- Advertisement -

Адамды жер асырайды, сондықтан ұлтарақтай жер бос жатпауы тиіс

108

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «…Тағы бір маңызды мәселе. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген маротрий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет» деп Үкімет пен әкімдер алдына нақты міндеттер жүктеді. Ел Тәуелсіздігін жариялап, еркін еңбекке жарқын жол ашылған тұста кеңшар мен ұжымшарлар тарап, жаппай жеке шаруашылық құрылымдары ашыла бастаған тұста үлесіне алған жерді ұсақ шаруашылықтар игере алмай, бос жатты. Сондықтан Президент Жолдауында жер мәселесіне арнайы тоқталып, Үкіметке нақты  тапсырма берді. Бұл өзекті мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та ауыл шаруашылығына қатысты жиындарда үнемі назар аударып, тиісті басқармалар мен мекемелерге, аудан әкімдеріне қатаң талап қойып келеді.

Мәселенің өткір қойылуы заңды. Жер бос жатпай үнемі айналымда болуы тиіс. Сонда ғана Жер-Ана адамдарды асырайды. Азық-түлік тауарлары  жерден өндірілетінін ескерсек, маңызды мәселе ешқашан өзектілігін жоймайды. Тіпті төрт түлікке де мал азығы – жем-шөп жерден дайындалады. Жеміс-жидек, бау-бақша өнімдері де жерден өнеді. Жолдау жүктеген, облыс әкімі міндеттеген мәселені шешуде облыс әкімдігінің жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы өткен жылы бірқатар жұмыс атқарыпты.

Қолдағы мәліметке қарағанда былтырғы 1 қарашадағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер – 4705552, елді мекендердің жері – 464787, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер – 174682, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері – 11633, орман қоры – 4428974, су қорының жері – 356044 және босалқы жер– 1796418 гектар,  барлығы 14427390 гектарды құрайды.

– Облыс әкімінің тапсырмасына орай облыс көлемінде  ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланбаған 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша аудан бөлінісінде жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілді. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде өткен жылы облыс  бойынша 82340 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар 118 пайыз орындалды. Оның егістік жері – 8504 гектар, ал жайылымдық жері – 73836 гектар. Биыл  мемлекет меншігіне пайдаланбай жатқан 82 мың гектар жерді қайтару туралы тоқсандық және жылдық жоспар бекітілсе, оның 74 мың гектары жайылым, 8 мың гектары егістік жер. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша  облыста жалпы көлемі 40331 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы  жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 38218-і жайылым, 2090 гектары егістік жер. Бұл бағыттағы жұмыс жыл соңына дейін жалғаса береді.

Басқарма құқыққа сыйымсыз қабылданған шешімдердің күшін жою туралы сотқа жүгініп, сот шешімімен Талас ауданында 1086 гектар және Байзақ ауданында 12,45 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қордай ауданында да 680 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге сотқа талап-арыз берілді. Мұнымен қоса, жалпы көлемі 1000 гектарға жуық жалпы көлемі жиырма шақты жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы талап-арыз сотта қаралуда, – дейді облыс әкімдігінің жерді пайдалану мен бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек.

Тиісті басқарманың табандылығы мен соттың әділ шешім шығаруының арқасында мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне өтуде. Әлдеқашан айналымда жататын қара жерді «бармақ басты, көз қысты» қылып, шешім шығарып беретін жауапты тұлғалар қандайда бір жауапкершілікке тартылуы тиіс.  Жер ешкімнің ата-бабасынан, әкесінен мұралыққа қалған жоқ. Аттың жалында жүріп, ұлан байтақ жерімізді түрлі шапқыншылықта қорғап қалған ата-баба рухынан қаймықпайтындарды заң талаптарын басшылыққа ала отырып, сотқа тарту керек шығар. Бұған құзырлы органдар белсенділік танытса дейміз.

Енді мынаны қараңыз. Облыс әкімдігінің 2020 жылғы 10 желтоқсандағы «Жер құқығы қатынастары саласындағы 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына арналған профилактикалық бақылау мен қадағалаудың тізімін бекіту туралы» өкіміне сәйкес, облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының инспекторлар құрамы наурыз-сәуір айларында аудандық әкімдіктерінің жерді рәсімдеу заңдылығына облыстың үш ауданында профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізіпті. Жуалы ауданының әкімдігі былтыр 29 желтоқсандағы қаулысымен конкурс арқылы берілуі тиіс болатын «Бірлік» жер қоры аумағындағы  1,6 гектар жерді жеке тұлғаның 1,6 гектар жеріне заңсыз түрде айырбастап жіберген. Елді мекен жерінен кәсіпкерлік мақсаттағы құрылыс нысандарына құқық тапсыру аукцион арқылы атқарылады. Аукционның ұйымдастырылуы, өткізілуі Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы бұйрығымен бекітілген «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты, оның ішінде электронды түрде, ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» қағида негізінде тексеріледі. Аудан әкімдігі қағидаға сәйкес аукционды ұйымдастырушы болып табылады.

Шу ауданының әкімдігі былтыр төрт аукцион өткізіп, сатылған 19 жер учаскесіне жеке меншік құқығын табыстаған. Аукцион арқылы сатылған жер учаскелерін рәсімдеу барысында заң бұзушылыққа жол берілген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 17 -бабы, 1-бөлігінің талаптары ескерілмеген. Аталған баптың талабына сәйкес, елді мекен жерінен жер учаскелеріне құқық тапсыру сол елді мекендер әкімдерінің шешімдерімен рәсімделетіндіктен елді мекен жерінен жерге құқық тапсыру аудан әкімдігінің құзырына жатпайды. Ал аукционда сатылған жер учаскелері аудан әкімдігінің қаулыларымен рәсімделгендіктен, аудан әкімдігі өз құзырын асыра пайдаланған.  Бұл жерде Жер кодексінің 17-бабының нормалары бұзылған.

Жуалы аудандық жер комисссиясы мен Б.Момышұлы ауылдық округі жер заңнамасының талабын өрескел бұза отырып, аукцион өткізбей-ақ Б.Момышұлы ауылдық округінің әкімі биылғы 15 сәуірдегі шешімімен дүңгіршек орналастыру үшін көлемі 0,0132 гектар жер учаскесін 5 жылға уақытша заңсыз берген. Сондай-ақ Шу ауданы әкімдігі тарапынан да  шаруа қожалықтары жерінен үлесі жоқ тұлғаларға заңсыз жерге құқық тапсыру бұзушылықтары орын алып, Жер кодексінің 101-бабының талаптары бұзылған. Мәселен, аудан әкімдігі былтыр 20 тамыздағы қаулысымен шаруа қожалықтарының жерінен жер үлесі жоқ азаматқа көлемі 194 гектар жайылым жерді, 27 тамыздағы қаулысымен шаруа қожалығы жерінен тағы да жер үлесі жоқ тұлғаға 6 гектар суармалы егістік жерді заң талаптарын бұзу арқылы заңдастырған.

Жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту аудан әкімдігінің жер комиссиясы арқылы жүзеге асырылады. Шу ауданы әкімдігінің жер комиссиясы  Шу қаласы, «Тоғай» шағын ауданы аумағынан бау-бақша отырғызу үшін берілген 7,7809 гектар жер учаскесінің 0,2021 гектар  бір бөлігіне нысаналы мақсатын тұрғын үй және ғимарат құрылысын жүргізуге қызмет көрсету үшін деп рұқсат берген. Осылайша, Жер кодексінің 49,1-бабының талабы бұзылған. Тексеру қорытындысына сәйкес, Жуалы және Шу аудандарының әкімдіктеріне заң бұзушылықтарды бір ай мерзімде жою туралы нұсқама беріліпті.

Бос жатқан жерді игерудің бірденбір жолыұсақ шаруашылықтар іріленуі. Бұл мәселе туралы да Мемлекет басшысы Жолдауында: «Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі осыда», – деді. Ұсақ шаруашылықтарда пәленбай гактар жерін жыртып егін салып, оны орып, жинап алатын техника қайда. Кеңшарлар мен ұжымшарлардан қалған техника кеңестік шаруашылықтар тарағанша қанша жыл жүрді, одан кейінгі отыз жылға жуық уақытта несі қалды. Ал заманауи үлгідегі техника алуға күнін қалтқұлт көріп отырған қожалықтарда қаржы қайдан болсын. Бұл мәселені де облыс әкімі қабырғасынан қойып келе жатыр. Дегенмен іріленіп жатқан жеке шаруашылық құрылымдарының саны артып келеді.

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support