- Advertisement -

Жаппай жазалаудан кейінгі жазалау немесе 1938 жылғы партиялық аппеляция қалай жүргізілді?

152

- Advertisement -

Саяси репрессиялар –  ХХ ғасырдың 30 жылдарының екінші жартысындағы кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналғанын қазір ерінбеген адамның бәрі айтады. Алайда сол кезеңде бұл жүйе БК(б)П ОК мен Саяси бюроның  сталиндік тобына, партияның өз ішінде және жалпы елде, сөз аңдығандардың сырттай саусақ безеп көрсеткен қарсыластарына қарсы саяси күрес арсеналының маңызды бөлігі болатын.

Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп,  оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді. Мысалы, «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп» тағы солай тізбектеле береді. Айыптаушылардың міндеті елдегі саяси оқиғалар туралы ақпаратты елге басқаша өрбітіп, жеткізетіндерді анықтау болды. Шын мәнісінде, мұндай топтар да болғаны анық. Олар орайлы сәттерді пайдаланып, жаңа басқару жүйесін халықтың үрейін туғыза отырып жеткізді. Келесі  кезеңде сот және соттан  тыс  органдар, негізінен ІІХК (НКВД)  органдарының күшіне,  яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйеніп, өз шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып – адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды.

Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада  дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру туралы нұсқау берілді. Нұсқау тек бір бағытта ғана: ел арасында «жаулар» болуы керек.

Қатардағы  партия мүшелері мен кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен, саяси репрессиялар да  барлық  басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс еді. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір  тоқтамға  келуі керек-ті. Қысқасы, қойған  мақсатқа жеткен соң, бұрынғы  бағытты өзгерту, не бұл  процесті бақылаудан шығарып алу. Алайда ІІХК органдары ролін  соншалықты асқақтату билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды. Мұндай жүйені бұлайша бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.

1938 жылы қаңтарда өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формальды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда  қабылданған  қаулыда, партияның  өткен  кезеңінде жағдайдың  бақылаудан  шыға  бастағанын  көрсететін  фактілер көп келтіріледі.  Осылайша, жаппай  репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938  жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары  орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғары жаза еді. Оны халыққа «уақыт талабына сай»  іс-шара деп көрсетті.

Көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі,  сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК-ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшылар да осындай кепті бастан кешті. Бірақ бұл жаппай қылмыстың ізін жасыру еді. Әйтсе де гәп басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене  отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген,) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтылып, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына  – ұлттық компартиялар орталық комитетіне, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі» атап көрсетілді. Ол ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасына енгізіліп, олардың \ саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.

1938 жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды — біріншіден репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса да, әлі өз тағдырының не боларын білмей түрмеде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.

Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге асыру, бәрінен бұрын партиядан шығарылғандардың  аппеляциясын  қараудан  басталған  еді. Облпартколлегияның 1938  жылдың 1 қазанындағы есебінде жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі нақты көрсетілген.

«1938  жылдың 20  қаңтары мен 1  қазаны аралығында  559 аппеляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды:

  1. 1932 –34 жылдары шығарылғандар – 110 адам… 24-і партияға қайта қабылданды, немесе 22 пайыз… шығарылғандардың 61-інің қылмысы дәлелденді немесе 55 пайыз.
  2. 1935-1936 жылдары шығарылғандар — 287 адам, қайта қабылданғаны – 140, немесе 48 пайыз, 91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32 пайыз …1937  жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 аппеляция, қайта қабылданғаны — 57 немесе 55 пайыз … 36-сының шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 пайыз.
  3. 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 аппеляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері 43, кандидаттар 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны 8 немесе 14 пайыз, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері — 37. Кандидаттардың қайта қабылданғаны – 3 және шығарылғаны дәлелденгені – 12».

ҚКСР бойынша ПБКӨ жанындағы Оңтүстік Қазақстан облпартия коллегиясының мүшесі, есеп беруді құрастырушы Шихалиев жоғарыдағы цифрларға мынадай баға береді: «1938 жылдың басына дейінгі, облыс пен бірнеше аудандардағы партия жетекшілері  троцкистік – бухариндік, ұлтшыл-фашист бандиттер , репрессия арқылы біздің большевик кадрларды құртып, партияның қатарына өздеріне ұқсаған адамгершіліктен ада бөтен элементтерді жинағысы келді. Осы 1938  жылы партия қатарынан шығарылған ҚК(б)П-ның 49 мүшесі мен кандидаттарының ішінде халық жауларымен байланыста болып, оларды қорғағаны үшін шығарылғандары –40 адам, қалған 9-ы әлеуметтік бөтен элементтер. Бұл Оңтүстік коммунистерінің арасында большевиктік қырағылықтың едәуір көтерілгенін және БК(б)П ОК қаңтар пленумының қаулысы партия ұйымдарын дұшпандық, таптық – бөтен элеметтерден тазартудағы ымырасыз күресте өткір қару екендігін көрсетеді, пленум партия мүшелері мен кандидаттарын партия мүшелерінің тағдырына қылмыстық – жеңілтектікпен қарағандарды  үзілді-кесілді жойып жіберу үшін осылай қаруландырып отыр».

Облпартколлегиялар мен партияның облыстық комитетінен бөлек,  шығарылғандардың  аппеляциясы  туралы істі  қалкомдар мен аукомдар  да  қарады. Қалком  хабарламасында: «БК(б)П ОК қаңтар пленумы шешімі шыққан күннен 1938 жылдың 10 қыркүйегі  аралығында партияның қалалық комитеті бастауыш партия ұйымдарында шығарылған 94 істі қарап, оның 23-і қайта қабылданды, сонымен бірге партколлегия мен обком қала партия ұйымынан 8 адамды қайта қабылдады, бұл бастауыш партия ұйымдары шешімдерінің 33 пайызға өзгертілгені. Сонымен қатар, тағылған айыптардың дәлелденбегені туралы мысалдар да бар. Осылай ҚК(б)П аукомы пленумында Мәуленов партиядан шығарылған болатын, «колхозшылар арасында антикеңестік әңгіме жүргізгені, дұшпандармен байланысы  және әлеуметтік бөтендігі үшін». Аппеляцияны талқылау кезінде айыптаулар дәлелденген жоқ. Партколлегия осыған аукомның назарын аударып, бірінші хатшы Ж.Беласаровқа ескерту жасалып, оған коммунистерді партиядан шығаруда жеңілтектікке жол бермеуді тапсырып, ондай іс қайталанған жағдайда  жауап беретіндігі ескертілді».

Қаңтар пленумы қаулыларының пункттерінің бірі жала жапқандығы үшін партиялық жауапкершілікке тарту тұрғысында болды. Осы жөнінде берілген құжатта былай делінген – Партколлегияның жалақорлар мен көлеңкесінен қорқатындарды жауапқа тарту ісінің әлсіз екендігін мойындау керек, қазірге дейін бір де бір ауком хатшысына коммунистердің партиядан негізсіз қуылғандығы үшін партиялық жаза қолданылмаған, мұның өзі аппеляцияны  талқылау кезінде бірнеше ерекше қаулылар қабылданып, бірқатар  аукомдарға жалақор коммунистерді жауапкершілікке тарту туралы  ұсыныс енгізілгеннің өзінде жүзеге аспай отыр».  Мәтіннің осы үзіндісінде мынадай факті де келтіріледі: 23/У-1938-ші жылы партияның Меркі АК-і ҚК(б) П мүшесін 15 коммуниске жала жапқаны үшін партиядан шығарады, 1/УІІ –1938 жылы партколлегияның қаулысымен шығарылу мақұлданған .

Аймақ  бойынша  қорытынды  статистикалық  мәліметтер   мынадай. 1.09.38 жылға дейінгі қарастырылмаған аппеляциялардың саны – 724, олардың ішінде партияның аудандық комитеттері шешімдерінің қайта қаралғаны – 631, партияға қайта  қабылданған коммунистер саны – 292, кандидаттыққа ауыстырылғаны — 10, тілектестер (сочуствующих) қатарына – 14, шығарылғандығы мақұлданғаны- 310, қарастырылмай қалғаны — 93…

….БК(б) П қаңтар пленумының қаулысы баспасөзде жарияланған кезден бастап партия ұйымы облыстық комитетінің тіркеу бөліміне 26.01.38 жылға дейін 179 аппеляция 5.0938 жылға дейін – 623, барлығы 802 аппеляция түссе, өткен 7 ай ішінде оның тек 88-і немесе 11 пайызы қарастырылған, қайтадан партия қатарына және кандидаттыққа 68 адам қабылданып, облыстық партколлегияға 438 және партияның аудандық комитеттеріне 200 аппеляция тапсырылған. Осы және осыған дейінгі цифрларды және бұдан кейінгілерін де, саяси тарих тіліне аудару тіпті де оңай емес. Алдымен «марксизмнің бөтен туының» астында, кейіннен одан да бөтен большевиктердің туы астында, одан кейін тіпті де бөлек сталинизм  туының астында болған аймақтық саяси элита өзінің барынша дәрменсіз екендігін көрсетіп «ағыс аққан жаққа қарай» жүзуге дайын болып, орын алған оқиғалардың мән-мағынасын түсінуге тырыспай, Орталықтан келер нақты бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыланды. Тіпті ол бұйрықтарды қабылдай отырып, онда аздаған қауіптің барлығын сезсе, онда оны аяғына дейін орындауға да дәрмені жетпеді.

Осындай  және  осыған ұқсас  іс-әрекеттердің  нәтижесінде  Қазақстан  Коммунистік (б) партиясы  мүшелері  санының  1933-1940 жылдарғы динамикасы (өсу  деңгейі)  мынадай: 1933   жылы –  жаппай  партиялық  тазалау  басталмай  тұрып  оның  қатарында  101  мың  486  большевик болды. Олардың  48594  партия  мүшелері  52892  мүшелікке  кандидаттар еді. Жаппай  партиялық  тазалау  мен  алғашқы  саяси  процестерден  кейінгі  1936   жылы  47988  адам  қалды, тиісінше  29474  партия  мүшелері  және  18514  кандидаттар.  Көбірек  кеткені  партия мүшелігіне  кандидаттар  болды. 1937-   жылы   саны  көбейіп  51881  адамға  жетті.  1938  жылы  ол  қайтадан  48322-ге  төмендейді.

1937 жыл мен 1938  жылдар  арасындағы  цифрлар айырмасын  репрессияға  ұшырағандардың  саны  ретінде қарастыруға  болады. Барлығы 3559 адам. Олардың  коммунистері  2509,  кандидаттары –1050.  Партия  қатарының  ұлғаюы  қайтадан 1939  жылы  басталды.

Партиядан  шығару   фактісінің   салыстырмалы  түрде  алғанда, 1934  жылдың өзінде 31885 –ке,  1935  жылы тағы  да  8765-ке,  1936  жылы 12224-ке жетіп,  яғни  1938  жылға  дейін  жалпы  алғанда  53164  коммунист  репрессияға  ұшырау  қаупінде болды.  Сондықтан  да,  жиналып  қалған  аппеляцияларды  тезірек  қарау  туралы  ұсыныс  жағдайдың  түзеле  бастағанын  көрсеткенімен,  аукомнан  обкомға  дейінгі  аймақтық  деңгейдегі   партия  органдарының  аппеляция  істерін  қарап,  партқұжаттарды  берудегі  сылбырлығы  қорқынышты , күдік пен сенімсіздікті күшейте түскен еді. Ал, бұл тек республикалық партия ұйымында ғана емес, оның барлық аймақтық бөлімшелерінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да репрессиядан кейінгі жағдайдың түзелуіне кедергі жасады.

 

Сейдахан Бақторазов,

М.Х.Дулати  атындағы Тараз өңірлік университетінің  профессоры, 

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

зерттеу орталығының жетекшісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support