- Advertisement -

Мақсат – тарихи мүмкіндікті пайдаланып, туризмді дамыту

108

- Advertisement -

Тамыры терең тарихпен сабақтасып жатқан, Шығыстың жеті шайыры тамсана жырлаған Тараз шаһары облыстың 80 жылдық мерейтойында тотыдай таранып шыға келген болатын. Көне шаһардың жаңа келбеті сол мерейтойда ашылған «Тектұрмас» этнотарихи кешенімен толыққанын жұртшылық жақсы біледі.

Талас өзені арқылы өтетін көпірден кешеннің кереметін көруге келетін туристердің легі де толастаған емес. Этнографиялық туризмді дамыту мақсатында салынған кешендегі ұлы Батыс түркі қағандарының бейнесі де терең тарихтан сыр шертетіні сөзсіз. Сонадайдан менмұндалаған Әулиета кесенесі де аңыздан сыр шертетін символикалық бейне ретінде жұртты бейжай қалдырмасы анық. Қысқасы, іргесі осыдан бірер жыл бұрын қаланған кешенді қосымша нысандармен көріктендіру жұмыстары тоқтаған жоқ.

Күні кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ғажайып архитектуралық шешімдермен сабақтаса салынған этнотарихи кешенге арнайы барып, Талас өзенінің бойын жағалай салынған «Көне қамалы» нысанын көрді.

Алдымен кешеннің кіре беріс маңын көрген Бердібек Машбекұлы: «Кешеннің алдындағы аумаққа шағын тастар төгу керек. Майда тастар жеткілікті ғой. Жалпы бұл аумақ жаңбыр жауған кезде балшық болып жатпауын да ойластыру керек», – деді қала әкімі Ержан Жылқыбаевқа қаратып. Жалпы «Тектұрмас» этнотарихи кешеніндегі «Көне Тараз» нысанындағы жағалаудың ұзындығы 1423 метрді құраса, қоршап тұратын қорғанның ұзындығы 220 метр екен. Нысанға кірген кездегі оң жақ қабырға жасанды тастармен көмкерілген әрі бұл маңға көне түркі жазулары, петроглифтер салынған. Нысанның кіре берісінен жағалаудың соңына дейін сан түрлі түстегі самаладай жарқырайтын шамдармен көмкерілген 86 аралық ағаш баспалдақ орналасқан. Әр баспалдақтың биіктігі стандартқа сай 15 сантиметр. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар салынғаны көңіл қуантады. Бір сөзбен айтқанда жағалау тұрғындар үшін жанға сая сыйлайтын демалыс орны болатыны анық.

Жалпы кешенге айрықша сән беріп тұрған сарқырама елдің көзіне бірден түсетіні сөзсіз. Бұл сарқырама үш бағытқа құлап ағады. Алғашқы бөліктің ұзындығы 8,40 метрді, 2-ші және 3-ші бөліктің ұзындығы 3 метрді құрайды. Сарқыраманың жалпы ұзындығы 35, ені 5 метр деседі. Кешен аумағында қазақтың ұлттық оюларына негізделіп отырғызылған гүлдермен әдіптелген гүлзарлар жеткілікті. Кешенде 21 қоқыс жәшігі мен орындықтар орналастырылған. Кешен аумағында 4 алау бар екен. Тарихтан сыр шертетін кешенді жарықтандыратын түрлі түсті 116 шам қойылғаны және бар. Сарқырамаға апаратын қысқа жерасты жолында – 4, қақпаға 4 шам қойылыпты. Сарқыраманы сан түрлі түске енгізу үшін 43 түрлі түсті шам орналастырылған. Қоршап тұратын қорғанда 22, «Тектұрмас» жазуының тұсында 5 түрлі түсті шам бар.

Жағалаудың жағалай түркі халқының тотемі саналатын қасқыр, барыс сияқты аңдар мен бүркіттің бейнесі орналастырылғаны қазақтың дала халқы әрі көшпелі ұлт болғанын айқындай түсетіндей. Сондай-ақ кең даланы еркін мекен еткен еліктер, тауешкі, арқар секілді түз еркелерінің де бейнесі сонадайдан көз тартады.

Сарқыраманың маңына келген кезде облыс басшысы мердігерлерден: «Суды қанша сусорғы арқылы жеткізіп жатырсыздар?» – деп сұрады. Өз кезегінде жауапты азаматтар су сорғының жеткілікті екенін айтып, тіпті қажет болған жағдайда қосалқы сусорғы іске қосылатынын жеткізді.

Соңынан сөз алған облыс әкімі: «Бұл «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде атқарылып жатқан жұмыстардың екінші кезеңі екенін білесіздер. Кешен аумаған көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын қаперде ұстаған жөн. Ықылым заманнан бері жалғасқан тарихтан сыр шертетін нысандар бір қатармен жапсарласа келе, өңіріміздің өткен-кеткенін архитектуралық ансамбльге ұласқан шешімдер арқылы халыққа жеткізеді. Жалпы, «Тектұрмастағы» жұмыстар үшінші кезеңмен толыға түсетінін есте ұстаңыздар», – деп түйді өз ойын.

Іңір үйірілген шақта «Тектұрмас» этнотарихи кешенін аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистерге сұхбат берді.

– Біздің негізгі мақсатымыз – Тараз қаласының тарихи мүмкіндіктерін пайдалана отырып, туризмді дамыту. Ол үшін Әулиеата жеріндегі тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, ең біріншіден, өзіміздің жерлестерімізге, екіншіден, өзге өңірлерден келетін қонақтарға көрсетуіміз керек. Бүгінгі бірінші ашылып жатқан «Тектұрмас» кешенін, Айша бибіден бері қарай Қарахан бабамыздан бастап, осы тұстағы Әулиеата ескерткішін, 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласының өткен ғасырлардағы орнын, онда қандай өркениет, даму болғанын халыққа көрсету қажет. Одан кейінгі міндетіміз, өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық торқалы тойы. Соған сәйкес біз енді өңірімізде көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Осы мерейтойды пайдаланып, елімізді тағы да бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақыруымыз керек. Мәселен, былтырдан бастап, өңірімізде «Асарлатып үй салу» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Ондағы парыз – сол елді мекендерде тұратын жастардан бастап, ақсақалға дейін ұлтына қарамастан біріктіріп, сол елдердегі аз қамтылған көпбалалы отбасыларға асардың күшімен үй салып беру.

Өткен жылы біз 99 үй салдық. Биыл соны әрмен қарай жалғастырып, ең кем дегенде 170-180 үйге жеткізсек дейміз. Келесі бір жобамыз отыз жылда өңірден шыққан түлектерді топтастырып, арнайы «jambyl-tylek.kz» сайтын аштық. Ондағы міндет – Жамбыл өңіріндегі мектептерді бітірген түлектерді жинау. Олардың бүгінде қайда еңбек етіп, қай жерде жүріп жатқанын білу. Екіншіден, Жамбыл өңіріндегі алған білімдері мен тәрбиелерінің қандай нәтижесі бар екенін нақтылау. Соның арқасында олар қазір үлкен қызметтерде жүр. Өз мемлекетінің дамуына көмектесіп жүр ме деген ой көкейде тұрды. Қазір онда мыңдаған түлектер бар. Соның бәрін зерттей келе індетке қарамастан, онлайн режімде «Жомарт түлек» деген жобаны қолға алдық. Оған өңірден шыққан Асанәлі Әшімов ағамыз бастаған, елге еңбек еткен әйгілі азаматтарды шақырдық. Сол арқылы Әулиеата жеріндегі мектептердің қандай тәрбие беріп жатқанына зер салдық. Сөйтіп, Жамбылдан шыққан жайсаңдардың қандай дәрежеге жеткеніне көз жеткіздік. Солардың арасында кәсіпкерлер немесе кәсіпорын басшылары болса, өз мектептеріне қолұшын созсын деген ниетіміз болды.

Бүгінде жүзден аса жоба бар. Біздің ойымызша, осы жылы кем дегенде 5-6 миллиард теңгеге солардың күшімен елді мекендерде қосымша жобалар жүзеге асса дейміз. Келесі бір жобамыз, ол – «Таразға тарту». Облыс орталығын туризм орталығына айналдыру керек. Шынын айтсам жақында Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда ол кісіге ұсыныс айттым. Әрине, біз үшін Түркістан қаласының орны бөлек, бірақ Қазақстанда жалғыз Түркістан болмауы керек. Оның қасында серіктес қалалар болуы шарт. Оның ішінде екі мың жылдан астам тарихы болған соң Тараз қосылуы тиіс деген ойды жеткіздім. Сол үшін көне шаһарды жан-жақты дамытуымыз керек. Тек қана оның тарихи емес, мәдениет жағынан да, көркемдік жағынан да өркендеуіне ден қоюымыз қажет. Сондықтан да «Таразға тарту» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды пайдаланып, аудандарды іске қосып, жерлестерді жұмылдырып, саябақтар мен скверлерді, көшелерді жөндемекпіз. Қосымша мәдени және спорт нысандарын ашу керек. Қазір балалардың жазғы демалысы басталды. Тұрғындар демалыс күндері кешқұрым бір жерге барып сергуі қажет. Бір-бірімен кездесуі, денсаулығын жақсартуы тиіс. Сол бағытта да үлкен жұмыстар атқарудамыз. Оның бәрі азаттықтың 30 жылдығына дейін бітеді деген ойдамыз. Ең негізгісі, әрине, болашақ ұрпаққа тарихымызды жеткізуіміз керек. Осындай кешен арқылы да саналарына сіңіреміз. Бүгін ашыла салысымен қаншама жастардың жүргенін көріп отырсыздар. Келешекте де өңірді дамытуға жұмыстанамыз.

«Көне Тараз» этномәдени кешені , «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің жұмыстары 2018 жылдан бері бұрынғы өңір басшысы Асқар Исабекұлының бастамасымен басталған. Ол бірінші кезең болса, біз соны әрмен қарай жалғастырдық. Мынау – екінші кезеңі. Әрі қарай үшінші кезеңінде жоспарлы жұмыс жалғасады. Ата-бабалар қатысқан шайқастар, егемендік жылдарында жүріп өткен жол бар, шекараның шегенделгені сияқты тарихымыз жеткілікті. Жібек жолының тарихының өзі неге тұрады? Қазақ хандығы да алғаш рет біздің аймақта ту тіккен болатын. Соның бәрін біз келетін туристерге көрсетпек ойымыз бар. Халық жаяу аралауы үшін жағдай жасаймыз. Содан кейін «Қазақ халқына мың алғыс» деген монумент салғандағы мақсатымыз да айқын. Ол – Елбасының тапсырмасы. Өзге ұлттарға қазақ халқының қандай жақсылық жасағанын көрсеткіміз келді. Өйткені ашаршылық, соғыс кезінде не болғанын бәріміз білеміз ғой. Қазақтар басқа ұлттарға көмектескен. Сол үшін олар бізге разы. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын. Індетке байланысты дәрігерлерге, полиция, төтенше жағдайлар салаларының мамандарына ескерткіш қою керектігін ескертті. Сол мақсатта «Біз біргеміз» монументі ашылды. Бұл бағыттағы жұмыс та жалғаспақ. Тараздағы Төрткүл керуен сарайын да жандандыру керек. Тоқетері сол, Таразда туризмді дамыту керек. Сол үшін де осындай тарихи орындар болуы тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев сұхбат барысында.

Иә, бір мезетте 1500 тұрғын еркін демалуға мүмкіндік алатын кешеннің көркі көздің жауын алады. Жалпы алғанда, көпір аяқталатын тұстың екі жағында түркі халықтарының негізгі айбарлы белгісіне айналған биіктігі 4 метрлік, салмағы 3 тонналық ақ түсті мәрмәр тастан құйылған, түр келбеті қазба жұмыстары кезінде табылған артефакт бейнесі бойынша жасалған екі арыстанның мүсіндік бейнесі орнатылғанын бұрын да айтқанбыз. Сонымен қатр «Көне Тараз» қақпасы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің сәулетін арттырып тұрғаны және бар. «Тектұрмас» биігінің Талас өзені жағындағы ең биік беткейінде Тараз қаласын жоғарыдан көруге арнлған тамашалау алаңшасы арқыы келгендер шаһарды алақандағыдай көретінін де ұмытпаған ләзім. Қысқасы, жергілікті жұртшылық үшін де, шаһарға атбасын бұратын туристер үшін де «Тектұрмас» этнотарихи кешені тынығатын ғажап орын болмақ.

Табиғат Абаилдаев

Суреттерді түсірген: Алтынбек Қартабай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support