- Advertisement -

Жазығы – бай болғаны

57

- Advertisement -

Сұрқия саясаттың құрбаны болып 37-нің жазалау құрығына ілінгендердің бірі  қордайлық Дүйсебай  баласы Момбай еді. Момбай – Кеңес өкіметіне жаулық пиғылды «ағылшын агенті», «жапонның шпионы», тіпті «алаш қозғалысын» жақтаушы да емес, бар айыбы босағасына қыдыр дарыған байдың  тұқымы, өзі де дәулеті  жұрттан асқандығы еді. Голощекиннің «Кіші октябрі» халық басына қасірет үйірген зұлмат әуелде байларды  жаппай тәркілеумен, жұртты  күштеп ұжымдастырумен  басталған. Қазақ  ауылдарының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін,  тұрмыс ерекшелігін ескермей  барша жұртты бір қалыпқа салып теңестіру саясаты  байлардың көзін құртқанмен, кедейлерге де опа таптырмады. Халық алапат аштыққа ұрынды.

Ал Момбай  заманынан не ерте, не кеш туып, тарихта уақытша ғана жасаған кеңес дәуіріне тұс келіп қалған. Олай деуіміз, бұл өңірдегі Қыбырай, Машақта бір басына үш жүздей жылқы, бір отар қой-ешкі, елу қаралы сиыр біткен Момбай бұл дәулетті ұрлық-қарлықпен, зорлықпен жимаған. Әкеден қалған малды шашау шығармай, елден арзанға мал сатып алып, семіртіп, Ташкенге апарып базарлап сауда-саттықпен айналысқан. Яғни бүгінгі тілмен айтқанда, кәсіпкерлікті сол кезде-ақ жетік меңгерген. Өзі аузы дуалы, сауатты адам болған, сотталғанға дейін ауылда старшын еді деседі. Жоқ-жітіктерге қарайласып, кейбір бергендерін қайта сұрамайтын  жомарт болған. Үлкен ұлы Мұқаметжанды үнемі қасына ертіп жүріп шаруаға үйретіп, саудаға бейімдеген. Қартайғанда көрген екінші ұлының есімін ырысты Ташкент базарының құрметіне Тәшкенбай қойған.

Бірақ Тәшкенбай үш жасқа жетер-жетпесте бай әулетінің құты тая бастады. «Кәмпескенің» ұзын құрығы Қордай жеріне де жеткен. Байлардан тәркіленген мал, дүние ту-талапайға түсіп, өздері айдалып кете бастады. «Қара тізімге» осы өңірдің ірі байы Қожамберді баласы Мүсәпір ілінді. Момбайға да тықыр таялды. Көз құртымен жиылған есіл дүниені бір кезде қолға су құюға жарамаған өңшең қара табандарға үлестіріп беруге  қалай қисын, байекең бір-ақ түнде мал-жанымен үдере көшіп, қырғыз асып көзден тайған. Бұл 1930 жылдың аяғы, өзінің алпысқа, үлкен ұлының қырық бес жасқа келген кезі. Әлдеқандай заман болады деген сақтықпен кенжесі Тәшкенбайды өз іргелерінен аулақтатып алыстағы Әлиман деген қарындасына бергізіп жібереді. Ал аңдыған жау алмай қоймады ақыры, Момбайға іздеу салынып, басына бәйге тігіліп, кейбір туыстарының өзі-ақ ұстатып жіберген көрінеді.

Байдың келіні (Мұқаметжанның әйелі) Әсия әженің айтқандарынан:

– Қырғыздың «Қоңыр» деген жайлауында құдаларды сағалап тау арасында жасырынып жатыр едік. Бір күні жұлдыз таққан шошақ қалпақты сегіз солдат сау ете түсіп шалды ұстады. Аттың артына  мінгестіріп әкете бастағанда Мұқаметжан шыр-пыр болып: «Өлмелі шалды қайтесіңдер, әкемнің орнына мен барайын», – деп олардың шылбырына оралады. Ал солдаттар оның өзін де бас салып, қоса байлап алып кеткен. Сол кеткеннен екеуі де жоқ.

Бас иесіз қалған ен байлық  тәркіге түсті. Өкімет те талады, ел де талады. Әйелдері, балалары тым-тырақай қашып, жаяу-жалпылап, азып-тозып елге келсе «пәлесі жұғады» деп мұндағылар ат тонын ала қашады. Ақыры байдың бәйбішесі Айша қаңғырып кетіп өледі, екінші әйелі Бибіажар да (Тәшкенбайдың анасы) қорлыққа төзе алмай ажал құшады. Тұрмыстағы қарындасы Әлиманды да «бай-құлақтың тұқымы» деп күйеуі қуып шығып, ол төрт жасар Тәшкенбайды жетелеп ел іргесіне келеді. Сортөбеден Момбайды білетін сыйлас дүнгендерден пана тауып, өлместің  күнін көреді.

Бай шаңырақта туса да байлыққа бөккен балалық шақ  маңдайына жазбаған біз білетін Тәкеңнің  жетімдік тірлігі осылай  басталады. Алты жасында Тоқпақтың, сегіз жасында Қарақоңыздың балалар үйлерінің табалдырығын тоздырады. Қаршадайынан дүнген балаларымен бірге өсіп, бірге оқиды. Ала жаздай бау-бақшадан шықпай күн астында қайыстай қатып еңбек етеді. Аштыққа да, қорлыққа да төзіп, зеректігінен тоғызыншы сыныпты бітіреді. «Сталин» колхозында есепші, таразышы болып, ысыла келе бухгалтерлік курсты бітіріп шығады.

Ал 1951 жылы пединститутқа құжат тапсырғаннан 1988 жылға дейін тарихшы-географ болып табан аудармай ұстаздық қызмет атқарды. Зайыбы Дүрдана да математика пәнінің білгірі ретінде талай толқын ұрпақты білім нәрімен сусындатқан. Жеті бірдей ұл-қыздары түгел жоғары білімді,  әрқайсысы үйлі-жайлы. Әкесіне араша түсемін деп өзі қоса айдалып кететін ағасы Мұқаметжаннан қалған тұяқтар Ауғанбай мен Әбдіжапардан да бір қауым ел өсіп-өніп отыр. Мінеки, «орнында бар оңалар» демекші, бір кезде қоғамнан сылып тастамақ болған Момбай байдың ұрпағы араға жылдар салып өмірден лайықты орындарын тапты. Жұрттың айтуынша, Күнбатыстағы «Жіңішке» өзенінің орта тұсында   «Момбай қыстауы» аталған орын, отыз гектардай  «Момбай бедесі» деген қырат болған.

– Әкем айдалғанда небәрі үш жастамын, кейін де іздеуге мүмкін болмады, – деуші еді Тәшкенбай аға өткен өмірді еске алған сайын. – Қит етсе «байдың құйыршығы» деп көзге түртіп шыға келетін. Екі рет осы себептен партияға өткізбеді. Тек 1958 жылы аупарткомның қызметкері Қасымхан Құлбашевтің «бай баласы болғанымен детдомда өсті, байдың тәрбиесін көрген емес» деп араша түсуінен кейін барып қана қабылданады. Жазалау құрбандары ақтала бастағанда облыстық прокуратураға сұрау салып көріп едім, әйгілі үштіктің үкімімен 1932 жылғы 23 сәуірде әкем жер аударылса, ағам 5 жылға бас еркінен айырылуға сотталған, екеуі де  1989 жылғы Жарлыққа сәйкес толық ақталған деген құжаты  қолыма тиді. Тар заманда кебенек киіп кеткендер еді, сүйегіне қай жердің топырағы бұйырғаны бір Аллаға ғана аян…

Бір ауыз  сөзі  үшін

Мына бір оқиға да кеңестік жазалау машинасының жемсауы жанын әрең бағып жүрген қарапайым адамдарды да талғаусыз жұтып отырғанының айқын дәлелі.

1989 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының Жарлығымен елімізде отызыншы, қырқыншы және елуінші жылдардың басында миллиондаған адамның өмірін қиған репрессияның қанды толқыны шарпыған жазалау құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Соған сәйкес облыстық прокуратура және мемлекеттік қауіпсіздік комитеті облыстық басқармасының қатысуымен ақтау жөніндегі үйлестіру комиссиясы жұмыс жүргізіп, олар дайындаған ақталған адамдардың тізімі облыстық «Еңбек туы» және «Знамя труда» газеттерінде жарияланды. Көп ұзамай аудандық газеттің редакциясына қасықтық Ұлы Отан соғысының ардагері Сәскебай Шубаев  келіп, облыстық газеттегі тізімнен бір танысының есімін ұшыратқанын айтты. Біз де көз жүгірттік: «Ботамбаев Сәлімбай, 1875 жылы Қордай ауданында туған, қазақ, партияда жоқ, Қордай ауданының Қасық ауылдық советі» деген сараң  жолдар ғана. Әйткенмен, осының өзінен-ақ отыз жетінші жылдың  ызғары есіп тұрғандай денең түршігіп, аяққа басылған адам тағдыры жайлы мұңға батасың.

– Айып тағылған кезде жарықтық алпыстан асқан қария еді, – дейді майдангер тұнжырап. – Өзі денелі келген алпамсадай толық адам болатын. Георгиевкадағы түрмеге әкеп қамағаннан кейін екі ай өткенде көрсем екі жағы  суалып құр сүлдері қалыпты.

– Сонда тағылған айыбы не?

– Е-ей, жоқтан өзге де, тәйірі. Оны айтсам қазір күлесіңдер, шырағым. Біз ол кезде жаспыз. Сәлімбай жасы алпыстан асқан дедім, күн ұзақ дүкеннің түбінде күншуақтап отыратын. Әрлі-берлі өткендермен  әредік дауыстап сөйлесіп  те қоятын. Әйелі өліп, өз кіндігінен бала да жоқ, інісінің қолында тұратын.

Бір пысықайдың көрсетуінше бірде ол жұмыстан қайтқан әйелдерге: «Балшабектер сендерді  жарылқайды дегені қане, пора-пораларың шығып ерлермен бірдей қиналып жұмыс істеп жүрсіңдер» деген-мыс. Тағылған бар айыбы осы… Сәкең бұл оқиғаны кеше ғана болғандай зілдене отырып әңгімелеп еді. Тіпті ауылдасы Жақыпбай Елеманов екеуін «Сәлімбайға куә болыңдар, қылмысын мойнына  қойып беріңдер» деп жоқ жерден әуреге салыпты.

– Бір күні  түн жарымында НКВД-нің  екі-үш адамы келіп оятып алып Қасықтан  Георгиевкаға  жаяу айдап келді. Тергеуші столдың бір шетіне наганын бізге көрсетіп қойып, аяғымызды жалаңаштап қара табаннан жалпақ ағашпен  ұрады. «Сәлімбайдың әйелдерге осылай дегені рас па? Оның байдың тұқымы екені рас па? Айт қане!» деп сабайды. Табаннан тиген соққы миыңнан бірақ шығады. Сонда да өтірік айта алмадым. Оның әйелдерге не дегенін бір Құдай білер, сол кезде қасында тұрған жоқпын ғой. Ал бай баласы дерліктей жұрттан асқан дәулетін тағы көрмедім. Не керек, тергеуші мені таңға дейін әурелеп куәға тарта алмады, амалсыз босатты. Бірақ С.Ботабаевты босатпады, үкіметке қарсы ғайбат сөз айтты деген желеумен басқа жаққа алып кетті. Көп ұзамай қарт адам жол ауыртпалығын көтере алмай жолда үзіліпті  деп естідік.

Мінеки, жаңсақ айтылған бір ауыз сөз осылай бір ғұмырды өшірген. Тіпті оның ақ-қарасы дәлелденбеген ғой. Ал кейбір пысықай белсенділердің ойдан шығарған жаласының зардабынан  жазықсыз  жаза арқалаған мұндайлар  қаншама.

Құрманбек Әлімжан,

журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support