Сұхбат

Тараздың алтын қақпасы

Тараздың алтын қақпасы

Қарсы алған әрбір қонақ қаладағы тірлік пен бірлікке дән риза

Елбасы Н. Назарбаев биылғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады», – деп атап көрсеткен. Болашақ бүгіннен басталады. Қазір елімізде кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан түрлі деңгей­дегі қамқорлықтар мен қолдау­лар көздеген мақсат­тың орында­латынына зор сенім туғызып отыр.

Оған Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Берген Омарбекпен болған сұхбат барысында көз жетті

– Берген Жақатайұлы, әңгімені бірден «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының кәсіпкерге тиімді жайынан бастасақ? – Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа он жылдық- Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін енгізілген «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау жасау, яғни көмек көрсетуге бағытталған. Жеке кәсіпкерлік субъектілерімен кездесу барысында олардан: «Бизнесті дамытуға кедергі келті­ретін не?» – деп сұрасаңыз, көп жағдайда: «Банктік пайыздық мөлшерлемелер тым жоғары», – деп жауап берері хақ. Бұл бағдарлама бойынша несиелеу екінші деңгейдегі барлық банктер арқылы жүргізіледі. Осы банктердің пайыздық мөлшерлемелерін шешу үшін, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес маңызды мемлекеттік жобаларды жүзеге асыру үшін берілетін несиелер 14 пайыздан аспайды, оның 7 пайызын кәсіпкер, ал қалған 7 пайызын мемлекет өтеп береді. Бұл шара – «пайыздық мөлшерлемені субсидиялау» деп аталады және қазіргі күні әлемнің көптеген елдерінде экономиканың басымды секторындағы өнім өндірушілерге көмек көрсету барысында кеңінен қолданылуда. Одан басқа кедергі – кепілдікке қойылатын мүліктің төмен бағалануы. Несие алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 70 пайызға дейін кепілдеме береді. – 2010 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін қалада қанша жоба қабылданды? – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Тараз қаласында 2010 жылы 76,8 миллион теңгеге 1 жоба қаржыландырылған. Бұл – алғашқы қадам, 2011 жылы – 16, 2012 жылы – 59, 2013 жылы 50 жоба қаржыландырылды. Ал биыл қыркүйек айына дейін 47 жоба қаржыландырылуда. – Негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түліктік емес тауарлар және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? – Негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түліктік емес тауарлар және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін облыстық штаб отырысының хаттамасын орындау мақсатында сауда орындарындағы (дүкендер мен базарлар) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен 33 түріне) бағасына, одан басқа құрылыс материалдары мен жанар-жағармай бекеттеріндегі бағаларға күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қала аумағында негізгі азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ықпалымен қаладағы «Достық» алаңында үстіміздегі жылдың ақпан айында бір және наурызда үш рет облыс тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде ет, сүт, көкөніс, жарма, ұн, құс еті, қант, бал өнімдері және тағы басқа ауыл шаруашылығы тауарлары сатылды. Алғашқы жәрмеңкеге – 53,4 миллион, кейінгілерінде жалпы жиынтығы 149,5 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы тауарлары әкелінді. Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» тұрақтандыру қорының «Тараз сауда-саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалымен бірлесіп, бағаны тұрақтандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Мысалы, «Достық» алаңында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне белсенді түрде қатысты. Сонымен қатар, қала аумағындағы 10 сауда павильондары мен коммуналдық базарында негізгі азық-түлік тауарлары Үкімет бекіткен шекті бағалардан төмен сатылуда. Ұн және нан өнімдері бағаларын тұрақтандыру мақсатында облыс әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және «Астық Транс» акционерлік қоғамы араларында жасалған меморандумға сәйкес, әлеуметтік нан (бөлке нан) шығару үшін қала наубайханаларына сәуір айынан бастап килограмы 47 теңгеден 1-сұрыпты ұн өнімдері бөлінді. Коммуналдық базар мен павильондарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері төмен бағада сатылады. Тұрақтандыру қорымен 2014 жылдың екінші жартыжылдығы және 2015 жылдың бірінші жартыжылдығына азық-түлік тауарларына 224 миллион 550 мың теңгеге сатып алынатын тауарлар тізілімдері жүргізілді, олар – пияз, картоп, 1-сұрыпты ұн, өсімдік майы, сәбіз, қызылша, жұмыртқа, күріш және макарон өнімдері. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министр­лігінің бұйрығымен жанармайға жаңа шектеулі бағалар бекітілді (АИ-92 – 128 теңге, АИ-80 – 89 теңге және дизель отыны – 115 теңге). Қазіргі таңда, Тараз қаласы аумағында 12 заңды және жеке тұлғалардың 56 жанар-жағармай бекеттері жұмыс істейді. – Тараз қаласына туристердің келуі жайлы айтсаңыз? – Тараз қаласы бойынша 29 туристік агенттіктер жұмыс істейді. Қаладағы 41 қонақ үйде 2013 жылдың қаңтар-маусым айларында шетелдік – 415, республикамыздың басқа өңірлерінен келген 25464 адамға қызмет көрсетілді. Биыл өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда шетелдіктер – 691, республикамыздың басқа өңірлерінен келгендер 27381 адамға өскен. Өсу деңгейі – 40 және 6,9 пайыз. – Қалада туристерді қызықтыратын қанша нысан бар? – Облыс орталығы ежелгі тарихи қалалардың бірі болғандықтан, қала аумағында 6 археологиялық ескерткіш (Ежелгі Тараз, Төрткүл I-XVII ғ., Төңкеріс кешені VI-XII ғ. және т.б.), 13 тарихи, 53 сәулет және қалақұрылысы ескерткіштері бар. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сәйкес бұрынғы «Караван» киім-кешек базарының орнында «Тараз МОЛЛ» сауда кешенінің құрылысы басталып кетті. Бұл замануи үлгідегі салынатын ғимарат ішінде, ойын-сауық, көңіл көтеру орындары, кинотеатр және үлкен сауда орталығы болады. Қала орталығында орналасқан «Атшабар» аллеясының маңында «Шангри-Ла-Лакшири» демалыс орталығының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан ішінде қонақ үй, балалар ойын кешені, көлік паркингі және «3-D» форматта көрсетілім қоятын 120 орындық 3 кинозалы бар кинотеатр жобаланған. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».