- Advertisement -

«AQ JOL»-дың мерейтойы өнегесімен есте қалуы тиіс

82

- Advertisement -

Кез келген өңірдің бас басылымы – сол облыстың шежіресінің айнасы. Әуелде, 1922 жылдың мамыр айында «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде «Кедей еркі» атауымен оқырман қолына тиген облыстық «Aq jol» газетінің тарихы   тереңнен тамыр тартады. Иә, алғашқыда Анна Алматинская бас редакторы болған бұл үнпарақтың уақыт сұранысына сай бірнеше мәрте атауы да, мазмұны да өзгерген. «Кедей еркі», «Еңбек туы» деген түрлі атаулардан кейін басылым арайлап атқан азаттық таңында «Aq jol» деген атқа ие болды.

Өңір шежіресінің айнасы іспетті басылым таяуда ғана 99 жасқа толып, ғасырлық тойына қадам басты. Жүз жылдық мерейтой қандай тағылыммен аталып өтпек? Осы сауалға жауап іздеген «Aulieata media» ЖШС-ның  жетекшілері бас газеттің ардагерлерімен кездесу өткізіп, олардың тарапынан айтылған ұтымды ұсыныс, тың ойларға құлақ түргенді, қажеттілерін қойындәптерге түртіп алғанды мақұл көрді.

«Мерейтой, яки, мереке мезіреті жақындап келеді. Осы орайда біз әр жылдары облыстың қара шаңырағында еңбек еткен ардагерлердің басын қосып, облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібекпен жүздескенді жөн көрдік. Кісі көп жерде тындырар іс көп болады. Сондықтан тыңнан түрен салатын тосын ойларыңызды ортаға сала отырсаңыздар, – деген «Aulieata media» ЖШС  директоры Нұрбек Бекен алғашқы сөз кезегін облыс әкімінің орынбасары Д. Кәрібекке берді. Ол облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Aq jol» газетінің 100 жасқа қадам басқан мерейтойы аясында алдыңғы толқын ардагерлермен пікірлесуге келгенін айтты. Әрмен қарай жиынға келген ардагерлер сөз алды.

Облыс баспасөзінің айнасы саналған  бас басылымның жарты ғасырлық тойына қатысқан ардагер журналист, қаламгер Елен Әлімжан шешіле сөйлеп, көкейдегі ойларын ортаға салды.

– Расында 50 жылдыққа ел болып қатты дайындалды. Архив кезген әріптестер тың дерек іздеп тыным таппады. Әкпарбек Доспанбетов деген марқұм ағамыз табанын тоздырып, Ташкентке дейін барды. Алғашқы редакторлар жайлы жан-жақты ізденді. Газеттің құрылу тарихы туралы мәліметтерге қанықты. Бір сөзбен айтқанда, біркісідей жұмыс атқарды. Басылым сол бір мерекелі һәм берекелі жылда «Құрмет белгісі» деп аталатын орденмен марапатталды. Бұл лайықты марапат еді.

Жағаға жармасқан пандемиядан қаймықпай, қауіпті кезде ерінбей еңбектеніп, жанкештілік танытқан осы журналистер екені белгілі. Ақпарат майданында алғы шептен көрінген де солар. Тілшілердің тынымсыз тіршілігін құрметтеген сол бір кеңестік кезеңде әріптестерге кезексіз үй үлестірілетін. Тіпті шипажайларға дейін жіберуші еді ғой. Қаламақыдан мәселе жоқ еді. Кейін соның бәрі көзден ғайып болды. Бүгінде БАҚ үй кезегіне тұра алатын бюджеттік мекемеге де жатпайды. Тілшілердің жалақысы жаныңды жабырқатады. Қаламақы да жоқтың қасы. Осы мәселелер оңынан шешілсе, дұрыс болар еді, – деген ол газеттің 50 жылдық мерейтойында 5 журналистің үйлі болғанын да тілге тиек етті.

Бұдан соң сөз алған ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы басылымның 85 жылдық мерейтойы жайлы, сол кезде атқарылған жұмыстар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің бас редакторлығының тұсында аз жұмыс атқарылмағанын жіпке тізіп жеткізді. Кейіннен зейнетке шыққанына көп болмаған әріптесіміз Баймаханбет Ахмет көкейдегі ойын іркіп қалмай, пікірімен бөлісті.

– Уақытында «Aq jol» 50 мың таралыммен де оқырман қолына тиген еді. Бүгінде 11600 болып тұр. Осы мәселе оңынан шешілсе, дұрыс болар еді. Газетке жазылғаннан, тасқа басылған тарихты тереңдетіп оқығаннан ешкім ұтылмайды. Қайта ұтары мол болады. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл түйткілдің түйінін тарқатуға мықтап кіріссе дейміз, – деді ол. Әріптесінің сөзін сәтімен сабақтаған газет ардагері Болат Жаппарұлы да облыстың бас басылымының таралымын көбейту туралы ойларын ортаға салды. Бұдан соң бүгінде облыстық «Ғұмырдария» басылымын басқарып отырған Жаңабай Миллионов сөз алды.

– Біздің ардагерлер әр күнін «Aq jol»-ды парақтаумен бастайтынын айта кеткенім жөн. Өзім де облыстың бас басылымында 20 жылға жетеқабыл уақыт талмай тер төгіп, аянбай еңбек еттім. Сауатты сараптамамен дараланып, ордалы ой айта алатын газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіліміз толады, – деді ардагер өз ойын түйіндеп.

Сан түрлі ойлар бір арнаға тоғысқан басқосуда тың ұсыныстар да айтылып жатты. Сөз алғандар көне шаһардың жаңа әрі көрнекті жерінің бірінен «Ақ жол» аллеясын ашу туралы пікірін айтса, енді бірі сол маңайдан «Қаламгер» секілді асхана пайда болса деген ойын жеткізді. Сондай-ақ Арғынбай Бекбосын, Бақытяр Әбілдаев, Әкпарбек Доспанбетов секілді азаматтардың атына көше берілсе деген пікірлерді де құлақ шалды. Әйткенмен  көшеге ат беру оңай шаруа еместігін ескерген жөн. Бүгінде еліміздің барлық қиырындағы жер-су атаулары республикалық ономастикалық комиссия бекіткен тұлғалардың атымен ғана аталатынын ескерген ләзім. Облыстық «Знамя труда» газетін екі мәрте басқарған ардагер журналист Бекет Момынқұлдың экспедиция ұйымдастыру, «Aq jol» ұжымын «Баспасөз үйіне» қоныстандырған, ұзақ уақыт басылымды басқарған Баттал Жаңабаевтың 95 жылдығына орай тілшілер арасында бильярд турнирін өткізу туралы ұсыныстары көпшіліктің көңіліне қонды. Сондай-ақ Көсемәлі Сәттібайұлы, Қуаныш Иембердиев, Махамбетәлі Дүйсебаев секілді аға буын өкілдерінің ұсыныстары да назардан тыс қалған жоқ.

Басқосу барысында облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт те сөз сөйледі.

– Ғасырлық той ас ішіп аяқ босатумен өтпеуі керек. Іс-шаралардың тағылымы мен тәлімі мол болғаны жөн. Барлығы елімізде қалыптасқан пандемиялық жағдайға да байланысты. Мерейтойлық іс-шаралар қандай форматта ұйымдастырылатынын алдағы уақыт көрсетеді. Әйтсе де  қаламгерлер және журналистер арасында байқаулар өткізсек деген де ниетіміз бар. Кітап шығару мәселесін де қозғадыңыздар. Ол дұрыс. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылатын болады, – деді Оралхан Әбдірашұлы.

Кездесуді қоры-тындылаған облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек ұтымды ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді.  – Экспедицияны шынында да ұйымдастырған жөн. Одан бөлек, журналистер қауымы уақыттың ағымына сай бейімделгені дұрыс. Жалпы, қаламақы мәселесі де дұрыс көтерілді. Біз мұны шешуіміз керек. Ал мерейтойға қатысты жұмыстарды әлі де зерделеп, пысықтайтын боламыз. Бір анығы 100 жылдық тойды тағылымды етіп ұйымдастырған ләзім, – деді.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support