- Advertisement -

Анамның «айналайын, балам!» деген үні қымбат еді

127

- Advertisement -

Жер бетіндегі жаратылыстардың бәрі анадан туған. Топырақтан жаратылған жалғыз Адам ата ғана. Алла да, пайғамбарлар да, ата-бабаларымыз да бізге ананы құрметтеуді тапсырған. Ер азамат жұмаққа анасының разылығымен ғана барады екен.

Жаһандағы көзіме көрініп, көңіліме жаққан небір түрлі таңғажайып құбылыстар қаншалықты көп болса да, мен үшін соның бәрінен қымбаты – анамның бейнесі. Әлемдегі құлағым естіген бұлақтың сыңғыры, баламның былдырынан бастап тәтті ән мен күйлердің барлығынан да маған анамның «айналайын, балам!» деген үні қымбат еді. Анам үшін қымбат сөз – тамшыдай болсын жалған қосылмаған сөз. Себебі анам маған сәби күнімнен өтірік сөйлемеуді өсиет етіп өсірді.

Алланың жазғанына қарсы тұрар шама жоқ, асыл анам былтыр 80 жасқа тақаған шағында өмірден озды. Мен анашымды керемет сағынып жүрмін. Кезінде қадірін толық білмеппіз. Қазір аналары қасында жүрген барлық адамдарға: «Аналарыңды, әкелеріңді ардақтаңдар. Бар жақсылықты сол кісілерге жасаңдар!» деп айтқым келеді.

Анам Бәтес Садырбаеваның екі туған күні, екі туған жылы бар еді. Осыдан-ақ анамның дүниеге келген уақыттың қандай қиын кезеңдер екенін топшылай беріңіздер. Құжат бойынша 1941 жылы деп жазылған. Бірақ өзінің айтуынша, немере ағасы 1943 жылы майданға аттанғанда «мен де барамын» деп артынан жүгіргені есінде екен. Демек, есінде қалғанына қарағанда сөйлеп, жүгіріп жүрсе, 1939 жылы туған шығармын дегені рас шығар. 1941 жыл емес екені анық. Туған күні де солай. Құжат бойынша 10 наурыз.  Ол кезде «бидай егілгенде, егін орылғанда» деп топшылаушы еді ғой. Әке-шешесінен естіген естелігі бойынша мамыр айында секілді.

Анам он үш құрсақ көтерген. Төртеуі шетінеп, қатарға қосылып, жер басып жүргені тоғызбыз. Бес ұл, төрт қыз. Мен жетіншісімін. Атам қазақ мал басымен емес, жан басымен мақтанған ғой. Айтуға да ыңғайлы. Үш әпкем, үш ағам, бір қарындасым, бір інім бар деп сұрағандарға марқайып та қалатын кездерім болады. Тоғызымыздың аяқ-қолымызды бүтін етіп, суық тигізбей, ыстыққа да күйдірмей өсіруі бірінші – Алла, екінші осы анамның арқасы еді.

Туып-өскен жеріміз – Фурмановка, қазіргі Мойынқұм ауданы. Бұйрат құм, сорайған сексеуіл, оған ұя салған қыран құс, барлығы менің көзіммен көріп, көңілімде сақталған көріністер. Ауылда «Промкомбинат» деген мекеме болатын. Анам сонда тігінші болып жұмыс істеп, зейнетке де сол жерден шыққан еді. Қолында дипломы жоқ болса да сол мекемеде үйретуші маман болды. Аты айтып тұрғандай, мекеме жұмысшы қауымның тұрмыстық шаруа  бұйымдарын тігумен айналысатын. Қолғап, төсек қаптары, халаттар, тағысын-тағылар. Білікті басшылары өндіріске өрмек тоқуды да қосыпты. Яғни киіз үйдің тоқыма жабдықтарын өрнегімен, оюымен әрлеп тігу. Бұл енді ерінбей еңбектене беру емес, адамның туа бітті қанға сіңген шеберлігін, ісмерлігін қажет ететін іс. Анам осы уақытта тынымсыз еңбектеніп, қолынан балы тамған өнерімен адал, маңдай терімен танылып, жұмыста жұлдызы жарқырады десе де болады. Ол уақыт менің мектепке жаңадан барған кезім. Әлі есімде, киіз үйдің уық, кереге, шаңырақ ағаштарын Қарақалпақстаннан әкеледі де, киізін Қырғыз елінен алдырады. Анам соған жіп керуден бастап, өрмек тоқу, басқұр, шашақбау, бәрін қолдан өріп, тігіп, өзі дайындайтын. Жұмыста жаппай қолғап, жұмыс киімдерін жасап, жеке қол шеберлігін қажет ететін әлгі киіз үй жабдықтарын үйде тігетін. Ол жұмысқа бәрімізді салатын. Бізге бұйырғаны жіп иіру, оның да өзіндік құпия-сырлары көп. Иірілген жіптерді әр түске бояу өз алдына машақаты көп, талғамды қажет ететін шаруа. Анамның қолынан шыққан матаға жан кіріп, тіл бітіп кететін. Тоқыған басқұрлары төмен қарай төгіліп тұрғанын көрсең керемет! Есік алдындағы шуаққа жіп керіп, іліп қойғанда, көргендер тамсанып, көз ала алмай қалатын. Аудандағы Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдегі көрмеде жарты киізүй  қойылған. Сол киізүйдің қолдан тоқылған барлық жабдығы менің анамның қол еңбегі, шеберлігінің көрсеткіші. Анамның аты-жөні де жазылған. Оны көрген сайын менің кеудемді қуаныш сезімі кернейді. Сол киізүйдің жартысы Санкт-Петербургтегі музейге апарып қойылған екен. Кейіннен отбасымызбен ұлттық ұсталық өнерін дамытып, ат әбзелдерін де жасадық. Ағам ерді қолдан шауып, былғары қайысын қаптайтын. Қамшы өру, желдік, тоқымдарын неше түрлі ою-өрнекпен жасайтынбыз. Қазіргі көзқараспен қарасаң, шынында ұлтымыз үшін анамыз көп жұмыс істепті. Бір киіз үйдің жабдықтары мен өрнектерін жалғыз өзі тігетін еңбегі ескерусіз қалмай, Мәскеуде өткен көрмеден бірінші орын алып, анамыз 1985 жылы еңбек ардагері төсбелгісімен марапатталған екен.

Әлі есімде, 3-сынып оқып жүргенімде Бәтес анам мені баян аспабында ойнауды үйрететін сыныпқа берді. Анам баянмен ән салған кісілерге қызығады екен. Содан «Балам баянмен ән салатын өнерпаз болсыншы» деген арманы болса керек. Бойым аласа болғандықтан, баян өзімнен үлкен болып тұратын. Осылай баян аспабының қыр-сырын ерте меңгердік. Мектепте ән сала жүріп, өнерге деген қызығушылығымыз арта түсті. Кейіннен өнерімді сол кездегі Жамбыл мәдени ағарту училищесінде жалғастырдым. Кейіннен анам: «Өзім кішкентайыңнан баян үйренуге беріп алып, сені аяп жүретінмін. Зілдей баянның тіліне қолдарың әрең жетіп жатқан кезде сенімен бірге қиналдым. Бірақ болашақтағы наны, ертең қор болмайды деген ой мені сабырға шақыратын. Сөйтіп, қиналғаныңды көрсем де, сыр бермей, ертеңің үшін шыдадым» деп айтып отыратын. Осы күні өнер үйірмесіне ерте барғанның тек жақсылығын көріп жүрмін.

Сол мектепте оқып жүріп балалықпен істеген бір бұзықтығым есімнен кетпейді. Бірде парталас досымыз екеуміз отырған партамыздың беткі қабатын сыдырып тастадық. Жап-жаңа мүлік оңбай бүлінді. Сынып жетекшіміз мән-жайды сұрағанда «Анау бірінші бастап, қаламсаппен көтерді. Сосын мен ары қарай сыдырдым» деп, мұрнымды тартып, төмен қарадым. Кішкентай жүрегім қылмыс жасағанын біліп дүрсілдеп тұр. Қатал ұстаз қылмыскерді жазаламай қойсын ба? «Милиция шақырыңдар!» деп айтып жатқанда тұра қашып, анама келіп, бәрін айтып бердім, енді анам араша түседі деп тұрмын ғой. Содан анам мені жетектеп мектепке келді. Ұстаз екеумізді директордың кабинетіне алып кірді. Анам арыз-шағымды асықпай тыңдап болып, «Енді не істейсіздер бұл баламның бұзықтығына, не шара қолданасыздар?» деді. Директор: «Милиция шақырып қойдық, соттай ма, ұрып қоя береді ме, арғы жағын солар шешсін» деді. Мен қорқып араша түседі ме деп көзімнің астымен үміттеніп анама қарасам, ол кісі міз бақпаған күйі: «Онда маған мұндай бұзық баланың керегі жоқ. Дұрыс шақырғансыздар, сотталсын!» деді де, шығып кетті. Ой, сондағы қорыққаным-ай. Осы оқиға маған үлкен сабақ болып, мүлде мұндай бұзықтықты қайталаған жоқпын.

Тоғыз баланы тәрбиелеу оңай ма? Бұл жөнінде анамыздың өзіндік талаптары мен бұлжымас қағидалары болатын. Бірдеңе бүлініп не тапсырылған жұмысты бітіре алмай жатсақ, «Әкең келіп, мұны көрсе не істейміз? Қап, сені ме, әкең келсе айтпасам ба, бәлем! Әне, әкең келе жатыр!» десе балаң санамыз «енді қайттік?» деп қорқатынбыз. Асқар тау, отбасымыздың тірегі, жүрегі әкенің аты аталса қанша дегенмен балаға сес сияқты екен. Кейін байқасақ, әкеміз мүлде ондай қатал адам емес екен. Қаталдық түгілі қой аузынан шөп алмайтын момын, мінезі тіпті жұмсақ болып шықты. Мінез көрсетпек түгілі көп ішінде біреуге тік сөйлеуге де батпайтын болса керек. Тіпті айлық алуға да ұялып, анамды жіберетінін мұнда біліп жүрміз ғой. Біздің көзімізше де екеуі дауыс көтеріп, «шай» дескен емес. Бүгіндері ойласам, әкем кең жүректі, салауатты иманның адамы екен. Анам отбасында әкенің рөлі үлкен екенін, одан именуіміздің шарт екенін жаңағы «әкең келе жатыр» деген сөзімен ғана білдіріп, бізге отбасылық атадан келе жатқан жолды көрсетіп, санамызға сіңірген екен.

Анамыз жайлы көбірек айтып отырғаным, әкеміздің өмірден ертерек озғандығынан болар. Анамның тәрбиесін көбірек көргенім рас. Сол кісінің тағылымдары ойымнан кетпейді. Өнерге ықыласты болған соң, 8-сыныптан кейін Тараз қаласындағы өнерге қатысты бір оқу орнына түстім. Ол кезде жас өнерпаздар өнер жолын сол оқу орнынан бастайтын. Бірақ жастық па, балалық па білмеймін, емтихан тапсыра алмай қалдым. Оны анамнан жасырып жүрдім. Ақыры болмаған соң, айттым. Анам менімен бірге келіп ұстаздармен жолықты. Ұстазым талапшыл, орыс кісі болатын, сол күйі баға қоймай оқудан шығуыма тура келді. Мойным салбырап, ауылға келе жатырмыз. Үміт артқан баласы оқудан құлап, оның үстіне, «бәрі жақсы» деп алдап, іс насырға шапқаны анама оңай тиген жоқ. Бұрынғы мектепте партаны бүлдіргендегідей ұрысса ғой, шіркін! Жоқ, ұрыспақ түгілі ауыр күрсініп, тіл қатпады. Үйге келген соң да ауыр ойға шомып, маған мүлде сөйлемей қойды. Бұл маған оқудан шығып қалғаннан гөрі он есе ауыр болды десем, артық айтқаным емес. Әсіресе «Бәрі жақсы!» деп алдағаным жаныма батты.

Бұл жағдай өміріме жетерлік сабақ болды. Содан әйтеуір, оқуға қайта кіріп, диплом алып шықтым. Содан Шымкенттегі өнер институтына түстім. Анам өте талапшыл, қайсар екенін айттым. Оқудан шығып қалғанда маған сөйлемей қойғаны – жазалағаны екен. Дипломымды әкеліп көрсеткенде адам болатыныма бір-ақ көзі жетті ғой деймін.

Балаларының да, қыздарының да ішінде анама ең жақыны мен болдым. Біреулер «әкеме, атама тартқанмын» деп жатады. Мен анама тартқанмын. Онымды мақтан тұтамын.

О бастан анам мені ашық сөйлесуге баулыды. Институтта мұғалім болып жүргенде журналымның арасына, сөмкемнің ішіне студент қыздар жиі хат тастап кететін. Сол хаттарды анам екеуміз оңаша оқып отырған рахат! Бұл енді жас қыздардың құпиясын ашу емес, олар – бала, мен – ұстаз. Кейбір әсерлі жазған хаттарды оқығанда «Пах, шіркін! Мен қандай қыздар қызыққандай бала туғанмын» деп мақтанып та қояды. Кей кезде «мына хатты жазған қыздың суреті бар ма?» деп сұрап та отыратын. Жар таңдағанда да анаммен ақылдасып үйлендім. Болашақ жарымнан анамның болмысын іздедім, таптым да.

Анамыздың асыл қасиеттері – жастайынан қолының биотогы бар етін, нәрестелерді емдеп жауырын ашатын, ауылда отбасылық кикілжіңдерді басып, екі жақты татуластыратын, жалпы сөзге шешен кісі еді.

Сонымен қатар анамыз ән-жырға құмар болды. Халық әндерін нақышымен айтатыны бар еді. Бау-бақша өсіруге де жақын еді. Ауылда жоқ жеміс-жидек тұқымын әкеліп, будандастыруды ұнататын. Жер жаңғақ дәндерінен тоспа жасап, ауылды таңғалдыратын. Сөйтіп ауылдағы тоспа жабатын бірінші келін атанғаны бар.

Тағы бір мықты қасиеті – жан-жақты болды, көзі ашық, саясат пен мәдениетті біркісідей білетін. Кез келген тақырыпта пікір таластыра алатын сауаты бар еді. Анамыз перзенттерін «ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деп тәрбиелеп, қыздары ибалы, ұлдары иманды боп өсті. Аллаға сансыз шүкіршілік, асыл анамыздың аманатына ешқайсымыз қиянат жасаған емеспіз. Лайым, анамыздың осы тәрбиесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей.

 

Ғани Садырбаев,

облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support