- Advertisement -

Мекені бар болғанмен Отаны жоқ!

451

- Advertisement -

Серік Қалиев

                     Мекені бар болғанмен Отаны жоқ!

                                   Болмаса екен…

Онша көп берілмеген ақыл маған…

Басыма күнде орнайды ақырзаман!

Қажетсіз жерде кейде сабыр сақтап,

Керексіз кезде оттай лапылдағам.

 

Мақтардай сипатым жоқ сұмдық қып тым,

Шегіне шықтым әбден ынжықтықтың!

Ісімнен көңіл тояр мазмұн таппай,

Ішімнен бықсып жанып, жүнжіп біттім.

 

Кей кезде ашу деген ілезде кеп,

Асауды ауыздықтар мінез керек!

Әркімге ақым кетіп жиі менің,

Көңіл-күй кешіп жүрем бір өзгерек.

 

Құдайым сақтамаса құлын аман,

Құр бекер кетеді екен құрып адам!

Мүлт кеткен мүмкіндіктер еске түссе,

Жаралы жолбарыстай ыңыранам…

 

Басыма менің де ақыл орнаса екен,

Сол ақыл намысымды қорғаса екен!

Санымды сан соқтырған «әттеңайлар»,

Өмірлік өкінішім болмаса екен…

 

                 Өмір – өкініш

Өмір деген өкініш қабат-қабат,

Қателіктер жіберген ағат қарап.

У ішкендей боламын кейбір кезде,

Күнделігін көңілдің парақтап ап…

 

Өмір деген өкініш жанды өртеген,

Сырғып түскен сәттерім төрден төмен…

Астаң-кестең болады ішкі әлемім,

Қарасуық, жел, нөсер… әрдеңкелер…

 

Өмір деген өкініш мөлтілдеген…

Піспеген шикі өкпе екем ол күнде мен…

Көкжиектен көзімді әрі асырсам,

Шерлі күйім көп екен шертілмеген…

 

Қандай жаман ұрысқан, ырылдасқан!

Тыныш жүрсек болмай ма қырылмастан?

Керілдесе бергенше кейбіреумен,

Кетіп қана қаламын бұрылмастан…

 

Қандай жаман даттасқан, ерегіскен!

Айналыссақ болмай ма керек іспен?

Салғыласып жатпай-ақ қайсыбір жан

Жеті атаңнан түк қоймай сөгеді іштен…

 

Жүліктікпен оңып па жүлде алғандар?

Бет пен жаға жыртысып жынданғандар?

Мықтылардың мықтысы – кек қуыспай,

Бірін-бірі кешіре білген жандар!

 

                    Қалтафон

Үңілгенді айфонға күнбе-күн мың,

Басы еттің азаматтық міндетіңнің.

Бетін сүрте бергенше айпадыңның,

Шашынан сипасаңшы бір жетімнің.

 

«Сотка» қарау заманның шарты ма еді?

Пенденің парасаты, парқы ма еді?

Лайк жинап алданып мәз болғанша,

Сауап жинап қалғаның артық еді?

 

Байқамастай, көрместей айналаңды,

Виртуалды бір әлем байлап алды.

Шыны ішінен шыға алмай шыр айналдың,

Шынайы өмір, ойланшы, қайда қалды?

 

«Дүниенің қызығы» уысыңда.

Жүрек бар ма кеудеңнің қуысында?

Андройдты телефон болды жалғыз,

Бала-шаға, дос-жаран, туысың да!

 

Ауызба-ауыз елге сыр айта алмайсың.

Құмарға бір кірген соң, қайта алмайсың.

Саусақпенен «сотканың» бетін сипау,

Құлшылық боп кеткенін байқамайсың.

 

Онсыз да қысқа өмірде қадір қалмай,

Қарап тұрып өкпемнің қабынғаны-ай!

Иірім, тартпа, құрдым… бәрі-бәрі

Қалтафонның ішінен табылғаны-ай!..

 

          Дағдарыста қалмайды дархан ел еш

Қараса ат басынан оза дұшпан,

Күншілдің көре алмайды көзі алыстан,

Жігіттер, туған жерге туыңды тік,

Біл, бірақ туған жерің – Қазақстан.

 

Алатау, Атырау да, Арқа да емес,

Біртұтас болсаң Иең тарқа демес.

Жүрегі бар қазаққа бірдей соққан,

Дағдарыста қалмайды дарқан ел еш.

 

Бүйрегі бұра тартып, толқығандар,

Кетеді бөлінген соң еркі қолдан,

Рушыл, жершіл болып қалыптасар,

Жүректе мансапқорлық дерті бар жан.

 

Отаншыл бол – кеудеңде от бар болса,

Ортада жүр оңаша қап қалғанша.

Бөліну мен бөтендік қалағандар,

Бөлшектене береді жоқ болғанша.

 

              Достары бар болғанмен бауыры жоқ

«Қалтам тесік» деп жүрген қапалы боп,

Қамығулы достардың қатары көп.

Жер бетінде қаншама халықтар бар,

Мекені бар болғанмен Отаны жоқ!

 

«Дүркіреп тұр дәурені, дәуірі!» деп,

Алдағыға қарайлап ауырып ек.

Айналаңда қаншама адамдар бар,

Достары бар болғанмен, бауыры жоқ!

 

Біреулер бар басында панасы жоқ,

Біреудің панасы бар, санасы жоқ.

Соқа басы сопайып жүр қаншама адам,

Ал біреудің жары бар, баласы жоқ.

 

Шырқырайды ел шыға алмай шыңға заңғар,

Төмендеу боп қайсыбір тұлғалардан.

Бақытсыздар – барына қолындағы,

Шүкірлік пен қанағат қылмағандар.

 

             Өмірге өкпелілер

Өріп жүр-ау өмірге өкпелілер,

Күз соңындай көреді көктемін ел.

Басшының бәрі жаман, ал өздері,

Судан таза, сүттен ақ шеттерінен.

 

Алтын деген асылы күміс шығып,

Шекесін жүргендер көп тырыстырып.

Үйленуге жігіттер қыз таппайды,

Бойдақ қызға жоқ екен дұрыс жігіт!

 

Жасайтын жоқтан барды, бардан балды,

Адамдар осы күні арман болды.

Білерім – біздер сүрген өмір мынау

Нәпақасыз қалдырмас қарманғанды.

 

                      Қорғансыз деп оларды ойламаңдар

Мұндалайтын мұң табы жамалынан,

Жетімектер – жандары  жаралылар.

Сөгіп-сөгіп тастасаң, көздің жасын

Төгіп-төгіп алатын жанарынан.

 

Балпаң басқан кем бе екен бай ұлынан?

Жетімдіктен басқа не айыбы бар?

Көкесіне бұлданған бала  көрсе,

Көкірегі қарс етіп айырылар.

 

Алданғанмен  бірауық   ойынына,

Асылмайды ол әкенің мойынына.

Өкпелесе біреуге, анасының

Қойып кете алмайды қойынына.

 

Дерт емес бұл жетімдік тілеп алған,

Күтеді олар жақсыны күле қарар.

Тәтті нәрін көп татып көрмесе де,

Ащы дәмін өксіктің біледі олар.

 

Жекіруді жетімге қалайсың ба?

Кекірейіп биіктен қарайсың ба?

Сен өлген соң  балаңды ел қайтсін десең,

Өлгендердің баласын солай сыйла.

 

Жетім көре қалсаңдар айналаңнан,

Аялаңдар, ағайын, аймалаңдар.

Шағынары, панасы – жалғыз Алла ,

Қорғансыз деп оларды ойламаңдар!

 

Жамбыл ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support