- Advertisement -

Жазықсыз жандардың обалын кімнен сұраймыз? (көнекөз ананың естелігі)

73

- Advertisement -

31 мамыр – Азалы күн. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары солақай саясаттың кесірінен қазақтың үштен екісі қынадай қырылып, ауыр кесапатқа ұшыраған боздақтарды еске алатын, аруақтарға тәу ететін күн. Қызыл қырғынның мейірімсіз дүлей дауылы өзге өңірлермен бірге Сарысу ауданын да айналып өтпеді. Еңсесі езіліп, «елім-айлаған» қыршындар туралы естеліктер де аз жазылған жоқ. Дегенмен де, жаһандану дәуірінің иіріміне иіліп бара жатқан бүгінгі ұрпақтың есіне қасіретті жылдардың жылнамасын ауық-ауық жаңғыртып тұрған дұрыс. Әсіресе ұлттық сананың күзгі жапырақтай сарғаймағаны ләзім.

Сол бір қиын да қилы заман запыранын бастан кешкен немесе бала кезден лебін сезген көнекөздер әлі де бар ауданда. Солардың бірі – жүрген жерінде шежіре айтып, ескіден естелік шертіп жүретін «Халықтар Достығы» орденінің иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, қырық жыл үзбей үлкен мекемені басқарған Алтын Досжанқызы. Сексеннің сеңгіріне шыққан, көргені мен көңілге түйгені мол, өзіндік айтары бар абзал апаға сәлем бере барып, тозақты жылдардың тоңын жібітуді өтінген едік.

«Өткен ғасырдың отызыншы жылдардағы ашаршылық алапаты 6 миллион қазақтың 4 миллионын айналасы үш-төрт жыл мерзімде жұтып жіберді. Демограф Мақаш Тәтімовтің зерттеуі – бұл. Ұлы даламыз жоқтау айтуға да шамасы келмей күңіреніп  кетті! Мен өзіміздің әулеттің ғана басынан өткен ауыр трагедияны айтып берейін. Әкем Досжан дала мәдениетін, әдебиетін, тарихын жетік меңгерген өте сұңғыла адам еді. Сонымен қатар теріден таспа тіліп ат әбзелдерін, тұрмыс бұйымдарын өріп тігетін ісмерлігі, көрік басатын ұсталығы мен зергерлігін ел айтатын. Керек десеңіз, жиын-тойда білек сыбанып айтысқа түсетін ақындыққа да жүйрік болатын. Сол құймақұлақ зеректігі маған да жұққан ба, мен де әкемнің тәрбиесінен зерделі болып өстім. Енді әкемнің ашаршылықта, қуғын-сүргінде көзімен көрген, өзі куә болған, басынан кешкен қайғы-қасіретін, қиянатын әңгімелейін», – деді Алтын апа.

«Ол уақытта қырықтан асқан жігітпін, – деген еді әкем, – 1928 жылы күзге қарай жаз жайлауы Сарысу өзені бойында жатқан қалың елден сегіз бай кәмпескеленіп, мал-мүлкі тәркіленіп, өздерін бала-шағасымен қоса жер аударып жіберді. Төрт-түлік малын кедей-кепшікке бөліп береді деп еді, бірақ ол бос сөз боп қалды. Тәркіленген заттары да, малдары да зым-зия жоғалып кетті. Сол жылдың қыркүйегінде Арқаның төсіндегі Түгіскен деген жерде көшпелі Сарысу ауданы құрылды. Артынша «Құлақ, жауыз, шолақ белсенді» деген сөздер момын елге үрей тудырып, түрпідей естілді. Өкімет жіберді ме, жоқ, әлде өз-өздерін сайлап алды ма, бұлыңғыр, әйтеуір ауыл-ауылға толассыз ат сабылтқан өктем сөйлеп халықтың зәресін алған белсенділер, милициялар толып кетті. Олардың айтатыны «Енді көшпенді өмір болмайды, қолдағы бар малды өткізесіңдер, Оңтүстікке Қаратауға барып егін салып ұйымдасқан артель серіктестік боласыңдар», – дейді дырау қамшыларын үйіріп. Тек көшпенділікке үйренген біз мұндай дөрекі өкіметті бұрын көрмегенбіз, айран-асыр болдық. Қалың ел толқыды, дүрбелең басталды. Одан кейін жүн, ет, тағы басқа түрлі құлақ естімеген салық салып, әбігерге түсірді. Таппасаң, «өкіметке қарсы жаусың» деп азын-аулақ күнкөріс малымызды да сыпырып алды. Бұл 1930-31 жылдардың шамасы еді. Елдің сауаттылары келе жатқан қасіретті нәубетті сезіп, тігулі тұрған үйлерін дүние-мүлкімен тастап, бет-бетімен басы ауған жаққа қаша бастады. Егер шолақ белсенділер біліп қалса, милициялармен арттарынан қуып барып, атып-шауып қайтарып жатты.

1932 жылдың күзінде белсенділер елді көш-көштің астына ала бастады. Арқа мен Төменгі Шу бойына дейін нәр тіршілігі, суы жоқ бедірейіп бес жүз шақырымға созылған Бетбақдала жатыр. «Ұзақ жолға шамамыз да, көлігіміз де жоқ» дегендерге, «Сендер өкіметке жаусыңдар, итжеккенге айдатамыз» деп қорқытады, ауыз аштырмайды. Асыра сілтеудің көкесі осы болды. Қараңғы халықты ажал тырнағына күштеп малша айдады. Шуды бетке алып шұбырған елде қисап жоқ. Төрт түйеге кезек мінгесіп, қалың жұрттың  шаңына ілесіп біз де қозғалдық. Күндер өте оба, сүзек деген індет пайда болып, онсыз да тұралап келе жатқан аш адамдар қырыла бастады. Бетбақтың үсті қан сасыған өліктерге толып кетті. Жығылған жерінде қозғалуға шама жоқ, ісіп-кеуіп кеткен, кірпіктері ғана қимылдап, араша сұрап, жалына қарағандары қаншама. Алдымызда үміт ететін өзен, көл, құдық та жоқ шөл басатын. «Қасиетсіз ер болса да, қасиетсіз жер болмайды» деуші еді, алайда бедірейген Бетбақ бар тіршілікті жалмаған қасиетсіз бейнеге айналған. Ілдебайлаған жүріс те өнбейді екен. Жолдың жантүршігерлік азабына шыдамаған екі ұл, екі қызымды, інім Досымбектің екі перзентін көкірегіміз қарс айырыла таспен жүздерін ит-құстан жасырып, әрі жылжи бердік. Аштыққа төзбей есі ауысқан, көздері қанталап жыртқышқа айналған адам етін жегіштер мен қарақшы ұрылар пайда болды. Әлі жеткен әлсіреген ағайындарын жабыла жейтіндерді де көз көрді. Тобымызды жазбай, түнде қарулы жігіттер кезек-кезек күзететін болдық. Әйтеуір жанға медет, сауылатын екі түйеміз, жолға дайындап алып шыққан құртымыз бар. Соны бір қауым ағайын талғажу етіп келеміз. Менің мылтығым бар. Сес көрсетіп, арасында гүрс еткізіп атып қоямын. Содан ба, әлжуаздарға бас салып мініс көлігін тартып алатын тобымен жүретін  қарақшылар біздің көшімізге таянбады. Қалжырап, жүрелеп, сәбиін бауырына басып, мынау төтеннен келген тозақтың азабына мойынсұнған өрімдей жас аналарды көргенде меңіреу далаға лағнет айтып шыңғырғың келеді. Езілесің, егілесің, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Қолда барыңмен бөлісесің де алға қарай ілби бересің.

Құшағымда алты жасар Ағыбай құлыншағым, қолқанатым, жігіт болған Орынбегім бар. Он алты перзентімнен қалған осы екеуі. Солардың тілеуін тілеп, қайта-қайта бір Жаратушыға сыйынып келем. Негізі ажалсыз адам қанша жүдесе де, ажалы жетпей өлмейтініне осы жолы көзім жетті. Ит қорлықпен Шуға да жақындадық. Қоғашық деген  жерде Жақып Борбасов атты ағамыз бастаған ағайындармен, азалы көштің алдынан көмекке келген  атқамінерлермен кездесіп, қуаныштан көбіміздің көзімізге жас іркілді. Сонау-сонау артта бедірейген Бетбақта әулетімен қырылған мың-мыңдаған боздақтарға іштей болса да дұға қайырдық».

Осындай жансебіл азапты да аласапыран сәттерді еске алғанда әкешім үн-түнсіз әудем уақыт отыратын. Ол кісінің  әңгімесі таусылмайтын, мен де қағазға түрте беретінмін.

 Ахмедия көкем біртуар едіау

Шу бойына жеткен соң әкем бастаған бір топ ағайындар балық аулап, қоян атып жансауға болған бала-шағалаларын асырауға кірісіп кетеді. Көштің алдынан шыққан Ораз Жандосов бастаған өкілдер екен. Ораздың қасында жүрген аудандық  Тұтынушылар одағының төрағасы, өзіміздің жақын туысымыз, отыз жасар Ахмедия Сармолдаев болып шығыпты. Барлық зат та, киім де, азық-түлік те сол Ахмедияның айтқанымен комиссияның шешімінде болыпты. Мұны «промтомош» (продпомощ) дейді екен. Комиссия адам басына тілдей қағаз таратып, сол берілген броньмен көмекке келген заттарды үлестіреді. Ахмедия шымыр да ширақ, өте реңді кісі болыпты. Дауысы саңқылдап «Мойымаңдар, тойымшылық болады, тағы да жеткіземіз» деп елге жігер беріп, жиын өткізіп, өз ісіне аса ұқыпты болған екен. Ағам Орынбек, оны ел Ақтанау атап кеткен, он төрт жасында 1928 жылы Бауыржан Момышұлы ашқан алғашқы мектептен хат таныған, сауаты бар бозбала еді. Шуға келгенде өкілдер оған Қызыл Отауды сеніп тапсырады. Әкем оған  ағаштан үстел жасап беріп, оны қызыл матамен көмкереді. Тәкі Борбасов ағасы «Құдай-ау тілім тасқа, өкімет көбейді, сен де Ахмедия сияқты Алматыға барып білім аласың, өкімет боласың» деп балаша қуанады.

Сонымен әкеме де промтомош тиеді. Ақтанау ағама костюм-шалбар кигізеді. Қыстың мұзы ерімей ел де ес жиған соң, Қазотыға, Саудакентке, Жайылмаға, ауыл-ауылға, ата-атаға бөліп көшіреді. Қазіргі «Тәкі талы» деген жерде «Балықты» артелі құрылады да, әкем Досжанды басқарма етіп сайлайды. Ал баласы Ақтанау Қызыл Отауды басқарады. Онда жастарды жинап сауаттандырады. Ахмедия көкемді Ораз Жандосов өзімен бірге Алматыға ірі қызметке алып кетеді. Әкем артель орын тепкен жерден үш жүз метрде өз қолымен құдық қазып, ел игілігіне береді. Жағдай түзеліп, есеңгіреген ел енді ес жия бастағанда, 1937 жылы Ахмедия көкем Ораз Жандосов екеуі бір күнде ұсталып, «халық жауы» болып Үштіктің үкімімен ату жазасына кесіледі.

Біздің үйдің үстіне де қара бұлт үйіріледі. «Халық жауынан кәстөм-шалбар киген» деп Ақтанау ағам да, әкем де қызметтен қуылады. Мекен етіп жатқан шайлақтарын ауылдан жиғызып, бір шақырым қашықтықта оқшаулап тастайды. «Жала жапқандар алыстан емес, сол ауылдағы өз ағайындарымыз» дейтін әкем марқұм.Тіпті етене жақын туыстар да жоламай әкемнің өзі қазған құдықтан су алғызбай қойыпты. «Қашан әкетеді деп сорладық та қалдық. Солай алты айдан аса абақтыдай болған шайлағымызда қамалдық. Ешқайда кетпейміз деп қолхат бергенбіз. Балам Ақтанау жас қой, мұқалып қалды. Бір күні «Алматыдан өкіл келіпті» дегенді естіп, Байқадамға жаяу тарттым. Көшеде Нұрғали Сақыпбеков деген туыс балам кезігіп, өкілдің райкомда отырғанын айтты. «Міндетті түрде кіріңіз, тайсалмаңыз», – деді жанашыр бауырым. Ештеңеден шегінетін жер қалмады. Кірдім де бар шындықты байыппен түсіндірдім. Қасында отырған райком «Сармолдаевтан кәстөм алған» деп қыстырылып жатыр. Мен Ахмедияның, Ораздың елге жасаған ерен жақсылығын асықпай-саспай тәптіштеп айтып бердім. «Сіздей адам халық жауы болмайды, ауылыңа бара бер, ертең барып жиын өткіземін», – деп өкіл мені жылы шығарып салды.

Қуанышым қойныма сыймай, екі өкпемді қолыма алып ауылға жетсем, ұзынқұлақ менен бұрын жетіпті. Шайлағымызды ауылға әкеліп тігіп, баламнан тартып алған кәстөм-шалбарды қайтып беріпті. Ертесіне өкіл келіп жиын өткізді. Бізді, балам екеумізді ақтады. Баламды қайта қызметке алды. Мен қызметтен бас тарттым, «Балама көмекші болайын» дедім. Кейін әлгі райком да «халық жауы» болып ұсталды. Ол кезде түсініп болмайсың, соқа айдаған, мал баққан мүсәпірлер де «халық жауы» атанды. «Өкіметтің соқасын боқтады, Лениннің басы лақтың басына ұқсайды екен деді», деген болмашы жаламен Сәтмахан, Мұқа деген аңқау да момын азаматтар он жылдан арқалап кетті. Жазып жүрген күнде бірге ас ішіп, аяқ босатып жүрген жақындары» деп Досжан әкем берідегі басынан өткен дүрбелеңді, содыр саясаттың қотырын айтып отырушы еді.

Алтын апамның  әңгімесі, естеліктері керемет. Тыңдай бергің келеді. Бұл бүгінгі ұрпаққа керек-ақ. Салиқалы ой түйер терең сабақ. Апам сөйлеп отыр. Мұндай шешен, жүйелі сөздің тігісін жатқызып сыр шертетін ауылда, керек десеңіз ауданда апалар жоқ-ау, сірә. Көнекөз қарияға, бүтін бір ауданның жәдігеріне айналған, жадысы мықты Алтын апаға іштей ұзақ өмір тіледім.

Берік САДУАҚАС,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support