166 жас маманға жолдама берілді

27

Жамбылдық жастардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы қалай жүргізілуде? Осы сынды сауалдарға  облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жауап берді.

 Әңгімемізді қазіргі таңда облыстағы жастардың саны мен үлесі, жастар саясатын жүргізуге бөлінген қаражаттың игерілуі жайынан бастасақ

– Өңірдегі жастардың саны 238 мыңды шамалайды. Ал бұл жалпы тұрғындардың 21 пайыздан астамын құрайды. Нақтылай кетейін, жиырма тоғыз жасқа дейінгі буынның дені, яғни 69500-ге жуығы Тараз қаласында тұрады екен. Байзақта 24 мыңдай жас бар, замандастарымыздың 18600-ге тартасы – Жамбыл ауданында, 13 мыңнан астамы – Жуалы ауданында, 31400-ге жуығы – Қордайда, 13600-дейі Т.Рысқұлов ауданында тұрады. Меркі ауданында 17 мыңнан астам, Мойынқұмда 7 мыңға жуық, Сарысуда 10 мыңға тарта, Талас ауданында 12 400-дей, Шуда 21300-дің үстінде жас бар. Демек, кейінгі буынның 70 мыңға жуығы қалада, 168 мыңнан астамы ауылдық елді мекенде тұрады.

Биыл аймақтағы жастар саясатын жүзеге асыруға мүдделі мекемелер тарапынан салаға 767,2 миллион теңге көлемінде қаражат қаралды. Бұл былтырғы көрсеткіштен сәл аздау, десе де мақсатты игерсек, талай шаруаның басын қайыруға жетеді. Айталық, биыл облыстық «Жасыл ел» және студенттік құрылыс еңбек жасақтарының ашылу, жабылу салтанатты жиындарын ұйымдастыруға, жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған жұмыстарды үйлестіруге 11 миллион теңге шамасында қаржы бөлініп отыр. Волонтерлік қызметті дамытуға 7 миллион теңге жұмсауды жоспарладық. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар кешеніне 3 миллион теңге шамасында бөлінді. Дарынды және шығармашыл жастарды қолдау мен дамытуға да биыл осынша қаржы игерілетін болады. Жас ғалымдар мен стартап-жобаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыруға 2 миллион теңге қаралды. Ал жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қылмыстық жазасын өтеген жастарды оңалтуға, өмірге бейімдеуге бағытталған іс-шараларға да осындай көлемде қаражат игерілмек.

Түрлі санаттағы жастар арасындағы іс-шараларды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған жиындарды, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатына қатысты мәселелерді анықтауға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын іс-шаралар кешенін, отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі басқосуларды, интернет пен құмар ойындарға тәуелділіктің және суицидтің алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыруға әрқайсысына 2 миллион теңгеден бөлінеді. Сол сияқты, мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған іс-шаралар кешеніне, білім беру процесіне және жұмыспен қамтуға тартылмаған жастарды әлеуметтендіру жөніндегі шараларды әзірлеу мен іске асыруға, «Рухани жаңғыру» идеясын ілгерілетуге бағытталған жиындарға да әрқайсысына 2 миллион теңгеден қаралған.

Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуге бағытталған іс-шаралар мен жоғары сынып оқушыларына мамандықтарды таңдау және сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын 1,5 миллион теңгеден, 3 миллион теңгемен қамтамасыз етеміз. Ал жастардың түрлі іс-шараларға делегацияға жіберілуін ұйымдастыру мен шығындарын қамтамасыз етуге 1 миллион теңге жұмсалмақ. Осындай шаруаларды былтыр да атқарған болатынбыз. Бұл басқармаға қаралған қаражаттың орнымен, жөнімен, үнемдеп игерілгенін көрсетеді.

Жастарды жұмыспен қамту мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін білеміз. Әсіресе облыста бұл өзекті проблемалардың қатарына жатады. Басқарма тарапынан аталған бағытта қандай шаруалар атқарылды?

– Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың қорытындысында 2,9 пайызды құраған болатын. Бұл дегеніміз, аймақта тепсе темір үзетін 6 899 жастың бос жүргенін көрсетеді. Бұл санның республика аумағында 3,8 пайыз екенін ескерген жөн. Жұмыссыз, оқымайтын NEET санатындағы жастардың үлесі былтыр 7 пайыздан асқан, яғни 16 890 жасты құраған. Алдыңғы жылы 18 мыңнан асатын. Жыл басынан бері біз 5 мыңға жуық жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарттық. Оның 3 мыңнан астамы ваканттық бос жұмыс орындарына орналасса, 36-сы «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, кәсіптерін бастауға ниеттеніп жүр. Кейбірі кәсіпкерлікке бет бұрып та үлгерді. 558 түлек Жастар тәжірибесіне жолданып, 189-ы әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. 1 166 жас азаматты ақылы қоғамдық жұмыстарға орналастырдық. 22-сі шағын несие алса, 476-сы қайтарымсыз гранттарға ие болған жайы бар.

– «Жасыл ел» еңбек жасағы да біршама студенттердің азынаулақ табыс табуына септесетін еді

– Дұрыс айтасыз. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына 53,4 миллион теңге қаралды. Бұл сомаға мыңға жуық жұмыссыз, NEET санатындағы жастарды маусымдық жұмыстарға тартуды жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін еңбек жасағына 308 азаматты қабылдап үлгердік, олар түрлі шаруаларды атқару үстінде. Айта кетейін, жаңағы қаражаттың 25 миллион теңгесі Тараз қаласына тиесілі, мұнда 350 азамат еңбекпен қамтылады. Жуалыға бөлінетін 2,3 миллион теңгеге 50 жасты, Қордай ауданына қаралатын 2,8 миллион теңгеге 65 жасты жұмысқа тартамыз. Сол сияқты, Мойынқұм, Сарысу аудандарындағы 100 жұмыссызға 2,1 миллион теңгеден, 4,2 миллион теңге қаралады. Таластық 60 азаматқа – 2,7 миллион теңге, шулық 85 адамға – 4,2 миллион теңге, Байзақ ауданындағы 60 жасқа 2,8 миллион теңге жоспарланып отыр. Т.Рысқұлов ауданында да солай, 60 адамға – 2,8 миллион теңге, Жамбыл ауданындағы 80 азаматқа – 3,4 миллион теңге, Меркідегі 75 жұмыссыз жанға 3,2 миллион теңге бағытталмақ.

Өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына жергілікті қазынадан 63 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, 1039 азамат маусымдық жұмыстарға тартылған. Олардың айлық жалақылары 42,5-60 мың теңге шамасында болды. Сонымен қатар өткен жылы жасақ жұмысын жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастыру үшін бюджеттен қосымша 26 миллион теңге қаражат қаралып, 412 жасты маусымдық жұмыстарға тартқанбыз. Студенттік құрылыс жасақтары арқылы 84 білімгерді жазғы еңбек маусымында құрылыс жұмыстарына кіргізген едік.

Серікбол Қайратұлы, айтқаныңыз жөн ғой, алайда білімі мен білігі келіскен, икемді қызжігіттерді бизнеске де баулыған абзалырақ еді. Оның үстіне, мемлекетіміз кәсіпкерлікті дамытуға айрықша ден қойып жатыр

– Ойыңыз орынды. Жаңа атап өткенімдей, бізде жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бастау бизнес» жобасы бар. Бұл жоба аясында жыл басынан бері 36 түлегіміз оқытудан өтіп, 22-сі шағын несиеге қол жеткізді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде өңірдің 517 жас азаматы қайтарымсыз гранттың жеңімпазы атанды. Мұндай жұмыстар легін алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз. Жалпы, еңбек етемін деген адамның «екі қолына бір күрек» табылады. Тек ынта мен жігер болса, жеткілікті.

Әр ауданда, қалада да «Жастар ресурстық орталықтары» мен ұйымдар жұмыс істейді. Олар, жалпы не бітіріп отыр?

– Осындай сауалды арагідік естіп қаламыз. Бірақ аймақтағы 12 «Жастар ресурстық орталықтарында» 335 маман қызмет атқарады. Олар биылдың өзінде ғана 1700-дей іс-шара өткізіп, 39 мыңнан астам адамды қамтыды. «Рухани адамгершілік» бағыты аясында барлығы 6300-дей қонақты қамтып, 294 жиын ұйымдастырылды. «Әскери-патриоттық» бағытында 2087 адаммен 86 іс-шара өткен, спорттық 132 басқосуға 3 200-ден аса тұрғын қатысты. «Мәдени-шығармашылық» бағыты аясындағы 262 іс-шараға 7044 адам қамтыған, құқықтық тақырыптағы 155 жиынға 3 367 азамат шақырылды. Дін мәселесі де орталықтардың назарынан тыс қалмаған, 150-ден астам басқосуға  3 350-ге жуық қонақ келіпті. «Психологиялық-танымдық» бағытында 3353 адамды қамтыған 157 іс-шара өтсе, 200 жиында 4 800-дей жасқа кеңес берілді. «Экологиялық мәдениет» бағыты аясында өткен 100 шақты басқосуға – 1 659 адам, «Этносаралық келісім» бағытындағы 80-нен аса іс-шараға өзге ұлттың 1 410 өкілі тартылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға да 80-нен аса жиын арналып, 2 700 адам қамтылды. Ал былтыр жалпы саны 5 254 іс-шара өткізіліп, оларға 133 404 жас қатысқан.

Тағы айта кетерлігі, Жамбыл, Шу, Жуалы, Қордай, Меркі, Байзақ, Сарысу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандары мен Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» жеке ғимараттарда жұмыс істеуде. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарында 159 139 мүшесі бар. Олар өңірдегі жалпы білім беретін мектеп оқушыларының 71 пайызын құрайды. Нақтылай кететін болсақ, оқушылардың 85 363-і – «жасұландық», 73 776-сы – «жасқырандық». «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының құрамында 6700 жас бар екен. «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының аймақтағы филиалына қарасты 569 клубтың да 12 270 мүшесі бар.

Енді жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алатын студенттердің ахуалына тоқталсақ. Олардың жатақханамен қамтылуын Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың өзі пысықтағаны есімізде. Содан соң сең қозғалғандай болып, біршама шаруа қолға алынған еді. Нәтижесі қандай?

– Облыстағы екі жоғары оқу орнында 26 400-ден астам студент білім алады. Оның ішінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 20348 студент болса, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 6053 студент бар. Өткен оқу жылында қос білім ордасын 2 952 студент тәмамдаған болатын. Олардың 1 600-ге жуығы жұмыспен қамтылды. Аймақтағы мемлекеттік және мемлекеттік емес 46 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 23 700 жас оқып жатыр.

Ал жатақханамен қамту мәселесіне келсек, бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде 200 студент жатақханаға мұқтаж. Университет басшылығы Тараз қаласындағы бұрынғы 450 орындық қонақүйді сатып алу арқылы бұл проблемасын біршама шешкен. Облыстағы үш колледждің 750 білімгеріне жатақхана қажет. Оның ішінде мыңға жуық студенті бар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне – 300 орын, 2300 студент бар Жамбыл медициналық колледжіне 350 орын қажет. Алайда соңғысы Тараз қаласындағы бұрынғы перзентхана ғимаратын өз теңгеріміне алып, бұл мәселенің түйінін тарқатты. Ғимарат жатақхана ретінде биыл пайдалануға берілу керек. Абай атындағы гуманитарлық колледжі де жатақхана тұрғызатын инвесторды анықтап, құрылыстың жобалау жұмыстары жүргізілу үстінде.

№9 Меркі колледжінде 600 студент білім алады десек, жатақханаға қажеттілік 100 орынды шамалайды. Оның құрылысына 2 гектар жер телімі белгіленіп қойған. Мемлекеттік жер актісі мен сәулеттік жобалау құжаттамасы дайын. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл процестер аудан және ауылдық округ әкімшілігінің бақылауына алынған. Айта кетейін, өңірдегі 442 мектепте 238 682 оқушы білім алуда. 119 шағын жинақталған мектептерде – 10 811 оқушы, 13 жекеменшік мектептерде – 2 031 оқушы, 4 кешкі мектепте 755 оқушы бар.

Өңір жастарының құқықбұзушылығы, суицидке баруы, нашақорлыққа бой алдыруы жергілікті биліктің күн тәртібінен түспей тұрғаны рас қой. Осы саланың соңғы кездердегі көрсеткіштері қандай?

– Аталған проблемалардың алдын алу бағытында өткен жылы көптеген жұмыс атқарылды. Аудан-ауданның бәрін қамтып, кеңейтілген жиындар өтті. Нәтиже де жаман емес, айталық биылғы 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, жастар арасында 2 119 қылмыс тіркелген. Мұның ішінде 14 пен 29 жас аралығындағы буыннан 329 адам құқықбұзушылыққа барған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінде 532 болған.

Әлгі 14 пен 29 жас аралығындағы жандардың өз-өзіне қол салу дерегі де 13 екен, 9-ы қаза тапқан. Өткен жылғы цифр да осындай, тек көз жұмғаны – 7-еу.

Өкініштісі, аймақтағы алкогольді тұтынатын азаматтар санатының тізімі 5 мыңға жуық болса, оның ішіндегі жастардың үлесі – 211. Былтырғы дерек бұдан да көп еді. Облыста есірткі заттарын тұтынатын 1 936 адам бар десек, ондағы замандастарымыз – 447. Уытты заттарға құмар 8 жанның 7-уі – жас.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сондай мүмкіндіктерді барынша пайдаланып қалу қажеттігін жиі айтады. Осы бағыттағы шаруалардың барысы жөнінде әңгімелеп бересіз бе?

– Әлбетте, солтүстік өңірлерді қазақыландыруға, тұрғындар санын арттыруға бағытталған «Серпін-2050» жобасы аясында облыстан барлығы 1 382 студент өзге облыстарға оқуға түсті. Олардың 1151-і жоғары оқу орындарында, 231-і орта арнаулы оқу орындарында педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы және медициналық мамандықтарды игеру үстінде. Жоба басталған 2015 жылы 443 түлегімізді шығарып салғанбыз. Ал 2016 жылы – 262, 2017 жылы – 283, 2018 жылы – 224, 2019 жылы 118 мектеп бітіруші басқа аймаққа жол салған болатын. Былтыр 52 жас солтүстік облыстардағы білім ордаларын таңдады. Олардың 30-ы педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатса, қалғаны ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өндірістік және құрылыс салалары негізінде білім алып жатыр.

Бұл орайда, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да маңызы мен пайдасы зор болып тұр. Жыл басынан бері осы құжат аясында 166 маманға жолдама берілсе, оның 45-і – Қордай ауданына, 7-уі – Сарысуға, 5-уі – Т.Рысқұлов ауданына, Шуға – 17-сі, мойынқұмдықтарға – 29-ы, Меркі ауданына – 30-ы, Жуалыға – 20-сы, Талас ауданына – 3-уі, 5 жас маманнан жамбылдықтар мен байзақтықтарға қызмет етіп жүр. 45 кадрға 48,5 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы тағайындалғанын айтуымыз керек, тұрғын үй сатып алуға 196,8 миллион теңге қаржы бөлінді.

Білім саласы бойынша 96 жас педагог бағдарламаның шапағатын көрді. Оның 28-іне 28 миллион теңге шамасында көтерме жәрдемақы төленсе, баспанамен қамтуға 122,5 миллион теңге қаралды. Денсаулық сақтау саласының 26 маманы ауылдарда еңбек етіп жүр. 6-ауына 7,5 миллион теңге көтерме жәрдемақы тағайындалды, 26,2 миллион теңге үй сатып алу үшін несиемен берілді. Мәдениет саласы бойынша 5 замандасымыздың 2-еуі 1,45 миллион теңге көтерме жәрдемақы алды, тұрғын үйлеріне 9 миллион теңгеге жуық бөлінді. Әлеуметтік қамсыздандару бойынша шалғай ауылға барған 2 маман 600 мың теңгедей көмек алды. 10 шақты жас спортшыны да елді мекендерге аттандырдық, оларға да көтерме жәрдемақы мен баспана құны үлестірілді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 22 жас маманға 30,6 миллион теңге несие берілді.

Тұрғын үй демекші, облыста баспанасыз жүрген жастар аз емес сияқты

– Өкінішке қарай, солай болып тұр. Десе де, бұл аймақта тұрғын үй бағытында жұмыс істеліп жатқан жоқ деген сөз емес. Қыруар шаруа атқарылып жатыр. «Асарлатып үй салу», «Нұрлы жер», «Жас отбасы» сынды бағдарламалар аясында жыл сайын көптеген үйлер пайдалануға берілуде. Игі істерге көпшілік те, біз де куәміз. Алайда тұрғын үй алуға кезекте тұрған жастардың саны облысымызда 4 400-дің шамасын құрайды. Мұның 1 800-ден астамы Тараз қаласында болса, қалғаны аудандарда. Жер телімін алуға кезекте тұрған 6 600-дей жас бар. Мұның 460-ы ғана облыс орталығында.

Айтпақшы, 2020 жылды Мемлекет басшысы «Волонтерлер жылы» деп жариялағаны есімізден шыға қойған жоқ. Жамбылдық жастар бұл бастамаға қалай үлес қосты?

– Президенттің бастамасы, әсіресе мұқым жер бетіндегі адамзаттың басына түскен індет кезінде айрықша септескенін айтуға тиіспіз. Пандемиялық жағдайда әулиеаталық еріктілер де қал-қадірлерінше сауапты істерге белсене араласты, атсалысты. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 8 784 волонтері бар 30 ұйым айналыcуда. Тарқатып жеткізетін болсам, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 36, Тараз қаласы мен барлық аудандық Жастар ресурстық орталықтарының жанынан 11 волонтерлік  топ құрылған болатын.

Өңірде 2019 жылдан бері «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкендері іске қосылып, бүгінде 15 дүкен жұмыс істеп тұр. Жоба аясында 12 мың отбасыға 41 мың тонна киім-кешек үлестірілді. Ал «Волонтер жылы» аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен 7,3 миллион теңгеге 21 волонтер-жасқа 300 мың теңгеден гранттар бөлінді.

Төтенше жағдай кезінде «Әулиеата жастары» волонтерлік штабы құрылып, онда өз еркімен 717 ерікті қызмет атқарды. Еріктілердің көмегімен 9 352 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 2 023 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. Олар 1743 жалғыз ілікті қариялардың тұрғын үйлеріне барып, шаруашылық жұмыстарына көмек көрсетті. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесіп 65 жастан асқан азаматтарға зейнетақысын үйге жеткізіп беру қызметін ұйымдастырып, барлығы 2 мыңнан астам қарияға зейнетақылары мен жәрдемақылары үйлеріне жеткізіліп берілді.

Тұрғындарға 100 мыңнан астам тегін маска таратылды. Ал жыл басынан бері жалпы 1 154 іс-шара өткізіліп, оған 55 мыңнан астам жас қатысты.

Сөздің реті келгенде аула клубтары жайына да тоқтала кетейін, өңірдегі 47 аула клубында 4 562 жас тұрақты түрде үйірмелерге қатысуда. Оларда шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, асық ату, күрес, декоративті қолданбалы өнер, экскурсия, тіл үйрену үйірмелері бар. Аймақтағы Жастар ресурстық орталықтарына 20 шақты аула клубтары қарайды. Олардың 7-уі Тараз қаласында болса, 5-уі Жамбыл ауданында, 8-і Қордайда жұмыс істеуде.

Ал спорт бөлімдеріне қарасты 6 аула клубында 741 жас тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар білім бөлімдерінің 3 аула клубы тек мектеп оқушыларымен ғана жұмыс істейді.

– Әңгімеңізге рақмет! Мемлекеттік қызметтегі еңбектеріңіз мерейлі болсын!

 

Сұхбаттасқан

Асхат РАЙҚҰЛ.

Comments are closed.