаңдығы, шабындықтың нашарлығы шаруаның шымбайына батып-ақ тұр.

Өткен қыс айлары шаруа үшін оңай болған жоқ. Былтыр шөптің бағасы 500 теңгеден басталып, 1200 теңгеге бір-ақ барып тоқтаған. Көктем ерте шығып қалар деген үмітпен шөп қоры молынан жинай алмаған шаруаға қыстың созылып кетуі қатты соққы болып тигені де белгілі. Салдарынан Талас пен Сарысу аудандарында ұсақ мал шығыны көп болып, биелер іш тастады. «Ашыққаннан құныққан жаман» демекші осы кезде кейбір пысықайлар бір тайланған шөптің бағасын екі есеге көтеріп жіберген еді.

Жамбыл ауданының тұрғыны, «Жандар» шаруа қожалығының жетекшісі Жандар Кемпрековтің қора-жайында болғанымызда, ол қыстан қысылып шыққанын айтты. «Осы мал балаларымыздың игілігіне жарасын деп жүрміз ғой. Өзімнің 6 гектар жоңышқа алқабым бар. Соны орып, шөбін жинап алам. Былтырғы жинаған шөбім жетпей, көктемде қатты қиналдым.  Салдарынан биелерім іш тастап, қысыр қалды. Бір менің ғана емес, көршілерім де төл алған жоқ. Амал жоқ шөпті екі мың теңгеден сатып алып, қыстан шықтық», – дейді. Қазір ол жоңышқалығын ордырып, 900 тайланған шөпті ауласына қаттап жинап қойған. Бұл оның малына әлі де аздық етері анық.

Қазір шөптің нақты бағасы шыға қоймағанымен оның өзі 1000 теңгеден кем болмай тұр. Білгіштер биыл бір бау шөптің бағасы 2 мың теңгеге барады деп жүр. Жоңышаның қасында табиғи шөптің бағасы арзандау болушы еді, оның да бағасы ә дегеннен 1000 теңгеге жетеғабыл.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл ораққа түсетін алқап 349084 гектар. Оның ішінде жоңышқа алқабы 192815 гектарды құрайды. Былтыр жоңышқа алқабы 178 мың гектар болса, биыл 15 мыңдай гектарға көбейген. Қазіргі таңда 21 мың гектар алқап орылып, 95035 тонна пішен дайындалған. Жалпы 1712600 тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 54 сүрлем және 475900 тонна сабан дайындау жоспарланған.

Баға неге көтерілді? Жоңышқа мен табиғи шөпке деген сұраныс қазірден көп. Жуалы жұртшылығы көрші Түркістан облысынан асқан шөптің бір бауын 1200 теңгеден қуана сатып алуда. Ондағы алқаптардың әлі орылмағанын ескерсек, біраз күнде баға тағы жоғарылап кетпей ме деген қауіптен болып жатқандай көрінеді қазіргі тұрғындардың қарекеті. Талас пен Сарысу аудандарының жұрты да шөптің бағасына қарап жатқан жоқ. Таласта бір бау шөп 1500 теңгеден айналуда. Ондағы малдың көптігін ескерген аудан билігі шөпті Қызылорда облысынан алуға тапсырыс беріп қойған. Өткен жылы сарысулықтардың да шөпті Қызылорда облысынан тасығаны естен шыға қойған жоқ. Байзақ ауданында бір бау шөп 1300 теңге болса, базарда 1500 теңгеден өткерілуде. Қыр шөбінің өзін делдалдар мың теңгеден сұрауда.

Қазір қайда барсаңыз да мал өсірген ағайын қуаңшылықтың зардабын көріп отырғанын айтуда. Кейбір өңірлерде жаз айы басталмай жатып, жайылым біткен күйіп кеткен. Өзге өңірлерді айтпағанның өзінде ауа райы малға жайлы саналатын Жуалы ауданында да жайылымның мәнісі болыңқырамай тұр.

Мал иелері шөп бағасының қымбат екенін айтып, билікке шағымданғанымен, ауыл шаруашылығы басқармасы ештеңе істей алмай келеді. Бақылаудың жоқтығынан, әркім өзі қалаған бағасын қойып, өткеруде. Төрт түліктің қыстан аман шыққанын ойлайтын мал иелері жыл сайын қымбаттай беретін жем-шөпті делдалдардың айтқанына сатып алуға мәжбүр. Мәселен, бір мүйізді ірі қараны қыстан аман алып шығу үшін жемін есептемегеннің өзінде бір күнге бір тайланған шөп кетеді делік. Оның бағасы орта есеппен 1000 теңге деп алсақ, бір ғана мүйізді ірі қараның 6 айлық қыстық азығын қамдау үшін 180 мың теңге керек. Ал он бас мал ұстап отырғандардың миллиондап шығындануына тура келеді екен.

Қазір алқап басынан 1000 теңгеден сатам деп жүрген шаруалар көп. Бір тайланған шөпті 50 теңгеге көлікке арттырса, осынша теңгеге шаруа жалдаған көлігіне төлейді. Тасымалдаушының өзі жеткізіп берген жағдайда, мұның үстіне тағы 100-200 теңге қосылады. Осыны кәсіп еткендер шаруалардан бір бауды тиімді бағаға алып, өзінің шығыны мен көруі тиіс пайдасын еселеп қосып, тұрғындарға қымбатқа сатуда. Дегенмен олардың да айтар уәжі жоқ емес. Мәселен, Талғат есімді азамат бұл шаруаның машақаты мен шығынының бастан асатынын айтады.

– Орақ науқаны жаңа басталғанына қарамастан шөп бағасы әрқилы құбылып тұр. Алқап басынан бауланған шөпті 850 теңгеден де алуға болады. Бұл жерде жоңышқаның бағасы экспарсет пен табиғи шөпке қарағанда жоғары жүреді. Ал алушыларға түсіністікпен қарап, бірен-сараңына аздап түсіріп береміз. Бірақ науқан бойы ол бағамен таси алмаймыз. Жолға кеткен шығын өзін ақтамайды. Таңның атысы, күннің батысы жүреміз. Көліктеріміз ескі, ол бұзылмай тағы тұрмайды. Жағармай да қымбат. Жалпы биыл бір бау шөптің 1000 теңгеден кем болмасы анық. Шаруалардан өзіміз 900-1000 теңге түсіріп әрең аламыз. Олар да дизель отынының қымбаттығын, техника жалдауға кеткен шығынын есептеп, қосады. Бұл баға уақытша, әлі де өсуі мүмкін, – дейді ол.

Жамбыл ауданындағы Көлқайнар ауылдық округі Еңбек ауылы маңындағы шөп орып, шөп тайлап жатқандарға жолығып, науқан барысымен таныстық. «Рыскүл» шаруа қожалығына тиесілі алқапта шөп тайлап жатқан механизатор Ғазиз Ақмолдаевтың айтуынша, жоңышқаның әр гектарын 7 мың теңгеден баулап жүр екен. Сол сияқты  «Немка» техникасын бағындырған Мұрат Байоразов та осы бағаға шөп шауып жүр. Олар тайланған шөпке әлі нақты бағаның шыға қоймағанын, бірақ мұның алдында алқабын орғызған Төлеби есімді жігіттің шөбін алқап басынан 850 теңгеден беріп жібергенін айтты.

Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласқанымызда шөп бағасын еш бақылай алмайтынын және бағаны тұрақтандыруға араласпайтынын, ол кәсіпкерлердің өз шаруасы екенін жеткізді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

 «Малым – жанымның садағасы» дейтін мал иелеріне биылғы жыл да оңай соқпайын деп тұр. Мал азығы турасында түйткілдер мен шешілмеген мәселелер көп екеніне көз жеткіздік. Баға бақылаудан шыққан. Сондықтан орған шөбін кім қаншаға сатса да, өз еркі. Алдағы уақытта да мұндай келеңсіз үрдіс жалғаса бермеуі үшін ауыл шаруашылығы басқармасы “біздің қатысымыз жоқ” деуден бұрын баға саясатына араласып, оны бақылауға алмай болмайтын сияқты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support