- Advertisement -

Кітап оқуға баулу үшін баспа ісі де дамуы керек

278

- Advertisement -

«Балалар кітап оқымайды» дейміз. «Халқының өткен тарихын танып-білуге деген құлшынысы жоқ» дейтін айыптаулар да аз айтылмады. «Смартфонға телмірген ұрпақтың таным-түсінігі таяз болып барады» деп дабыл да қақтық. Әйтсе де, осы түйткілдердің туындау себебін іздеуге ұмтылған жоқпыз. Салдарын айтып, сан соғып отырғанымызбен, осы мәселені шешуге шындап кіріскендер саусақпен санарлықтай ғана. Сол аз шоғырдың ішінде Алматы қаласындағы «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабұлованы атап айтуға болады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балғын оқырмандардың жанашыры, жамбылдық жерлесіміз Қарлығаш Төреқұлқызымен сұхбаттасқанымызда баспа ісінің нағыз маманы «Баланы кітап оқуға баулу үшін баспахана ісі де дамуы керек» деген пікірді алға тартты.

– Кітап шығару ісін – үлкен табыс көзі санамайтындар бар. Оның үстіне бұл үлкен шығармашылық ізденісті, тынымсыз еңбекті талап ететін жұмыс қой. Балаларға арналған кітап баспасын ашуға қандай ой түрткі болды?

– Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін қай салада да іс бастау оңай соқпады. Әйтсе де, қандай қиын кезеңдерден өтсе де, ес жиған ел ең алдымен, жас ұрпақ тәрбиесін естен шығармауы керек. Ал ол кезде елімізде балаларға арналған қазақ тілінде төл кітабымызды шығаратын баспа жоқтың қасы еді. Үлкен қаладағы кітап дүкендерінде сатылатыны – шетелдік өнімдер. Ал біздің ұлттық тәрбиемен өзектесіп жататын туындылар аз. Осы көрініс көп ой салды. Баспаны ашуға түрткі болған себеп те сол.

Аруна баспасы 2000 жылы ресми түрде ашылды. Бірақ жұмысын 1999 жылдан бастады. Біздің баспадан ең алғашқы шыққан кітаптар – «Балақай» деген топтамамен жарық көрді. Шағын 10 беттік балаларға арналған танымдық кітаптар еді.

–  Жылына «Аруна» баспасынан қанша кітап шығады?

– Әр кітап – бала секілді. Өзінің ерекшелігі бар. Соған қарай әртүрлі уақытта шығады. Әрқайсысына кемінде жарты жыл уақыт кетеді. Автордың жазуы бар, суретшілердің көркемдеуі бар, корректорлар мен редакторлардың жұмысы бар, соның бәрі осынша уақытты алады.

Кішкентай кітапшалардан бір айда 20-30 кітап шығаруға болады. Кейде бір-ақ туынды басылатын кездер де бар. Жалпы 22 жылға жуық уақытта 2000-ға жуық кітап жарық көрді. Бәрі негізінен балаларға арналған.

Кейбір жобаларымызды дайындауға бірнеше жыл уақыт кетеді. Мысалы «Сен білесің бе?» деген энциклопедиямызды әзірлеуге бізге 10 жылдан астам уақыт қажет болды. Алдымен тақырыптық кішкентай кітапшараларды басып шығарып отырдық. Бұл нәтижесінде көлемді туындының дүниеге келуінің бастапқы қадамы болды.

– Жекелеген авторлармен байланыс орнатып көрдіңіздер ме, балалар ақыны, жазушыларының кітаптарын шығару жоспарларыңызда жоқ па?

–  Кітап баспасы болғандықтан, ең басты талап – авторлармен байланыс. Елдегі балаларға арнап жазатын қаламгерлермен байланысымызды үзген емеспіз. Әрі қарай да осы бағытта жұмыс жүргізетін боламыз. Қазақстандық жазушылардың ертегілері мен өлеңдерінен топтама шығарсақ деген жоспарымыз бар.

Кітап шығару – күнділікті қажеттілікті туғызып отыратын азық-түлік өнімдері емес. Кітап саудасы әркімнің талғамына, ой-жүйесіне, қалауына байланысты дамиды, сондықтан аса бір жауапкершілік пен жан-жақты зерттеуді талап етеді. Біз көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру үшін осы нарықты толық зерттейміз.

– Баспаны алғаш ашқанда еліміздегі ірі баспалармен бəсекелесу қиын соққан жоқ па?

– Негізі бәсекелестік бізде айтарлықтай болған жоқ. «Аруна» – нарықта еркін жұмыс істеп жатқан Қазақстанда  балаларға арналған кітап шығарушы ірі баспалардың бірі. Біздің баспа өз-өзін қаржыландырып, өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. «Аруна» тікелей тұтынушылармен, ата-аналар мен жас жеткіншектердің талғам-сұранысын ескеріп, соған қарай жұмыс жүргізіп келеді. Бізден шыққан туындылар тікелей кітап дүкендеріне түседі. Еліміздің кез-келген өңіріндегі дүкендерден «Арунаның» кітаптарын таба аласыз. Интернет-дүкеніміз де жұмыс істейді. Тапсырыс жасаған оқырмандарымызға кітаптарымызды қажетті мекен-жайларына дейін жеткізіп беру мүмкіндігіміз бар.

Біз балаларға арналған шетел кітаптарынан керегін алып тұрамыз. Халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысып, авторлық құқығы бар ұйымдармен байланыс орнатқанбыз. Кітаптар 100 пайыз қазақ тілінде, кейбірі ғана орыс және қазақ тілінде шығады. Мемлекеттік тапсырыстарды да орындаған кезіміз болды. Ал негізінен қаржыландыру баспаның өзінен.

– Қазір Арунадан шыққан кітаптар балалардың қызығушылығын туғызатынын байқап жүрміз, кітаптарды əзірлеу кезінде бүлдіршіндердің қызығушылығын, сұранысын ескеретін кездеріңіз бола ма?

– Біз кітап шығару үшін ең алдымен балаларға не керек, балалар басылымы дейтін бағытты зерттеп жұмыс жүргіземіз. Бізде редакциялық алқа бар. Кітапты шығармас бұрын алдымен тақырыбы талқыланады. Оны талқылауға қатысатындар әртүрлі маман иелері: Жазушылар Одағының мүшесі, сауда-саттық бөлімінің өкілдері. Бастапқы оқырмандарымыз – балалардың өздерінің де пікірін сұраймыз.

Біз балалар әдебиеті саласын зерделейміз. Шет елдерде өтіп жатқан кітап жәрмеңкелеріне, өзіміздегі іс-шараларға қатысамыз. Балалармен де кездесу ұйымдастырамыз. Аула-ауланы аралап, жас жеткіншектерге кітап оқып беріп, оқырманды тартуға тырысамыз.

–  Балалар арасында қандай кітаптарға сұраныс көп?

–  Балаларға арналған кітаптарымыздың бәріне сұраныс бар. Біз бұл жетістікке әр туындыны басып шығарар кезде жан-жақты сараптама жүргізу арқылы жеттік. Редакциялық алқаның әр жұмысқа жауапкершілікпен қарап, көпшіліктің ұсыныс-сұранысын ескере отырып, атқарған ісінің нәтижесі дер едім. Сауда бөлімі де, редакциялық бөлім де талдау кезеңіне қатысады. Шетелде шығып жатқан дүниелерге толық шолу жасалып отырады. Сондықтан болар біздің туындылардың арасында өтпей жатқан кітаптар болған емес, әрі қарай да болмайды деп сенемін. Сол үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырып жұмыс істеп жатырмыз.

Балғындардың қызығушылығын арттыратын картон, ойыншық, бүктемелі, кең көлемді жазылмалы, 3D форматтағы кітаптар шығарамыз. Ертегі айтатын, әуен шығаратын түрлері де бар. Басты талап –  сан емес, сапаға көңіл бөлу. Балаларға арналған кітап болғандықтан түрлі-түсті, суреттері анық, бояуы қанық, тілге жеңіл  болуы керек. Бұл жас жеткіншектердің кітапты оқуға деген қызығушылығын оятады. Сондықтан дизайны мен мұқабасына көп көңіл бөлеміз.

Шындап келетін болсақ, заман ағымына қарай, қазіргі пандемия кезеңіндегі қалыптасқан ахуал да әсер еткен болуы керек, көпшілік кітаптың арзанын сатып алғысы келеді. Бағасы қолжетімді туындылардың өтімі жақсы. Көркем әдебиетке қарағанда танымдық туындыларға сұраныс көп. Энциклопедиялар мен Қазақ халқының ертегілері де жақсы өтеді. Ата-аналардың балаларымыз жан-жақты болып өссе деген тілегі ғой. Әйтесе де бұл авторлық шығармалар өтпейді деген сөз емес.

«Аруна» баспасының «Мизам» деген жобасы бар. Осы топтамамен көп шығармалар жарық көруде. Бұл сериалық кітаптар жобасы. Бұл жобаны редакция болып ұйымдастырып, «Мизам» деп атадық. «Мизам» – «Аруна» баспасының өзге баспалардан ерекшелігі, өзінің туындысы. Оның ішінде әңгіме, ертегілеріміз бар, танымдық дүниелер де бар, мультфильм де түсірдік. Шығармалар әр жас ерекшелігіне қарай топтастырылады. Негізгі мақсат – шетелдік туындыларға ғана иек артпай, кішкентай оқырмандарға өз туындыларымызды ұсынып, мүмкіндігінше, өз өнімдерімізді экспорттау. Осы жоба арқылы шетелдік нарыққа шықсақ деген жоспарымыз бар.

– Жоспарларыңыз жүзеге ассын, істеріңізге сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!

Тобықтай түйін: Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» болып жарияланды. Арнайы жариялаған соң, балаларды кітап оқуға тартуда шетелдердің тәжірибесін зерделей бастадық. Рас, бұған дейін де мемлекет тарапынан балалар әдебиетіне қолдау жасалып келді. Бірақ шығып жатқан кітаптардың таралымы аздық етіп келгені тағы да, шындық. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіптің тиісті бағдарламалар аясында балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді, балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату  секілді бірқатар ұтымды ұсыныстары – жайдан-жай туындаған жоқ. Осы бастамалар, осы серпін балалар кітабын шығарып отырған «Аруна» секілді баспалардың ісін ілгерілетуге себепкер болса, қанекей!

 Сұхбаттасқан Ардақ Үсейінова.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support