«Электронды үкімет» уақытыңды үнемдейді

21

Жаһандану дәуірінде жаңа технологияларды жатсынсақ та, оны меңгеруге тура келетінін түсіне бастағандаймыз. Өйткені цифрлық даму – уақыт талабы. Осы орайда мемлекет тарапынан да ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды тірліктер қолға алынуда. Соның бірі – «Электронды үкімет» порталы. Бұл  жоба осыдан 15 жыл бұрын Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған болатын. Есесіне елге тиімді дүние. Ең бастысы, ойға алған шаруаны реттеп қана қоймай, қаншама уақытыңызды үнемдейді. Әсіресе қазіргідей пандемия жағдайында  ыңғайлы болып тұрғаны жасырын емес. 

Айта кету керек,  «Электрондық үкімет» порталы құрылған уақыттан бері қалыптасу мен дамудың төрт кезеңінен өтті.   Олардың алғашқысы – ақпараттық кезең. Дәл осы кезеңде «Электрондық үкімет» порталы іске қосылып, ақпаратпен толтырылды. Мемлекеттік органдар, олардың жұмысы мен халыққа көрсететін қызметтері жайлы ақпараттар пайда болды. Оған қоса, қызмет көрсету ретке келтіріліп, танысу үшін нормативтік-құқықтық актілер ілінді.

Екіншісі – интерактивті кезең. Бұл уақыт порталда электрондық қызметтерді тұңғыш рет ұсынуымен есте қалды. Аталмыш кезең барысында порталды пайдаланушылар түрлі мекемелерден кезекке тұруға уақыт жұмсамай-ақ анықтама алу, үйден шықпай-ақ кез келген мемлекеттік органға сұраныс жіберіп, оның мәртебесін қадағалап отыру  мүмкіндіктеріне ие болды. «Электрондық үкімет» порталына интерактивті қызметтерді енгізу құжаттарды жинауға кететін уақытты үнемдеуге едәуір көмектесті.  Дәл осы кезеңде мекемелік ақпараттық жүйелер, мемлекеттік деректер қоры, электронды түрде лицензиялау, және «Электрондық үкімет» шлюзі енгізілді. Бұл кезеңде әрбір қазақстандық порталдан қажетті құжаттар тізімі, мемлекеттік баж салығының мөлшері, өзі жүгінгелі отырған мемлекеттік органның байланыс мәліметтері секілді барлық қажетті ақпараттарын ала алатын. Алғашқы кезеңнің өзінде-ақ, қажетті ақпараттың толық көлемінің арқасында инстанцияларға жүгірушілер саны әжептәуір азайды.

«Электрондық үкімет» дамуының үшінші кезеңі – транзакциялық кезең. Бұл кезеңде азаматтар мемлекеттік баж салығын, алымдар, айыппұлдар және коммуналдық қызмет ақыларын төлеуге мүмкіндік алды. Егер де осыған дейін қызмет ақысын төлеу үшін банкке бару керек болса, енді онлайн жүйесінде қызметті пайдалануға да, оның ақысын төлеуге де болады. Кәсіпкерлерге транзакциялық кезең шын мәнінде бағалы сыйлық ұсынғандай болды, ол – электронды мемлекеттік сатып алулар болатын. Пайдасы айдан анық – өткізілетін байқаулар мен тендерлердің әділдігі мен ашықтығы артты.

Электрондық үкімет дамуының бүгінгі, төртінші кезеңі – түрлендірмелі кезең. Бұдан былайғы басты мақсат – азаматтарға қызмет көрсетудің мейлінше жылдамдығы.  Дәл осы мақсатқа қол жеткізу үшін интерактивтік және транзакциялық қызметтер қазақстандықтар үшін айрықша маңызға ие кешенді қызмет түрлеріне біріктірілуде. Жыл басынан бері азаматтар 15 минут ішінде заңды тұлғаны тіркеу, жеке куәлік, төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігіне ие болды. Әлеуметтік маңызды қызметтерге айрықша көңіл бөлінеді, міне, сондықтан да олардың барлығы электронды үлгіге ауыстырылды.

Осы орайда біздің облыста да жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді дұрыс алу мақсатында қызмет алушыларға кеңестер беру үшін Тараз қалалық №1 бөлімінде Бірыңғай байланыс орталығы 1414 және Тараз қалалық №2 халыққа қызмет көрсету бөлімі ғимаратында Электрондық үкімет арқылы онлайн қызмет көрсететін және Азаматтарды мобильдік базасына тіркейтін бейне-ассистенттерге арналған сектор ашылған.

Сонымен қатар азаматтардың уақытын үнемдеу және электрондық анықтамаларды өз бетінше алу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» МК» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде Egov mobile мобильдік қосымшаларын жүктеу және түсіндіру бұрыштары іске қосылған. Аталған мобильді қосымша арқылы 73 мемлекеттік қызметтер және сервистер алуға мүмкіндік бар. Бүгінде филиал бойынша барлығы 110 773 жаңа мобильдік қосымшаны қолданушы тіркелген болатын.

Мемлекеттік корпорация азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да көптеген жұмыстар атқаруда. Мысалы, жергілікті атқарушы органдармен  бірлесіп фронт-офистерден тыс емханаларда, кітапханаларда, әкімдіктердің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары іске қосылған болатын. Тараз қаласындағы емханаларда ашылған 9 өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс жасайды. Жалпы, облысымыздың 10 ауданындағы емханаларда, кітапханаларда, әкімдіктердің ғимараттарында барлығы 255 өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылған.

Қазіргі таңда 10 аудан орталықтарында фронт-офистерден тыс ашылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында жоспарға сәйкес филиал қызметкерлері тарапынан оқыту жұмыстары жүгізілуде. Сонымен қатар еңбекші көшіп келушінің Қазақстан Республикасында жұмыс жасауға рұқсат алу үшін көші-қон бөлімдеріне жүгінбей-ақ, филиалдың қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімдерінен қызмет алуына болады. Аталған қызмет түрі электрондық түрде көрсетіледі және толығымен автоматтандырылған.

Жүргізушілердің ыңғайлылығы үшін Тараз қаласының мамандандырылған бөлімінде Egov.kz  порталында өтінім беру арқылы жүргізуші куәліктерін үйіне дейін жеткізу сервисін, халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде қызмет алушылардың құжаттарын үйіне дейін жеткізу сервисін, азаматтардың бөлімдерге келе алмайтын жағдайда «Сіздің жеке менеджеріңіз» бизнес жобасын іске қосқандығын  айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек электрондық көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді және сервистерді азаматтар тарапынан өз бетінше алу мүмкіндігін ары қарай дамыту мақсатында облыс шеңберінде «Қазпошта» АҚ филиалымен бірлесіп бөлімшелердің негізінде қызмет көрсетудің әмбебап аймақтарын ашу бойынша Жол картасы әзірленді. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында «Қазпошта» АҚ филиалы бөлімшелерінің қызметкерлерін оқыту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта азаматтардың ыңғайлылығы үшін басқа да жобалар іске қосылатын болады.

 

Данияр Медетбеков,

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»

коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиал директорының орынбасары.

Comments are closed.