Жаңалықтар

Коронавирусқа қарсы вакцинада чип бар ма?

Коронавирусқа қарсы вакцинада чип бар ма?

Коронавирус инфекциясын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялағалы бері түрлі болжамдар мен қауесет қатар тарап келеді. Соның бірі – вакцинаға қатысты. Болжамшылар әлем елдері індетке қарсы екпені дайындауға жедел кірісетінін, оның ішінде сұйық кристалл түріндегі металл болатынын, ол ағзаға енген соң, чип түзетінін, осы арқылы мүдделі топ адамдардың қозғалысын бақылауға алатынын да айтқан. Кейін індет өршіп, әркім өз жаны үшін әуреге түсіп, аурумен арпалысып кеткен кезде бұл дабыра-дақпырт біршама басылып қалған еді. Енді міне, елде жаппай вакцинациялау басталғалы осындай әңгімелер қайта айтыла бастады. Расында жұрт екпе туралы қандай қауесет айтып жүр? Біреулер – вакцина құрамында чип те, ауыр металдар мен сұйық кристалдар да бар деседі. «Оны алғандар алмағандарға қауіпті» дейтіндер де жоқ емес. Тіпті, бедеулік, обыр сияқты аурулардың пайда болуына әсері бар дегендер де болды. Оның барлығын Денсаулық сақтау министрлігі де, ғалымдар да жоққа шығарған. Жақында әлеуметтік желіде екпе салған қолына магнит жапсырған «экспериментшінің» бейнежазбасы тарағалы бері вакцинаға деген күмән күшейе түскендей. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Гүлфайра Мырзабековаға хабарласып, коронавирусқа қарсы вакцинаны егу орнына магниттің  жабысуы  туралы бейнероликтегі ақпаратты нақты түсіндіріп беруін сұрадық. 35 жылдық тәжірибесі бар эпидемиолог маман бұл екпеге қарсы жасалған сауатсыз кері насихат екенін айтты. – Емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен бірлесіп егу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырушы маман ретінде мені әлеуметтік желілерде таралған  вакцинацияға қарсы «насихаттың» осындай сауатсыз жасалғаны қынжылтады. Ең алдымен, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина құтыда немесе ампуладағы мөлдір сұйықтық (қоспалар мен металдарсыз) екенін атап өткім  келеді. Медицина қызметкері дәрігердің рұқсатын алған және өз еркімен екпе жасатқысы  келген адамға ғана екпе салады. Санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес, егу медбикесі вакцина құтысын тоңазытқыштан шығарады, құтыдағы пластикалық төсемді алып тастайды, резеңке тығынды спиртті мақтамен өңдейді, бір рет қолданылатын инесі бар щприцтің қаптамасын ашады, құтыдан 0,5 милилитр сұйық вакцина алады және иықтың сыртқы бетінің жоғарғы үштен бір бөлігінің бұлшықет ішіне енгізеді. Инъекция орны спиртті мақта тампонымен сүртіледі және ол медициналық қалдықтарға арналған контейнерге тасталады. Яғни, егу кабинетіндегі вакцинаны дайындау мен жүргізудің барлық рәсімі вакцина салдыратын адамның жіті бақылауымен жүргізіледі, - дейді Гүлфайра Құралбекқызы. Эпидемиолог маман екпе бір адамды ғана емес, айналасындағы адамдарды да індеттен қорғауға қабілетті екенін айтады. Себебі, індетке қарсы иммунитет қалыптасқан соң, екпе алған адам ауру тасымалдаушысы болмайды екен. Жалпы коронавирусқа қарсы вакциналардың тез әзірленіп жатқандығы да көптің көңіліне күдік ұялатқаны рас. Оған кейбір екпелердің әлі толық зерттеу сатыларынан өтіп бітпегені де түрткі болып отыр. Алайда мұндай қадамға біздің ел ғана емес, қалыптасқан эпидемиялық жағдайға байланысты әлемнің көптеген елдері де барғанын ескеру керек. Олар коронавирус инфекциясына қарсы вакциналарды қолданысқа жіберу туралы шешімді бекер қабылдаған жоқ. Толық зерттеуі аяқталмаған вакциналар әлемнің барлық елінде қолданылып жатқанын біле жүрген жөн. Мысалы, Ресей Федерациясы «Спутник V» вакцинасының зерттеулерін осы мамыр айының басында аяқтауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ әлемдегі көптеген фармацевтикалық компаниялар өз зерттеулерін 2022-2023 жылдары аяқтайды деп жоспарлаған. Сөйте тұра ресейлік «Спутник V» екпесі қалай қолданысқа енгізілді? Алдымен осыған тоқталайық. Әлемге белгілі Lancet ғылыми журналы 2021 жылдың басында  Гамалей атындағы зерттеу орталығында жасалған ресейлік «Спутник V» вакцинасының үшінші клиникалық зерттеулер кезеңінің нәтижесін жариялады. Алдын ала нәтиже бойынша оның вирусқа қарсы тиімділігі 91,6 пайызды көрсеткен болатын. Тәжірибеде вакцинаның қорғаныш әсері 60 жастан асқан адамдар арасында тиімді екені дәлелденген. Осы зерттеулер діңқорытындысына сүйенген орталықтың басшысы Александр Гинцбург «Спутник V»-ді қабылдағаннан кейінгі иммунитет шамамен 2 жылға дейін сақталатынын мәлімдеді. Осындай мәлімдемеден кейін Қазақстан ресейлік вакцинаны елімізде де өндіру ісін жеделдетуді қолға алған болатын. Алғашқы айларда қазақстандықтар коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесін қабылдады. Отандық вакцина өңірлерге кейін жеткізілді. Әйтсе де Еуроодақтың Дәрі-дәрмек құралдарының еуропалық агенттігі ресейлік вакцинаны әлі зерттеп жатыр. Агенттік рұқсат берген жағдайда ол ғана Еуропа елдерінде қолданылатын болады. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының профессоры, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Сәкен Әміреев қазір қолданылып жатқан вакцинаның бәрі сынақтың барлық түрінен өткенін айтады. – Екпе үрделі сынақтан өткенде ғана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан рұқсат алады. Содан кейін барып қана тәжірибеде қолданылады. Бүгінде қазақстандықтар коронавирусқа қарсы үш вакцинаның бірін таңдай алады. Олардың тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген. Сондықтан, қорқатын ешнәрсе жоқ. Ал, таңдауға келсек, әркім өз еркі. Егу бөлмесінде екі түрі ұсынылады, егер бір түрі болмай қалса, барын салдыра беріңіз. Таңдаған вакцинаны ғана салдырамын десеңіз, жеткізілуін күтуіңізге әбден болады, – дейді ғалым.

Ардақ Үсейінова