- Advertisement -

Ең бастысы, кәсібіңіз заңды, еңбегіңіз адал болсын

81

- Advertisement -

Бүгінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ  «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлерді қолжетімді несиемен қамтамасыз етіп келеді. Шағын кәсіптен үлкен шаруа қожалығына айналған, сол сияқты шағын цехын ашып, ірі кәсіпкерге айналған бизнесмендер біздің өңірімізде де аз емес.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы директорының орынбасары Ринат Абдуллаевтың айтуынша, аймақта несие алып, кәсіп бастап жатқандардың саны жыл санап арта түскен. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысу үшін несие алуға өтініш беретіндердің қатары артқан. Қазіргі таңда несиеге өтінім қабылдау жұмыстары жалғасуда.

– Өткен жылы 1200 кәсіпкер жаңа кәсібін ашу, кәсібін кеңейту, мал басын арттыру мақсатында біздің қордан 5,5 миллиард теңгенің несиесін алды. Оның ішінде 4,4 миллиард теңге «Еңбек» бағдарламасы аясында берілсе, 1,1 миллиард теңге қордың жеке қаражаты есебінен берілген. Биыл «Еңбек» бағдарламасымен  3,8 миллиард теңгенің шағын несиесін беру жоспарланған. Қазіргі уақытта филиал қызметкерлері азаматтардың несие алу үшін берген өтінімдерін қабылдап жатыр. Құжаттарын қарап, тиісті шешім шығарады. Жалпы, кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмысы өңірімізде қызу жүріп жатыр, – дейді ол.

Акционерлік қоғам «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында кәсіппен айналысамын дейтіндерге несиені 6 пайызбен үлестіруде. Несиенің жылдық тиімді ставкасы 6,7 пайыздан аспайды. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне жеңілдетілген несие 4 пайызбен берілсе, жылдық тиімді ставкасы 4,4 пайызды құрайды. Нысаналы мақсатына қарай  4-тен 12 миллион теңгеге дейін ала алады, сонымен бірге кәсіпкерге бір жыл каникул қаралған. Негізінен, бұл бағдарламаға жұмыссыз азаматтар мен бизнесін кеңейткісі келген жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Несие алушыларға қойылатын талап, оның несие тарихының жақсы және кепілге қоятын мүлкінің болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.

Баспасөз турына қатысқан акционерлік қоғамның өкілі Дамир Егізбаевтың айтуынша, жыл басынан бері республика бойынша жалпы сомасы 18 миллиард теңгені құрайтын 3 мыңға жуық несие беріліпті. Осының арқасында 3,5 мың адам жұмыспен қамтылса, 65 мыңнан астам төрт түлік мал сатып алыпты. Яғни кәсіпкерлер бағдарлама аясында тек мал ғана алып қоймай, өз кәсібін ашып немесе кеңейте алатынына баспасөз туры барысында көз жеткізе түстік. Соның бірі – Тараз қаласында тұратын, жеке кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева жүргізіп отырған шағын тігін цехы.

Кәсіпкер бұрын тігін фабрикасында жұмыс істеген. Фабрика тоқтап қалған соң үйінде отырып, тапсырыспен киім тігеді. Іле саудаға шығып, Қытайдан тауар тасыпты. Ал бұл тігіншілік кәсібіне қайта оралуына Қытайдағы қазақтар себеп болыпты. «Қытай тілін білмегендіктен сол елде тұратын қазақ қызын аудармашы етіп жалдағанбыз. Жұмыс бабында араласып кеттік. Ол өзі ұзатылар кезде ауылына тойға шақырды. Мені таңғалдырғаны сондағы тігіншілердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, көрпе-жастықтар мен киіз үйдің безендендірілуі болды. Қытайлық қазақ қызының ұзатылу тойынан кейін ойыма түрлі идеялар келді. Біз қарап тұрсақ,ою-өрнектің мағынасына мән бере бермейді екенбіз. Оларда әрбір ою-өрнек жазу сияқты оқылады. Мәселен, шапанды алайық. Шапанның төменгі жағына ою-өрнек түссе ол кісінің немересі бар дегенді білдіреді. Ал ою-өрнек арқасында орналасса ол кісінің шөбере сүйгендігінен белгі береді. Әйелдерде де сондай. Оның киіміндегі ою-өрнегіне қарап қай елдің қызы қай руға келін болып түскенін білуге болады. Осының бәрін мен қытай қазақтарынан оқып үйрендім. Ал біздің отандастарымыз ою-өрнекке мән бермейді. Көрші Қырғыз елі салған ою-өрнекті киімді өз киіміндей киіп, мәз болып жүр. Келешекте қазақтың осы бір ұмыт қалған ою-өрнек өнерін дамытуды қолға алсам», – дейді кәсіпкер.

Кәсібін 2001 жылы бастаған Гүлнар киіз үй жабдықтарын тігіп, талай киіз үйді жабдықтапты. Оның жабдықтаған киіз үйлері әлі күнге дейін түрлі кештер мен көрмелерде пайдаланылып, жүлделі орындарды да алып жүр екен.  Одан бөлек, киім, көрпе-жастық, қыз жасауын тігумен айналысып келе жатқанына да 14 жыл болыпты. Оның жасаған әрбір бұйымының, оған салған ою-өрнегінің өзіндік сыры бар. Мәселен, ақ киіздің ортасына салған қошқар мүйізді ою-өрнекті текемет келін түскенде, беташарда жайылады. Ондағы ою-өрнек жаңа түскен келіннің төрт құбыласы тең болсын деген ырымнан туыпты. Бұл өнерін қазір ол қызы Маржан, немересі Мерей мен жақын туысы Үрімханға үйретіп жүр.

– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан былтыр 6 миллион теңге несие рәсімдеп, оған тігін машиналарын, цехқа қажет жабдықтар сатып алдым. Өзімнің мамандығым тігін бұйымдары технологы болғандықтан, осы бағыт маған ұнайтын кәсіп. Қазір өзімнен бөлек екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Тапсырыспен қыз жасауын, киіз үй жабдықтарын, көрпе-жастық, ұлттық костюмдер, тіпті мектеп формаларына дейін тігеміз. Мемлекеттің біз сияқты шағын кәсіпкерлерге көрсетіп отырған қолдауына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, тек жұмыс істеу керек. Ең бастысы, кәсібіңіз заңды, еңбегіңіз адал болса болғаны. Құжатыңыз дұрыс болса, еңбек етуге құлшынып тұрсаңыз қордан несие алып, кәсіп бастауға болады», – дейді Гүлнәр Абдуллаева.

Кәсіпкер кәсібін кеңейту үшін Қытайдан бірнеше тігін машиналарын алдырыпты. Енді жақында жұмысшы санын арттырып, қыздарға арнап көйлек, басқа да киім-кешек тігуді қолға алмақ. Өз өнімін өткеретін «Ауыл–Береке» базарында сауда нүктесі де бар. Алда Бішкек өнімімен тайталасқа түсе алатын, сапасы жоғары жеңіл өнеркәсіп ошағын ашып, жұмысшы санын арттыруды көздеп жүр. Әзірге кәсіпкер кәсібін өз ауласында жүргізуде.

Бұдан кейін Жамбыл ауданына қарасты Қаракемер ауылындағы «Жандар» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Қожалық жетекшісі Жандар Кемпреков үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат болса да, мал ұстап, мал басын көбейтумен айналысуда. Бұған дейін ол қаншама несие ұйымдарына өтініш тастағанымен, оның сұранысын ешбірі қабылдамапты. Көпбалалы отбасының асыраушысы соңғы үмітін арқалап «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ға келіпті.

– Шаруа қожалығын 2016 жылы құрдым. Қолымызда азын-аулақ малымыз бар. Осы күнге дейін бес сиыр сауып, соның сүтін, төлдерін сатып, төрт баланы қатарынан кем қылмай өсіріп келдік. Қазір өздеріңіз білесіздер, бие сүтіне, қымызға сұраныс жоғары. Соны ескеріп, жылқы сатып алу үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан несие алуға өтінім бердім. Өтінімім мақұлданып, 4 миллион теңгеге 6 бас жылқы сатып алдым. Мен сияқты көп балалы отбасыға және мүгедектігі бар азаматтарға несиені 4 пайызбен береді екен. Алдағы уақытта биені құлындатып, қымыз өндірумен айналыссам деп жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің жүзінен өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жанның мемлекет қолдауына ие болғаны қуантып тұрғанын аңғардық. Ол әр сөзінде «Шын ризамыз. Қазіргі уақытта еңбек етемін деген адамға мүмкіндік жеткілікті ғой», – дейді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы,

Жамбыл ауданы.

 Суреттерді түсірген Юрий Ким.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support