- Advertisement -

Жалған хабар таратушылардың жазасы ауыр

44

- Advertisement -

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында «Жастар арасында діни танымды қалыптастыру жолдары» атты кездесу өтті.

Жиынды институттың проректоры Гүлшат Құлабекова жүргізіп отырды. Әуелі облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек сөз алып, адамның  рухани қажеттілігі аса маңызды екенін айтып, оның бастауында имандылық, дін мәселелері тұрғанына тоқталды. «Бүгінгі жиынға студент жастардың қатысқаны өте дұрыс. Себебі біз діни сананы жастарға берік қалыптастырып, олардың имунитеті дін қатерлерімен күресе алатындай деңгейге жеткізуіміз қажет. Діннің асыл қасиеттері жайлы Бұхар жыраудың, Абайдың, Ыбырай Алтынсариннің еңбектерінде терең айтылады.  Жас буын осындай құндылықтарды бойына сіңіргендері жөн. Жастарға қатысты ұйымдар мен жоғары оқу орындарында, колледждерде төл тарихымыз терең оқылып, имандылықтың асыл қасиеттері түсіндірілсе, студенттердің діни сауаты жоғарылай түсер еді.  Жастардың өмірге құлшыныстары, дінге деген көзқарастары сауатты  болуы қажет», – деді Дәулет Жамаубайұлы. Облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы елімізде 1999 жылы терроризмге қарсы, сәл кейінірек экстремизмге қарсы заңдар  қабылданғанын,  түрлі ағымдардың жетегіне еріп, шетел асқан 600 қазақстандық азамат елге қайтарылып, олардың 400-ден астамы әйелдер мен жасөспірімдер болғанын жеткізді. Ол өңірімізде жастар саны 21,1 пайыз екенін, сол жастармен белсенді жұмыс жүргізу  қажеттілігін сөз етті.

Облыстық прокуротураның аға прокуроры Сағынтай Айтжанов «Деструктивті қозғалыстарға тартылудың себептері және оның жауапкершіліктері» тақырыбында баяндама жасап, дін саласына қатысты заңдарға назар аударды. Мәселен, экстремистік топ құру, тұрғындардың тыныштығын алатын жағдай туғызу, адам көп шоғырланған орындарға залал келтіру немесе сол көпшіліктің тыныштығын бұзу үшін жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады.  Ондай арам пиғылдағы азаматтарды 15 жылдан бастап өлім жазасына дейінгі жазаның күтіп тұрғанын біреу білсе, біреу білмес.

Жиында «Облыстағы жастар мен жасөспірімдер арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар» тақырыбында облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров баяндама жасап, бірқатар мәселелерге тоқталды. Ол елімізде төрт жоғары оқу орны, тоғыз медресе дін қызметкерлерін даярлайтынына, онда жамбылдық 151 студент білім алып жатқанына, олардың біразын облыс мешіттеріне жұмысқа тарту, ол мамандарға әуелі жағдай жасау маңызды екеніне, аймақта діни ахуалдың тұрақтылығына тоқталды. Ал облыстық  «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы имандылықтың асыл қасиеттері туралы ағынан жарылып ой қозғады.

«Ислам діні – ізгіліктің діні. Жастардың отаншыл болуы, елі мен жерін ардақтауы, ата-анаға деген құрметі, ұстазының еңбегін бағалауы бәрі де діни тұрғыдан шариғат құптайтын сауапты істер. Сондықтан жастармен жиі кездесіп, олармен еркін сөйлесіп, пікірлесіп отырудың маңызы зор», – деді найб имам.  Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкері Ғанибек Исмағұл  шетелге теріс көзқарас жетегімен кеткен біздің өңірдің 45 азаматы кері қайтарылғанына, олармен тиісті мамандар жұмыс жүргізіп жатқанына тоқталса, облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс- қимыл басқармасының бастығы Науатбек Қалымбетов діни ахуалдың тұрақтылығымен күрес, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуда құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері бойынша ой қозғады. Халықаралық Тараз инновациялық институтының аға оқытушысы, PHD  доктор Жамбыл Мырзабеков те жастар арасында қазақ халқының мұсылмандық діни санасын қалыптастыру бағытында кеңінен ой сабақтады.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қорытындылап, дін саласындағы жұмыстар қашанда маңызды екенін айтып,  қай кезде де жастармен бірлесіп жұмыс қажеттігін алға тартты.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support