- Advertisement -

Ел болашағы – дарынды жастардың қолында

118

- Advertisement -

Жас дарындарға қолдау көрсету – Жамбыл жеріндегі игі дәстүрдің біріне айналған. Осы бір жақсы үрдісті жалғастырып, өңір басшысы талапты, білімді жастармен кездесті. Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылармен еркін форматта өткен кездесуге арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев емен-жарқын әңгімелесті. Таланттардың талабына ризашылығын білдіріп, зор қошемет көрсетті.

 

Кездесуге халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған 98 оқушы қатысты. Олар бұл жетістікке тынымсыз ізденіс пен алған білімін ұштастырудың арқасында қол жеткізді. Жыл өткен сайын білімге құштар осындай жастардың қатары көбейіп келе жатқаны да қуантады. Оған осы кездесуде көзіміз жете түсті.

Білім бәсекесіне сонымен қатар, түрлі интеллектуалдық ойындар мен пәндік олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға қатысқан жамбылдық өрендердің 16842-сі жеңімпаз атануы – осы сөзіміздің дәлелі. Биылғы оқу жылында да халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда 1032 дарынды оқушы  жүлделі орындарға ие болған. Оның 216-і алтын, 369-і  күміс, 447-і қола медаль еншілер отыр. Ал республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 1440 жүлделі орындарды иеленсе, оның 357-сі алтын, 491-і күміс, 592-сі қола медаль. Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде 35 оқушы жүлдегер атанған. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, облыс оқушыларынан құралған команда республикалық пән олимпиадасының және ғылыми жобалар жарысынан 12 жыл қатарынан командалық есепте І орынды иеленіп, «Ең үздік команда» атағын кезекті мәрте қорғап қалды.

– Қазіргі заман техника мен ғылымның дамыған кезеңі. Әсіресе цифрлық даму, информатика жағын дамытуға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Біздің балаларымыз бірінші сыныптан бастап, соны оқып-үйренсе, биік белестерді бағындырары сөзсіз. Сонымен қатар, жас мамандарға да жағдай жасалуы тиіс. Бәріміз де жас болдық. Жақсыға, жаңалыққа ұмтылу – осы кезеңге тән. Осыны ескеріп, біз жастардың спортпен, өнермен айналысуына да бүгінде көптеген мүмкіндіктер жасап жатырмыз. Бүгінгі кездесу – осындай жұмыстардың жемісі. Кездесуге келген білімге құштар оқушылар талпынған жанның табысқа жететінін жақсы біледі. Сіздердің орталарыңызда биыл мектеп бітіріп жатқан түлектер де бар. Әркім өзінің армандаған арманына жетсін, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев балалардың жазғы демалысын жақсы ұйымдастыру керектігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар облыс әкімі Бердібек Машбекұлы  мектеп бітірген түлектерге жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өздерінің кіндік қаны тамған туған жерге келіп, қызмет істеп, көркеюіне үлес қосуға шақырды.

Тұңғыш Президент – Елбасының «Ел Үміті» бастамасы аясында қолға алынған «Мың бала» олимпиадасы да ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға үлкен қолдау  болып отырғаны рас. Осы бәсекеде 91 оқушы жүлдегер атанды. Оның ішінде 5-сыныпта оқитын 33 оқушы Елбасы Академиясының қашықтан оқыту мектебінде олимпиададан кейінгі сүйемелдеуге ие болса, 6-сыныптағы 58 оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. Бұдан бөлек өңірдің 8 мектебі «100 үздік мектептің» қатарына енсе, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» атағын иеленді.

Кездесуде оқушылар қол жеткізген  жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы сөз қозғады. Облыс әкіміне өз көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауап алды. Жастардың бастамасына әрдайым қолдау көрсетіп отыратын өңір басшысына алғыстарын жеткізді. Дарынды жастарға облыс әкімі Б.Сапарбаев «Алғыс хат» пен 100 мың теңгенің сертификатын және жеңімпаз оқушыларды дайындаған 20 мұғалімге Құрмет грамотасын табыс етті.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support