- Advertisement -

Мемлекет қаржысының әр тиынының есебі бар

89

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы алдымен «Сәуле» кондитерлік фабрикасына барып, жұмыс барысымен танысты.

Сәуле Жаңабекова жетекшілік ететін нысан осыдан төрт жыл бұрын шаруасын бастаған болатын. Ісін жүргізуге 2,3 млрд. теңге көлемінде қаражат жұмсалған фабриканың 2018 жылы екінші кезеңі жүзеге асырылды. «Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың аясында жұмысымыз жолға қойылған болатын. Қазір мұнда үш өндірістік желі өнім шығаруда. Олардың алғашқысы тәтті вафли болса, одан кейінгісі печенье және жылтыратылған вафли. Енді төртінші желіні глазурдегі шоколад өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Сәуле Сатыбалдықызы.

Кәсіпорында 140 азамат еңбек етеді екен. Фабриканың жыл сайынғы өндірістік қуаты 6 660 тоннаны шамалайды. С.Жаңабекова нысанды аяғынан тұрғызу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 1 195,5 млрд. теңге сомасында несие алып, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 66,8 млн. теңге қаражат алғанын тілге тиек етті.

«Былтыр фабрикамыз 1 200 тонна өнім өндірді. Оның жалпы сомасы 1 127 млн. теңгені шамалайды. Тәттілеріміз шетелдік импорттан еш кем түспейді, халықаралық стандарттарға жауап беруге қауқарлы. Өйткені фабриканың құрал-жабдықтарын Австрия, Дания, Швейцария сынды әлеуетті елдерден сатып әкелдік»,  – деген ұжым басшысы қауіпті індетке байланысты орын алған пандемиялық жағдай фабриканың да шаруасына кері әсерін тигізгенін жасырмады.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы орын алған уақытша ахуалға шыдамдылық танытуға шақырды. Сонымен қатар тәтті нарыққа дендеп ену жолдарын көрсетті. Бұл орайда, «Сәуле» кондитерлік цехының өнімдерін экспортқа шығару керек. «Нысанның жылдық өнім қуаттылығы төмен деуге келмейді. Бұл – өңірдегі бірден-бір белді компания. Сол себептен жағдайға қарап қол қусырып отырмай, тығырықтан шығатын жолды іздеу керек. Ол үшін фабриканың экспорттық әлеуетін жандандырған дұрыс. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті әкімдік те барынша қолдау көрсететін болады», – деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаев, содан соң 200 төсек-орындық облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысымен танысты. Мұнда аймақ басшысын облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев күтіп алып, шаруаның жай-жапсарын мәлімдеді. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 14-шағын ауданның тұсынан іргесі қаланған ғимаратты «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС салуда. Нысанға қазынадан 13 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған, жаңа денсаулық сақтау орталығы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Қазірдің өзінде қызу қолға алынған құрылыс жұмыстарының көпшілігі аяқталып қалыпты. Мұнда 200-дей тұрғын жұмыспен қамтылған, өзге де білікті мамандар мен техникалар жеткілікті көрінеді.

Облыс әкімі нысанның аумағын жіті аралап көріп, кейбір мәселелерге байланысты жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктеді. «Бұл – әлеуметтік нысан. Сол себептен мұнда олқылықтарға жол берілмеуі керек. Тиісті мердігерлер жұмыстың сапасын мұқият қадағаласын. Мемлекет қаржысының әр тиынының есебі бар», – деген Бердібек Машбекұлы мердігерлердің де проблемаларына құлақ түрді. Оның ішінде жұмыс күшінің тапшылығына назар аударды.

Тараз қаласындағы «ARAI-ELITE» жалпы білім беретін жекеменшік мектеп-гимназиясы биылғы оқу жылында оқушыларды қабылдайды. Сала мамандарының айтуынша, білім ошағының құрылысына 2 млрд. 650 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Типтік негіздегі мектептің жалпы аумағы 4 гектардан асып жығылады, жылыту жүйесі – автономды. «Бір ауысымда 1 025 оқушыны еркін қабылдай аламыз. Оларға қазақ және орыс тілдерінде білім беретін боламыз. 15 шақты сынып-кешендеріміз бар, оқу кабинеттері – 41», – деп атап өтті мектеп басшылығының өкілдері.

Білім ошағының асханасы 500 адамға шақталған екен. Екі спорт зал оқушылардың игілігіне жарайтыны анық. Онымен қоса, екі спорт алаңшасы орын тепкен. Сонымен қатар акт залы, компьютер сыныбы, жаңа модификациялы бөлмелері, шеберханасы бар. Толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Мектептің ішкі дизайнына, оқушылардың алаңсыз, сапалы білім алуына жасалған жағдайға оң бағасын берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұнда «Қауіпсіз мектеп» жобасын іске асыруды міндеттеді. Бұл қанатқақты жобамен биылғы оқу жылында он мектеп қамтылады екен. «Мынандай еңселі, зәулім ғимаратта цифрлық технология да көрініс табуы тиіс. Сондықтан да «Қауіпсіз мектеп» жобасын қолға алу керек. Бір айдан бері Тараз қаласындағы №53 орта мектебі  сол жүйемен жұмыс істеуде. Яғни оқушының үйінен мектепке қарай шыққанынан бастап, қайтадан үйінің табалдырығына аттағанға дейінгі әрекеттері ата-ананың бақылауында болады», – деді аймақ басшысы.

Жаңа оқу жылында мыңға жуық оқушыны қабылдайтындарын жеткізген мектеп жетекшілері өздерінің мәселелерін де ортаға салды. Оларды тыңдаған Бердібек Машбекұлы орын алған проблемаларды жақын арада шешуді жауапты басқарма басшыларына тапсырды.

Асхат Райқұл

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support