- Advertisement -

Ынтымақ – қоғамның пандемияға қарсы тұратын басты қаруы

101

- Advertisement -

Дүниежүзі елдерінің алаңдаушылығын тудырған коронавирустық індет соңғы 100 жыл ішінде адамзат басына төнген, ең кең таралған жаһандық пандемияға айналды. Эпидемия адамдардың өмірін қию құнымен індеттің еш шекараны білмейтінін және  пандемия адамзаттың ортақ жауы екенін ескертеді.

Біздің еліміздегі барлық этностардың тағдыры бір-бірімен тығыз байланысты. Ешкім де шетте қала алмайды. Тек ынтымақты күш-жігер мен бірлескен іс-қимылдар ғана  барлығымыз  үшін ең дұрыс таңдау екені анық.

Қарапайым адам ретінде мен осы пандемия кезінде жақын адамдарымнан айырылдым. Мен Қазақстан халқының қайғысына ортақпын және эпидемиядан қайтыс болғандардың отбасылары мен достарына қайғырып көңіл айтамын.Соңғы жыл ішінде   Қазақстан үкіметі мен халқының коронавирус эпидемиясына қарсы зор күш жұмылдырылғанының   куәсі болдым.

Өзім қасиетті Қордай жерінің тумасымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес осы Қордай ауданының «Гвардейск» қалалық үлгідегі кентінде Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы аяқталып, індетке қарсы отандық алғашқы вакцинаның мен туған өлкеде өндірілгендігін мақтан етемін.

Біздің даңқты ата-бабаларымыз  осы асыл жерде тарихи із қалдырды. Өтеген батыр жоңғар басқыншыларымен күресті, Ноғайбай би Жетісу қазақтарының саяси өміріне белсене қатысты,  ал Кебекбай шешен әділ төреші ретінде танымал. Көрнекті композитор, әнші, импровизатор Кенен Әзірбаев 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың жақтаушысы болды. Бүгінгі күні  біздің жерімізде бейбітшілік пен тыныштық орнатылған. Мен осы жердің бойына сіңген жасампаздық энергия аталған жобаның сәтті жүзеге асуына ықпал етеді деп сенемін.

Кеңес заманында бұл институт КСРО-дағы аса қауіпті инфекцияның алты Ғылыми-зерттеу институтының (АҚИ ҒЗИ) бірі болды. Оның негізі  60-жылдары қаланған. Қазір 13 ғылыми зертхана, 12 биологиялық және 1 фитосанитарлық зертхана бар.

Бұл бірегей объект, вакцинаны бірінші болып өздеріне сынап көрген жанқияр ғалымдар жұмыс істейтін керемет ұжым. Отандық вакцина және  аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жасаушы Леспек Кутумбетов және ғылыми-зерттеу институтының тағы алты қызметкері ең бірінші болып отандық екпені қабылдады. Ғылыми-зерттеу институтының  Бас директоры Закария Күнсұлудың айтуынша, институт әзірлеген инактивацияланған вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлданған және клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен өткен.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты Гүлдара Нұрымова зауыт құрылысы мәселелеріне көп көңіл бөледі. Білімі бойынша дәрігер ретінде ол Сovid-19-ға қарсы Қазақстандық вакцинаның сапасы шетелдік вакцинадан кем болмауын басты назарда ұстайды. Осы жылдың 16 сәуірінде ол ҒЗИ ұжымымен кездесу өткізіп, ғалымдарға пәрменді қолдау көрсетті.

Қазіргі уақытта барлық инженерлік коммуникациялар жүргізілген. Жұмысқа 145 адам және 30 бірлік техника жұмылдырылған. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфекциясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын өндіру жоспарланып отыр.

Үкіметтің короновирустық инфекциямен күресу шаралары, әсіресе вакцинаны шығару зауытының салынуы инфекцияның таралуына тосқауыл болады және азаматтарымыз бен экономикамызды қорғауға өз үлесін қосады деген сенімдеміз.

Өңірде түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жергілікті халыққа жан-жақты қолдау көрсетілуде. Биыл бір ғана  Қордай ауданына 35 миллиард теңге бөлінді.

Нәтижесінде, 4300 жаңа жұмыс орны ашылды. Қордай ауданындағы жол, ауызсу мәселелері шешілді деуге болады. Қазір ұзындығы 7,5 километр болатын Ауқатты – Бәйтерек жолының құрылысы, сондай-ақ аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу, үш көпқабатты 60 пәтерлі және бір 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Масаншы, Күнбатыс, Қалғұты ауылдарында жалпы құны 2,4 миллиард теңгені  құрайтын 930 орындық үш жаңа мектеп бой көтеруде. Қордай, Бетқайнар, Отар және Әлжан ана ауылдарында 4 жаңа спорт кешені салынуда.

Қарасай, Қарасу және Ауқатты ауылдарында үш денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Қордай ауылындағы жалпы ұзындығы 53 километр  көшелер, Қордай ауданының елді мекендеріндегі жалпы ұзындығы 254 километр ауылдық жолдар мен жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Қордай, Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Әлжан ана ауылдарында барлық көшелер толығымен асфальтталады.

Ауданда газбен қамтамасыз ету мәселесі 95 пайызға шешілді. Қордай ауданының 14 кентінде қысқа мерзім ішінде газ тарату желілері салынып табиғи газ іске қосылды. Үй шаруасындағы әйелдердің  қуаныштары шексіз, біріншіден – тазалық пен береке орнатылды, күл мен көмір проблемасы жойылды, екіншіден, ауа тазарып, бүкіл экологиялық атмосфера жақсарды.

Мен, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан сайланған Мәжіліс депутаты ретінде халыққа көмек көрсету мәселесімен айналысатын азаматтарға, олардың қоғам игілігі мақсатында қажырлы еңбегі үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қазақстандықтарды карантиндегі барлық тәртіп пен ережелерді қатаң сақтауға шақырамын.

Тек қатаң тәртіп пен ережелерді  ұстануға ғана COVID-19  вирусымен күресте жеңіске жетуге мүмкіндік береді.

Ынтымақ – қоғамның пандемияға қарсы тұратын  басты қаруы. Барлық қазақстандықтардың жұмылдырылған ынтымағы мен бірлігі қиындықтарды жеңуге мүмкіндік беретініне сенемін.

Ілияс Буларов,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support