- Advertisement -

«Таразға» сөз тиді ме, әлде көз тиді ме?

148

- Advertisement -

Футбол әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналғандықтан, жанкүйерлердің жергілікті командаларға деген талабы жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары премьер-лиганың соңғы орындарында ілініп-салынып сүйретіліп жүрген «Тараз» футбол клубы биылғы маусымды өте сәтті бастап, алты ойын бойы жеңілістің кермек дәмін татпағанына футбол фанаттары кәдімгідей қуанғаны рас. Иә, «Тараз» командасы талайларға таңдай қақтырып, бірнеше тур бойы көш тізгінін қолға алған ұжымдардың қатарында тұрғанына тәнті болмаған жан қалмады. Неге десеңіз, құрамындағы 26 футболшының 19-ы жергілікті жердің түлектері болғандықтан, біздің көкейімізді мақтаныш сезімі кернеген болатын. Алайда сол «Тараз» футбол клубы соңғы 5 кездесудің төртеуінде қатарынан жеңілістің ащы дәмін татып, жанымызды жабырқатты. Рас, ол командалардың кейбірі ел чемпиондығынан үміті бар ұжымдар саналса, ендігі кейбірі ортаңқол тіпті, көш соңындағы командалар еді.

   «Тобыл» тобықтан қаққан соң…

 «Тараз» тоғызыншы турға дейін бір мәрте жеңілген болатын. Ақтауда өткен ойында алаң қожайындары «Каспий» командасына есе жіберген соң, өз алаңында Ақтөбенің қала аттас ұжымын қабылдап, 3:1 есебімен басым түсіп, жанкүйерлер алдында айыбын жуып-шайғаны есімізде. Сәтсіздік осыдан кейін басталды.

Қостанайда жергілікті «Тобыл» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шыққан «Тараз» футболшылары алаң қожайындарының алдында дәрменсіздік танытты. Рас, «Тобыл» ел чемпиондығынан үміті бар ұжымдардың бірінен саналғанын білеміз. Тіпті бұл кездесуде төрешілер «Тараз» командасына кәдімгідей қысым көрсетті. Екі бірдей 100 пайыздық пенальтиді көріп тұрып «көрмеген» төрешінің көрегендігіне таңдандық. Алайда төреші қателесті екен деп, «Тараз» футбол клубының қорғаушылары қорғаныс шебінде өрескел қателіктерге бой алдырып, қарсылас команданың футболшыларының үш бірдей нәтижелі соққы жұмсауына мүмкіндік бермеуі керек еді. Өкінішке қарай, қазағы көп деген біздің клуб ойыншылары алаң қожайындарына айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, «Тобылдың» тобықтан қағуына мүмкіндік беріп қойды. Бұдан кейін еліміздің әлденеше дүркін чемпионы, елордалық «Астананы» қабылдаған «Тараз» футбол клубы қарсыластарына 0:1 есебімен жол берді.

Он бірінші турда Атырауға аттанған «Тараз» футболшыларынан кем дегенде бір ұпай күткеніміз анық еді. Өйткені маусымды нашар бастаған «Атырауға» «Тараздың» шамасы жететіні сөзсіз болатын. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай шықты. Алаң иелері 1:0 есебімен «Тараздан» басым түсті. Он екінші турда «Тараз» көш соңындағы талдықорғандық «Жетісу» футбол клубын қабылдады. Дәл осы кездесуде «Тараз» жеңіске жетуге тиіс болған. Тіпті, он бір кездесуінде тек «Тұран» командасын ғана ұтып, қалған командаларға айтарлықтай қарсылық көрсете алмаған талдықорғандықтарды «Тараз» ірі есеппен жеңеді деп те топшылағанбыз. Өйткені, «Жетісуды» ерінбеген команданың бәрі де қалпақпен ұрып алып жүрген. Өз алаңында Қарағандының «Шахтерінен» 0:1, Шымкенттің «Ордабасы» ұжымынан 0:4, «Ақтөбеден» 1:5 есебімен жеңілген команданы жеңбеу мүмкін еместей көрінген. Тағы да сценарий басқаша түзілді. Көш соңындағы орынға желімдей жабысып алған «Жетісу» орталық стадионда «Таразды» 3:2 есебімен жеңіп, айды аспанға шығарып, екінші мәрте үш ұпайды қоржынына түсірді. Бұл «Тараз» үшін ауыр жеңіліс еді. Өйткені турнир кестесінің ең соңына жайғасқан ұжымның футболшыларының мықты саналған «Тараз» қақпасын үш мәрте дәл көздеуі ешкімге оңай тиген жоқ.

  Біртүрлі маусым, екі түрлі көрсеткіш

 Маусымды «Тараз» футбол клубы талай мықты ұжымдар үшін біртүрлі бастады. Иә, бірнеше тур бойы жеңілмеген «Тараздың» қорғанысы да мықты болды. Алғашқы жеті турдың қорытындысы бойынша команда 5 қана гол жіберді. Қызылорданың «Қайсары» мен Алматының «Қайраты» ғана «Тараз» қақпасын екі мәртеден дәл көздесе, жетінші турда ақтаулық «Каспий» футбол клубы бір мәрте гол соқты. Бір сөзбен айтқанда клуб алғашқы жеті кездесуде бар болғаны бес гол жіберіп, команданың қорғаныс шебі жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Бұдан кейінгі алты кездесуде «Тараз» футбол клубы өз қақпасына он гол өткізіп үлгерді. Былайша айтқанда кейінгі алты матчтың барлығында «Тараз» футбол клубы қақпасын голдан аман алып қала алмады. Осылайша фавориттер үшін маусымды біртүрлі ыңғайсыз бастаған команда 13 кездесуде екі түрлі нәтижемен жүйкемізге ши жүгіртті. Осы алты ойында ғой, «Тараз» екі мәрте қақпасына 3 голдан өткізіп алды. «Тобыл» мен «Жетісу» футболшылары қорғанысымыздың қай деңгейде екенін бетімізге басты. Рас, соңғы кездесуде «Тараз» сырт алаңда Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубымен тең ойнап, бір ұпай алды. Алайда алдыңғы кездесулер естен кетсін бе?..

Клуб атынан жазба қалдырғандар не дейді?

  Команда бірнеше кездесу бойы жеңілістен көз ашпаған соң ұжымның басшылығы клубтың сайтында жанкүйерлерге үндеу жолдады. Сонымен олар не деді?

«Құрметті футбол жанкүйерлері! «Тараз» футбол клубы соңғы матчтарда ұпай ала алмай, спорттағы сәтсіздіктерге ұшырап жатқаны үшін өз жанкүйерлерінен кешірім сұрайды. «Жетісу» командасымен өткен соңғы ойында көп жанкүйер үш ұпай алады деп күткені анық

Команда да жеңіске жеткісі келгені белгілі. Бірақ ойынның қалай өткенін барлығы көрді. Алаң иелері екі гол соғып, алға шығуға ұмтылғанын, ұпайды қоржынға салғысы келгенін айқын көрсете білді. Бірақ алаң қонақтары үш гол соға алды. Допқа көп иелік етіп, басқа да компоненттерде басымдық танытқанмен, турнир кестесінде соңғы орындарда келе жатқан командаға жеңіліп қалу жиі кездесе бермейтін жағдай. Бірақ, тіпті әлем футболындағы белді ұжымдар да мұндай жағдайдан сақтандырылмағандығын атап өту керек.

Бұл ойында жарақатынан жаңа айығып келе жатқан ойыншылар да негізгі құрамға шығып ойнады. Бұл, әрине ойыншыларға оңай соқпайды. Одан бөлек жарақат алған бірнеше ойыншы бұл мачтты жіберіп алуға мәжбүр болды. Биыл «Тараз» сапындағы 26 ойыншының 19-ы клуб түлектері мен тәрбиеленушілері екенін атап өту қажет. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш болып есептеледі. Осы бағытта «Тараз» футбол клубы команданың келешегі үшін өте тиімді жұмыс жасауда. Жасөспірімдер жаттығатын футбол орталығынан бастап негізгі құрамға дейін сабақтастық бар екеніндігі футбол мамандарының оң бағасын алуда.

Клуб премьер-лигада аймақ намысын лайықты қорғауға тырысуда. Жоғары лигада ойнаған команданың жас ойыншылары үшін бұл үлкен тәжірибе болмақ. Бүгінде еншілеп отырған 17 ұпай мен турнирлік кестетедегі алтыншы орын – бапкерлік құрам мен клуб ойыншыларының жұмысының нәтижесі.

«Тараз» ФК бюджеті миллиардтаған қаржыдан тұрмайды. Былтырғы жылдардағыдай биыл да 1,2 миллиард теңгені құрайды. Бұл премьер-лигадағы өзге клубтармен салыстырғанда ең аз көрсеткіштердің бірі болып есептеледі. Сондай-ақ, бұл сома тек негізгі құрамға ғана бөлінген қаржы емес. Жасөспірімдер тәрбиеленіп жатқан футбол орталығы, қосалқы командалар, футбол орталығының жұмысы, стадион мен оқу-жаттығу базасын қамтамасыз ету, клуб қызметкерлерінің жалақасы секілді көптеген бағытқа арналған. Сонымен қатар, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен бірінші лигада өнер көрсететін «Тараз-Қаратау» командасы құрылды. Бұл негізгі құрамға іліне алмаған футболшылар үшін ойын тәжірибесін жоғалтпауға үлкен мүмкіндік береді.

Тағы бір атап өтетін жайт, клуб ойыншыларға да, басқа қызметкерлерге де жалақысын кешіктірмей келеді және ешкімге қарыз емес.

Біз көптеген жанкүйерлердің командаға адал екендігін және қолдау білдіріп жатқанын көріп отырмыз. Осындай жағдайда түсіністік танытып, жылы сөздер жазып жатқандарыңызға ризашылық білдіреміз.

Алдымызда бірнеше қиын кездесулер күтіп тұр. Ол ойындарда сіздердің қолдауларыңыз қажет болатыны айқын. Футболшылар өте мықты ұжымдарға қарсы кездесулерге дайындалу үстінде.

Осы жағдайға байланысты барлық жанкүйерлерді сабырлық пен салқынқандылық танытып, қиын сәттерде эмоцияға ерік бермей, қолдау танытуға шақырамыз. Жарқын жеңістер алда екеніне сенеміз»,-деген жазбаның соңына «Құрметпен, «Тараз» кәсіпқой футбол клубы» деген қолтаңба қалдырылыпты.

Бір қарасаңыз, клуб атынан жазба қалдырғандар ақталғаны байқалып тұр. Бұл жолы бюджеттің азшылық ететінін де жайып салған. Бірақ, клубтың директоры Талғат Апсаматов осыдан біраз бұрын «Тараз 24» телеарнасының «Кабинет» бағдарламасына сұхбат бергенде ақталмай, керісінше мақтанғандай көрініп еді. Ол не деді дейсіз бе? Ендеше көз жүгіртіп шығыңыз.

«Облыс әкімімен кездескен кезде ол кісі «алтыншы орыннан төмендемеңдер» деп тапсырма берді. Арық айтып семіз шыққанымыз дұрыс қой. Өзіміз бапкермен, футболшылармен жиналыс жасап, алға меже қойдық. Қысқаша айтқанда алтыншы орыннан да жоғары боп жатсақ, нұр үстіне нұр дедік. Әр ойында тек жеңіс үшін алаңға шығамыз. Тең ойнау немесе минималды есеппен жеңіліп қайтсақ жақсы болар еді деген оймен жүрмейміз. Сырт алаңда да, өз алаңымызда да жеңіс үшін күресеміз. Ешкімге оңай шағылатын жаңғақ болмаймыз деп сөз беремін»,-деген еді Талғат Тұрлыбайұлы.  Көрдіңіз бе, «Тараз» маусымды жақсы бастаған кезде клуб директоры өзіне сенімді болған. Түк ақталмаған еді… Енді ше?

«Тараз» әзірге Талғат Апсаматовқа облыс әкімі тапсырған алтыншы орынды түйіндеп тұр. Әйткенмен, дәл қазір бізді «Атырау» қуып жетті. Петропавлдың «Қызылжары» мен он екі ойында 17 ұпай олжалаған Шымкенттің «Ордабасы» командасы да өкшелеп тұр. Тіпті, «Ордабасының» бір кездесу кем өткізгенін ескерсек, жағдайды мәз дей алмаймыз.  Енді ақталатын да, мақтанатын да мүмкіндік жоқ. Неге десеңіз премьер-лигаға енді қосылған Ақтаудың «Каспий» футбол клубы бесінші орынға көтерілсе, Оралдың «Ақжайық» футбол клубы төртінші орынға жайғасқан.

Иә, «Астана», «Тобыл», «Қайрат» футбол клубтарының «Тараздан» көп мәселе бойынша басымдығы бар шығар. Алайда «Ақжайық» пен «Каспий» клубтарының алып бара жатқан түгі жоқ. «Тараз» футбол клубы енді маусымның екінші бөлігінде қамшыны баспаса, бәрі бекер. Талай таланттар түлеп ұшқан «Тараз» футбол клубын көш соңынан көргіміз келмейді. Тым болмаса осы алтыншы орынды сақтап қалуға күш салыңыз, Талғат мырза! Шама келсе, клуб үздік үштіктен көрінсе, тіпті тамаша болар еді. Сонда сіз шынымен де арық сөйлеп, семіз шығасыз. Ал «Тараздың» соңғы бес ойында бір ұпай алғанын ескерсек, әзірге семіз сөйлеп, арық шыққандай боп бара жатырсыз ба, қалай?! Сіз не дейсіз? Жергілікті маман болғандықтан, «Тараздың» отымен кіріп күлімен шыққан адам болғандықтан сізге сенеміз. Сол сенімді ақтай аласыз ба?

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support