Халық әкімді емес, әкім халықты іздеп жүр

47

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру баршаға ортақ міндет екенін айтқан  болатын.  Бұл тұрғыда Президент  «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап көрсеткен болатын.

Осы орайда Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев бұқарамен байланысты бекемдеу мақсатында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастыруды бастап кетті. Кеше шаһар басшысы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің ауласында №1 аумақтық округ тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдауға арнайы келді. БАҚ және әлеуметтік желілер  арқылы алдын ала хабарландыру берілгендіктен бе, мұнда жиналған көпшіліктің қарасы қалың болды. Оның үстіне кездесудің ашық аспан астында ұйымдастырылуы жұртшылықтың өздерін толғандырған өзекті мәселелерді   жеткізуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасарларынан бастап, тиісті бөлім басшыларының тегіс қатысуы да байыпты басқосудың мән-маңызын арттыра түсті. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, құқық қорғау органдарының басшылары да көпшіліктің ортасынан табылды. Бір сөзбен айтқанда қала атқамінерлерінің көшпелі қоғамдық қабылдауға бар ынты-шынтысымен дайындалып, ерекше ден қойғаны байқалып тұрды.

Жүздесу барысында әр алуан мәселелер көтерілді. Тұрғындардың бірі жұмыс сұрап келсе, бірі кәсіп бастауға қандай қолдау көрсетілетінін білді. Енді бірі санитарлық тазалық мәселесін көтерді. Сол сияқты Адамбаев көшесінің бір топ тұрғыны  мемлекет мұқтажы үшін сатып алынатын мүліктің құны көңілден шықпай отырғанын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты әкімдік қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері заң аясында тиісті жауаптарын берді. Жылжымайтын мүліктің құнын тәуелсіз бағалаушылар анықтайды. Оған келіспеген жағдайда әрбір тұрғынның сотқа шағымдануға құқығы бар.

Тағы бір айта кетерлігі, Ержан Жұматұлы да, өзге лауазымды тұлғалар да тек №1 аумақтық округ тұрғындарының ғана емес, мәселе көтеріп келген әрбір жанның өтінішін тыңдады. Мысалы, «Бәйтерек» ықшам ауданындағы №20 үйдің тұрғындары Тараз қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің электр энергиясын тарататын кәсіпорынға  берешегі үшін пәтерлерін заңдастыра алмай отырғандарын айтты. Мемлекеттік сот орындаушылары қанша рет хабарлама берсе де мекеме қарызды толық көлемде жабуға асығар емес. Көшпелі қоғамдық қабылдау барысында бөлім басшысы Зият Тұрсынұлы аталған мәселені 1 маусымға дейін шешетініне сендірді.

Осындай көшпелі қабылдаулар бекітілген кестеге сәйкес әр жұма сайын өткізіліп, барлық аумақтық округті қамтитын болады.

 

Тұрсын Темірланұлы.

 Суреттерді түсірген

Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.